Қазақ халқының ән өнері

10 Қыркүйек 2017, 12:49 42189

Ұлттық өнер туындыларының жіктелуі

Ұлттық өнер дегеніміз – қай заманда да ұлтпен бірге жасасып, дамып отыратын күрделі процесс. Оған қай кезде де зерттеу жұмысын, талдауларды жүргізіп отыру қажет. Сонда ғана бізге беймәлім болған жайттар жаңаша қырынан ашылмақ.

Бұл ретте елордалық баспалар көптеген өнертанушылармен, авторлармен, оқырмандармен жұмыс жасауда. Тұтастай алғанда, ұлттық өнер дегеніміз мынадай элементтерден тұрады: ән өнері; күй өнері; бейнелеу өнері; сәндік қолданбалы өнер;  театр өнері; кино өнері және т.б. Бүгінде көптеген Астаналық баспалар өздерінің бағытын тапты. Көбі басты назарды ұлттық өнерге аударуда. Және көбіне ән, күй, бейнелеу өнері түрлеріне қатысты тың дүниелер жарияланып келе жатыр. Мысалы, «Фолиант» пен «Елорда», «Жасыл Орда» баспалары. Сол себепті, осы өнер түрлерінің қазақ халқы өміріндегі маңыздылығына, даму тарихына, өзектілігіне тоқтауды жөн санадым. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңінде өзіне тән ән дәстүрі дүниеге келді. Соның нәтижесінде бай музыкалық мұрасы жасалды, мәдениеті қалыптасты. Қазақ әнінде халық өнерінің әр кезеңіндегі тыныс-тіршілігі, заман үні көркем көрініс тапқан. Халқымыздың бізге жеткен ән-жыр нұсқаларының көпшілігі қазақ дәстүрлі ән өнерінің көшбасшылары, ақын Біржан сал, Ақан сері, Жаяу мұса, Ыбырай және т.б. дарын иелерінің мұралары болып табылады. Дарқан даланы той-думанға бөлеген әнші әрі жыршы, ақын әрі батыр қазақ халқының «Ән – көңілдің ажары» деген нақыл сөзі бар. Адам көңілінің әр сәтін ән арқылы небір әшекей-өрнектермен әсем безендіріп, нанымды суреттелгеніне бізге жеткен халқымыздың бай ән мұрасының кез келгені мысал бола алады. Әдебиеттің, музыканың, театрдың бастауы болып табылатын фольклор өнердегі, көркемөнер шығармашылығындағы өзіндік орнын ешқашан жоғалтпақ емес. Әрбір халықтың фольклоры ұлттық өнер шеңберінде өзіндік және этникалық өзгешелігінің айқындығымен, аумақтық және жергілікті стильдік үлгілерінің молдығымен ерекшеленеді. Қалың көпшіліктің көзқарасын, этностардың әлеуметтік-эстетикалық арман-мұраты мен моральдарының идеялық мазмұнының ұқсастығын білдіре отырып, фольклор 29 халықтардың эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың маңызды құралы болып қалмақ.

Қазақтың музыкалық фольклорының түрлік-жанрлық құрылымын және оның тәрбиелік мүмкіндігін айқындау негізінде мәдени шаралардың проблемаларына талдау жасағанда, оның негізгі екі түріне – ән мен күйге тоқталып өткен де дұрыс. Қоғамның демократиялық жолмен дамуы ұлттық мәдениеттің жетілу үрдісін жеделдете түседі. Мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде ұлттық шығармашылықтың түрі мен мазмұнының көрінісі оның жалпы адамзаттық мәнін айқындамақ. Қазақтың халық музыкасы терең және жан-жақты зерттеуге тұрарлықтай. Өйткені, ол өзінің бейнелік мәні мен мазмұнын аша түсуімен сазгерлік шығармашылықтың одан әрі өркендеуі үшін негіз жасайды. Сан ғасырлар бойы ұрпақтар жасаған рухани құндылықтар мәдени мұраның мол қорының негізін құрайтын дәстүрлі ұлттық шығармашылықта айрықша орын алды деуге негіз бар. Шығармашылық – тәжірибенің баға жетпес мұрасы, адамгершіліктің, мәдениеттің іргетасы ретінде ол тек ұлттың ғана емес, сонымен бірге қоғамның рухани баюының таусылмас бастауы қызметін де атқарып келе жатыр күні бүгінге дейін. Халықтық шығармашылық – ұлттың рухани мәдениетінің деңгейі, ұлтаралық қатынастар құралы ретінде тәрбиенің негізі, оны жасаушысы мен тыңдаушының өзіндік ойын ынталандыру болып табылады. Қоғамның әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне байланысты дәстүрлі өнер кейде өркендеп, кейде құлдырау барысында өзінің тәрбиелік мүмкіндіктерін құбылтып отыратынын уақыт өзі дәлелдегендей. Төл шығармашылықтың тәрбиелік әлеуетін жүзеге асыруда музыкалық өнердің айтарлықтай ықпалы бар.

Ол мәдени мұра, тарихи-рухани құндылық, халықтық салт-дәстүрлер, дәстүрлі халық ән өнері түсініктерімен тығыз байланысты болғандықтан, оның ерекшеліктері мен табиғаты қай кезде де халық жанына жақын болған. Халықтың музыкалық шығармашылығы әр халықтың рухани мәдениетінің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, қазақ әнінің өзіндік тағы бір ерекшелігі, ұрпақтан-ұрпаққа, аймақтан-аймаққа тарай отырып, ауызша үйретіліп, дәстүрлі түрде орындалып, орындаушы өнерпаздардың орындау барысында, шабыттана отырып шығарманың кейбір жерлеріне өз өзгерістерін жасап отыруы жиі кездеседі. Қазақ халқы ежелден әншілік өнерімен ерекшеленген. Ұлттық дәстүрлі музыка қорымыздағы ең көп сақталғаны да осы – ән өнері. Өмірдің әр құбылысын әнге қосып, өз шежіресін әнмен жазған халқымызда шығарушысы ұмытылса да, мәтіні мен әуезі ел жадында сақталып келе жатқан бірнеше мың халық әндері бар. Тарихтың сан қилы талқысынан сүзіле өтіп келе жатқан бұл әндер ұлттық болмыс пен қасиетті, тұрмыс-тіршілікті білдіретін айрықша құндылық болып саналады. Небір жез көмей дарынды әншілер мен ән әуезін жанына жұбаныш жасай білген талантты өнерпаздар арқылы бүгінге жетіп отырған халықтық ән өнері – уақыт өткен сайын өз қасиетін арттыра түсетін, ұлттық ерекшелігімізді айқындап беретін асыл мұрамыз екені анық. Қанша буын өнерпаздар қолынан өтсе де, өз мазмұны мен маңызын жоймай, ұлттық мінезді, терең сезімді жырлап келе жатқан бұл өнер, шын мәнінде, өзіндік салт- санамызды, дәстүрлі тірлігімізді сақтаушы қасиетімен де құнды. Кешегі мен бүгінгінің арасын жалғап тұрған халық әндерінде ақыл-парасат та, тарих та, ұлттық мінез бен игілік те тұнып-ақ тұр.

Жүздеген жылдар бұрын айтылып, әр заманның тыныс-тіршілігін, рухани әлемін анық көрсететін ұлттық болмыстағы әндер бүгінгі мен ертеңгі ұрпақ үшін де аса қымбат мұра екені анық. Шын мәнінде, ұлттық мәдениет, ұлттық рух – бесіктен белі шықпаған баладан басталады. Тәуелсіз, егемен еліміз әлемнің төрт бұрышына бірдей танылып, саяси-әлеуметтік және экономикалық жағынан тұрақты даму жолына түскен бүгінгі күні мұның өзі ел үшін ең басты мұраттардың бірі. Сондықтан жас ұрпақ бойында отансүйгіштік сезімді тәрбиелеп, қалыптастыру, мәдени мұраларымыздың сыры мен қырын ашып, халықтың игілігіне жарату – баршамыз үшін үлкен парыз. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының дәстүрлі өнері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасуының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін жетті. Халық шығармашылығының басқа да түрлері тәрізді қазақ музыка өнері де өзіндік сипатымен ерекшеленеді.

Қазақ халқының музыкасын тұтастай зерттеу тарихы терең тамырланған және ол жеткілікті нәтижеге ие болды. Бірақ, музыка фольклорының көптеген маңызды және актуальді проблемалары әлі де талай фундаментальды ғылыми- теориялық зерттеулерді талап ете беретіні сөзсіз. Кез келген халықтың өзіне тән ұлттық мәдениеті, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-этнографиялық ерекшеліктері болады десек, солардың басты бір арнасы – шоқтығы биік ән өнері. Ел қиялында туып, өрбіп отыратын аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар сол халықтың әдеби, мәдени мұрасы ретінде ауыздан-ауызға беріліп, дамып, бірде қайғы, бірде қуанышқа бөлейтін мұңды да асқақ ән мен жыр арқылы дамыған. Қазақ музыкасының көне дәуірі, даму жолдары, артта қалған сағымдай бұлдыр белестеріне қатысты мәселелер бүгінде, яғни музыкатану ғылымының өз алдына отау тігіп отырған кезеңінде жан-жақты зерттеліп, жиналуда. Соңғы жылдары қазақ музыкатану ғылымында біршама соны серпіліс байқалады. Бүгінгі өнертанушылар ұлттық ән өнерімізді белгілі бір тарихи кезеңінен, яки зерттеу тәсілдерінен әрі аса алмай жатқандай әсер қалдырады кей-кейде. Зерттеулердің, баспалардан шығатын кітаптардың мемлекеттік тіл емес, көбіне орыс тілінде жазылатыны тағы бар. Мамандарымыздың көне дәуір жазбаларына, әдеби-тарихи мұраларымызға дендеп бара алмауы бұл саланың өрісін барынша тарылтып отыр. Және де ұлттық ән өнеріміздің түрлі мәселелерін зерттеу ісіне екінші қанаттан келіп, көбіне ғылыми стильде еңбек еткен зерттеушілер де болды. Олардың қатарына көптеген орыс ориенталистерін, сол сияқты Қорқыттың музыкалық мұрасы мен дәстүрін ғылыми арнада зерттеген Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, аспаптық музыкамыздағы күй жанры мен олардың атауларын этимологиялық тұрғыдан зерттеген Қ.Жұбанов және т.б. жатқызуға болады. Өнер тақырыбына қалам тартқан зерттеушілеріміздің арасынан Ақселеу Сейдімбек есімі ойға оралады. «Мың бір маржан» атты еңбегінде ғалым қазақтың қара өлеңіне төрт құбыласы тең баға берсе, «Сонар» атты кезекті бөлімінде музыка мәдениетінің тарихи мәселелеріне еркін бойлап, әрбір мәселені толымды түрде әңгімелеуге тырысқан. Күй шежіресіне арнаған көлемді де күрделі еңбегі өз алдына бір төбе. Зерттеушінің ойлары тиянақты. Музыка – өнер, көркем ой көрінісі. Оның өзіне ғана тән образдау тәсілдері болады.

Ұлтымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ән өнері жөнінде мәлімет беретін өнер сүйер қалың қауымға, музыка және өнер мектептерінің оқушыларына арналған ұлттық ән өнері турасындағы кітаптар бүгінде елордалық баспалардан жарық көріп жатыр. Әрине, олардың өскелең ұрпаққа берер пайдасы ұшан- теңіз, өз кезегінде мұндай басылып шыққан оқулықтар музыка саласындағы қазақ тілінде жарық көрген кітаптар санын толықтыруға қосылған үлестердің бірі болмақ. Енді аталмыш оқу құралдарындағы бөлімдер, тақырыптар жайында бірер сөз. Көбіне ән өнері хақында шығып жатқан кітаптарда қазақ халқының осы өнері ән түрінде өрнектеліп, әркімнің көкірегіне шежіре болып жазылып қалған тарихи белестер, әрқилы айшықты халық өмірі бейнеленген ән-жырлардың кейбір нұсқаларымен таныстыру мақсаты көзделіп, негізге алынып жатады. Бұл өте дұрыс шешім, себебі кітаптардың осындай құрылымы неғұрлым тиянақты әрі оқырманға түсінікті боп келеді, әрі менеджменттік тұрғыдан өтімділігі жоғары болады. Және бір байқағанымыз – оқулықтардың көбіне мазмұнында суырыпсалмалық негізінде туған эпикалық жанрлар, атап айтсақ тұрмыс-салтқа қатысты әндер, жыр, толғау, терме, лирикалық және тарихи әндер қамтылады. Және нотамен өрнектелген ән-жыр нұсқаларының едәуір бөлігі домбыраға лайықталып, орындаушыға жеңілдетілген түрде беріліп отырады. Кітаптардағы пайдаланылып отырған ән-жыр нұсқалары бала, ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден ел ішінде қалыптасқан, ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан тәжірибе мектебінің бір саласы екені анық. Сан ғасырлық тарихы бар ұлтымыздың бізге жеткен ән-жыр нұсқаларының көпшілігі қазақ дәстүрлі ән өнерінің көшбасшылары мен дарын иелерінің мұралары ұлт қазынасы ретінде бүгін көптеген баспалардан қайта өңделіп басылуда. Өнер саңлақтарының өмірі мен шығармашылығы жайлы мағлұматтар көптеп кездеседі. Тіпті кейбір ән-жырлардың шығу тарихы, 36 мазмұны, құрылысы талданып, ән мен жырдың мерейін асыратын тұстары кеңірек ашыла түседі де, қандай да ән-жырдың өмірге келуіне негіз болған оқиға желістеріне өнерсүйер қауымның шынайы ықыласын оятады.

Адам көңілінің әр сәтінің ән арқылы небір әшекей-өрнектермен әсем безендіріліп, нанымды суреттелгеніне бізге жеткен халқымыздың бай ән мұрасының кез келгені мысал бола алады. Ән өнері халқымыздың өткен өмірінің бел-белестерімен тығыз байланыста бола тұра, оның мұңын мұңдап, жырын жырлап, өмірдің барлық сәттерін мәнерлі бояулармен дәлме-дәл суреттеген. Ғұмыр кешкен әрбір адамның шығармашылық тыныс-тіршілігі көпшіліктің ойымен ұштасып, табиғи үндесіп жататындықтан, олардың бүкіл туындылары көптікі, яғни халықтікі болып кеткен. Ел арасына жайылған әрбір әннің өнерсүйер қауымның сүйікті әніне айналуы қай елде болмасын табиғи құбылыс, сол арқылы халық әндерінің мол қоры қалыптасқан. Бабаларымыздың ән өнері оның әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің, өнерінің, ұлт тағдырының тарихи шежіресі ретінде көптеген мәліметтер беретін, халықтың халықтығын танытатын ғажап өнер саласына жатады. Ән өнерінің халыққа жақындығы, бұл оның көркем өрілген сөз жолдарына орай, әсем әуен желісі үндесе келіп тыңдаушыны бей-жай қалдырмайтындығында. Бұл орайда шебер орындаушының әуезді үнін құбылтып, музыкалық аспаптардың алар орындары ерен. Халқымыздың ән мұралары негізінен домбыра аспабының сүйемелдеуімен дамыған. Қазақ әндері бүгінде орындаушылық мәнер-нақышы мен шырқау ерекшелігіне қарай Арқа әндері, Жетісу сазы, Батыс Қазақстан мектебі, Алтай әуені, Сыр бойы мақамы болып жіктеледі. Осындай өзіндік дәстүрлі сүрлеу салған қазақ ән өнері келер ұрпаққа мұра болып жалғаса бермек. Олай дейтініміз, бүгінде мемлекететтік «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы көптеген ұлттық туындыларымыз қайта басылып, жарық көруде. Жоғалған, өзге тілдердегі еңбектеріміз де қазақ тіліне тәржімаланып, елордалық баспалардан оқырманға жол тартуда. Озық технологиялар қарыштап дамып жатқан заманда баспа өркениеті де өзге техникалық салалардан қалыс қалып жатқан жоқ. Олай дейтініміз, бүгінде елордалық баспалар заманауи басып шығарғыш құрылғылармен, тиісті материалдық базамен мықтап қамданғандықтан, кітаптар да тиісінше жоғары сапамен басылып шығуда. Әсіресе, мынау Еуропа елдерінде баспа өндірісі өте мықтап дамығандықтан, өзге елдерден әлдеқайда алға озған. Бүгінде осындай баспаларға қарап, елордалық баспалар да өз базасын жаңартуда. Олардың қатарында елордалық «Фолиант», «Елорда», «Сарыарқа», «Жасыл Орда» сынды баспалар бар. Жоғарыда өзіміз сипаттап өткеніміздей, қазақ халқы үшін ұлттық өнер – рухани қазынаның құрамдас әрі ажырамас бөлігі. Әрине, нарықтық заманда жұмыс жасап отырған баспалардың біршамасына кейбір талаптарға сай келу оңай емес. Оның үстіне «тендер» жүйесі де бірқатар баспаларға айтарлықтай қиындықтар тудырып отыр. Тендерге телміріп, жоғарыдан көмек сұрайтын 37 баспалар да баршылық.

Дей тұрғанмен, тәуелсіздік жылдарында өзіндік орнын тауып, баспаны аяққа нық тұрғызып, жұмыс капиталы мен экономикалық тиімділікті арттырып отырған баспалар өздерінің бизнес жоспарларына сәйкес, оқырманға қажетті кітаптарды шығару үстінде. Және бүгінде министрлік пен оған қарасты мекемелер баспалармен тығыз қарым-қатынас орнатып, заман талабына сай оқу құралдарын, оқулықтар мен танымдық бағыттағы кітаптарды басуда. Және де бір атап кетерлігі, бүгінде елордалық баспалардан шығып жатқан ән өнеріне қатысты кітаптардың барлығы да тиісті ғалымдардың, жазушылардың, баға берушілердің сүзгісінен өтіп барып, қалың жұртшылыққа ұсынылуда. Елордалық кітаптардың да бұл ретте өзіндік көркемдік ерекшелігі, нақыштары бар. Мәселен, қазақ елінің жаңа астанасын негізге ала отырып, көптеген өнерге қатысты кітаптардың барлығы алдымен тәуелсіздік пен жаңа астананың өзегі арқылы басылып жатыр. Әрине, ән өнеріне қатысты кітаптарды басу, зерттеу, жинау жұмыстары уақытқа тәуелді. Бұл ретте әдеби редакторға артылар салмақ ауыр. Баспа өз имиджі үшін мұндай кітаптарды барынша көптеп шығаруға тырысып жатыр. Мұндай тарихи маңызы бар кітаптар әлде де өз жалғасын таппақ. Себебі, бүгінде көптеген баспалар енді арзанқол кітаптар шығарғаннан гөрі, халық нақты тұтынатын әрі іздеп жүріп табатын кітаптарды басып шығаруға ден қойып отыр. Бұл уақыт өлшемімен дәлелденген. Тәуелсіздіктен кейін өзіміздің төл өнеріміз қайта жанданып, жан-жақты зерттелу үстінде, ғалымдар мен өнертанушылар өздерінің пайымдауларын, ғылыми еңбектерін басып шығаруға ынта танытуда. Бұл да ұлттық өнер мен баспа арасындағы алтын көпір іспеттес. Ұлттық қазынамыз төл кітаптармен толығып, кемелдене түседі деген сенім танытамыз. Себебі, Астана – бүгінде мәдени қаланың басты нышаны болғандықтан, мәдени, рухани, тарихи кітаптар елордалық баспалардан оқырманға жол тартуда.

Дана Мәулен
Бөлісу: