Кемпірқосақ атауы қалай пайда болды?

30 Маусым 2015, 12:31

Қазақ тілінде кемпірқосақ атауының мифтік санамен байланысты пайда болған ең көне атау деп пайымдауға болады.

Қазақ тілінде кемпірқосақ атауының мифтік санамен байланысты пайда болған ең көне атау деп пайымдауға болады. Олай дейтініміз, бұл атаудың ізі сонау кездегі мифтік ертегі-аңызға апарады.

Б.Куфтин келтірген бір аңызда былай делінеді.  «Баяғыда  бір  мыстан  кемпір  болыпты-мыс. Оның қызыл, жасыл, сары, түрлі-түсті қойлары болған екен. Мыстан кемпір жаңбырдан соң қызыл, жасыл, сары қойларын қосақтап сауады екен». Аңыз осылайша ақиқаттың (зат пен құбылыстың) атына айналған. Ертегі аңыздарда айтыла келіп, жалқы атау болып кеткен сөздер байырғы тілде аз кездеспейді, мысалы, Жетіқарақшы жайындағы ертегі, Саттар сегіз жұлдыздары жайындағы аңыз, ертегі және т.б.

Бұл атау – кемпір және қосақ деген екі сөзден тұратын күрделі құрылым. Кемпір сөзі «қартайған», жасы келген «әйел» деген мағынада қолданылады. Айта кету керек, парсы тілдерінде де «қартаң әйел» деген мағынаны білдіреді. Қазақтың қарапайым сөйлеу тіліндегі кемпір сөзінің мағынасында, әдетте, ұнамсыз реңк (компонент) қоса жүреді: кемпір бет, кемпір-сампыр; мыстан кемпір, жалмауыз кемпір және т.б.

Ал байырғы заманда кемпір әйел құдайдың мифтік бейнесі болғанға ұқсайды. Ай туды, Ай толды тәрізді тұрақты тіркестер көне дәуірдегі мифтік саладан елес береді.   Өмірдегі   әйелана   бейнесі   табиғаттағы Айға «көшірілгені» байқалады. Әуелде Ана құдайдың көктегі тұрағы Ай болған. Айдағы Әйел құдай патриархаттық идеологияның үстемдігімен байланысты Айдағы мыстан кемпірге айналған. Мифтік ертегіде «Толған Айға телміріп ұзақ қарамау керек. Өйткені, Айда мыстан кемпір отырады. Ұйықтап жатқан адамның бетіне Ай сәулесін түсіруге болмайды. Айда отырған мыстан кемпір кірпігін санап қойса, ол адам өліп қалады» дейді.

Кемпірқосақ атауының мифтік ертегімен байланысты болуы себепсіз емес. Ең бастапқы мифтік таным  бойынша Көк – «Баба құдай» да, Жер – «Ана құдай» (бір атауы – Ұмай ана). Матриархат дәуіріндегі идеологияда дүниені жаратушы, дүниеге ұрпақ әкелуші «Ана құдай» (Ұмай) үстемдігі «Баба құдайға» қарағанда әлдеқайда басым болған. Матриархаттық немесе гинекократиялық идеология үстемдігі бірте-бірте Баба құдайға «көше» бастаған, сөйтіп, екі идеология тепе-теңдік қатынаста болған. Ер адам мен әйелдің отбасындағы орны «үстемдікке» емес, үйлесімділікке құрылған. Осы отбасындағы үйлесімді қатынас табиғат құбылысына көшірілген. Мифтік түсінік бойынша  жаңбыр,  найзағай  Баба  құдайдың Ана құдайменен немесе Көк тәңірінің Ұмай анамен қосылуынан пайда болады. Осы қосақтасудан соң жаңбыр төгіліп, әлем жаймашуақ нұрға бөленеді. Матриархат пен патриархаттың үйлесімді кезеңінде кемпір ұғымында жағымсыз мән болмаған. Кейіннен бұл үйлесім бұзылып, патриархаттық идеология үстемдік құрған соң, ескі иде- ологияны санадан ығыстырумен байланысты кемпірдің мыстан кемпір, жалмауыз кемпір тәрізді жағымсыз мифтік образдары пайда болған.


Деректер «Қазақтың  этнографиялық  категориялар,  ұғымдар   мен  атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиясынан алынды

Бөлісу: