Бейнелеу өнері: Белгілі бес қылқаламшы

20 Қыркүйек 2017, 18:12 12863

Қазақ сурет өнерін қалыптастыруға зор үлес қосқан  белгілі қылқалам шеберлері

Бейнелеу өнері – ұлттық дүниетанымның көкжиегін аңғартатын көркем өнер. Қазақ даласын мекен еткен бағзы тайпалар дәуірінен жеткен бейнелеу өнерінің көне нышандары Ұлы Даладағы халықтық қолөнердің биік даму деңгейін танытады. Демек, қазақ – сурет өнеріне ежелден бейім халық. Бейнелеу өнерінің кейінгі мыңжылдықта кенжелеп қалуын біз халқымыздың діни ұстанымымен байланыстырамыз. Ислам канондары бойынша адам мен жан-жануардың суретін салуға рұқсат жоқ. Дегенмен, ХІХ ғасырдың ортасына таман қазақ даласына әлемдік бейнелеу өнерінің ұшқыны шашырай бастады. Бұл тұрғыдағы алғашқы қарлығаш – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлиханов Омбыдағы кадет корпусында оқып жүргеннен-ақ сурет өнеріне бейімдігін танытып, кейіннен графикалық, кескіндемелік бағыттағы біршама туындылары бізге жетті.

Кәсіпқой бейнелеу өнері шеберлерін дайындау ісі 1920 жылы басталған екен. Осы жылы студия құрылып, онда қазақ халқының өмірі, тұрмыс-салты туралы көптеген туындылар жазған әйгілі суретші Н.Г.Хлудов пен Н.Антонов тәлім береді. 1928 жылы Семейде бейнелеу өнерінің алғашқы көрмесі ұйымдастырыады. 1933 жылы Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті құрылады. Қазақ суретшілерінің көрмесі Мәскеуде 1934 жылы қазақ мәдениет мен өнерінің онкүндігіне орай ұйымдастырылады. Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясы 1935 жылы құрылды.

Қазіргі күні Қазақстанда көркемсурет мамандығына оқытатын оқу орындары да, галереялар да, мамандар да жеткілікті. Кәсіби қылқалам өнері – әлемдік үрдісте тым ерте қалыптасқан, адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі десек, қазіргі күні қазақ бейнелеу өнері де бұл көштен қалып отырған жоқ. Біз қазақ сурет өнерін қалыптастыруға зор үлес қосқан  белгілі қылқалам шеберлері шығармашылығымен таныстырмақпыз.

Әбілхан Қастеев.

1904 жылы қазіргі Алматы облысы Панфилов ауданы, Шежін аулында дүниеге келіп, 1973 жылы Алматы қаласында дүниеден өткен. Қазақстанның Халық суретшісі. Алғашқы суреттерін анасы Айғаншаның жанында жүріп нобайлап сала бастайды. 19330-1931 жылдары «Қарындастың портреті», «Автопортрет» туындыларын салады. Әбілхан Қастеев – қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы. 25 жасында Николай Хлудовтың шәкірті атанған ол кейінірек оқуын Мәскеуде жалғастырады.

«Ескі және жаңа тұрмыс» (1937-1941), «Амангелді сарбаздары» (1970), «Жас Абай» (1945) «Биік таулы мұз айдын» (1954), «Гүл ашқан алма» (1958), «Менің Отаным» (1959), «Жайлаудағы автодүкен» (1963), «Қапшағай ГЭС-і» (1972) сияқты ұлттық бояуы қанық көркем полотнолары суретшінің талант қарымын, тақырыпты шебер игере білуімен құнды. Әбілхан Қасттев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында және ҚР Мемлекеттік мұрағат қорында әйгілі суретшінің көптеген туындылары сақтаулы.

Әубәкір Ысмайылов

Қазақстан кескіндеме мектебінің негізін қалаған суретшілердің бірі Әубәкір Ысмайылов. Ол 1913 жылы бұрынғы Қарағанды облысының Тельман ауданы (қазіргі Абай ауданы) жеріндегі Долинка кенті маңындағы № 6 ауылда дүниеге келген.

Жастай суретшілік өнеріне қызығушылық танытқан ол 1927-1928 жылдары Омбыдағы М. Врубель атындағы кәсіптік көркемсурет техникумының қазақ жастарына арналған студиясында оқыды. 1928 жылы Әубәкір Ысмайылов пен досы Әбілхан Қастеев Москва қаласына оқуға жіберіледі. Мәскеуде бірнеше жыл оқыған соң, Қазақ Суретшілер Одағын ұйымдастыру мақсатымен Қазақстанға оралады. 1933 жылы Қазақстан суретшілер Одағы ұйымы құрылғанда, оның алғашқы төрағасы болып сайланды. Әубәкір Ысмайылов тек суретші ғана емес, Мәскеуден режиссер мамандығын оқып тәмамдайды. Қазақстандағы кәсіби би өнері негізін қалаушылардың бірі де – Әубәкір Ысмайылов. Ол сонымен қатар актерлік, күйшілік, әншілік, киногерлік ісімен де ерекшеленген жан. «Тақиялы періште» фильміндегі Тана жеңгейдің ескі досы рөлін Әубәкір Ысмайылов ойнаған.

Өмірінің соңғы жылдарын суретші кескіндемеге арнайды. Монументальды полотноларда жұмыс жасайды. «Хан тәңірі», «Жуалы кеңістігінде», «Құртоғай», «Қорыт-ата», «Абай достарымен бірге», «Жейрендер алқабында» және тағы басқа полотнолармен қатар, Әл-Фараби, Назым Хикмет, Абай, Қорқыт ата бейнелерін сомдаған.

Қазақ өнерінің жарқын жұлдыздарының бірі Әубәкір Ысмайылов 1999 жылы өмірден өткен.

 

Орал Таңсықбаев

Қазақ кескіндеме өнерінің аса көрнекті өкілі Орал Таңсықбаев. Ол 1904 жылы 14 қаңтарда Ташкент қаласында дүниеге келді. КСРО Халық суретшісі Орал Таңсықбаев монументалды полотнолар мен пейзаждық картиналар жазудың хас шебері болды. 1929 жылы Пенза көркемсурет училищесін бітірген Орал Таңсықбаев реалистік кескіндеме жанрының негізін қалады. Орал Таңсықбаев өзбек және қазақ халқының өмірінен шынайы туындылар жазған суретші. «Қалқаман-Мамыр» спектакліне жасаған декорациясы – Орал Таңсықбаевтың ұлттық бағыттағы кесек туындысы болды. «Көш», Қарақұм ГРЭС-індегі таң», «Туған өлке» т.б. көптеген туындылары – көркемсурет өнеріне қосқан айтулы үлес болып саналады. 1974 жылы Нүкіс қаласында өмірден өткен қазақтың әйгілі суретшісінің бірнеше туындысы Қазақтың көркемсурет мұражайында сақтаулы.

Молдахмет Кенбаев

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, алғашқы қазақ кәсіби суретшілерінің бірі, кескіндемеші Молдахмет Сыздықұлы Кенбаев 1925 жылы Қостанай облысы Амангелді ауданы Сартол аулында дүниеге келген. 1931-1941 жылдары Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленеді. 1948 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1956 жылы Мәскеу көркемсурет институтын бітірген. Талантты суретшінің қылқаламынан «Әліби Жангелдиннің отряды», «Шопан әні» (1956), «Әңгіме үстінде» (1957) сияқты туған жер тарихынан сыр шерткен алғашқы туындыларынан-ақ суретші есімі қалың көпшілікке кең танылды.

«Киіз басу» (1958), «Сабан той», «Тұскиіз» триптихы» (1960), «Қашағанды қуу» (1961), т.б. кескіндемелік еңбектердің, «Алматының төңірегі» (1958), «“Суат басында», «Қыстауда» (1966), «Тау бөктерінде» (1967), «Жайлаудағы таң» (1975), «Бурят әйелі» (1956), «Суретші әйел портреті» (1957), «Мұхтар Әуезов”» (1977), «әл-Фараби» (1980), т.б. пейзаждар мен портреттердің авторы.  Молдахмет Кенбаевтың шығармалары өзінің қанық ұлттық бояуымен, буырқанған идеялық динамикасымен ерекшеленеді. «Қашаған қуу» атты туындысы – қазақ ұлттық сурет өнерінің кесек туындысына саналады. Соынмен қатар монументалды өнер саласында өнімді еңбек еткен Молдахмет Кенбаевтың қолтаңбасы – Алматы қаласындағы «Алматы», «Қазақстан мейманханасы, «Неке сарайы», Донецкідегі Металлургтер сарайы, Мәскеудегі «Қазақстан» кинотеатры т.б. ғимараттардың көркін кіргізіп тұр.

Талантты қылқалам шебері 1993 жылы 18 мамырда Алматы қаласында өмірден өткен.

Қанапия Телжанов

Қазақ монументтік кескіндеме өнерінің негізін салушылардың бірі Қанафия Темірболатұлы Телжанов 1927 жылы 1 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданында дүниеге келген. КСРО Халық суретшісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.

1937 жылы КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы дарынды жасөспірімдер көркемсурет мектебіне қабылданып оқиды. 1947 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, 1953 жылы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтының кескіндеме факультетін бітіріп, өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет атқарады.

Қанапия Телжанов «Еңбек адамдары» атты топтамасы («Көкпар»,  «Атамекен», «Домбыра әуендері», «Тыныштық», «Кеңес») үшін 1967 жылы Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығына ие болады. Қанапия Телжановтың шығармашылығы реалистік сарынымен ерекшеленеді. Туған өлке табиғаты мен ондағы қарапайым еңбек адамдарының шынайы бейнесін замана ағымымен үндестіре беру – қылқалам шеберінің жетістік қыры болды.

2013 жылы Алматы қаласында өмірден өткен.

Қазақ бейнелеу өнерінде жоғарыда аталған корифейлермен қатар, Сахи Романов, Хакімжан Наурызбаев, Үке Әжиев, Сабыр Мәмбеев, Гүлфайрус Исмаиловалардың есімдері ерекше аталады. Кейінгі буын қылқалам өкілдері заманауи жаңашыл ағымдар мен бағыттарды игеру жолында батыл эксперименттерге барып, өзіндік ізденіс жолында қазақ бейнелеу өнерін алға сүйреп келеді. Ол – өзге тақырыптың өзегі болмақ.

Бөлісу: