15 Қазан 2014, 09:10
Айналайын келіндер, баладан ерлеріңізге ұқсайтын сипатты іздеудің орнына, өз ұқсастықтарыңызды іздегендеріңіз ақылдық емес. Одан гөрі, бала тағдырына көбірек көңіл аударған абзал. Балаға ана қандай керек болса, әке де сондай керек. Кейде тіпті есейе бастаған балаларға әкесінің орны артығырақ болатыны бар.
Біздің кейбір келіндеріміз ерлерінің қасиеттерін «теңдік» деген сөздің төңірегінде ғана ұғынып, аяқ-табақ, қазан-ошаққа араластырып, аяқ асты етуге бейім тұра ма деген қауіп көңілге оралады. Әрине, ері үй-ішіне жәрдем етпесін дегеннен аулақпыз, оны жоғарыда айттық та. Бұл мәселеде таразының екі басын тең ұстағанға не жетсін.
Алыс сапардан ері бөтен ас, бөгде төсекке үйрене алмай, жаны жадау тартып келгенде оны жуынатын жылы су, жылы төсек, ыстық ас күтіп тұрса, оның бір кездегі жігіт шағы көз алдына келіп, жанын жадыратып-ақ жібермей ме? Осындай кең пейіл, адал ықылас ерінің әйеліне деген құштарлығын күшейтіп, соның нәтижесінде қазір ақылды перзенттер дүниеге келетінін қазір ғылым анықтап отыр.
Бұл айтқанымыз әр әйелдің-ақ қолынан келетін жұмыс. Осыған не жетпейді? Жетпейтіні әрине құнт пен ықылас қана. Сүйгеніңе ықыласың жетпесе, онда кімге ықыластанасың? Ендеше, мұндай келіндерді, басқа жанға көңілі аумағанмен, еркектің қадір-қасиетін толық түсінуге қабілеті кем, мәдениеті аз, сезімталдығы нашар, адамшылығы төмен демесе болмайды. Кей әйелдің: «Пәлен бала таптық, енді қайда барар дейсің!», - деп, ерінің жағдайына сарғырт қарайтыны да жоқ емес. Бұл әрине, сол әйелдің ақылының таяздығынан туған тұжырым.
Ашық айтсақ, еркекке көп нәрсе керек емес, тек аз да болса жылы лебіз, биязы мінез керек. Мысалы, туған үнің, үйленген күнің деп, өздерінің үйленген кездегі немесе ата-анасымен бірге түскен суретін үстел үстіне қойса, ең болмағанда бет орамал сияқты ескерткіш беріп, кесеге құйып қымыз, шұбат ұсынса ақылды азаматқа осының өзі жетіп жатыр. Мұндай күндері мүмкіндігінше жақсы аға-жеңгені, ата-енені қоса шақырып, оларды ілтипатпен күтіп алғанның өзі қандай.
Қысқасы, ерлердің бойында ескерілмей, көзге көрінбей жатқан жақсы қасиеттерді сыртқа шығарып, халық кәдесіне жарату үшін асыл жар керек екенін түсінсе, әйел заты халық алдындағытағы бір ұлы парызын, азаматтық борышын өтеді деп ұғыну керек.