Соңғы статистика бойынша Қазақстанда 3 840 771 жеңіл автокөлік тіркелген. Автокөліктердің басым көпшілігі Алматы өңіріне тиесілі. Алматы облысы мен қаласын қоса есептегенде жеңіл автокөліктер саны миллионға жетейін деп қалған. Нақтырақ айтсақ — 929 926. Екінші орында Оңтүстік Қазақстан облысы — 476 790. Үштікте Шығыс Қазақстан облысы 305 246. Елордамызда 2017 жылғы санақ бойынша жеңіл автокөліктер саны 246 908 бірлікке жеткен.
Өкінішке қарай, автокөліктердің маркаларына байланысты статистика әлі жүргізілмеген. Ең соңғы рет мұндай сандарды ҚР Ішкі істер министрлігі 2015 жылы ұсынған болатын.
Жоғарыда ұсынылған статистикаға сүйене отырып El.kz редакциясы қазақстандықтар арасында ең танымал автокөліктердің тізімін жасады. Бұл тізімнің ішінде индустриалды инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қазақстанда жиналатын автокөліктер де бар.
Алғашқы орында жапондық автоконцерннің ең танымал автокөлігі — Toyota Camry! Әсіресе 2007 жылғы Toyota Camry автокөлігі елімізде өте көп. Қазақстандықтар бұл автокөлікті неліктен жақсы көреді? Біріншіден: бұл өте шыдамды машина. Екіншіден: бұзыла қалған жағдайда — барлық қосалқы бөлшектерін дүкеннен сатып алуға болады. Үшіншіден: іші кең, жүрісі жұмсақ. Төртіншіден: тез сатылады. Алайда бұл автокөліктің де осал тұсы бар екенін көпшілік біле бермейді. Ол туралы алдағы мақаламызда.
Ресейлік Lada компаниясының автокөліктерін 2016 жылы Қазақстанда жинай бастады. Осының арқасында бұл көліктердің құны да арзандай түсті. Бүгінгі күні қазақстандықтар Lada Priora көлігін оның қолжетімділігіне байланысты сатып алады. Сондай-ақ, жастар арасында бұл автокөліктің танымалдығын атап кеткен жөн.
Үшінші орынға корейлік Hyundai Accent автокөлігі тұрақтады. Бұл марканың Қазақстандағы танымалдығын — тиімді шарттармен несиеге берілуімен және үнемділігімен түсіндіруге болады. Әсіресе бұл көліктерді тізгіндегендер арасында нәзік жандылар өте көп.
Танымал автокөліктер арасына Өзбекстанда шығарылатын Daewoo Nexia моделін жатқызуға болады. Бұл автокөліктер тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресейде де танымал. Өзбекстан 1995 жылы Opel Kadett автокөлігін азғана жаңалап, нарыққа Daewoo Nexia деген жаңа атпен шығара бастады. Ең қызығы немістің Opel Kadett автокөлігі 1991 жылы өндірістен шығып қалған. Daewoo Nexia Қазақстанда неліктен мұнша танымал деген сұраққа тек осы автокөліктердің иелері жауап бере алады.
Қазақстандықтар үлкен автокөліктерді жақсы көретіні баршаға аян. Жол талғамайтын машиналар арасында сөзсіз Toyota Land Cruiser алғашқы орында. Автокөліктерді жақсы білетін жүргізушілер бұл көлікті «ең шыдамды машина» деп атайды.
Танымалдар арасында тағы бір ресейлік автокөлік бар. 2011 жылдан шығарыла бастаған Lada Granta азғана уақыттың ішінде жүргізушілердің жүрегіне жол таба білді. Бұл көліктерді такси компаниялары көптеп сатып алады.
Қымбат емес кроссоверлер отбасылы адамдар үшін, жол талғамайтын үлкен автокөліктерге артық шығын жұмсағысы келмейтіндер үшін өте тиімді. Мұндай кроссоверлер арасында соңғы жылдары Nissan Juke автокөлігі танымал.
Қозғалтқыш күші аз, үнемді көліктер жанармай бағасы қымбаттаған сайын танымалдығы артуда. Осындай автокөліктердің бірі корейлік Kia Rio. Айтпақшы бұл автокөлік Қазақстанда да жиналады.
Премиум сегменттер арасында Lexus RX автокөлігі көптеп кездеседі. Бағасына қарай сапасы.
Танымал ондықты Lexus LX 570 автокөлігі қортындылайды. Қазақстандықтар арасында байлықтың, жетістіктің көрсеткіші есептелетін бұл жол талғамайтын көліктің танымалдығы жыл өткен сайын артып келеді.