Қазақстанның үздік тауары - 2018

12 Қазан 2018, 19:21 12580

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған республикалық көрме-байқаудан репортаж

Менің бір байқағаным, көпшілігіміз базардан немесе дүкеннен етік не туфли  алмақшы болсақ, әлгі аяқ киімді екі бүктеп, өзңізше сапасын тексерген боламыз. Үйіміздің құбырын ауыстырғымыз келсе,  көріп тұрған тауарымызды әрі бері иіп, өзіміздің көп дүниеден хабарымыз барын сатушыға көрсеткіміз келетіні және бар. Бұның барлығы аз ақшаға  сапалы тауар іздеп жүргендігімізді көрсетіп қалу.  Сөйтіп жүріп біреуін аламыз. Ол аяқ киімнің бір жарым ай киіс берген соң табаны ашылып кетеді. «Қазіргі тауарлар сапасыз» деп бір күңк етіп, жақын маңдағы аяқ киім шеберіне асығамыз...

Жалпы, сапа сертификаты деген дүние бар. Сіздер мен біздер үшін 2006 жылдан бері Қазақстанның үздік тауарын, яғни, тауар өндірушісін анықтап беретін шаралар дәстүрлі түрде өтуде. Жеңімпаздар Қазақстан Республикасының Президентінің арнайы сыйлығымен марапатталады. 2015 жылдан бері «Қазақстанның үздік тауары» байқауын «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып жүр.

- Алғашқы жылдары бұл байқауға қатысуға өтініш беретіндердің саны 500-600 болатын. Былтырлары бұл сан 800-ден асып жығылды. Ал, биыл ерекше көп. Өңірлердің барлығын қоса есептегенде  1163 компания өтінім берді. Әуелі, еліміздің әр аймағында іріктеу өткізіледі. Ал, біздің бүгінгі шараға әр аймақтың үздік деп танылған 9 тауар өндірушісі келіп отыр. Өтініштердің барлығы біздің арнайы ашылған «Алтын сапа» атты сайтымызға келіп түсіп отырды,  – дейді «Қазақстанның үздік тауарлары 2018» республикалық көрме-байқауының ұйымдастырушыларының бірі Мұқатова Мадина Қанатқызы,  –  Биыл жеңімпаздарды анықтау процедурасы ептеп өзгеріске ұшырады. Сарапшылар республикалық көрмеге қатысушы компаниялар арасынан үздік  27 тауар ұсынушыны таңдайды.  Қазақстанның үздік тауары – 2018  Дауыс беру 25-қазанға дейін жалғасады. Ал, жеңімпаздарды марапаттау желтоқсан айына белгіленді.

Тауар өндірушілердің бізге не ұсынғалы келгендерін көру мақсатында «Көрме залына» мен де бардым.  Қаз-қатар тізілген 153 компанияның өнімдерін көріп жүріп еріксіз тамсанасың. Біреу «Біздің ел түйме шығара алмайды» десе, екіншісі «Көке, түймең не сіріңке шығара алмаймыз, сіріңке!» дейтін елдің азаматына бір күнде осынша тауарды тамашалау ауырлық етеді екен.  Ұлттық нақыштағы киімдер, қолөнер бұйымдары, кен және өндіріс орындары  жұмысшыларының арнайы киімдері, мектеп және әскери киімдер, төсек-орындар, шыны бөтелкелер мен пластик құбырлар, азық-түліктің жеті атасы, пластик ойыншықтар, түрлі медициналық жабдықтар, арнайы жасақтардың киімдері мен қорғаныш құрылғылары... Құдайым-ау, мынаның бәрі біздің елде өндіріледі екен. Өзім үшін екі жаңалық аштым. Біреуі Жетісай қаласындағы анар өсіретін шаруашылық болса, екіншісі Ерейментау қаласындағы арнайы жасақтарға киімдер мен құрылғылар ұсынатын компания.

Студенттердің сүйікті асы, жабайы тілмен айтқанда «бичпакет» аталатын жылдам дайындалатын кеспенің бірер түрі Атырауда шығады екен. Бұл компания бізге беймәлім болғанымен өз аймағында дүрілдеп тұрғанына еріксіз сенесің.

- Біздің Атырауда «Дәулет» жекеменшік индустриялды аймағын білмейтін жан кем де кем. Бізде макарон, су, киім, консерві шығаратын цехтар бар.  Үлкен нан зауытымыз бар. Биыл үлкен диірменімізді іске қостық. Соның арқасында «Дәулет» маркасымен ұн шығара бастадық. Мына көріп тұрған тез дайындалатын кеспеңіз де сол диірменнің арқасында пайда болды. Біздің консервілеріміздің ең өтімдісі сиыр етінен әзірленгені. Біз ұзын саны екі мыңдай адамға жұмыс беріп отырмыз. Бізбен серіктестік құрған қалалар әзірге Орал және Алматы. Бүгінгі көрмеден соң басқа қалалардан да серіктестер тауып қалармыз деген ойымыз бар. – дейді  индустриалдық аймақтың сауда директоры Тілеубаев Қуандық.

Расымен де қарасаң көз тоятын тауарлары сөреде мен мұндалап тұр. Консервілерінің сыртындағы «жылқы еті», «сиыр еті» деген жазуларды көрген кезде бөтен қалада  пәтер жалдап жүрген біз секілді жанкештілер қалтасын сипай беретіндей.

«Адамның бірі қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтып кетті ғой. Барлығымыз балаларымыздың бақытты ғұмыр кешкенін қалаймыз. Қазіргі балалар қандай ойыншықпен ойнаймын десе де таңдауы көп қой. Ал, сол балаларға қай жақтың ойыншығын алатын таңдау өзімізде емес пе? Шымкент қаласында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ашылған  «NAVRUZ PLASTIC» фабрикасы бар. Бүгінгі көрмеге  аталмыш компания да өз өнімдерін әкелген екен. Елордалық ата-аналар мен балалар арзан ойыншықтарға кенелуде. Көрмеге келуші екі адамның бірінің қолтығынан осы фабрика ойыншығын көргенімді жаза кетуді жөн санап отырмын.

- Біз әуеліде 2004 жылдары Иран, Қытай, Ресей елдерінен ойыншықтар әкеліп сатып жүрдік. Келе-келе «біз неге осыны өзіміз жасамаймыз?»  деп ойға кеттік. Ой жүзеге асты. Бастапқыда мың дана ойыншық жүк көлігін шығардық. Жақсы өтіп кетті. Қазір айына 15-20 мың ойыншық жасаймыз. Мынау аяқпен итеріп жүретін кішкене мотоцикл және көлік бізде 3000- 3500 теңге тұрады. Біз тап қазір 30 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді осы өндірістің басшысы Байтемірова Рабиға Сатыбалдықызы.

Елбасымыз  «Отандық өнімдерді қолдау жайлы» жиі айтады. Мемлекеттің қолдауымен ашылған кәсіпорындар мен басқа да компаниялардың ісі неге тұралап қалуда? Әрине, ол біздің тарапымыздан қажетті көмектің болмауынан. Әйтпесе, елімізде анар өсіретін алқап тек біреу ғана екен.

- Біздің «Арсенал Сад» шаруа қожалығының иелігінде 650 гектар жер бар. Біз алма, алмұрт, мақта, анар, жүзім, қауын-қарбыз өсіреміз. Көрмеге келген жұрттың барлығы қызықтаған анарды біз әзірге 25 га жерге ғана өсіріп отырмыз.  Бізде жылыжай жоқ. Барлығы ашық аспан астында табиғи жолмен өседі. Мемлекет тарапынан жасалатын бізге деген көмекті сезіп отырмыз. Бау-бақшаға қажетті техникалар алуға субсидия алдық – дейді Бақтияр Падашев. Әуелгіде 350 гектар жер алып, тірліктерін бастап кеткен бұл жігіттерге еріксіз сүйсінесің. Жайқалып өскен арпа-бидайдан басқа ештеңе көрмеген Сарыарқаның біз секілді оғландары Жетісай жаққа бара қалса, қауын-қарбызбен қатарласа  өскен анар алқабына таңырқай қарауы бек мүмкін.

«Тұзсыз астың дәмі жоқ» деген мақалды әріп танып, «Әліппені» өздігімізден оқитын жастан бері білеміз.  Әйгілі «Аралтұздың» өкілдері де осы көрмеде ойқастап жүр. «Көз алдыңа тұз елестетші» дейтін болса, елестетуші әрбір адам осы «Аралтұздың» тұзын елестетеріне мен кепіл. Жер басып жүрген 34 жылымның ішінде басқа тұз көрмеген секілдімін. «Қызылорда жақта жерді қазып қалсаң тұз шығады екен. Күрекпен кіршілдетіп кертіп ала бересің» деп ойлайтын жандар бар ма арамызда? Бар болса да жоқ болса да бір дүниені айтайын. Тұз қазатын мезгілдер болады екен. Оны мұнай не көмір секілді жыл он екі ай қаза алмайды екенбіз.

- Біздің «Аралтұз»  Акционерлік қоғамы Қызылорда облысы, Арал ауданында орналасқан. Өндірісімізде 1200 адам қызмет етуде. Барлығы өзіміздің жергілікті тұрғындар. Тұз қазу науқаны сәуір айында басталып, қараша айының ортасында аяқталады. Тұз қазу орнынан 18 шақырым жердегі өндіріс орнымызға тасимыз. Өзіміздің темір жол цехымыз бар. «Жарты вагон» деген ұғым бар бізде. Сол «жартылықтармен» тұз тасымалдаймыз. Сол жаққа тау-тау қылып тұз үйеміз. Сол жерден тұздарды йодталған және йодталмаған тұз ретінде өңдеп шығарамыз. Бір жылда шамамен 450 мың тонна тұз өндіреміз. Біз мұқым Қазақстанды және Ресейдің 133 қаласын тұзбен қамтамасыз етіп отырмыз. Еліміздегі бірден бір тұз өндіруші зауыт бізбіз деп мақтанып айта аламыз – дейді «Аралтұз»  Акционерлік қоғамы президентінің көмекшісі Сейсекешов Ғани Амангелдіұлы.

Тұз жайлы мәліметтерімнің базасын кеңейтіп алып әрі қарай адымдадым. Өмірімнің бес жылын әскери салаға берген азамат ретінде әскери киімдердің қасына бөгеліп қалдым. Қазақстан Республикасы Әскери Әуе Күштерінің ұшықштар құрамының киімдерін Қарағанды облысы, Саран қаласындағы «Galex Plus» тігін фабрикасы тігеді екен. Бұл фабрика әскерилерімізден бөлек түрлі жұмысқа арналған арнайы киімдерді тігуімен де танымал.  Адам денесіне ықшамдалып тігілген қысқы және жазғы киімдер көз қызықтырады екен. Медицина құрылғыларына арналған, қалам-қарындашқа арналған және тапаншаға арналған жеке-жеке қалталары бар. Барлығы ыңғайлы тігілген. Қысқы шалбарларының балағын реттеп тұратын сыдырмасының өзі неге татиды?!

«Galex Plus» тігін фабрикасы түрлі мектеп формаларын да әзірлейді екен. Қандай киімдерді ұсынатындығы көрсетілген журналдары және ең бастысы сол журналдардың артына жапсырылған әр форманың шүберектері бар екен. Яғни, сіз тапсырыс бермей тұрып-ақ, киім материалының сапасын біле аласыз.

Сөз басында арнайы жасақтар киетін киімдер жайлы айтқан болатынмын. қорғану құралдарын өндіретін «KAZ ARMS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкершілікпен атқарған жұмыстарына бас шайқамасқа болмайды. Бүгінгі күнге дейін мен бұл дүниелерді біз Израилден не болмаса АҚШ-тан алатын болармыз деп ойлаушы едім. Сөйтсем ол ойым түпкілікті қате екен. Бұл жерде оқ өткізбейтін бас киімдер, кеудешелер, түрлі қалқандар деңгей-деңгейлері бойынша жасалады екен. Әр деңгей тауардың беріктігіне байланысты белгіленіп отырады.

- Біздің серіктестік 2014 жылы құрылды. Алғашқы өнімдерімізді 2015 жылы ұсындық. 2017 жылдан бері жұмыс барысында Оңтүстік Корея елінен келген жаңа технологяларды қолдана бастадық. Біз бұл жетістікке мемлекеттік  «Даму» бағдарламасы арқылы қол жеткіздік. Жылына 150 мың оқ өткізбейтін шлемдер, 50 мың қорғаныш қалқаны, 60 мыңнан астам соққыға төзімді каскалар өндіреміз. Бұл жерде баса назар аударатын бір мәселе бар. Біздің өнімдер ҚР ІІМ, ҚР ҚМ сапында кеңінен қолданысқа енген. 2015 жылдан бастап Ұлттық Ұлан Гвардиясының жасағын осы жабдықтармен біз қамтамасыз етіп отырмыз.  2015 жылдан бері әскери парадтардағы қорғаныш киімдерінің көбісі біздің қолдан шыққан дүниелер екенін мақтанышпен айта аламын.  Қазіргі таңда оққа қарсы шлемдердің 12 түрін әзірлейміз. Біз шетелдерден тек қажетті шикізаттарды ғана әкелеміз. Құю. Жасау тәрізді жұмыстардың барлығы өзіміздің Ерейментауда жасалады. Біз 2018 жылғы аймақтық байқаудың жеңімпазымыз. Енді, республикалық көрменің жеңімпаздары қатарынан көрінгіміз келеді және соған лайықпыз деп ойлаймын,- дейді «KAZ ARMS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржы директоры Кузнецова Татьяна Борисовна.

Татьяна ханымның қолында өздерінің шлемдерін сынаған бірнеше видеолар бар екен. Оқ пен соққыға өзім киіп тұрып сынап көрмесем де мақтаулы құрамдар ғана киетін немесе ұстайтын бірер шлемді киіп көріп, қалқанның ыңғайлылығын тексеріп көрдім. Қалқандары расымен де аяғыңнан бастап кеудеңе дейін қорған болады екен. Шлемді киген кезде де айналаңды толық барлай аласың. Яғни, шлемнің көз маңайындағы, тыныс алу жолдарындағы әрбір ойықтары белгілі бір есепке сүйеніп жасалған.

153 тауар ұсынушының  тауарларының барлығын бір күні шолып шығу мүмкін емес. Дегенмен, «МЕДИДЕЗ» ғылыми-өндірістік орталығының ұсынған заттарына көңіл бөлуге уақыт таптым. Түрлі қорғаныш  тұмшалары, дезинфециялық сұйықтықтар және де басқа заттардың қайсы қажет, келіңіз де ала беріңіз. Бағалары қол жетімді.

Мінекей, биылғы «Қазақстанның үздік тауары – 2018» республикалық көрмесінен біздің байқағанымыз осы.  Жалпы, адам  айналасынан не көргісі келсе соны көреді екен.  Мен бұл көрмеден елімізде шағын және орта бизнестің қарыштап дамып жатқанын көріп қайттым. Әрине, көргенім бір тоғыз, көрмегенім тоқсан тоғыз болса да сіздермен алған әсерімді бөлісуді жөн санадым. Әрдайым отандық тауар өндірушілерді қолдап, дүкендерде «Қазақстанда жасалған» белгісі бар сөрелерден тауар алыңыз! Осылайша, сіз еліміздің маңдайалды ел болуына үлкен үлес қоса аласыз.

Айтпақшы, ұмытып кетпеңіз. 15-қазан күні «Алтын сапа» сайтында Қазақстанның үздік тауарын анықтау мақсатындағы дауыс беру жүйесі іске қосылады. Еліміздегі үздік тауарды бірге анықтайық!

 

Бөлісу: