Қазақстан тарихшыларының IV Ұлттық конгресі өтті

25 Мамыр 2017, 12:44 5046

Жиынға негіз болған Елбасы мақаласы

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Қазақстан тарихшыларының «Қоғамдық сананы жаңғырту және тарих ғылымындағы жаңа міндеттер» тақырыбында IV Ұлттық конгресі өтті. Бұл жиынға негіз болған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы.

Конгресс басталмас бұрын Еуразия ұлттық университетіндегі жаңа елтаңбаның ашылу рәсімі өтті.

IV Ұлттық конгреске еліміздің барлық облыстарынан тарих-гуманитарлық ғылым саласының көрнекті өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, сонымен қатар шетелдік қонақтар келді. Атап айтар болсақ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының 14 тұрақты мүшесі, 26 – ҚР ҰҒА корреспендент мүшелері, 56 ғылым докторы, сондай-ақ 137 ғылым кандидаттары мен философия докторлары және тағы басқа көптеген ұйымдардың делегациялары қатысты.

Конгресті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ашып берді:

«Қазақстан Республикасы қазіргі таңда рухани жаңғыруға бетбұрыс жасап отыр. Президенттік өкілеттілікті қайта бөлісуге байланысты туындаған тарихи тәжірибе мен дәстүрлер – экономикалық жаңғыру мен жаңа саяси реформалар, қоғамдық сананы түбегейлі қайта жаңғыртуды  қажет етті. Бұл орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, еліміздің тарихы мен дәстүрі, әдет-ғұрпын қайта жаңғыртуға бағытталған жаңа бастамаларды көтерді. Елбасы өз мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діні ете отырып, әр бір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» - деп атап өткен болатын. Біздің Президентіміз – Елбасымыз Қазақстанның дамуын мемлекетіміздің ең басты құндылығымен, яғни нақты адаммен, нақты азаматпен байланыстырып отыр».

Конгресс барысында ілгеріде айтылған Президенттің бағдарламасына сәйкес, З.Кабылдиновтің «Туған жер» «Астана: прошлое и настоящее», Б.Теміровтің«Саржал»  және М.Қойгелдиевтің 2 томдық  «Алаш қозғалысы» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Аталған жиынды өткіздуің басты мақсаты – Елбасының қоғамдық сананы және рухани өрлеуді жаңғырту  бағытындағы жаңа бастамасына қолдау көрсету. Осы тақырып аясында отандық тарих ғылымы мен білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылау болды.

Айтулы жиынға қатысушылар қоғамдық сананы жаңғыртуды және ұлттық рухани өрлеуді нақты жүзеге асыруды негізге ала отырып,, отандық тарих ғылымы мен білімін дамыту мен жетілдіру және өлкетану жұмыстарын күшейту мақсатында көрсетілген басты қадамдардың жалпы ғылыми және қолданбалық-бағыттама ұстанымдарын келістіре келелі дамудың ұсыныстарын айтты. Атап айтар болсақ, Елбасымыз бағдарламалық мақаласында айтқан идеяларды қоғамдық негізде алға жылжыту,, негізгі мәселелерін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық ұйымдармен белсенді бірлесу,  бағдарламалық мақалада көрсетілген жобаларды жүзеге асыру мақсатында ғылыми қоғамдастықтың ұсынған жобаларын қаржыландыру жүйесін даярлау және т.б. Бұл орайда жергілікті ғалымдар мен өлкетанушыларды, көненің көзін көрген қарттарды, өлке тарихының білгірлерін, жергілікті өңірлердегі жоғары оқу орындарының студенттерін, мектеп оқушыларын аталмыш курс бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуге жұмылдыру, сонымен қатар, тарихи-этнологиялық, фольклорлық экспедицияларды ұйымдастыру, өлкетану базаларын құруды жоспарлау туралы да ұсыныстар айтылды.

Конгреске қатысушылар «Қоғамдық сананы жаңғырту және тарих ғылымдары жаңа міндеттер» тақырыбындағы тарихшылардың IV Ұлттық конгресінің ұйымдастырылу мен өткізілуінің жоғары деңгейде болуын ескеріп, бұл конгресте қарастырылған материалдарды ғылыми жинақ түрінде шығаруға ұсыныс жасады.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: