Қазақша Stand Uр қажет пе?

16 Қараша 2018, 13:00 9031

Әзіл жанрының жаңа форматы Qazaqsha Stand Up

 Баяғының "Тамашасы" ғажап еді ғой шіркін. Ол кезде Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Мейірман Нұрекеев, Уәйіс Сұлтанғазин секілді ағаларымыз әзіл-сықақ, пародияны жаңа деңгейге көтеріп жіберді. Содан кейін қазақы қалжың сахнада сол биікке жете алды ма? Әй, қайдам... Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте берген де болмас. Қазір сахна қалжыңы түрлі форматқа өтті. Әлеуметтік желіге бейімделген вайнерлердің қысқа видеолары, пранктер, әзіл фесттер, КТА, "жайдарманшылар" аудиториясы мен форматы, табиғаты түрлі болғанымен мақсаты бір дүниелер ғой. Қазақы көрерменге бір қылт етіп, төріне ене алмаған Stand Uр Show-ға тоқталайын. 

Екі жыл бұрын бастамашы топтан құралған қыз-жігіттер қазақша Stand Uр жасады. Айтпақшы, стендап (stand up) - көрермендердің алдында қойылатын әзіл жанрының бір түрі. Сахнаға жалғыз адам шығады. Кеш жүргізушісі (конферансье) әзілкешті көрермендермен таныстырады, ол өз кезегінде  шымшыма әзілдермен әзілдейді. Стендап репертуарына авторлық монологтар, қысқа әзілдер, көрермендермен импровизация, әзіл әндер, қысқа қойылымдар кіреді.

Нұрмахан Мұқанұлы

Әрине, мұның да өз кемшін тұстары болды. Мәселен, стендаперлер форматы тым еркін. Олар әзіл-қалжың, монологтарын бейәдеп сөздерден сүзбейді. Сондықтан да аудиториясы 18+ деп көрсетіледі. Телевизиялық форматын жасауы екіталай. Дегенмен көршілес Ресейде мұндай қалжың контент жасаушылар арна ашып, қазіргі уақытта ірі тележобалар, кинофильмдер түсіруде. Ол жобалары қомақты қаражат та әкеліп жатыр. Бір артықшылығы бұл қалжың цензурасыз. Саясатты да, жеке адамның жөнсіз әрекеттерін де еш қысылмай сынап-міней береді. Интеллект деңгейі де басқа  әзілкештерге қарағанда жоғары. Көрермендер тарапынан қолдау көрсе де ғұмырлы болмаған бұл жобаның ұйымдастырушылары мен қатысушылары не дейді? 

Қазақша StanUp жобасы авторларының бірі, сценарист Алмас Тоқабаев:

- Бұл жобаның қысқа болуының бірден бір себебі, таза энтузиазммен жасалуында. Біз оны пайда табу мақсатында жасағанымыз жоқ. Әйтпесе,  дәл қазір әзілді жазатын адамнан да, оны сахнада оқитын дейміз бе, орындайтын адам дейміз бе одан да мәселе жоқ. Зал табудың да қиындығын көріп тұрғаным жоқ. Қолымыз бір қалт еткенде «Осылай жасап көрсек қайтеді?» деп, өз шамамызды бір байқап көрген болатынбыз. Жандандыру жағына келсек, біз сол кезде телеарналарға ұсыныс жасағанбыз. Біз қызықтыра алмадық па, олар қызықпады ма, әйтеуір сол ұсыныс "ұсыныс" күйінде қалып кетті. Негізі, бұл қоғамда сұраныс тудырып тұрған жоба екені даусыз.

Аршат Оразов және Алмас Тоқабаев

Қазақша StanUp жобасы авторларының бірі, сценарист Аршат Ораз:

- Әзіл жалпы өте нәзік нәрсе. Әсіресе, ересек және интеллектуал ортаға бағытталған болса. Қазақша стендаптың көздеген аудиториясы ересектер болатын. 2016 жылы Астанада 2 рет өткіздік. Келген қонақтардың басым көпшілігі өзіміз танитын ортадан болғасын ба, жақсы қабылданды және біздің әзілді түсінетін адамдар болатын. Яғни, біз мұны өз ортамыз үшін жасадық. Егер осындай сынақ сәтті өтсе, кейін кең көлемде жалғастырамыз деп ойлағанбыз. Бірақ техникалық мәселелерден бөлек шығармашылық мәселелері қиындау болды. Өйткені техниканы табу оңай, ал мазмұн дайындау және оны орындайтын адам табу қиын болды. Бірнеше жылдан бері жиналған дайын қор бар негізі, бірақ соны көрерменге дұрыс жеткізіп бере алатын адам табу қиын болды. Біз өткізген стендапта мысалы жастардың орындаған әзілдеріне сын айтылды, олар жеткізе алмады. Қыздарды табу тіпті қиын. Бұрын стендап оқуға шыққан 2 қызымыз кейін сәтті күйеуге шығып кетті.

Қасиет Кәрім

Осындай мәселелерден кейін уақытша тоқтаттық бұл идеямызды. Бірақ әзіл жазу әлбетте тоқтап қалмады. Стендапқа икемді адамдар табылып жатыр. Алдағы жылы түсірілімін де сапалы қылып шығарғымыз келеді. Ең бірінші кезекте стендап біз үшін демалыстың бір түрі және басқаларға жақсы көңіл-күй сыйлау. Ал егер танымал болып, сұранысқа ие болып жатса ғана тележоба жасағымыз келеді. Әзірше бұған дайын емеспіз.

Бұл ұйымдастырушы, қазақша StanUp-тың басы-қасында жүрген жігіттердің ойы. Сахнаға шығып, елге әзілдерін жеткізген екі қыздың бірі Әйгерім Кеулімжайдың да ойын бере кетуді жөн санадық.

- Бұл өзіндік аудиториясы бар жоба. Қоғамға қажетті жоба десем қателеспеспін. Алдағы уақытта жоба қайта жанданып жатса ел алдына қайта шығуға әзірмін. Одан бері жеке басымда көп өзгеріс болды ғой. Қылжағыма отбасылы әйел, баламен отырған әйел секілді тақырыптарды тұздық ретінде алушы едім.

Мінекей, қазақ StanUp-ының алғашқы қарлығаштарының ойы осы. Тақырыбымызға тұздық ретінде бірнеше видеоның сілтемелерін салайын, бағасын өздеріңіз бере жатарсыз. 

 
Сурет ашық интернет көзінен алынды
Бөлісу: