«Келіссөз арқылы келісімге келу - стратегиялық көрегендік». Тоқаев Ресей-Украина мәселесіне пікір білдірді

17 Қазан, 14:13 1281

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында Астана халықаралық форумының аясында құрылғанын, ең өзекті жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасуға арналғанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өздеріңізге мәлім, бүгінде адамзат аймақтық қақтығыстар, экономикалық тұрақсыздық, климаттың өзгеруі, азық-түлік және көші-қон қауіпсіздігі секілді бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Аталған жаһандық проблемалар бәрімізді толғандырады және оған төтеп беретін шараларды бірлесе іздегеніміз жөн. Біздің келешегіміз қаншалықты күш-жігер біріктіріп, ортақ келісімге келе алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды үдеріске атсалысуын зор мәртебе санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемнің жікке бөлінуі күшейіп, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреген сайын, орта державалардың рөлі арта түседі деп санайды.

Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді, – деді президент.

Мемлекет басшысы жиында Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде де пікір білдірді.

Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі, – деді Тоқаев.

EL.KZ
Бөлісу: