Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді

10 Желтоқсан 2018, 12:18 15917

Қазақтың ырым-тыйымдары

Жағыңа таянба, бүйіріңді таянба, тізеңді құшақтама, аяғыңды айқастырып отырма... Қазақтың ырым-тыйымдары соншалық көп, тіпті кейде "сонда қалай өмір сүру керек өзі?!" деп күйіп кетеміз. Олардың түп төркіні қайдан шығады? Мағынасы не? 

Дастархандағы нан қиқымдарын, басқа да қалдықтарды пышақтың жүзімен жинауға болмайды. Оның себебі мынада екен. Дастархандағы қалдықты пышақ жүзімен жинаған адамның ғұмыры қысқа болады-мыс. Егер, адам бұл ырымды білмесе ештеңе етпейді. Біле тұра, ести тұра әрекетін жалғастыра берсе бұл ырым қырын кетпеген деседі...

«Ас атасы – нан» деп жатамыз. «Биіктегі нанға қолың жетпесе, табаныңның астына басқа қоятын ештеңе табылмаса, Құран кітабын қойып алуға болады» деп үлкендер айтып отыратын. Әрине, қазақ үшін Құран кітабы да қадірлі, дегенмен «ораза, намаз тоқтықта» дегендей ата-бабаларымыз нанға деген құрметін білдірсе керек.  «Нанды бір қолмен үзуге болмайды» деген де осы құрметтен шыққан тыйым. Құрметті адаммен қос қолдап амандасу, қадірлі затты қос қолдап беру-алу сияқты дүние ғой. «Нан қоқымын теріп жеген адам бай болады» дегенді барлығыңыз дерлік естіген шығарсыздар? Мәселе нан қоқымын теріп байлыққа қол жеткізуде емес. Бала кезінен тиянақтылыққа, ұқыптылыққа үйренген адам дәлетке жетеді дегенді меңзесе керек.

Қонақ ет тураған соң пышағы не болмаса бәкісі дастарханмен қоса жиналып кетсе, онысын қайта сұрамауы тиіс. Себебі, қырық пышақ болып қырылысып қаламыз деп ырымдаған. Қонақ ет турап біткен соң, бәкісін өзі тазалап, қалтасына салып алуы керек.

Үйге қонақ келген кезде есікті үй иесі ашып беруі тиіс. Қазақы ырым бойынша қонақпен бірге құт келеді. Ал, қонақ үйден шығарда есікті өзі ашуы керек. Үй иесі ашып берер болса, құт келген қонақпен қоса кеткен.

Қазақ халқы әр жұлдызда адам ғұмыры бар деп есептеген. Өмірге сәби келсе аспанда жаңа жұлдыз туады деп санаған. Кімде-кім жұлдыз аққанын көрсе «Менің жұлдызым жоғары» деп айтуы тиіс. Себебі, аққан жұлдыз жер бетіндегі бір адамның өлімінен хабар береді-міс.

Әжелеріміз түнгі мезгілде сандықтарын ашпауға тырысатын. Түнде ашылған сандық кісі өлімінің белгісі ретінде саналған. Ал, қалай да ашу керек болған болса «Сандыққа жылан кіріп кетіпті» деп барып ашатын.

«Түнде суға барма» деген тыйым бар. Әжелеріміз су жақта жын-шайтандар жүреді деп қорқытқанымен тыйым негізі қарапайым қауіпсіздік болса керек. Түн ішінде адам суға кетпесін, су ала келе жатып қараңғыда шалынып құламасын дегені болар.

Қанша жерден жай ғана ырым деп қарағанымызбен біраз дүниеге іштей сеніп тұратынымыз рас. Мәселен, кіндік кесу рәсімі кезінде кей ырымшыл аналарымыз бала көтермей жүрген келіндеріне әлгі кіндіктің кішкене бөлігін тамаққа қосып жегізіп жіберген. Сүндеттелген баланың терісінің қиқымын да осы ырым бойынша, келіндерінің тамағына білдірмей қосып жіберетін ырымдар болған екен.

Жүкті келіншек шашын қимаған. Себебі, іштегі баланың бағы қысқарады деп ырымдаған. Сондай-ақ, баланың қол-аяғы қысқа, кемтар болуына да  қатысы бар деп ойлаған.

Халқымыз бос бесікті тербетпеген. Бос бесікті жапқышпен қымтап қойған. Бесікті жалаңаштап қоймаған. Тіпті болмай бара жатса, бесіктің бас жағына орамал байлап қойған.

Қазақ халқы ақты қатты қадірлеген. Ақ деп отырғанымыз сүт, қымыз, айран секілді өнімдер. Үйге кірген жыланның басына да ақ құйып шығару осының белгісі. Бұл Қыдыр ата кей үйлерге жылан бейнесінде келіп кіреді деген түсініктен пайда болған деседі. «Ақты төкпе», «ақты баспа» деген тыйымдар да ақты қадірлегенімізге негіз бола алады. «Ақ жаулықты ана», «Ақ сақалды қария» деген түсініктер де біздің халыққа тиесілі.

Иә, қазақ ырымшыл халық. Оны қазіргі кезде жаңа туған балаға сирек қойылатын мына есімдерден де білуге болады.  Рымбек, Рымғали, Рымкеш, Рымкүл секілді есімдердің түп төркіні «ырым» сөзінен шығып тұр. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген сөз бар ғой. Жақсылыққа бастайтын ырымдарға сенгеннен ешкім ұтыла қоймас.

Бөлісу: