«Қазақтың» соңғы тағдыры

29 Наурыз 2019, 13:58 6822

«Қазақ» газетінің №261 нөмірі неліктен 2 рет жарық көрді? Ә. Жүндібаевтың «Қазаққа» қандай қатысы бар?

Ұлттық сана сақшысы

Қазақ баспасөзі тарихында «Қазақ» газетінің орны айрықша. Ол – ұлттық сананың қалыптасуы мен мемлекеттіліктің бастауында тұрған елдік газет. Ұлттық демократиялық қозғалыстың үні, территориялық тұтастықтың жаршысы бола білген халықтық басылым. Тіпті алаш жұртының ХХ ғасыр басындағы саяси іс-әрекетінің анық айнасы деп тану да еш артықтық етпейді.

Газеттің ширақ һәм көреген болуының тікелей себебі басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлындай қырағы көсемдердің тұрғандығынан. Сондықтан аударылып-төңкерілген аласапыран заманда жұрт «Қазақ» газетіне кұлақ қойды. «Қазақтың» тасқа басылған әр санын қырдағы ел ұмысына оқып, құныға көз тікті. Өмір жүзінде өткеріп жатқан әрбір саяси өзгерістердің жұмбағын сол басылымнан тапты.

Былтыр ғана жарық көргеніне 105 жыл толған «Қазақ» газеті туралы анығында аз айтылған жоқ. Алаш қозғалысын арнайы тақырып еткен немесе жанамалай сөз қозғағандардың қай-қайсысының да «Қазақ» газетін айтпағаны кемде кем. Ұлттық саяси қозғалыс немесе құқықтық көзқарас эволюциясын тілге тиек еткендердің де табан тірейтін тағаны тағы да осы – «Қазақ». Алайда осынау заманында көптің тілегінен табылған газеттің ашылмаған жұмбағы, айтылмаған сырлары мүлде жоқ емес. Бұл жазбада сондай мәселелердің бірі- «Қазақтың» соңғы тағдыры туралы ой қозғамақпыз.

(Алаш көсемдері (солдан оңға қарай: А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы)

  Қос қабат құрсау

«Қазақ» газетінің оқырманмен қауышқан тұсы патшалық биліктің қарамағындағы жұртын қатаң билеп төстеген қандауыз шағымен тұспа-тұс келеді. Сондықтан алғашқы шыққан күнінен-ақ газет әскери цензураның қатаң бақылауында болды. Басылымға әзірленген әр материал орыс тіліне аударылып, цензордың сүзгісінен өткеннен кейін ғана жарық көрді. Ал қандай да бір қиғаш сөз, оғаш ой қылаң берсе, ол нөмір тәркіленетін немесе қайта түзілуге жіберілетін. Тіпті газеттің кейбір сандары бас мақаласыз ақ шыққан кездері де болды. Бұл жайтты Ахаң мен Жақаңның талай мәрте «ішімізде сайрап тұр, әттең аузымыз буулы» деп опынып жазғандарынан да білуге болады. Бірақ сыналап кіргізіп, жік арасына жасырып жазған ұлттық рухтағы сөздері үшін Ахаңның абақтыға отырып, редакцияның пұлдай жазықты болған сәттері де бар жайт. Сондықтан газет тасқа басылғанға дейін де және жарық көргеннен соң да жіті тексерісте болды. Бұл шығарушыларды  әр сәтте «үй артында кісі бар» деген сақтықтан ажыратпады. Сөйтседағы осындай тар құрсауға қарамастан «Қазақ» газеті барынша астарлап айтып, емеурінмен болса да көздегенін жеткізуге тырысты. Әрі бұл миссиясын артығымен атқара білді де.

Патшалық билік тақтан тайып, Уақытша үкімет орнағаннан кейін газеттің айы оңынан туды. Тізгін-шылбыр өз қолдарына тиген басылым бұрынғы шекті өрістен ұзап шығып, мейлінше көсілді. Баспасөздің алмас қылыштай өткірленіп, мазмұндық тұрғыдан зәу биікке көтерілген тұсы да осы-тын. Деседе ендігі қауіп Ресей даласын шетінен шарпып, айналасын жалмап келе жатқан большевиктерден төнді. Қолындағы қарумен ел арасын қанға бояған бүлікшілер қыр асса қазақ еліне де жетейін деп тұрған. Газет шығарушылар уақытша Алаш қаласына орын ауыстырды. Міне, осындай сәтте Орынборды большевиктердің алған хабары келіп те жетті. Бұл 1918 жылдың енген кезі еді.

Степнов бүлігі

Орынборды алғаннан кейін большевиктер Әліби Жангелдинді Торғай өлкесінің комиссары етіп бекітті. Степанов, Степнов фамилиясымен танылған Ә.Жангелдин алаш көсемі Ахмет, Міржақыппен бір Торғай топырағында туған. Десе де олармен жұлдызы қарсы еді. «Жауымның жауы – менің досым» дегендей Тоғжанұлы күш алып, іріленіп келе жатқан большевиктермен ымыраласып, солардың сеніміне енді. Сондықтан Торғайдың комиссары болған бетте Орынбордағы «Қазақ» газетінің редакциясына келіп, шығып тұрған газетті тоқтатуға пәрмен берді. Газеттің тірегі «Азамат» серіктігінің қолындағы құжатын тәркілеуді бұйырды. 1913 жылдан бері 5 жыл бойына түрлі қиындықтарды еңсеріп келе жатқан басылым кезекті бір кедергіге дөп келді. Кейіннен «Қазақ» газетінің өзі де «1918 жылдың 17 январында «Қазақ» газетасы мен баспаханасы большевик кесірінен жабылды» дегенді мағлұм етті.  

«Қазақ» тоқтады деген хабар көпке жайсыз тиді. Жұрт дағдарды. Әсіресе, «Қазақтың» ізін басқан інісіндей болған «Бірлік», «Сарыарқа» газеттері қамыққандарын білдірісіп жатты. Айталық, Ташкентте шығатын «Бірлік туы» №22 нөмірінде: «Бүгін күн Орынбордан «Қазақ» газеті жабылды деген телеграм алдық. Мұнан бұрын «Қазақ» басқармасындағы бір адамнан келген бір хатта мынадай сөз бар еді: Орынборға большевиктермен бірге Әлібек Жангелдин де келді. Ол Торғай облысына комиссар болып алып, «Қазақ» газетінің шығайын деп тұрған №260 нөмерін тоқтатып қойды. Жангелдин большевиктерді мақтап, оларға қарсы сөз жазғаны үшін «Қазақ» газетіне азуын басып отыр. Ол «Қазақты» жауып қойып, оның орнына большевик бағытымен жаңа газет ашпақ. Жангелдин «Қазақтың» баспаханасына келіп, «Азаматтың» есеп-қисабын сұрады. Ол уақытта Байтұрсыновтар Орынборда жоқ еді. Сол себепті оған есеп беретін ешкім болмады»,- деп жазды.

«Қазақ» қайта шықты

Ішкі соғыс ұлғайып, кімнің дос, кімнің қас екенін айыру қиын болған шақта күнара «Қазақтан» аужайды байқап, алдағы күннің бөгенайын болжап отыратын ел ақпараттан тарықты. Өстіп үміт пен күдік итжығыс түскен мезетте айға жуық үзілістен кейін қыр шарлаған «Қазақ» газетінің кезекті №261 саны қолға тиді. Үзілген үміт қайта жалғанғанына жұрт қуанысты. Бірақ бұл жолғы сөз ұстаған бас қаламгер Ахаң да, Жақаң да емес, редакциялық алқада жоқ Әбділхамит Жүндібаев (Жөндібаев) еді...

Редакциялық құрамда болмағанымен, Жүндібаев (Жөндібаев) та мүлдем жұрт атын естіп-білмеген жан емес, алаш жолындағы ұлтқа пайдам тисін деген тұлғаның бірі болатын. Ақтөбе қаласында 1917 жылдың 20-25 тамыз күндері шақырылған Торғай қазақтарының съезінде Тел Жаманмұрыновпен бірге  хатшылыққа сайланған, одан бөлек Қазақтың жалпықазақ съездерін шақыру жолында да айтарлықтай еңбек сіңірген қайраткер тұлға еді. Оқыған қазақты түстеп аларлық тар заманда Орынбор уездік орыс-қазақ мектебін, Орынбор екі жылдық қазақ мұғалімдер училищесін тамамдаған қат маманның бірі-тұғын. Басқасын былай қойғанда, «Алаш» партиясын құру туралы бағдарламаға қол қойған 7 қайраткердің бірі екенін ескеру саяси салмағын арттыра түссе керек. Міне, Алашорданың Торғай тобында Міржақып Дулатұлы, Мырзағазы Есболұлы, Аспандияр Кенжиндермен бірге алашорданың атты әскерін жасақтауға атсалысқан Жүндібайұлы (Жөндібайұлы) енді газет ісінің басынан табылып отыр. Осы арада «Әбділхамит газет басына қалай келді? Басылымның әуелгі шығарушылары тарапынан қандай да бір құпия тапсырма алды ма?» деген бірқыдыру сұрақтар туындауы тиіс. Ол үшін «Қазақ» газетінің сол кезеңдегі нөмірлеріне көз салсақ, беймәлім жайттың мәніне қаныққандай боламыз. Қалам қуатын қосқан №261 санында Жүндібайұлы (Жөндібайұлы) мынадай дерек айтады: «...осындай заманның аударылып тұрған шағында жұрт газет хабарына аса мұқтаж екендігін ойға алып, жан-жаққа хабар беріп, жөн сілтеп, нұсқа көрсетіп тұрған «Қазақ» газетінің басында тұрған азаматтардың Орынборда жоқ екенін көріп, жауын тілеген егін қалпындағы жұрттың үмітіне қарсы бару ниетімен Орынборға февраль басында келіп, бас қосқан Ақтөбе үйезінің азаматтарының өтініші бойынша «Қазақ» газетін шығаруды мен мойныма алдым...».

Бір анығы, газетті шығаруды міндетіне алған Жүндібаев (Жөндібаев) ешқандай да бұрынғы редакторлардың тапсырмасымен келмеген. Тек алмағайып шақта осынау елдің көз-құлағына айналған газеттің қапияда тоқтап қалмауын борыш санаған. Сондықтан бұл төтенше жағдай астында туған тосын шешім. Ал алашпен арасында ала мысығы бар Әліби Тоғжанұлы өзінің десі жүріп, дегені болып тұрған мезгілде кеңестік санаға қарсы газеттің көрінеу шығып тұруына қалай мақұлдық танытты дегенге келсек, оның жауабын «Сарыарқа» басылымынан таба аламыз: «Қазақты» енді шығарып отырған Fабдалхамит Жүндібаев жас учительдердің бірі болса керек. Ой-пікірі «Қазақтың» бұрынғы жолында жүрген жастың бірі болса керек. Ахмет, Міржақып Орынбордан кетерде басқа жолдастарын онда қалдырып, қолдарыңнан келсе «Қазақтың» дағдылы жолын, бағытын өзгертуге көнбеңдер деп кеткен екен. Жоғарғы сөзден көріп отырмыз, елден ақсақал-азаматтар келіп, ондағы көксоққан өтірік большевиктермен сөйлесіп, «Қазақты» тоқтатпай, уақытша шығара тұруды Ғабдалхамитке тапсырған көрінеді».

Газетті үзбей шығару тілектеріне қол жеткізгенімен, біздің ойымызша, Ақтөбе үйезі ақсақалдары мен Жангелдин арасында басылымның мазмұн-тақырыбына қатысты қандай да бір келісім болғанға ұқсайды. Оны Әбділхамит жазбасынан да аңғару қиын емес. «Заманның аударылып тұрған шағында дағдылы жолмен жүру, бір бағытта маңдай қою қиядағы қиын іс. Сондықтан газет оқушылар заманның құбылуымен есептесу керек. «Қазақтың» соңғы жүретін жолы – халыққа болып жатқан өзгерістен хабар беру, заманына қарай амал қылуға жол көрсету, сасқанда алдынан шығып жәрдем берудің маңайында ғана болашақ», – деп жазады ол өз мақаласында. Бұл жазбаның астарынан басылымның ендігі беталысы бұрынғы қанық ұлттық, анық алаштық бағытынан гөрі күнделікті саяси оқиғалар мен өзгерістерден хабар беруді мақсұт тұтқан ақпараттық сипатқа ойысатынын болжауға болады. Әрине, бұл арқылы Ә. Жүндібайұлына (Жөндібайұлына) байланысты алаштық бағыттан ауытқыды, большевиктерге берілді деген жеңіл пайым, жетек тұжырым тумауы тиіс. Мәселенің әртүрлі қисынын болжаған дұрыс. Айталық, бұл Әбділхамиттың газетті жаптырудан аман алып қалу үшін көрнеу қадамға барған саяси тәсілі, Ахаң мен Жақаңға аманаттағанға дейінгі құрыққа сырық жалғаған әдісі де болуы мүмкін. Қалай болғанда да әр екі тараптың өз ойлағандары, ішке бүккен есептері бар екені даусыз. Кейінгі жағдай көрсеткеніндей, бұл Әліби Жангелдиннің құрығы ұзарғанша «Қазаққа» мұрса берген уақытша қадамы болып шықты. Сондықтан газеттің №261 нөмірі өздерінің күрес мұратына сай келмегендіктен әрі оны мойындамағандықтан 23 шілде бұрынғы шығарушылары тарапынан қайталай жарық көрді.

«Қазақты» ауыстырған «Қазақ мұңы»

Торғай комиссары Жангелдиннің ойы басқа еді. Оның мақсаты Торғай өлкесінде толық советтік орган құрып, большевиктік көзқарасты жаю болатын. Сондықтан бұл жолда оның алдында әуелі Торғай облысы советтерінің съездін шақыру мақсаты тұрды. Бұл аса маңызды әрі көзалдағы тығыз міндет болғандықтан «Қазақ» газетін жауып, орнына кеңестік идеяны насихаттайтын баспасөз жасақтау кейінге шегерілсе керек. Бір жағы комиссар газеттің алаштық ұранын ту етпей, тек хабар таратып тұру шартымен ғана ел ақсақалдарының уақытша шығып тұрсын деген уәжіне  құлақ асқан тәрізді. Оның үстіне Орынбор енді алынып, большевиктік билік құрылымы әлі орнығып бекімегендіктен бұл мәселені болашақтағы кеңес сьездінің талқысына салып, арнайы қаулы негізінде тоқтату анағұрлым тиімді болар еді. Сондықтан қай ретпен қарағанда да Ә. Жангелдиннің есебі түгел болғандықтан, «Қазақ» жабылудан аман қалды.  

Көп күттірмей 1918 жылдың 21 наурызынан 3 сәуіріне дейін Орынборда Торғай өлкелік советтерінің съезі шақырылды. Съезд қаулысымен Әліби Жангелдин Торғай өлкелік Советтері атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Сондай-ақ дәл осы съезде совдептің өз тілі ретінде арнайы баспасөз құру шешімі мақұлданып, оның аты «Қазақ мұңы» болып бекітілді. Бұл ресми түрде «Қазақ» газетінің тоқтатылуына үкім жасаған шешім еді.

16 сәуірде «Қазақ мұңы» газеті жарық көрді. Нәзір Төреқұлұлы редакторлық еткен газеттің тұңғыш нөмірінде Торғай кеңестерінің бірінші съезінде сөйлеген Әліби Жангединнің сөзі беріліп, кеңестік декреттердің артықшылықтары мен еңбекшілердің өз үкіметін құрудай асқақ мұраттары  сөз болды. Бұрынғы «Қазақ» газетінің баспаханасында басылған газет енді Алашорда мен алашордашыларға қарата баспасөз жүзінде майдан ашты. Алайда Орынборды алып, билік тармақтарын жедел құрып жатқан большевиктердің болашақ жоспарын күрт өзгертетін саяси жағдай алда еді.  

Бір нөмірдің 2 мәрте жарық көруі

Азамат соғысы ушығып, әртүрлі үкіметтер мен әскери одақтар бір-бірін мойындамай, текетіресіп жатқан тұста билік те бір қолдан екіншісіне жиі ауысып тұрды. Әсіресе, стратегиялық маңызы зор Орынбор қаласы үшін мүдделі топ көп еді. Казак-орыс әскерінің атаманы Дутов жөнінен бұл шаһар табан тірер тиянақтың бірі болатын. Большевиктер қолына өткеннен кейін жарты жылға жетпейтін уақытта Орынбор, Троицк, Орал қалаларын алу жолындағы шайқас нәтижесінде 1918 жылдың 20 маусымында Орынбор большевиктерден азат етіліп, ақ гвардияшылар қолына өтті. Степнов билігімен бірге олардың органы – «Қазақ мұңы» газеті де қысқа ғұмырымен қош айтысты. Ал редакторы Нәзір Төреқұлов туған жері Түркістан аймағына қарай ығысты.   

«Қазақ мұңы» орнын басқанға дейін газеттің №261 нөмірін Әбділхамит Жүндібаев (Жөндібаев) шығарғанын жоғарыда атап өткен едік. Алайда ол нөмір «Қазақтың» әуел бастағы күрес мазмұны мен мұрат-мақсатына дөп келмегендіктен 23 шілде күні 261 нөмірі шыт жаңа жарық көрді. Газеттің бір нөмірінің екі тасқа басылуының тарихы осылай еді.

Мәлім де беймәлім редактор

«Қазақ» газеті туралы сөз болғанда назар ұдайы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына ауып, көбіне оның соңғы сандарына редактор ретінде қол қойған, ыстығына күйіп, суығына тоңған Жанұзақ Жәнібекұлын ескерусіз қалдыратын тәріздіміз. Ахаң мен Жақаңның қасында жүріп, газеттің шаруашылық ұйымдастырушысы,  корректоры қызметтерінен бастап еңбек еткен Жәнібекұлы олардың сенімді ізбасары, шөгел шәкірті еді. Мұны өздері Орынбордан кетерде алаш көсемерінің артта қалған газет пен баспахананы аманаттап, қолдарынан келсе «Қазақтың» дағдылы жолын, бағытын өзгертуге көнбеңдер деп айрықша тапсыруынан да аңдауға болады. Оған қоса Әбділхамит қол қойған №261 санында Жәнібекұлының да жазбасы жарияланған. Онда жылдағы дәстүр бойынша газеттің алтыға аяқ басқанына қуанып, хат-телеграм арқылы құтты болсын айтқан оқырмандарға тәңірі жарылқасын айта келе автор: «Қазақтың» басына жетімдік түсіп, жабырқап тұрған жайы болса да, 6 жасқа аяқ басқанына қуанамыз, құтты болсын айтамыз. Нәсіп болса кешікпей иелерің қолдарына алар, маңдайыңнан сипап, бұрынғыдан артық тәрбиелер. Алты жасар жас қазақ ержетіп, азамат болып, әлі-ақ алты Алашты аралар, Алаш аман болса, азамат жетім болмасын»,-деп іштегі сезім толқынысы мен болашақтан күтер тілегін жеткізген екен. Бұдан да Жәнібекұлының алаштық жан қалауын түстеп тану қиын емес.

Жәнібек Жанұзақұлы «Қазақ» газетінің №261-263 нөмірлеріне редактор ретінде қол қойған. Сондай-ақ басылымға өзі де көптеген танымдық, талдау сипатындағы мақалалар жазып отырған. «Алаш құрбандары», «Түрік тілінің ұлық ғалымы В.В.Радлов», «Ғұсмани түріктері», «Сыртқы хабарлар» жазушының қалам шеберлігін танытатын туындылары. Айталық, «Алаш құрбандары» мақаласында Алашорда үкіметін қорғайтын атты-жаяу милиция құрылғандығын сүйіншілеп келіп, осы ұлы мұрат жолында большевиктер қолынан мерт болған Қазы Нұмұхамедұлының қазасын қайғыра естіртеді. Мұнан да автордың алаш деп соққан жүрек дүрсілін, алаштың ақ туы желбіресе, ұлттық мемлекетіміздің жұлдызы жарқыраса деген арман-мұратын түйсінуге болады. «Қазақ» туралы пікір қорытқан осы шағын материалымызда газетті халықшыл бағытынан тайдырмай, соңғы нөмірлерін шығаруға қажыр көрсеткен Жанұзақ Жәнібекұлының да есімін ұлықтау ниетіміз бар екенін айтсақ деп едік.

Соңғы талпыныс

«Қазақ» газеті алты жасқа аяқ басқан шағында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келді. Көптен таршылық көріп, қолы жеткен дайын баспаханасын қалдырып, Семейге көшуіне тура келді. Одан да бөлек ақтар мен қызылдардың итжығыс шайқасы да газет ісін мезгілсіз кешеуілдетті. Сондықтан болар «Қазақ» газетінің соңғы 266 нөмірі қыркүйек айының 26 жұлдызында ғана жарық көрді. Егер №260 нөмірі қаңтарда, №262 нөмірі 30 шілде күні, №263 саны 5 қыркүйек  басылғанын есептесек, арадағы 6 нөмірін шығаруға 9 ай кеткен. Демек бұның өзі де осы жылдың газет ісіне аса қиындық әкелгенін растайды. Бірақ газеттің сөз-ләмінен №266 нөмірдің соңғы шығарылым екенін білдіретіндей ешқандай ескерту, аңыс хатын байқамадық. Керісінше сауын айтып, газетке жазылуға шақырған үндеуді таба аламыз. Сан қысылғанда газетті көтермелеген жұрт бұл жолы да «Қазақты» тарықтырмайды деген зор сенімдерін байқаймыз. Соған қарағанда шығарушылар алдағы күннен үмітті болған. Тек саяси талас-тартыс және басқа да обьективті себептер әрі қарай шығаруға мүмкіндік бермегенге ұқсайды. Газеттің осы соңғы нөмірін де «Азамат» серіктестігі шығарып, Міржақып Дулатұлы қол қойған.

Баспахана тағдыры

Енді «Қазақ» газеті баспаханасының тағдырына да қатысты бірер сөз атап өтсек. Орынборды алғаннан кейін большевиктер «Қазақ» газетін жауып, редакция меншігіндегі баспахананы да тәркілеген еді. Сөйтіп оның орнына өздерінің «Қазақ мұңы» атты газеттерін шығарған. Бірақ кейіннен Орынбор Дутов мылтығының дүмімен қызылдардан тазартылады да, баспахана қайтадан өз иелерінің меншігіне өтеді.

Шынтуайтына келгенде, Ахаң мен Жақаңдар бұл баспаханаға да оңай қол жеткізбеген. Оған дейін қаріп тапшылығын әбден тартып, кісі типографиясына телміріп жүріп, газетті әзер шығаратын ауыр хәлі басылым беттерінен мәлім болатын. Кейде тіпті мезгілінен кешігіп те қалатын. Мұны Міржақып Дулатұлының «Қазақ» газетін екі һәм онан да жиі шығару жағын кеңеспес бұрын, типографиямен сөйлесіп едік, қаріп тізушілер жоқ деп жетісіне екі басып бере алмайтынын айтты» деген сөзінен де аңғаруға болады.

Жалпы өз алдына деке баспахана алуға ықпал еткен бірнеше себептерді атап көрсеткен жөн. Олар: жазылушылардың көбеюі мен аптасына екі шықсын деген көптің тілегі; күн сайын орын алған саяси жағдайлар мен ірі оқиғаларды ізін суытпай талдап түсіндіру маңызының артқаны. Осындай алғышарттар ықпалымен газет оқырмандарына істің мәнін айтып, қол ұшын созуға үндеу тастады. Ежелден газетпен етене оқырман да қарап қалмай, мүмкіндіктерінің келгенінше көмектесіп жатты. Тіпті сонау қияндағы Қытай елінің қазақтарынан да жылу жетті. «Алаш ұранды қазақ баласы «ау» десіп қолға алған істен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астында біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көз ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүткіл алты алаш болып, бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба?!»,-деген жүрекжарды хаты көптің намысын қайрап, ортақ іске жұмылдыра түсті. Ел тілеуінің арқасында «Қазақ» газеті 40000 сомға екі машиналы, орыс, араб қаріптері түгел өзінің баспаханасына да қол жеткізген еді.

Ал баспахананың онан кейінгі тағдырына келсек, әуелі, Орынбор губерниялық Халық шаруашылығы кеңесіне қарасты Торғай облыстық баспаханасы болып, одан кейін 1919 жылы Ревкомның құзырына өтті. Ремкомның тілі болған «Ұшын», «Еңбек туы» газеттері міне осы «Қазақ» газетінің баспаханасында басылып еді. Сондықтан тамырын қуалап, түбіне бойлай түссе, бүгінгі ғасырға толып отырған шежірелі басылымның да ар жағына «Қазақ» газетінің қатысы барын байқаймыз. Айналасы 6 жыл баспасөз үшін аз ғұмыр, келте тарих болғанымен «Қазақ» газеті ұлттық өсіп-өркендеу жолында қайталанбас өрнегін көрсетті. Халықтың шын мәніндегі «көзі, құлағы һәм тілі» бола алды.   

(Сурет ғаламтордан алынды)

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: