Қазақтың көне ойындарының мәні туралы не білеміз?

25 Қыркүйек 2017, 20:34 8968

Ежелгі қазақ ойындары: ағаш аяқ, асаукөк, қағар, тобар 

Кең сахараны мекен еткен еркін халықтың күнделікті тұрмысында ойын-сауықтың түрі көп болған. Әрбір ойынның шығу негізінде ұлтымыздың дүниетанымы, тарихы жатыр. Себепсіз ештеңе пайда болмайтындығына ойындардың шығып-қалыптасуы айқын мысал бола алады. Бұған бір мысал келтірелік. Бала кезімізде ұлы қариялар жау айбындырған айтулы ерлер туралы көп әңгімелеуші еді. Сондағы әңгімелердің бірінің ұзын ырғасы мынадай:

- Бірі жас жігіт, екіншісі айтулы сақа азамат, жол жүріп келе жатқанда алдарынан бір топ қарақшы шығады. Бозбалаға сақа жігіт айтады:

- Атың жүйрік, сен анау орманға қарай қаша бер. Мен мыналарға тойтарыс берейін!

Сөйтеді де, қойын-қоншына тас толтырып, айылын мықтап тартып, тастақтау жазыққа таман көлденеңдейді. Қарақшылардың көбін аттан ұшырып жіберген соң, өзгесі кері қашады. Сонда әлгі жігіт қандай әдіс қолданған?

Бұл қарапайым ғана әдіс еді – қарақшылар таяп келген кезде тізені, тобықты т.б жанды жерлерін көздеп, жақындатпай  тас лақтырып отырған. Тастақты жазықта айнала шауып, жерден іліп алып лақтырып, дегеніне жетіп отырған. Міне, осылайша, шоқпар, қамшысыз-ақ жаудың бетін қайтарған. Бұл қандай ойынның пайдасы еді? Әрине, «теңге ілудің». Мінеки, «теңге ілу» ойынын ойнаудың түпкі негізінде ат үстінде жүретін қазақтың кез келген қысылтаяң мезетте қауіп-қатерден қорғана білуге дайын болу мақсаты жатыр.

Осы тұрғыда кейбір көне ұлттық ойындарға тоқталайық.

Ағаш аяқ

Ежелгі қазақ ойыны. Ауыл балалары ашалы қысқа, жуан ағаштарды аяқтарына тағып алып, бірін бірі қуалап немесе жарысып, тіпті итеріп жығуға тырысып ойнайтын болған. Ойынды жұппен немесе команда болып ойнауға болады. Дала циркі рөлін атқарған бұл ойынның жетілдірілген жалғасы – ұзын сырыққа мініп алып атпен жарысу, түйенің үстінен қарғу, қолға домбыра алып ән шырқау сияқты синкретті өнер болып саналады.

Ақсүйек

Қазақ халқының көне ойыны «Ақсүйекті» білмейтін адам жоқ шығар. Айлы түндерде ауылдың жастары ойнайтын бұл ойынға ұсақ малдың әбден қуарған жілік сүйегі пайдаланылады. Себебі, бітеу жілік сүйегі алысқа лақтыруға ыңғайлы болып келеді. Ойыншылар топқа бөлініп, тобының атын белгілейді. Ойынға қатысушыларды теріс қаратып тұрғызы қойып төреші лақтырған соң, іздеушілер тауып алуға кіріседі. Тауып алған ойыншы өз тобының атын атап, төрешіге қарай жүгіреді. Қарсы топтың ойыншылары сүйекті тартып алуға тырысады. Таласушылар тек қолға ғана жармасуы тиіс.

Бұл ойынның негізінде қатысушылардың дыбыс сезушілігі, көз жітілігі, жылдамдығы сынға түседі. Жастарды айлы түнде өзара таныстыру, сырласу мәселесі де «ұмыт қалмаған».

Асау көк

Қазақ халқы адамның барлық жүріс-тұрысына, өзін ұстау мәнеріне жете мән берген. Тіпті қонақ болу, қонақты күтудің де өзіндік қалыптасқан салты болады. Бұған әркім дайын болуы керек. Үйде қонған қонақ үй иелерінің сыйы-құрметін көрген соң, өзі де білген өнерін ортаға салуы керек. Ауыл адамдары «Ауылдың алты ауызын» айтып бергеннен кейін қонақтан «қонақкәде» жасауға қолқа салынады. Қонақ өнерлі болса, лайықты «қонақкәде» жасайды. Ал қонақтың «кәдесі» ойдағыдай болмаса, немесе мүлде өнері болмаса, адамның кіндік тұсына таяу биіктікте арқан-жіп құрып, қонақты ерсілі-қарсылы аттатып, «өнерін» тамашалайды. Қонақ «асау көкке» денесін тигізбеуі, ештеңеге сүйенбеуі керек. Бұл да болса, жауапкершілікке, әжуаға қалмауға тәрбиелейді.

Бүркіт

Қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойын бүркіттің қимылына негізделген. Аласалау таққа, сандықшаға ойыншыны жүресінен отырғызып, тақтың шетінен екі қолмен тіретеді. Ойыншы құсша қомданып, алдында жатқан тақияны тісімен тістеп көтеріп алуы керек. Бұл адамның ептілігін сынайтын ойын. Денесін дұрыс иегермеген ойыншы тоңқалаң асып, мазаққа қалады.

Даусынан тану

Қазақтың ұлттық ойыны. Ойынға қатысушылардың бірінің көзін орамалмен таңады да, барлығы бірігіп әндетіп:

Секір-секір деген кім?

Білгіш болсаң таба ғой.

Тауып ал да өзің кел,

Сол орынға тұра ғой, -

Деседі. Осы кезде бір оқушы дараланып:

- Секір, секір! – деп қалады. Ойын жүргізуші ойыншыны бір айналдырады да, көзіндегі орауышты шешіп, жаңағы «секір-секірді» айтқан кім екенін табуды сұрайды. Табылса, айтқан бала айыпқа жығылып өнер көрсетеді. Таба алмаса, ойын ары қарай жалғасады. Бұл баланы жастайынан құймақұлақтыққа, зейінділкке, дыбыстарды ажырата білуге үйретуге арналған ойын.

Қағар

Бұл – қазақ халқының «бейсболы». Ойынға екі немесе одан көп адам қатыса алады. Ойын тегіс жазықтықта немесе жарты шеңбер сызылатын қабырғаның түбінде өтеді. Ойын барысында диаметрі 4 метр шамасындағы шеңбер сызылады. Аршын ұзындығындай таяқ пен бір тұтам таяқша қажет болады. Таяқшаның екі ұшы аздап үшкірленіп жонылған. Ұзын таяқты жеребелеп ұстау арқылы ойынды бастаушы анықталады. Ойынды бастаушы шеңбердің ішінде тұрып келісілген бағытқа қарай ұзын таяқпен таяқшаны қия лақтырып, әуелете ұрады. Ал өзге ойыншы немесе ойыншылар таяқшаны жерге түсірмей ұстап алуы керек. Ұстап алса, ойынды өзі бастау құқығына ие болады. Әрі белгіленген ұпай алады. Ал ұстай алмаса сол түскен жерде тұрып қарсылас шеңберді көздеп лақтырады. Тура көзге лақтыруға болмайды. Шеңбер ішіндегі ойыншы ұшып келе жатқан таяқшаны шеңберге түсірмей қағып жіберуі керек. Қағып жіберген таяқша түскен жерден бастап, таяқ ұстаған ойыншы таяқшаны жерден қия кертіп ұрады. Таяқшаның барып түскен жерінен шеңберге дейін таяқпен немесе адымдап өлшеп санайды. Бұл – ойынның ұпайы. Осылайша ойыншы шеңберде тұрып тағы да таяқшаны қиялай ұрып лақтырады.

Қағар ойыны адамды жылдамдыққа, ептілікке, сан санауға, көз жітілігіне шыңдайды.

Табыс

Бұл – асықпен ойналатын ойын. Ойынға екіден төрт ойыншы қатыса алады. Ойыншылар бір-бірлеріне қарама қарсы, шеңбер жасап оытрады. Әрбір ойыншының қолында бес асық болады. Ең бірінші болып сан айтушы ойыншы асық иіру арқылы анықталады. Осыдан соң әр ойыншы асықтарын артына тығып отырып, өзгелерге байқатпастан жұдырығының ішіне тығып, қолын алға созады. Барлығы да осылай жасайды. Бірінші ойыншы өз асығына қоса алғанда, өзгелердің асығын қосып есептеп, бір санды айтады. Келесі ойыншы мұның атаған санын айтпайды. Өзінің болжамын айтады. Осылайша бәрі айтып боғлан соң, жұмылу жұдырық ашылып, алақандағы асық саналады. Дәл тапқан ойыншы ұтып алады. Осылайша, ұпайдан ұтылып «құржайлақ» қалғандар шыға береді.

Тобар

Бұл – қазақ «футболының» арғы тегі. Көктемгі малдың түлеген жүнінен жасалатын домалақ доп. Тығыздап басып, шандыған допты қағып, лақтырып, теуіп ойнайды. Командалық ойында расымен де қазіргі футболдың элементтері бар. Тобар атауы «тебер» деген сөзден шыққан болуы да мүмкін.

Бөлісу: