Қазақ дубляжының ренессансы

30 Маусым 2018, 18:38 10527

Disney, Pixar мультфильмдерін қазақ тіліне дубляждаушы режиссер Шах-Мұрат Ордабаевпен сұхбат

Болашақ корпоративтік қоры әлемдік кинопрокатта сұранысқа ие 25-туындыны қазақша дубляждады. Маусым айында ғана Pixar студиясының «Суперотбасы-2» мультфильмі кинотеатр экрандарынан қазақ тілінде көрсетілген еді. Енді кішкентай көрермендер 12 шілдеден бастап Қазақстанның барлық кинотетрларынан «Монстрлар демалысы -3» қазақша дубляждалған мультфильмін көре алады. Осы анимациялық мультфильмдерді қазақша «сайратып» жүрген режиссер Шах-Мұрат Ордабаевпен сұхбаттасудың реті түскен еді.

Сурет astana-akshamy.kz сайтынан алынды

- Сіздер жасаған дубляждарды Disney компаниясы өзі қабылдайтынын естідік. Олардың дубляжға қоятын талаптары қандай?

- Ең бірінші дыбыс сапасы. Студияның барлық техникалық құралдары, компьютерден микрофондарға дейін белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс. Осы студияда қолданылатын пульттер, микрофон, бағдарламалар ең соңғы үлгідегі өнім. Жаңа нұсқасы шыққан сайын, студия жаңартып отырады. Олардың барлығы әлемдік дубляж талаптарына сай. Мұндай студиялар Қазақстанда көп емес. Бұрындары Алматыдағы «Синематон» компаниясы дыбыстаған болса, қазір 2015 жылдан бастап Диснейдің прокатқа шығатын фильмдерінің барлығын Aray Media Group студиясында дыбыстайды. Әр дубляж кезінде Дисней компаниясы өкілдігінен маман келіп процессті қадағалайды.

Тағы бар талаптардың бірі ақпарат құпиялығы, деректер қауіпсіздігі. Әрбір жоба туралы біз ол прокатқа шықпас бұрын жарты жыл бұрын білеміз. Үш-төрт ай бұрын видеосын ала бастаймыз. Сондықтан оның барлығы халыққа мәлім болмас үшін арнайы құжаттарға қол қоямыз. Біздің шығармашылық құрам, көркемдік кеңес жұмыс процесі барысында білген, көрген ақпаратын құпияда ұстайды.

- Жалпы дубляждау процесі қандай кезеңдерден тұрады?

- Дубляждау процесі  P1,P2, P3 деп аталатын кезеңдерден тұрады. Алдымен бізге ақ-қара түсті видеонұсқасы және мәтіндік  нұсқасы  келеді. Бұл өңделіп бітпеген видео екенін білдіреді. Жұмыс барысында кейбір кадрлар толықтырылып, өңделеді. Аудармашылар мәтінді аударады, оған қосымша мәтінді үйлестірушілер жұмысқа кіріседі. Аударманың өзі құр ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару емес. Кейіпкердің қимылы, сөздердің үндесуіне назар салынады. Сөз «а, о» әріптернен басталатын болса, біз де дәл сондай әріптермен басталатын сөзбен бергеніміз жөн. Бұл өте маңызды. Сонымен қатар, материал өте күрделі болса, редакторлар шақырылады. Соңғы жасаған 3 жобамыз осындай күрделі жоба. Сондықтан аудармашыдан редакторға, редактордан мәтінді үйлестірушіге кетеді. Осылайша мәтіннің өзі үш кезеңнен тұрады. Келесі кезең - кастинг. Қанша кейіпкер болса, сонша видео үзінді келеді. Олардың әртүрлі эмоционалды жағдайдағы көріністері жіберіледі. Сол көріністерге байланысты кейіпкерлер кастинг жасап, өз мүмкіндіктерін көрсетеді. Талап бойынша, бұл менің режиссерлік талабым. Әр кейіпкерге кемінде 4-5 әртіс жазылады. Ал Disney қайсы лайық екенін өзі таңдайды.

Екінші сатыда фильм толықтырылып, өңделеді. Мәтін үйлестіріледі. Әрістер өз кейіпкерлерімен жақынырақ танысады. График құрастырылады. Шамамен бір кейіпкерді дыбыстау үшін әртістің шеберлігіне, тәжірибелігіне қарамастан кемінде 2-3 күн кетеді. Әр кейіпкер жеке-жеке жазылады. Мәтінді қабыстыру үшін, диалог табиғи өрбуі үшін мен режиссер ретінде олардың көңіл-күйін біліп отыруым керек.

График бойынша басты кейіпкер, қосалқы кейіпкер, массовка  жазылады. Эпизод пен көшілік сахналарды дыбыстау «valla» деп аталады. Олардың өзін жазу үшін кәсіби мамандарды шақырамыз. Шамамен 12-15 адамдай болады. Мысалы, жер сілкіну сияқты зілзалалар кезінде халықтың шулаған дауысын салу үшін 12-15 адам қосылып айқайлап, шулап дыбыстайды. Бұл әрістермен жұмыс жасаудың соңғы сатысы. Дегенмен монтаж мұнымен аяқталмайды, прокатқа шықпаған фильмдер соңғы күніне дейін өңделуі мүмкін. Яғни біз дайын дүниені дыбыстай салмаймыз, барлық өңдеу, толықтыру, монтаждау процесін бірге өткереміз.

Дыбыс жазу аяқталған соң біз барлық жазбаны Лондондағы Shepperton студиясына жібереміз. Олар кинотеатрдың техникалық мүмкіндіктеріне сай етіп дыбыстарды өңдеп, тазалап, үйлестіріп береді. Олардың дайындап берген материалдарын біз қайта қарап, қазақы дыбыс үндестігіне сай келмей жатса, тағы да түзетіп жібереміз. Жалпы жұмыс барысы осындай.

- Болашақ корпоративтік қоры аударған мультфильмдер нағыз қазақы тілімен ерекшеленеді. Дегенмен материал күрелі, бұл баяндама немесе ресми құжат емес. Қазақ тілінің лексиконында жоқ сөздерді қалай аударып жүрсіздер?

- Біздің аудармалар тікелей түпнұсқа тілден аударылады. Яғни ағылшыннан тікелей қазақ тіліне аударамыз. Кейде түпнұсқада 1-2 сөзбен жеткізетін фразалар қазақ тіліне аударылғанда 4-5 сөзден тұруы мүмкін. Сондықтан да режиссер мен редакторлар сценарийді шемішкеше шағуы тиіс. Кей жерлерде контектске қарай түсінікті болса, мағыналас аударма сөздермен немесе одағайлармен де береміз. Бірақ негізінен сөз таба алмай қалған жағдайлар болған жоқ. Қазақ тілі шын мәнсінде бай тіл. Біздің фильмдерде тілдің жатық болуы қазіргі аудиторияның өзіне таныс, сөйлейтін тілінде болғаны деп ойлаймын. Мысалы, танымал топтардың, әншілердің ұтымды фразаларын, халықтың аузында жүрген күлкілі сөз орамдарын кейіпкер аузына түсіре саламыз. Мысалы «қалай қарайсың?», «түрім зың ба?» сияқты фразалар Дисней кейіпкерлерінің аузынан шығып жатады. Бұл кейіпкердің эмоционалды диапазонынан шықпайды. Яғи бұл кейіпкер қазақ болса, дәл осылай айтуы әбден мүмкін дегенді сезсек, мұндай сөздерді қосамыз.  

 - Актерлер тек диалогтарды дыбыстай ма әлде қосымша дыбыстарды да жеткізе ме?

- Актерлердің жұмысы оның кейіпкері қандай дыбыс шығармасын, оның барлығын дыбыстау. Яғни оның сөйлеуі, күлуі, демалуы, түшкіруі, жөтелуі, демалу, ырсылдап-ыңқылдауы, осының барлығын жазады. Тіпті сахнада 10 кейіпкер арпалысып жатқанда, 99 дауыс естіліп жатсын мейлі, зеңбіректің дауысы басып кетсе де, актер солардың арасындағы өзінің 1-2 дыбысын жазуы тиісті. Ол Disney талабы және өз сапамыздың стандарты деп білемін. Ал еліктеуіш дыбыстарды, арнайы Foley Sound Effects студияларында жазылады. Оларды дыбыстар музейі деп аталады. Мұндай студиялар қағаздың қытырлағанын, ағаштың сытырлағанын сізге жазып береді. Біздің мақсатымыз кейіпкердің неміс болсын, француз болсын, қай ұлт өкілі болмасын ерекшелігін сақтап, қазақша сөйлету.

- Кастинг мәселесіне оралсақ, білуімше Диснейге актердің танымалдығы, тәжірибесі маңызды емес. Олардың таңдау критерийлері қандай?

- Актерлық базамызды кеңейтеміз десек те, Диснейдің басты талабы ол әртістік орындаушылық. Яғни актерлік шеберік. Әрине, осыған дейін де түрлі эксперименттер жасап көрдік. Моана фильмінде Беркут, Мақпал Исабекова сияқты танымал әншілер дубляжға қатысты. Кейінгі Коконың құпиясы жобасына Қайрат Баекенов қатысты. Ләйлә Сұлтанқызы да бірнеше кейіпкерді дыбыстады. Бұл кісілер өнерге жақын болғандықтан олар кейіпкерлерін сәтті алып шықты. Бірақ, сіз айтқандай Диснейге әртістің танымалдығы  маңызды емес. Сондықтан біздің қолымыздан келетіні сегіз қырлы, бір сырлы әртістерді ұсыну, ал таңдауды Диснейдің өзі жасайды.

- Дыбыстаушы әртістердің дені кімдер? Театр әртістері ме?

- Әрине, театр әртістері.

- Ал балалар ше? Әлде балаларды үлкендер дыбыстай ма?

- Жоқ, балаларды тек балалар дыбыстайды. Кастингке қатысатындардың басым көпшілігі балапан телеарнасында бағдарлама жүргізген немесе осы арнадағы мультфильм, мультсериалдарды дыбыстаған балалар. Сонымен қатар киноға түсіп жүрген жас жұлдыздар да бар. Ол жағынан біз қиыншылық көрмейміз. Осыған дейін өзімнің жасаған жобам - «Коконың құпиясы». Бұл анимациялық фильмнің басты кейіпкері – Ағарыс Әшімхан деген балақай. Оның анасы да, әкесі де театр әртістері, дубляж шеберлері. Өздері де сол фильмге қатысты. Ақарыс Дисней кастингтерінен еш мүдірместен өтіп, өз шеберлігін көрсетті. Ал бұл жолғы  «Суперотбасы» жобасында біз өзімізге жаңа жұлдыз аштық. Ол – Дидар Құралбай. Ол бала осыған дейін «Балапан» арнасының жобаларына, театр үйірмелеріне қатысты. Тілі де, өзі де нағыз қазақи бала. Үйіндегі үлкені, қарындасына қарап, әке-шешесіне қолқабыс етіп жүреді, жауапкершілігі мол, сабақты жақсы оқитын әдепті балақай. Ал фильмде оның кейіпкері керісінше, қызба мінезді, еке бала. Сондықтан әртіс ретінде ол біраз жұмыс жасады.

- «Коконың құпиясы» жобасы музыкалық жоба, онда ән көп шырқалды. Әнді әртістердің өздері орындады ма әлде арнайы әншілер болды ма?

- Барлық әнді кейіпкерді дыбыстаушы әртіс орындады. «Коконың құпиясы» музыкалық  жоба болғандықтан басты талап әншілік қабілет болды.  Кастинг барысында ән айтатын әртістерді жинақтадық. Әу демейтін қазақ жоқ дейміз ғой. Ән шырқайтын әртістер аз емес. Дегенмен дәл осы туындының атмосферасына сай әншілерді табу оңай болған жоқ. Бірақ бұл жобаны да абыроймен алып шықтық деп ойлаймын. Музыкалық жобаларға арнайы музыкалық редакторлар шақыртылады. «Коконың құпиясы» жобасында барлық әртістермен ойын бойынша мен жұмыс жасадым, ал музыкасын музыкалық редактор қадағалап отырды. Әндерді орындау, жазу бойынша. Мен жасаған жобалардың ең қиыны да, қызықтысы да осы «Коконың құпиясы» болды. Сонымен қатар осы уақытқа  дейін  қазақ тіліне дубляждалған туындылардың ішінде Оскарға ие болған жалғыз  фильм де осы.

- Орысша немесе басқа тілдегі дубляждарды көресіз бе? Салыстырасыз ба?

- Әрине.

- Қалай сонда несімен ерекшеленеді? Несі артық, несі кем?

- Артық болғанда, қазір бәріміздің естіп тыңдап жүргеніміз сол орысша дубляж ғой. Орысша дубляждың тарихы өте бай. Бастау алғанына ширек ғасыр, әжептәуір уақыт өтіп кетті. Олар нағыз даму үстінде, тоқтап қалған жоқ. Олар барлық жанрдағы фильмдерді, барлық жас категориясына сай фильмдерді дыбыстайды. Ал біздің басты ерекшелігіміз, айырмашылығымыз, меніңше ең басты құндылығымыз, кез келген аудиторияға емес, отбасылық жас бүлдіршіндерден басталатын фильмдерді дыбыстауымыз. Яғни, Disney-дің фильмдері мен мультфильмдері, Sony компаниясының фильмдері, бұлардың барлығы балалармен бірге кинотеатрда емін-еркін отырып көретіндей фильмдер. Сондықтан бізге редакцияға келгенде осы мәтінмен өте көп жұмыс жасаймыз. Былайша айтқанда, тіліміздің байлығын, әдеби көркемдігін, сыпайылығын, сонымен қатар оның заманға сай екендігін көрсетеміз. Ешқандай артық жабысқақ сөздер, паразит сөздер, калька тіркестер қоспай, халық жақсы қабылдуы үшін аянбай еңбек етеміз. Меніңше қазіргі жұмыс қазақ дубляжының екінші демі деуге болады. 1960-1970 жылдары ең алғаш дубляж жасалды, Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында ол кезде ғажап әртістеріміз фильмдерді дыбыстады, бірақ өкінішке қарай Кеңес одағы ыдыраған соңдубляж тәжірибесі де тоқырап қалды. Сол кезден бастап үлкен бір үзіліс болып қалғанды, басқа елдер эволюцияны басынан кешірсе, бізде стагнация кезеңі болған сияқты. Ал қазір қазақстанда дубляж қайта жанданып жатыр. Шынын айту керек, соңғы 10 жыл ішінде ғана жақсы деңгейге жетіп жатырмыз. Біздің фильмдердің сәтті болуын мен осы жағдаймен түсіндірер едім. Дубляжды қайта бастағанда көрерменді шошытып алмас үшін, көрерменнің бетін қайтарып алмас үшін әр мәтінге екі есе мұқият қараймыз. Дыбыстауға бар жан-тәнімізді саламыз. Әйтпесе Ресейдің қайбір комедияларын алсаңыз, ауызекі сөз өте көп қолданылатынын байқайсыз. Кейде кейіпкер аузымен фильмнің үлкен философиялық мәні беріледі. Ал қарабайыр тіркестерде ол еленбей, көрермен жүрегіне жетпей қалуы мүмкін. Сол ауызекі сөз бен шұрайлы әдеби сөйлеудің ортасын табу – біздің қазіргі басты мақсатымыз.

"Коко құпиясы" мультфильмінің қазақ тіліндегі трейлері

 

- Мәтінді кім аударады?

- Жұмысқа әрдайым түрлі аудармашылар тартылады. Бұл аудармашылардың базасын кеңейту, басқа да аудармашы топтарына өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беру.

- Кәсіби аудармашылар ма, әлде ақын-жазушылар ма?

- Әрине, кәсіби аудармашылар. Кәсіби аудармашылар болғанда олар аудармашылықты бітіріп, құр аудармашы болып жұмыс жасап жүрген кісілер емес, осы телевизия, кино саласында тәжірибесі бар, осындай мәтінмен жұмыс жасау стилін білетін мамандар. Аудармадан соң үйлестіру, редакция жұмысы бар. Осы аудармашылармен бір үстел басында әр сөйлемді талқылаған соң ғана мәтін микрофон алдына келеді.  Яғни актердің қолына жеткенше 1 ай бойы мәтін аударылып, күзетіліп-түзетіледі.

- Мультфильмдерді кім таңдайды? Неге дәл «Коко құпиясы» немесе «Супер отбасы»?

- Бұл енді, менің құзырымда емес. Мен режиссер ретінде шақырыламын. Болашақ қауымдастығы, көрерменнің талабын, қызығушылығын ескеріп отырады. Бұл жобалардың сәтті таңдалғанын мен өз таныстарымның балаларына қарап білемін. Диснейдің қазақша сөйлегені балаларды өте қатты қызықтырады. Ал дәл осындай фильмдерге ата-аналар балаларын жетектеп апаруы керек, ол басқа елдің мәдениеті, салтына бұрғызу емес, қандй да бір салтпен мәдениетпен таныстық қазақ тілі арқылы болғаны жөн. «Disney»-дің қай фильмі болмасын өнер туындысы сияқты. Олардың әндері, ол олардың музыкасы ерекше талғаммен жасалады. Ал олардың барлығы жақсы сапада қазақша орындалып жатса, нұр үстіне нұр болмай ма? Сондықтан Болашақ қауымдастығының таңдап жатқан кейінгі жобалары бүлдіршіндерге бағытталған және меніңше өте жақсы сараптаудан өткен жобалар. Мысалы «Коконың құпиясы» - өте орынды, өз уақытында шыққан дүние, оның басты мақсаты, басты жеткізейін деген ойы – отбасылық құндылық, қайтыс болған ата-бабаларымызға тағзым жасау, оларды ұмытпау, қазақшалап айтқанда «өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей аруақтарды қастерлеу, құран бағыштауға ұқсас сияқты ғой. Сондықтан олардың фильмдегі беріп жатқан ең басты ойы бізге жат емес, бізге оны дыбыстау өте оңай және түсінікті болды. Былайша айтқанда, мағыналық үйлесім болды. Әртістерде мұны түсініп жатты, не үшін мұның барлығы жасалып жатқанын білді, әрбір сөздері жүректен шығып жатты, өйткені әрқайсымыздың бойымызда сондай сезім бар. Біз өмірден өткен өткен ата-бабаларымызды ұмытпаймыз, оларды жұма сайын еске алып тұрамыз деген сияқты ғой. Мультфильм кейіпкерлерінің үйлеріне қойған алтарьлары да сондай сезімді білдіреді. Сондықтан «Коконың құпиясы» болсын, «Өрмекші адам» болсын біздің актерлер жүрегінен өткен, кейіпкерлер.  Сонымен қатар ең бірінші тәжірибеміз Европаның, Францияның әйгілі режиссеры Люк Бессоның «Валериан және мың ғаламшар шаһары» деген фильмін ерекше айтқым келеді. Бұл Disney мен Sony-дан тыс бірінші тәжірибе, сонымен қатар Тимур Бекмамбетовтың ««Алғашқылар дәуірі»  біздің тәжірибемізді толықтыра, шеберлігімізді арттыра түскен жоба. Қалай десек те, былтырғы жыл біздің эксперимент жылымыз болды.

- Қандай фильмдерді дыбыстау қиынырақ, ересектерге арналған фильмдерді ме әлде мультфильмдерді ме?

- Актерлер ойнайтын фильмдерден гөрі анимациялық фильмдер, яғни мультфильмдерді дыбыстаған әлдеқайда қиынырақ. Оны оңай түсіндіре аламын. Себебі қанша жерден актерлар мықты болмасын, кәсіби суретшілердің салған кейіпкерлері әртістерге қарағанда мықтырақ ойнайды, яғни эмоцияны беру, өзіңіз білесіз ғой Disney-дің фильмдерін көресіз, сол «Коко құпиясындағы» Мигельдің көзінің қиығы, оның қимылдауы, оның бір жағдайға баға беруі, шошуы, күлуі суретшілермен соншалықты шебер салынған. Ал сол суреттерге сай бола білу актерге қиын түседі. Дегенмен ынта болса, алынбайтын қамал жоқ. Біздің актерлеріміздің қолынан бәрі келеді.

- Бала актерлермен жұмыс жасау қиындық туғызбай ма? Мысалы, үлкен адамдарға мына жұмысты бүгін бітіруің керек айта аласыз, ал балалар ондай эмоционалдық ауыртпалықты көтере алмауы мүмкін ғой?

- Сол себепті балалар үлкен кәсіби әртістер сияқты көп жұмыс жасамайды, күніне ересектер нормасының 40% жұмысын жасайды. Мысалы, Кокода басты кейіпкер Гектарды сомдаған әртісіміз Олжас жас актер 2 күнде дыбыстап шықса, Мигельді дыбыстаған Ақарыс Әшімхан 5 күнде дыбыстап шықты. Бірақ ол бала үшін жақсы көрсеткіш, біз ол баланың көңіл-күйіне қарап отырдық. Мигельдің сөзі көп, біз баланы асықтырмаймыз, мүмкіндігіне қараймыз. Жазуға берілген 2 ай уақытта толығымен пайдалануға тырысамыз, мұндай жұмыста асығыстық мүлде болмауы керек. Асыққанда кейбір сөздер шықпай қалуы мүмкін, кейбір диалогта байланыс болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұндай дүниені бабымен жасаған жөн және әртістің көңіл-күйін ескеру керек. Режиссер ретінде менің басты мақсатым әртістерге мәтінді дайындап беру ғана емес, олардың қас-қабағына қарау, олардың шығармашылық потенциалын барынша тиімді пайдалану. Әртістер ерке адамдар ғой. Оларды біраз еркелетіп, мақтап қойсаң арқалары қозып, одан сайын жақсы, жігерленіп жұмыс жасайтын болады. Үзіліс кезінде бірге шай ішіп, демалып аламыз. Ара-арасында тамағың қалай деп сұрап тұрамын. Мәтін жазу барысында әртістің дауысына күш түспес үшін айқайды соңғы жағына қоямын. Сондықтан мұның барлығы да үлкен шығармашылық жұмыс ал мен жетекші ретінде барлығын қадағалауға тырысуым керек. Ол әртістің көңіл күйі, мәтіннің ыңғайлылығы, ол бөлменің температурасының бірқалыптылығы – бәрі-бәрі менің міндетім.

Суретте "Суперотбасы-2" мультфильмінің басты кейіпкерінің бірі Балитбарды қазақша дыбыстаған Айкөркем Әділгереева 

- Дубляжды жасау барысында есіңізде қалған бір қызықты оқиға бар ма?

- Иә, көп қой. Өзімнің актер ретіндегі тәжірибемді айта кетейін. «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» фильмінде режиссер Тимур Балымбетов. Сол фильмдегі басты кейіпкерге кастингтен өттім. Жұмыс 3 күндей жүріп жатты. Айқай сахналары ара-арасында. Сол айқай дауыстарын бар күшімді салып, ойдағыдай жаздым. Ал ертеңінде дауысым қырылдады да қалды. Мұлдем шықпай қалды. Режиссер, дыбыс режиссері шошып кетті. Ақыр аяғында басқа әртістерді жазып, маған 4 күн демалыс берді. 4 күн демалыс ішінде істемегенім жоқ, дәріні де іштім, бал қосылған сүтті де іштім, сөйтіп ақырында дауысымды қайта қалпына келтірдім. Міне, сондай да болады. Осы тәжірибеден өзім өткеннен кейін, қазір әртістерге салмақ түсірмеймін деп, осы жағдайға ерекше назар аударамын. Сосын күлкі шықпайтын сәттер де болады. Ол әртіске де, маған да барлығына күлкілі болмауы мүмкін. Бірақ оны әртіс барынша шынайы күлкілі етіп жеткізуі керек кездер болады. Сол кезде біз біраз сахнаны тоқтатып, әртістің көңіл-күйін аулап, керек болса анекдот айтып беремін де тура сол күлкілі сахнаға келгенде жаңағы анекдоттың сөздерін есіне салып жіберемін. Сол кезде әртіс есіне алып күледі. Тура сондай сәттерді дәл ұстап түсіру де менің міндетім. Көптеген қызық жағдайлар болады, мысалы «Коконың құпиясында» Мигельді дыбыстап жатқан Ақарыс әндерді жазып жатты. Сол жобада музыканы жазушы Ақарыстың анасы Айнұр Бердімұхамбетова болды. Мен тура ортада студияда отырмын, Ақарыс 3-өлеңді жазып жатыр. Үшінші өлең «Ұмытпас ең» деген ең соңында айтылатын жылататын ән. Ақарыс эмоционалды шаршаған, өйткені оның музыкалық редакторы өзінің анасы. Егер бірдеңесі дұрыс шықпаса анасы қысып-қысып алады. Мен шамам келгенше көмектесіп отырамын. Бірақ бір рет жазыдқ болмады, екінші рет жаздық болмай жатыр, кедергі жасамайын деп шығып кетейін деп ишара білдіріп едім, Ақарыстың көзінен «Кетпеңізші, сіз отырсаңыз жасаймын, сіз кетіп қалсаңыз анамнан таяқ жеймін» дегенді оқыдым. Сөйтіп қайта отырдым. Сол ретте өлең де жазылды. Ақарыс өте дарынды бала, түгелдей жұмысты түсінеді. Ондай жайттар көп болады.

Дубляждау процессі өте қызық. Дубляждық алаңды кеңейту үшін «Жастар театры», «Қуанышбаев театры» актерлерінен, университет студенттерінен іріктеп, жұмысқа тарта бастаймын. Ең алдымен көпшілік сахнадан бастайды жұмысын. Көпшілік сахна айғай-шу, халықтың жамырасып айтатын сөздерінен тұрады көбіне. Біз студияда жазып отырып бастаймыз деген белгі бергенде 15-20 адам өре тұре келеді де айқайлай бастайды. Бітті дегенде қайта тып-тыныш отыра қалады. Сөйтіп бірнеше рет азамыз. Сырт қараған адамға қызық бір топ адамның мұндай әрекеті.Көпшілік сахна актерлеріне де осы орайда алғыс айту қажет. Жамыраған айқай ішінде 1-2 сөз үшін кешікпей келіп, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды.

Суретте "Суперотбасы-2" мультфильмінің басты кейіпкерінің бірі Бобты қазақша дыбыстаған Жәнібек Мұқаев

- Сапа көрсеткішіне байланысты, театр әртістерін шақырасыз ғой, көбінесе «Қуанышбаев театрының» әртістері көп болып, «Жастар театрының» әртістері аз болып қалмай ма?

- Ол кейіпкерге байланысты. Мәселен, 60-70 жастағы адамды сомдау керек болса ондай әртіс «Жастар театрында» жоқ. Әрине ондайда мен «Қуанышбаев театрының» әртістері мен университетте жұмыс жасайтын үлкен профессорлардың көмегіне жүгінемін. Жас қыздар рөлдері болатын болса, «Жастар театрының» актерлеріне жүгінемін, олар Шехназ Қызықанова, Назерке Серікболова, Наурыз Сабахатова, Айман Есенқызы, Айнұр Рахипова сияқты тамаша актрисаларды шақырамын. «Жастар театрының» әртістері, әсіресе қыздары дубляжға өте жақсы бейімделген, олардың Алматыда да тәжірибелері болды, сол себепті қорықпастан шақыра аламын. Бірақ, ең басты талап – кейіпкердің жасына сай келуі.       

- Кеңес кезіндегі дубляжды білеміз ғой, көбіне актерлердің жасына емес, дауысына қарайтын еді ғой? 

- Фарида апамыз кезінде баланы да, Қожаны да дыбыстаған. Бір жағынан ол актердың шеберлігі, екінші жағынан мамандардың тапшылығы ғой. Сондықтан солай шығаруға тура келді. Ал қазір дарынды азаматтар мен қыз-жігіттер көп, сонымен қатар біз әртістермен шектелмейміз, эстрада әншілерін де шақырамыз, тележүргізуші, телерадио жүргізушілерін де шақырамыз. Мен «Қазақрадиосынан» 1-2 дикторды шақыруға тырысамын. Өзімнің жобама мысалы, эстрада жұлдызыдарын, тележүргізушілерді де шақырдым.  

- Жастардың талаптарына сай, мысалы, 91 тобын шақыруға идея болған жоқпа сізде?

- Егер олардың тілдерінде ешқандай ақаулық болмаса мен еш қиналмастан шақыратын едім. Бірақ, әрине ондай әртістердің басты кемшілігі тілінің ақаулығында емес, олардың графигінің ыңғайсыздығында. Маған жобаға келетін адам ойынан барлығын алып тастап, тек жұмысқа берілуі керек. Ештеңеге алаңдамай үш күн бойы осында жүруі керек. Ал келіп, тиіп-қашып істейтін болса, ондай адамдармен жұмыс жасау маған ұнамайды. Ең бастысы әртістің осы жобаға деген қызығушылығы мол болуы керек. Aray Media Group студиясының басты ерекшелігі және ең басты беделі - ол қайбір жоба болмасын өте кең, үлкен форматта туындылардың болуы. Оған жаңағы «Коконың құпиясын» жатқызуға болады. Ол жобаға кастинг жарияланған кезде шынымен қызығушылығы мол әртістер келеді. Олардың мұраты қаражат табу немесе танымал болу емес.  Жалпы дубляж әртістерінің танымал болуы сирек. Ең бастысы осы жобаға деген қызығушылығы, сонымен олар тәжірибе жинайды. Сонымен қатар бір жоба екіншісіне ұқсамайды. Олар өздері қызығып келгендіктен, біздің де актерлік базамыз да, географиямыз да кеңейеді. Осыған дейін менің Қарағанды Сейфуллин атындағы драма театрынан бірнеше әртістер шақырдым, одан кейін Алматылық әртістер де біраз жобаларға қатысып отырады. Біз әртүрлі географиялық жағынан кеңейіп отыруға тырысамыз. Осы жобаға үлкен ынтамен келген әртістерде ғана үлкен, жақсы жұмыс шығады деп ойлаймын. Әрине, ешқашан ешкімнің бетін қағуға болмайды. Әлеуметтік желілері арқылы да жазып отырады келсем, қатыссам бола ма деп. Мен ондай шынайы қалайтын адамдардың беттерін қақпаймын. Өз басым, студиямыз да ондай шектеу жасаған емес. Жаңағы өзіңіз айтқандай танымал эстрада жұлдыздары, топтары келіп, өздерінің бақтарын сынап көремін десе, әлбетте есік ашық, кастингке келіп қатысуларына болады. Бірақ, басты талап бар – қазақша дыбысталатын, қазақша сөйлеу, қазақша түсіну, қазақша мәтінді түсіну, еш диалектсіз, еш бұрмаламай, әр ерекше дыбыстардың айтылуын, үндестіктердің барлық заңдылықтарын орындауы. Яғни, бізге –ң-ды ажырата алмайтын немесе, о мен ұ-ны шатастыратын адам келетін болса, Disney тұрмақ біздің талаптан да өтпейді.

- Қазір соңғы уақытта депутаттар «Кез келген фильмнің астында титр болуы керек» деген бастама көтеріп жатыр. Егер титр болса, ол дубляжды өлтіріп тастамайма?

- Әрине, өлтіреді. Мен өзім жеке басым мұны дамудан гөрі керу жүру деп қабылдаймын. Мен осы әрбір шыққан фильмнің дискісін сатып алып, Арқалықта тұратын ағамның 5 баласы бар, соларға сол дисктерді апарамын, көрсетемін. Олар көріп болғаннан кейін не түсіндіңдер? Қайсы қызық? - деп сұраймын. Мультфильмді көрген соң бірнеше күн өткен соң сол фильмнің әндерін айтып жүреді, одан кейін сол фильмнің кейіпкерлерінің сөздерін айтып жүреді, бір-бірімен қазақша сөйлеседі, кімнің қалай айтқанын, қандай мағына беретінінің өзара жарыса айтып жүреді. Соңғы жасалған бағдарламалардың барлығы балаларға бағытталуының нәтижесін мен қазір көріп жүрмін. Ақпараттық желілерді вконтакте, фейсбук басқа да желілерде оған сұраныс өте көп, қызығушылық бар. Ал титр осы жұмыстың барлығын сарп етеді. Кәсіби актер ретінде, өнерге қатысы бар адам ретінде, тыңдаушы адам ретінде айтарым, субтитр – фильмнің көркемдік идеясын толығымен көруге көрерменге кедергі жасайды. Көрермен фильмді көре ме, әлде жазуын оқи ма? Кинтоеатр, қасыңдағы адам бар, кейіпкердің айтып жатқан сөзі французша немесе ағылшынша астында сөз жүріп жатады, сахнада динамика ауысып жатады, сен не ақпаратты көріп, не мәтінді оқып үлгермейсің. Көңіл-күй мен мәтін екі түрлі болады да, ақпарат толығымен жетпейді. Дубляж осы тұрғыда өте маңызды.

- Осы дубляждалған фильмдер кейде кинотеатрлардан көрсетілмей жатады. Көрсетілсе ыңғайсыз уақытқа қойылады. Ал кинотеатр жоқ жерлерде ол фильмдер мүлде бармайды. Хаықтың қазақ тіліндегі кино туындыларға сұранысы жоғары, дегенмен кинотеатр әкімшілігі қазақ тіліндегі киноға жұрт аз барады дейді. Себебі не?

- Насихат және жарнама аз. Аз болғанда, осыны қолға алған «Болашақ» қауымдастығы қолынан келетін көп дүниені жасап жатыр, олардың жасағандары ерлік. Олар жоқ жерден осы идеяны тауып, оны шығарып, демеушілер тауып, осы студияға келіп, мүмкіндік беруде. Бірақ, өкінішке қарай «Болашақ» корпоративтік қоры мен студияның қолымен барлық шара бітпейді.  Басқа бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі төмен. Оларға хайп, жаңа ұстатарлық оқиға, рейтинг әкелетін жаңалықтар керек. Жалғыз дубляж емес, өнер саласында да жасалып жатқан жақсы дүние көп, бірақ олар халықа жете қоймайды. Осы тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары да белсенділік танытса дейсің. Тағы бір себеп оырманның өзінде.  Көрермендердің қызығушылығы жоғары да әрекеті жоқ. Мысалы  Ресей фильмдерінің орысшаға дыбысталып жатқан нұсқаларының барлығының пират нұсқалары сайттарда толып тұр. Қайсыбір фильмді көремін десең де оның орысша нұсқасын тез әрі оңай таба аласыз. Киноеатрға қазақша мультфильмге барғанша орысша нұсқасын көре салады. Жеңгелеріміз тамақ жасап жүріп, балаларына ютубтан орысша мультфилмдерді қосып береді де, өздері өз бетімен жүре береді. Оны көрген баланың не орысшасы, не қазақшасы дұрыс дамымай, орыс пен қазақтың ортасында шала болып қалады. Дүмбілез сөзді тыңдаған баланың түйсігі де, ойы да араласып кетеді.

Бөлісу: