Кедейлік шегінен асқан қазақстандықтар саны көбейген

31 Қазан 2023, 15:19 825

Жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себеті құнынан (22 мың теңге) төмен қазақстандық отбасылар шамамен үш есе өскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірнеше жыл бұрын билік өкілдері Қазақстанда кедейлер саны азайғанын мәлімдеп, сәйкес статистикалық мәліметтер келтірген еді. Алайда, бүгінде елімізде кедейлік деңгейі қарқынды өсіп келе жатқаны байқалады. Кедейлер барған сайын кедейлене түсуде.

Үкімет есебіне сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары арқасында 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 100,4 мың отбасы 2023 жылы кедейлік санатынан шыққан.

Ал Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы кедейлік деңгейінен төмен өмір сүретіндер саны 2022 жылдан бері үш есе артқанын мәлім етті. Қазіргі уақытта мұндай санаттағы 9400 отбасы бар. 11 қазанда жарияланған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 2023 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша ресми белгіленген ең төменгі айлық күнкөріс деңгейінен төмен табысқа өмір сүретін Қазақстандағы үй шаруашылықтарының саны 135 200-ден 177 800-ге дейін өскен.

Зерттеу деректеріне сәйкес, кедейлік шегінде өмір сүретін отбасылар санының айтарлықтай өсуі тіркелген, олардың айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 55 пайызын құрайтын азық-түлік себетінің құнынан да төмен болып шықты.

zakon.kz-тің хабарлауынша, бүгінде кейбір депутаттар статистикадағы сәйкессіздік туралы мәселе көтеруде. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл азық-түлік себетінің құны көптеген сұрақтар туғызатынын, сондықтан кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдардың статистикаға қарағанда әлдеқайда көп екенін мәлімдеді.

"Іс жүзінде статистика органдары азық-түлік себетінің құнын бизнестен, әкімдіктерден алатын жедел деректерге сүйене отырып есептейді. Бүгінде бағалардың өсуі туралы статистиканың біз көріп отырған деректермен сәйкес келмейтінін байқаймыз. Тіпті, олар министрліктердің жедел деректерімен де жиі сәйкес келмейді."

Статистика дұрыс емес болса, бүгінгі жағдайдың қандай екенін нақты айта алмаймыз. Тиісінше, бізде жоспарлау және сол жоспарларды орындауға байланысты проблемалар бар. Барлық есептік көрсеткіштер ойша алынған, төмендетілген болып шығады.

Тұтыну себетін есептеу әдісінің өзі көптеген сұрақтар тудырады. Бүгінгі бекітілген әдістеме бойынша қарайтын болсақ, ондағы позициялар ХХ ғасырдың ортасындағы адамның қажеттіліктері секілді. Қазіргі таңда өмірлік маңызы бар көптеген қызметтер жоқ.

"Үкімет себеттің мөлшерін қайта қарауға, тағы бірнеше позиция қосуға уәде берді. Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елдердің тұтыну себетінде шамамен 300-500 позиция бар. Ал бізде 55 азық-түлік және 45 қызмет пен тауар көрсетілген", – деді депутат Мәжіліс отырысында.

Оның үстіне, Қазақстан азық-түлік шығындарының көлемі бойынша антирекордтарды үнемі жаңартып отырады. Мәселен, 2015 жылдан 2022 жылға дейінгі статистикалық деректерге сәйкес, халықтың азық-түлікке жұмсайтын тұтыну шығындарының үлесі 43,8-ден 51,2%-ға дейін өскен. Бұл жағдайда көптеген қазақстандықтар табыстарының барлығын тек тамаққа жұмсайтын көрінеді. Аталған көрсеткішті ең кедей елдермен салыстыруға болады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: