19 Тамыз 2014, 09:31
КЕБІН – марқұмның денесін орайтын ғұрыптық киім есебіндегі ақ мата. Кебін сөзі арабтың кәфәнә сөзінен шыққан, ол «орауыш» деген мағынаны білдіреді. К.-ге жаңа немесе жуылған таза жұқа кездеме, дәке пайдала- нылады. К.-ді кейде ақырет деп те атайды (қ. Ақырет). Сондай-ақ, халық арасында шын киім деген атауы да бар (қ. Шын киім). Әйелдердің К.-і арнаулы мақтадан тоқылған дәке ғана емес жібек, шыт, сәтен және т.б. ма- талардан бола береді. Негізінен, К. тірі күнде киюге жа- райтын нәрседен болуға тиісті. Табылмаған жағдайда мәйітті жалғыз қабат К.-мен де орауға тура келген. Мәйітті ақ матаға орауды кебін кигізу, кебіндеу деп атай- ды. Ертеде аса ауқатты қазақтар өлікті асыл матамен, торғын, жібекпен де «киіндіретін» болған. Арнайы мата табылмаған жағдайда «шариғат заңы» бойынша етін же- уге рұқсат етілген малдар мен хайуандардың терісімен де К.-деуге болады. Жоқшылық кездерінде, айталық ре- прессия зобалаңы жылдары, қазақтар мәйітті қамысқа, киізге де орап немесе Құранды киізге орап қоса көмген деген мәліметтер бар. Орыс зерттеушілерінің ертедегі жарияланымдарында (атап айтсақ Н.Рычков, П.Паллас, А.Левшин) қазақтар ХІХ ғ.-дың орта шеніне дейін өлген адамды киімшең жерлейтін болғандығы туралы деректер айтылады.
Соғыс майданында да адамды К.-демей сол киімімен жерлейді. Шариғат заңы бойынша алдымен қалған мұрасынан К.-гі, қарызы төленеді, содан қалған мұрасы ұрпақтарына бөлінеді. Адам киімсіз жерленбейді, ешкімі жоқ болған жағдайда оның кебіндік матасы сол ауылдың болысынан алынған.
Марқұмның мұрасы болмаған жағдайда оған К.-ді жақын туыстары дайындайды. Себебі о дүниеге барғанда кімге де болса ол қарыз болып қалады деген түсінік бар. Өте алысқа ұзатылған қыздардың жасауына қоса ертеде ақырет киімін де салатын болған және оны қоржын сөккен кезде ашпай-ақ матаға орап, түйіп қоятын болғандықтан, жұрт оның не зат екендігін айтпай-ақ түсінген. Ел аузынан жеткен кейбір деректерде, молда босану үстінде қайтыс болған жас әйелдің жаназасын шығарар алдында оның туған-туысқандарынан «ақырет кебіні беріліп пе еді?» деп сұрайтындығы айтылады. Берілмеген болса, сол жер- де туысқандарының бірі ақырет К. орнына бір мал атай- ды (қ. Ақырет кебін). К.-ге арналған матаны ештеңеге тұтынбаған; оны өлім-жітім шыққанда тұтынуға арналған «иман киіз» аталатын киізбен бірге сақтаған (қ. Иман киіз). Жаугершілік уақытта шайқасқа аттанған ерлер өздерімен бірге (қауіпті сапарға ұзақ уақытқа шығатын болса) ақыретін алып жүретін болған. Қазақ қоғамында жасы ұлғайған адамдардың ақыреті болмаса немесе жақынына тұтынған болса, қартайған шағында әдейілеп барып қара шаңырақта отырған адамнан ақырет сұрап ала- тын әдет болған. Ондайда ол ешбір өтемсіз және сылтау- сыз беріледі. Себебі, қазақ түсінігінде жақынына ақырет бермесе немесе өлген адамға туысынан ақырет бұйырмаса қиямет-қайымға дейін ол жанға қарыз болып қалады.
К.-деу үшін бірсыпыра жұмыстар атқарылады. Ең алдымен өлім аузында жатқан мұсылманның жүзін Құбылаға ыңғайлайды. Жанында кәлимә шәһәдәт айты- лып, «Ясин» сүресі оқылғаны абзал. Жаны шығысымен шыт орамалмен жағы басымен қоса байланады, көздері жұмылдырылып, екі қолы екі жағына жайғастырылып, киімдері шешіндіріліп, ақпен жауып қояды. Жуыларда аяғы, беті құбылаға қаратыла астау үстіне жатқызылады. Әурет орындары ашылмай шешіндіріліп, жылы сумен жуылады. Өлік жатқан орынның бергі жағына перде ұсталады. Шымылдық-перде міндетті түрде тұтас болуы керек. Себебі, екі бөліктен тұратын шымылдық тек келін түскенде ғана құрылады (қ. Келін түсіру).
Жаназасын шығармас бұрын мәйітті жуу үшін ал- дын ала белгіленген адамдар сүйекке түседі. Сүйекке ең жақындары, марқұмның руынан бір-бір адам және құдаларынан бір кісі, жалпы саны бес адам түседі. Сүйекшілердің ішіндегі ең жақыны суын құйып, құдасы бас жағын, келесі адамдар орта тұсын және аяқ жағын жу- ады. Мәйітті бір рет жууға да болады, мүмкіндік болса, үш рет жуған абзал, бірінші сабындап, екінші шайып, үшінші рет иіссу қосылған сумен шайып ғұсылдандырады. Бір рет жуындырғанда, иіссуды шашына, ер адамның сақалы болса сақалына тек шылап жағады. Сүйекшілер мәйітке қолдарын тигізбей, оң қолдарын дәкемен орап алуға тиіс, бұл тазалық сақтауға және қайтыс болған кісінің денесіндегі ластықты кетіріп жууға ыңғайлы. Тірі күнінде намаз оқу парыз болған болса, яғни балиғат жасына жет- кен болса, жуатын кісі қолына шүберек орап, әуретін жапқан бүркеуішті ашпай дәрет алдырады. Аузы-мұрнына су жібермей, су тигізіп жуады. Ернін, тісін, мұрын тесіктерін және кіндік шұңқырын сулы шүберекпен сүрту де жеткілікті.
Басы сабындалып жуылады, бірақ, шашы таралмайды. Бұдан соң жуушы мәйітті сол жақ қырымен жатқызып, оң жағын жуады және керісінше жасайды. Артынан өлікті өзіне сүйеп отырғызып, қарнынан басып сипайды. Егер нәжіс шықса, сумен жуады. Бастан-аяқ қайта жуу шарт емес. Мәйіт әбден кептіріліп сүртілгеннен соң К.-деледі. Мәйіттің абыройын жабу үшін пайдаланған шүберекті әурет шүберек дейді. Бұл шүберектерді емшегі іскен сиырға ем болады деп жерге тастамай ырымдайды.
Өлік жуындырылған суды, әдетте, аяқ баспайтын тысқары жерге төгеді. Бұл үрдісті өлікті арулау деп атай- ды (қ. Арулау) және мәйітті арулаған орынға адам баспай- тындай етіп белгі қояды. Себебі мәйітті жуған орын киелі, әрі марқұмның рухы бар ондай орынға пәле, жын-пері үйірсек келетіндіктен арулаған орынды басып кеткен адам пәле-жала, ауру-сырқауға душар болады деп үрейленген. Себебі, ол ауырып қайтыс болған кісі болса, оның ауруы жұғады деп сақтанған. Аруланған жерді тазалап, үстіне тас үйіп, тары немесе бидай сеуіп, отпен аластайды.
Дәстүрлі ортада ер адамға арналған К.-дікке бес қабат, әйелге жеті қабат, балаға үш қабаттан келетін дәке немесе кездеме керек. Өлік ер адамдікі болса К. бес қабаттан тұрады. Ал әйел адамға арналған К.-нің атаула- ры шартты түрде киім аттарымен төмендегіше аталады. Олар: 1) шапан; 2) көйлек; 3) бешпет; 4) белдемше; 5) ақтық (төменгі іш киім); 6) кимешек; 7) шылауыш. Ер адамның ақырет киімдерінің атауы: құба тон, көйлек, жауырынтақ, қысқа бешпет, сәлде. Қазіргі есеппен ер- лерге К.-ге 20-23 метрдей, әйелге 23-25 метрдей ақ мата кетеді (қ. Жерлеу).
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»