Келі

19 Тамыз 2014, 10:41

КЕЛІ – дәнді дақылдар мен науат, шақпақ қант тәрізді түйір-түйір заттарды түйгіштеп уататын, ұнтақтайтын, қатты ағаштан, тас, темір, шойын сияқты материалдар- дан жасалған іші қуыс құрал, тұрмыстық бұйым.

КЕЛІ – дәнді дақылдар мен науат, шақпақ қант тәрізді түйір-түйір заттарды түйгіштеп уататын, ұнтақтайтын, қатты ағаштан, тас, темір, шойын сияқты материалдардан жасалған іші қуыс құрал, тұрмыстық бұйым. Бидай, тары, арпа т.б. дәнді дақылдарды түюге арналған ағаш К. қатты ағаштың жуан діңінен ортасын 30-35 см тереңдікте ұңғуырмен ою, қашау арқылы жасалады. К. жасайтын ағаш кесіндісінің биікт. 50-60 см, кей жерлерде 70-80 см, ал диаметрі 30-35 см болады.

Келі. ҚР МОМ қорынан (КП 1591)

К. қазақ дастарқанының шырайын келтіретін ақталған тары, қуырған бидай, түйілген жарма, құрт, ірімшік, жент сияқты тағамдарды дайындауға қажетті басты тұрмыстық бұйым болған (қ. Бәйбіше келі). Сондықтан шеберлер төзімді, сапалы К. жасау үшін жұмысты ағаш таңдаудан бастайды. Өйткені сазда, сортаң немесе сулы жерде өскен ағаштар К. жасауға лайықсыз: сазда өскен сары ағашты кептіру қиын, әрі ол кепкенде жарылып кетеді; сортаң жер ағашының сүрегі тығыз болғанмен, кепкенде қақ айырылады. Қазақтың «диқаншы құдайдан су сұраса, келіші қу сұрайды» деген мақалы К.-ге ағаш таңдаудың осындай қыр-сырын меңзейді. К. жасауға Шығыс Қазақстанда – еменді, Оңтүстік Қазақстанда –тұт ағашын, Жетісуда – қарағаш пен жидені, Қызылордада

– тораңғыны таңдап алған. К. жасауға ағаш таңдайтын, таңдап алынған ағашты өңдеп, затты түйіп ұнтақтайтын құрал жасайтын шеберді халық келіші деп атаған.

 

Келі мен үккіш. ҚР МОМ қорынан (НКП 2106)

 

Келішілер жаз бен күз жаңбырсыз болған құрғақшылық жылдары К. жасайтын ағаш кеспегін мол етіп жинайды. Кеспектерді  шөлді  жерде  өскен  немесе  сусыз  қаңсып,

жұмырланып өскен жерінен жинайды. Ондай ағашты қысқа қарай түбірімен қазып алады. Оның діңін екі жағынан аралап, болашақ К.-нің кеспегін дайындайды. Одан әрі кеспектерді кептіруге кіріседі. Ел арасында К. жасайтын кеспекті кептірудің әдіс-тәсілдері көп болған.

 

Келі. ҚР МОМ (КП 16050) қорынан

Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда кеспектің қабығын аршымай, құмға көміп,Жетісуөлкесіндеқабығыаршылмаған кеспектің арамен кесілген екі жағына сиырдың жапасын шаптап, қара көлеңкеге қойып кептірген. Сыр өңірінде кеспектің екі шетінен 1 қарыс мөлшерінде қабығын қалдырып, қалған жерін аршып тастап, екі шетіне саз балшық жағып көлеңкеде кептірген.

Шеберлер ұңғуыр, тышуыр, шаппашот, қашау сияқты құралдарды алма-кезек қолдана отырып, К. жасайтын кеспектің ішін ойып алып тастайды. К. оюда әр өңірдің шеберлері қалыптастырған тәсілдері бар.

Келі жасалу үрдісі. ҚР МОМ материалдары бойынша суретін салған Ж.Шәйкен

Келіде тары түю. Н.Г.Хлудов.  ҚР МОМ қорынан (КП 3473)

Қызылорда өңірінің келішілері алдымен кеспектің ортасын бір рет ұзын бұрғымен бұрғылап алады. Одан әрі бұрғыланған жер мен оның айналасын қыздырылған үшкір темірмен қариды. Шебер ағашты ыстық темірмен қайта-қайта қарып отырып, К. оймасының нобайын келтіріп алған соң қуысқұлақ немесе имекбас қашаумен түгел ойып шығады. Қарақалпақстанда тұратын қазақ шеберлері кеспек ортасын аздап шұңқырлап ойып алып, сол жерге көмір шоғын салып, сол шоқпен қарып ояды, кейде кеспек ішін аспаппен үңгіп алып, қайнап тұрған қазанға қақпақ сияқты төңкеріп жауып, ыстық бумен ағаш ішін жібітіп алып та ояды.

Келішілер К.-нің түбін екі  түрлі  тәсілмен  ояды. Тары, бидай, жүгері тәрізді дәнді дақылдарды түюге, жармалауға қолданатын К.-нің түбін тегіс етіп ояды. Оны түбі тегіс келі деп атайды. Тары ақтауға қолданатын К. түбін шұңғылдап ояды. Мұндай К.-ні түбі шұңғыл келі деп атайды. К.-нің іші ойылып болған соң оны өңдеу, дай- ындау жұмысы одан әрі жалғасады.

Кейбір шеберлер ойылған К.-нің ішіне топырақ тол- тырып, жерге бір жұмадай уақыт көміп тастайды. К. ішіндегі, сыртындағы құрғақ топырақ ағаш бойындағы ылғал мен тұзды өзіне сорып алады. Топырақтан шығарып алған К.-ні бірқалыпты температурада жылы жерде әбден кептіреді. Кейбір шеберлер іші ойылған К.- ні қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып, оның іші-сыртын қойдың құйрық майымен, түйе қомының май- ымен сіңіріп майлайды. Қатты құрғақта К. жарылып кет-

пес үшін оның иіні мен тағанын айналдыра түйенің илен- беген шикі терісімен қаптап тастайды. Шикі тері кепкен кезде тарылып, К.-ні сыртынан құрсаулап, қатты қысып қалады. К.-нің терімен қапталмаған жерін былғарымен ысқылап өңдейді. Ауқатты адамдар К.-нің сыртын күмістелген ою-өрнекпен, келсабының бас жағын күміс шытыралармен әшекейлеп жасатқан. Ел арасында К.-нің ондаған түрі мен атаулары кездеседі: кейде топырағы берік, қатты жерден ойылған, К. орнына уақытша пай- даланатын шұңқырды – жер келі, К.-сін тастан, ал келсабының ағаштан жасалған түрін – тас келі, қандай да бір  ағаш  түрінен  жасалған К.-ні –  ағаш  келі,  оның кептірген темекі жапырағын ұнтақтау үшін қолданатын кішкентай түрін – насыбай келі, тек науат, шақпақ қант, сәукеле қант, құрт, ірімшік түюге қолданатын шағындау аппақ К.-ні – бәйбіше келі деп атайды. Бәйбіше К.-нің тағаны темір қаңылтырмен қапталып, бетіне күміс шай- ылады. Екі иініне мүйізден тұтқа орнатылып, ернеуі сүйекпен әшекейленеді. Мұндай К.-ні, әдетте, ауқатты отбасының бәйбішесі ұстаған.

Қазақ жерінің кейбір өңірінде ағаш аз өсетін болғандықтан шеберлер К.-ні екі-үш ағаш кесіндісінен қиюластырып та жасаған. Мұндай К. құрама келі деп аталады. Құрама К.-нің сырты тез жарылмау үшін түйе терісімен қаптап, тартып тастаған. К.-нің ең үлкенін нар келі деп атайды. Нар К.-ні ертеде, әдетте, тары сөгінен жарма, жент дайындап сататын саудагерлер арнайы тап- сырыспен жасатқан (қ. Жарма; Жент).

Мұндай К.-нің ішіне бірден 4-5 шелек дән кеткен. Осындай К.-нің ішіндегі дәнді екі жігіт бір-біріне қарама- қарсы тұрып екі жақтан екі келсаппен түйген (қ. Келсап). Қуырған бидай, тары, жүгері түюге арналған орташа К.-ні тоқал келі дейді. Ел ішінде К. жасайтын шеберлер сиреп кеткен соң, ағаш К.-нің орнына темірден жасалған шағын К.-лер де пайда болды. Ондай К.-ні жасалған материалына қарай халық темір келі деп атайды. К. мен келсап ертеден егіншілікті кәсіп еткен Жетісу аймағында ұзатылатын қыз жасауының құрамына енген. Жаңа түскен келіннің іске икемділігіне, ептілігіне оның К.-мен тары түюіне қарап баға берген.

 

Бөлісу: