15 Қазан 2014, 09:12
Әрбір келін бала отбасына, ата-анаға, өзінің үлкенге деген сый-құрметімен, еңбегімен қадірлі екенін жақсы түсінуі керек. Алдымен әйел үй ішіне, ауыл-аймаққа, елге өз қадір-қасиетін көрсете білуі керек. Сонда ғана оның күйеу жігіті алдындағы қадірі де арта түспек. «жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген мақалдың өңін айналдырып айтсақ, бүгінгі біздің қаракөз қарындастарымыздың, ардақты қыздарымыздың жігіт біткенді шаң қақтырмай, бәйгенің алдын бермей жүргендігін дөп басып айтқан боламыз.
Екіншіден, әйел – ақ босағаның аруы, үлкен шаңырақтың береке-құты. Оның мейірбан жүзі, парасат-ақылы, сырбаз мінезі қандай жанды болсын баурамай қоя алмайды. Жарының тілін таппаған, қадірін білмеген әйелдің бақытты болуы мүмкін емес. Әйел қауымы мұны әрдайым есте сақтағаны дұрыс.
Ғашық болып қосылған екенсің, жарыңа қалтқысыз беріл, күндіз де, түнде де оның ойынан шық, бос уақытыңды жарыңа жұмса, осы арқылы оның еңбекке құштарлығын арттырып, жанұяңа қамқорлығыңды күшейт. «Аққудай қосағың» дейді ғой қазақ. Жұп аққудың жарастығы, адалдығы барлық халықтардың ортақ аңызына айналуы тегін болмас. Өкпе-назың болса, оны жұбайыңа оңаша айтып, пікірлескенің абзал. Балаларың бір нәрсені білгісі келіп сұрай қалса, ретіне қарай «Әкеңмен ақылдас, әкеңнен сұра», деп өзінің отағасы – жарыңды сыйлайтыныңды балаларыңа да байқат, үлгі алсын. Үлкенді сыйлау деген үлкен қағида осылай бойға сіңеді, өзіңнен шыққан жауап болса да: «Әкең солай деді», - дегенді қоса айтқаннан беделің кеміп қалмайды. Осы арқылы жарыңмен жақындығыңды, оны қадірлейтініңді балаларыңа тағы бір байқата аласың.
«Тағы да байқата аласың» дегеннен шығады, не нәрсе болса да бірден орнап, бірден баянды бола қалмайды. Қайдан оқығанымды ұмытып қалыппын. Мынадай бір пікір есімде қалыпты. Адам тағдыры дағды-әдет сияқты нәрселерден тұрады екен. Сан мың рет қайталанған нәрсе дағдыға, дағды әдетке, әдеттен мінез-құлыққа, мінез-құлықтан адам тағдырына айналатын көрінеді. Бұл пікірде шындық бар. Шынында да белгілі бір территорияда тұратын халықтың өз дағдысы, әдет-ғұрпы, салт-санасы болады ғой. Бұларсыз халық, ұлт атаулы өмір сүре алмайды. Сондықтан да біз әр халықтың дәстүрін, әдет-ғұрпын өркендетіп, дамытуды жақтаймыз. Мұны айтып отырған себебім, өз тілін, дәстүрін, әдет-ғұрпын білмейтін келіндер де жоқ емес. Солар үшін әдейі айтып отырмын....