Қазақтарға қазақша үйретіп жүрген корей жігіті

15 Қараша 2018, 10:48 58193

Астанада қазақша Speaking Club ашылды

Жақында елордамызда қазақша сөйлеп үйренгісі келетін жандардың басын қосқан «Мәміле-Тен» атты қазақша сөйлесу клубының алғашқы отырысы өтті.

Клуб жайлы

 

«Мәміле-Тен» клубы қазақша сөйлеп үйренгісі келетін және тілді меңгеру деңгейін көтергісі келетін адамдарға арналған. Клубтың отырыстары еркін форматта өтеді. Сөйлесу клубына қазақша сәл де болса білетін кез келген адам қатыса алады. Бұл жерде барлығын құшақ жайып қарсы алады. «Сен қазақша білмейсің, қате сөйлейсің» деп ешкім сөкпейді, керісінше бір-біріне көмектеседі.

 

Осы клубты ұйымдастырып, қазақ тіліне деген жанашырлығын құр сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп жүрген  – корей жігіті Владислав Тен.

 

5 тілде еркін сөйлеймін

 

Мен Өзбекстанда туып өстім, 22 жасыма дейін тек орыс тілінде ғана сөйледім. Университеттің үшінші курсында оқып жүргенде маған Кореяда тағылымдамадан өтуге ұсыныс түсті. Ал онда баруым үшін ағылшын тілін білуім керек болды. Осылайша тілдерге деген қызығушылығым оянды. Кореяға барғанша ағылшын тілін тез меңгеріп алдым. Кореядан соң, Ташкентке оралғанда өзбек тілін үйрене бастадым, ол кезде ауруханада гастроэнтролог болып жұмыс істейтін едім. Өзбек тілі емделушілермен сөйлесу үшін, олардың не қалайтынын тікелей түсіну үшін қажет болды. Қазір 5 тілде еркін сөйлеймін.

 

Қазақ тілі өте бай тіл

 

Қазақстанға 2010 жылы көшіп келдім. Бастапқыда ҚР Президенті іс Басқармасының Медициналық орталығында қызмет істедім. Негізгі жұмысыммен қатар тілдерді үйренуді жалғастыра бердім. Бір жарым жылдың ішінде қазақ тілін үйреніп шықтым, бірақ қазақ тілін толық меңгерген жоқпын, себебі қазақ тілі өте бай, күрделі тіл. Уақыт өткен сайын тіл үйренудің өзіндік әдістемем қалыптаса бастағанын түсіндім. Содан соң осы әдіс бойынша өзгелерге де тіл үйрету туралы шешім қабылдап, бір жыл бұрын тіл үйрету орталығын аштым.

 

Қазақ тілін шет тілі ретінде үйретемін

 

Қазақ тілін үйренушілердің көбісінің басты проблемаларының бірі – қалыптасқан методиканың болмауы. Бұл проблема тіл үйрену кезінде менде де болды. Мен қазақ тілін басқаша үйретемін, оған шет тілі ретінде қараймын. Себебі басқа ұлт өкілі үшін де, қазақ тілін білмейтін қазақ үшін де, қазақ тілі ол шет тілі. Көптеген оқулықтар жаңа бір тақырыпты адам осыған дейін оны білуге міндетті сияқты қылып түсіндіреді. Бірақ, іс жүзінде тілді мүлдем білмейтін адамға бәрі таңсық. Оқытушылар қазақ тілін үйреткенде өзін оқушының орнына қойып, бәрін басынан бастап түсіндіруі керек.

 

Сапаға мән беру қажет

 

Біздің «Lingva-Ten» тіл үйрету орталығында келушілердің 95% ағылшын тілін үйренуге келеді. Қазақ тілін үйренушілер саны аз. Бірақ, біз үшін сан маңызды емес. Курсқа келушілерге мен нақты осындай уақыттың ішінде тілді меңгеріп кетесіз деп айтпаймын, біз әр оқушымен толық жұмыс жасаймыз, сапаға мән береміз. Мен өзімді тек «бастап беруші» деп есептеймін, мен тілдің бастапқы ережелерін ғана үйретемін. Ары қарай тілді менен де білікті, тәжірибелі мамандар үйретеді. Аз болса да, соңғы уақытта қазақ тілін үйренгісі келетін адамдар саны көбейіп келеді. Біздің орталыққа келіп тіл үйреніп, жекелей сабақ алып жүрген, бірақ есімдерінің жасырын болғанын қалайтын танымал тұлғалар да бар. Олардың бұл ниеті, бастамалары мені қатты қуантады. Менің қазақ тіліне қосып жатқан үлесім 1% болса, осының өзі маған үлкен мәртебе, демек мен бекер өмір сүріп жүрген жоқпын.

 

Алғашқы отырыс

 

Өткен сенбіде клубтың алғашқы отырысы өтті. Ашық әңгімелесу түрінде болған бұл жиынға 30-ға жуық адам қатысты. Кездесуде тілді енді үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдерімен қатар, тың бастаманы қолдауға келген, қазақ тілін еркін меңгерген азаматтар да келді. Әр қатысушы алдымен өзін таныстырып, қазақ тілін үйрену тәжірибесін, кездескен кедергілерін, қызықты оқиғаларын айтып, өз ойларымен бөлісті.

Жиынға келгендер қазақ тілінің мәселелерін де талқылады. Қатысушылардың арасында шығыстанушы, аудармашы Бақытжан Құрмансейіт, қазақ тілінің жанашыры, Түркия азаматы Оғыз Доған, «Берекелі бизнестің сыры» кітабының авторы Арман Әлменбет, блогер, ІТ маманы Садық Шерімбек сияқты танымал тұлғалар мен әлеуметтік желі белсенділері болды. Кездесудің соңында жиналғандар Виктор Цойдың әнінің қазақша аударылған нұсқасын бірге шырқады.  

 

Қазақша сөйлесу клубына келген адамдарды өз ойларымен бөлісуін сұраған едік.

 

Евгений Волков, кәсіби фотограф:

Мен былтырға дейін қазақ тілін білмедім. Былтыр экспедициялық топпен бірге Қызылорда облысына барғанда қазақ тілінің керек екенін түсіндім. Экспедиция кезінде адамдармен сөйлесейін десем, онда барлығы тек қана қазақша сөйлейді, орысша ешкім білмейді. Сол уақыттан бері қазақ тіліне деген қызығушылығым пайда болды. Қуанышыма орай Владиславпен кездестім. Қазір қазақ тілін осы кісінің көмегімен үйреніп жүрмін.

 

Батырхан Құрмансейіт, шығыстанушы:

 «Қазақ тілін білші» деп жалыну мен «қазақ тілін білуің керек» деп зорлау - тіліміздің мәртебесін көтеретін емес, түсіретін әрекет. Өз басым орысша сөйлеген қазаққа өкпелемеймін. Білгісі келсе - білсін, білгісі келмесе – ол әркімнің өзінің қалауы. Ал, сөзден іске көшіп, «қазақша сөйле!» деп құр ұрандатып жүрген адамдармен салыстырғанда Владиславтың жасап жүргені үлкен еңбек. Оның бүгінгі бастамасын барынша қолдауға тырысамын. Ісінің оңды болуын тілеймін!

Материалды дайындаған: Базарбек Қамысбаев

Суреттерді түсірген: Евгений Волков​

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: