Қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар "Ақ жол" газеті

2 Қазан 2017, 11:04 14362

Алаш баспасөз тарихы мен Сұлтанбек Қожанов

ХІХ ғасырдың басы қазақ баспасөзінің молайған, бір арнаға түскен мезгілі еді. «Сары-арқа», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Ақ жол», «Тәжі», «Жас қайрат», «Ұшқын», «Кедей сөзі», «Бостандық туы», «Қазақ тілі», «Жаңа дауыс», «Кедей еркі», «Қызыл ту» газеттері, «Абай», «Шолпан», «Сана», «Таң» журналдары жарық көрді. Осылардың қай-қайсысы болсын сол кездегі аумалы-төкпелі тарихи кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, әлеуметтік ахуалынан, енді орныға бастаған Кеңестер үкіметінің жайынан, бізге беймәлім кейбір қырларынан хабардар етеді. «Ақ жол» газеті бұл тұрғыдан алғанда оқырман қауымға берері тіпті де мол.

Жалпы газет мазмұны:

1. Басқармадан

2. Сыртқы хабарлар

3. Ішкі хабарлар

4. Бұйрық-жарлықтар

5. Әйел теңдігі

6. Жастар арасында

7. Ресми бөлім

8. Елден

9. Басмашылар тарихы сияқты айдарларға бөлінеді.

Бұл кітапқа енген сандардың редакторы – С.Қожанұлы пен уақытша шығарушы Қ.Құлетов. Бұдан кейінгі сандарға С.Оспанов, С.Аспандияров, С.Садуақасов, И.Тоқтыбаев, Н.Төреқұлов, Тоқжігіт Байқасқаұлы, М.Қайыпназар қатарлы белгілі тұлғалар қатысады. No271-305 сандарын Түркістандағы жазушылар ұйымы шығарады.

Сталиннің хатынан кейін әдебиет пен мәдениеттің қайнаған ортасы, алаш зиялыларының топтасқан жері Тәшкенттен алыстатылып, редакция Шымкентке көшіріледі. Алайда, алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» қызыл кісенге тірсегін қажатып, тұсаулы тұлпардай шапшуырлап алға ілгерілей берді. Газеттен түскен ақшаны Арқа мен Жетісудағы аштарға жәрдемге жіберді.

Аралдың майшабағын Мәскеуге тасытып, май шайнап отырған «маңғаз» коммунистер болса бұл кезде аштықтан шыбындай қырылып жатқан қазақ-қырғыз жұртының нәубетті хәлін көрсе де көрмеске салды. Елдегі жағдайды еріннен шығармақ түгіл емеурінмен айтуға тыйым салған кеңестік цензура әлдебір жандайшаптары арқылы газет атынан да мін тапты. «Ақ жол» неге «қызыл жол» емес. («Ақ жол» No11, бейсенбі, 6 январь, 1921 жыл «Басқармаға хат»).

Мұның ең басты себептерінің бірі де, бірегейі де газет бетінен үлкен көрініс тапқан, қазақтың шөбі шүйгін, суы мол шұрайлы қонысынан айырып, бетпақ далаға, тау-тасқа тентіретіп жіберген орыс «қара шекпенділер» туралы наразылық. Партия басында отырған қазақ өмірінен хабарсыз немесе біле тұрып «білгенін істейтін» «қызыл шекпенділер» туралы бас мақалалар.

Алдындағы ақтылы қойынан, ата қонысынан, бас еркіндігінен айрылған, қазақ-қырғыздың көш жолында көзіне тамшы тиген ботадай шыр көбелек айналған шындығы. Айталық, «Ақ жолдың» 1921 жыл 26 апрель, сенбі 48-ші санында «Түркістан қазақ-қырғыз съезіне ел жайынан берілген баяндамалар (Әулиеата 20-30 январь 1921 жыл) Піспек үйезі» атты мақалада анық көрінеді. «Переселен мекемелері ашылып, іштен мұжықтар келе бастаған соң, қазақ-қырғыздың шаруасы кеміп, мал азайып, егін шашатын жері тарыла бастады. Переселен мекемелері елдің қолындағы еңбек сіңіріп қазып шығарған суларын, ең қадірлі шабындықтарын, егіндіктерін тартып алып келімсектерге беріп, соларды орналастырды. Қырғыздарды ата мекенін шығарып, қолайсыз сусыз жерге айдап салды.

Сонан бастап мал тұқымы азая берді. Ел өспеді. Кеміп кейін кетті. Қазақ-қырғыз кедейлері келімсектерге жалшылыққа кірді.

Сонымен келімсек отаршылар тұрғын халыққа екі айырып екі түрлі көзбен қарайтын болды: бірсыпыраларын өзінің жалшысы, құлы деп санады. Екіншілерін жау көріп аямай қырып жібергісі келді. Екі ұлт арасында араздық туды. Зоршылдықтар қожалық етуге ұмтылды. Қазақ-қырғыз өзінің бұрынғы құқығын жоқтайды» дейді. Сонымен қатар Тәшкен төңірегіндегі Ферғанадан бастап Сырдария, Жетісу, Арқа, Әулиеата, Торғай, Бөкейлікке дейінгі тұтас аумақтағы халықтың жалпы жай-күйінен толыққанды мағұлмат береді.

Алдағы сандарында қазақ-қырғыз даласындағы істер (мектеп ашу, бала-бақша салу, түрлі мамандық иелерін дайындау), жастар съезі, жалпы қазақ-қырғыз съезі кеңінен сөз болады. Халықтан алынатын алым-салық туралы «Ақ жолда» жазылған кейбір мақалаларды оқып отырып, Қазақстанда кіші қазан төңкерісін ұйымдастырып, қазақ даласына нәубет әкелген голощекиндік саясаттан бұрын да қызыл үкіметтің басында отырып жөнді-жөнсіз салық салып, онсыз да шаруасы шатқаяқтап, шаңырағы шайқалған қазақ-қырғыз жұртының берекесін алған құйтырқылардың орынсыз іс-әрекетін айыптау да жиі кездесіп отырады. Айталық, 1920 жыл 24 декабрь 6-шы санындағы ел жайынан жазылған «шошқа салығы» атты бөлімде:

«Екі-үш күн болды. Шымкент үйезінің кіндік комитетінің мүшесі «н»-ден келген телеграммаға қарасақ, мынадай сөз жазылған: Шымкент үйезінің азық-түлік комитетінің бастығы жолдас Кривошапов ет салығын бөлгенде, Шымкнет қазақ болыстарына 300 пұттан артық шошқаның етін салған. Тым болмаса, «өздеріңде шошқа болмаса, орыстардан алсаңдар да тауып беріңдер» демейді. Тек соңғы бұйрығында ғана «шошқаларың болмаса (!), оның орнына қой етімен берсеңдер де болады» деген.

Бір ғасыр бойы мұрағат шаңына көміліп, сарғайып жатқан «Ақ жолды» парақтап отырып бүгінде өзекжарды мәселелердің бірі болып отырған тіл мәселесі осыдан 100 жыл бұрын көтерілген жайдың жалғасы екенін оқығаныңызда жағаңызды ұстамасқа амалыңыз қалмайды.

Ел ішіндегі болып жатқан түрлі саяси жағдайлармен қоса «сыртқы хабарлар» бөлімінде сол кездегі әр алуан халықаралық шиеленісті оқиғаларлан хабардар етеді. Мағжанның, Бейімбеттің, Аймауытовтың және басқа да алаш қаламгерлерінің төл туындылары кездесіп отырады.

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, жүз жылдықтың алғашқы жартысындағы ұлт тәуелсіздігінің ірге тасын қалаған Алаш зиялыларының аманат сөзі кітап етіп басылды.

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Бұл – тәуелсіздігі болмаған елдің тәуелсіздігі емес, объективті жағдайда тәуелсіздігінен айырылған елдің қайта қол жеткізген тәуелсіздігі. Ендеше, бұл «қол жеткізудің» қилы-қилы тарихы, белес-белес шежіресі бар.

Алаш тарихы мен руханиятын зерттеп жүрген маман ертінде «тәуелсіздік жолындағы күрестің бір белесі» деп, Түркістанда шыққан «Ақ жол» газетін толық сеніммен атай аламыз.

Біз бұл жерде «Түркістан» деген ұғымды тарихи мағынада орынды қолданып отырмыз. Газет Ташкентте шықса да, ХХ ғасыр басының кез-келген сауатты адамы бұл қаланы да, аумақты да жинақтап, «Түркістан» дер еді. Өкінішке қарай, қазір осыны қалың әлеуметке ежіктеп түсіндіруге тура келеді...

Әлқисса, Шымкентте тұрса да республикаға танымал Ханбибі Есенқарақызы ныспылы ақын, қайраткер біраз жылдан бері облыстық қуғын-сүргін құрбандары мұражайын басқарады. Ақындығы мен зерттеушілігі қатар өріліп келе жатқан осы апайымыз жақында «Ақ жолдың» толық басылымын жариялауға байланысты әрі қамығып, әрі жігерленіп іске кірісті. Әлемді білмедік, асса ТМД, қалса Қазақстандағы мұражай басшылары отын-су, жанармай-жағармай, айлық-шайлық деп бебеу қағып жүргенде, Ханекең мәңгіліктің мәнді әңгімесін қозғайды. Тарихқа терең бойлағысы келеді. Шаң қапқан «Ақ жолды» ағартуды қалайды. Шымқаладағы айырықша мұражайды тың деректермен шырайландыруды аңсайды.

«Ақ жол» жинағының 1-2 томына аталған газеттің No1 нөмірінен (07.12.1920 жыл) No38 нөміріне (22.03.1921 жыл) дейінгі саны топтастырылған. Бұл шақтағы оның жауапты шығарушылары (бүгінгі тілмен айтқанда «бас редакторлары») – Сұлтанбек Қожанұлы мен Қазмұқамбет Құлетұлы. Әрине, басылым аптасына 3 рет шығып тұрса, Сұлтанбек іссапар шыққанда Қазмұқамбет редакцияласа керек. Газеттің бас қаламгерлерінің бірі – Міржақып Дулатұлы. Ол бұл кезде де «Мадияр» ныспысымен өндіртіп жазыпты.

Сондай-ақ осы бастапқы «Ақ жол» нөмірлерінен Мағжан мен Бернияз өлеңдерін, І.Жансүгірұлы мен қырғыз зиялысы И.Арабайұлы мақалаларын, қазақ-қырғыз институтына, бастапқы ұлт оқу құралдарына, әуесқой театрлық қойылымдарға байланысты деректерді ұшырастырамыз. Газеттің тағы бір үлкен тарихи миссиясы – Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуына деген Түркістанның көзқарасын (ол кезде екеуі бөлек республика ғой) айна қатесіз жеткізген дер едік.

Біз ақын Б.Күлейұлының 20-жылдары Қазанда жұмыс істегенін (Қазақстан баспасының өкілі болып) жақсы білеміз. «Ақ жол» әріптесі «Еңбек туы» газетіне сүйеніп, мынадай мәлімет береді: «Қазанда басылып жатқан қазақша оқу кітаптары. Бастырылуға берілген кітаптар: 1) «Баяншы». Ақымет Байтұрсынұлы. 30000 дана; 2) «Оқу-құралы» - 50000 дана; 3) «Тіл құралы І» - 25000 дана; 4) «Тіл құралы ІІ» - 25000 дана; 5) «Есеп құралы І». Мирякуп – 25000 дана; 6) Есеп құралы ІІ – 25000 дана; 7) «Қирағат» кітабы 25000 дана. Қазірде осылардан басылып бітіп Орынборға келгені: «Тіл құралы І» - 35000; жиналып болып қағазға қарап тұрғаны – «Баяншы». «Тіл құралы ІІ», «Есеп құралы ІІ», «Қирағат» кітабы жиналып жатыр. «Есп құралы І» оқу құралы жартылап басылады. Бұларға жетерлік қағаз алынды. Қағаз болса басылуға дайындалып қойылған кітаптар: «40 мысал», Абай, өлең-жыр құрамасы (газет-журналдарда басылған тәуір өлеңдер). Бұл кітаптарды бастырып жүрген жігіт Бернияз Күлейұлы 29-шы өктәбірде Орынборға кітап алып келді. Жақын арада қайтадан Қазанға жүреді».

Бүгінгі тәуелсіз, демократияға тым құштар Қырғызстанда Ишанғали Арабайұлы атындағы мемлекеттік университет бар. Бірақ, өкінішке қарай, қазақ пен қырғызға ортақ осы зиялының жеке толымды кітабы әлі шықпаған. Ал, осы болашақ кітапқа кіретін бір мақаласы «Ақжол» газетінде жүр. Ол «Қырғыз шәкірттері» деп аталады. Автор бүй дейді: «Аймақтық қазақ-қырғыз институтындағы қырғыз шәкірттерімен бас қосып бір сөйлескенде, «Жаз шығып азат болған уақыттарыңызда не қылатын ойларыңыз бар?» деп сұрап едім. Олар маған мынадай сүйінішті кеңес берді. «Биылғы оқуымыз бітіп, азат болғаннан кейін, һәр қайсымыз һәр тарапқа бірден тарап кетпей, осы институтта қаншама қырғыз шәкірттері болса, барлығымызда бір болып, халық арасына көшіп жүретін «көшпелі театр» ашудан ойымыз бар. Ол театр үшін де һәр түрлі әдебиет, қысқасы, қараңғы халықты, ғылым тілімен айтқанда, ғылыми-саяси жағынан оятсақ дейміз. Оның үшін де керекті болған материалдарды осы бастан әзірлеп, бос уақыттарымызда қырғыз тіліне аударып жүрміз. Көп ұзамай-ақ, бұл мақсатымызды институт бастығы жолдас Табынбайұлына білдіріп, көшпелі театрға керекті аспапты  даярлатып та алармыз деген ойымыз бар» деді.  Мұнан кейін мен тұрып:

-Бауырларым! Жалғыз институтта оқыған қырғыз шәкірттерімен ғана бұл айтылғандарды орнына келтіруге күштерің жете ме? – дедім.

-Әрине, жетеді. Өйткені, институттан басқа орыс мектептерінде оқып жатқан қырғыз шәкірттері де бізге қосылады һәм мұғалімдеріміз де біздің бұл мақсатымызға қосылып, әрекет қылушылары болар деп ойлаймыз, - дейді шәкірттер».

Тарихи «Ақ жол» газеті қазақ тілінің кеңсе тілі, ресми тіл болуына да қам жейді.

«Ақ жол» шығып тұрған 1920-1925 жылдары қандай саяси қиын жылдар екені түсінікті. Газет соған қарамай түрік бірлігі, Алаш қозғалысы мен тұлғаларына байланысты қарай айтылған И.Гаспринский, М.Боштайұлы т.б қайраткерлер туралы жазғандары куә бола алады. Мысалы, Мұқыш Боштайұлы 36 жасында аурудан дүниеден озғанда, газет: «Алдыңғы қатарлы Алаш азаматтарының бірі, аяулы жолдасымыз еді» деді.

«Ақ жолда» қатталып қалған тағы бір тың мәлімет: Орынбордағы қазақ азаматтары Түркістан зиялыларымен бірігіп «Білім туы» атты журнал шығармақ болып қаулы алыпты. «Қазақстан, Түркістан деп бөлінбей, күшті де бөлмей, уақытша жалпы қазақ атында бір-ақ журнал болсын» депті басылым. Дәйексөзбен келтірсек, «Журнал Ташкенде басылады. Басқармасы да Ташкенде болады. Тек Орынбордағы азаматтардан жазушылар коллегиясы құрылып, материалдарын Ташкент жібереді. Һәм Ташкенттен де жазушылар коллегиясы құрылады.

Түркістанның беделді газетінің елеулі еңбегі осындағы педагогикалық институтты танытуы дедік. Қазір білім саласының тарихын зерттеушілер ҚазПИ тарихын 1928 жылдан бастап қатты қателесіп жүр. Шындап келгенде ол 1926 жылы Ташкнеттегі (Түркістандағы) «КазПедВуз»-дан басталады. Ал, оның алдында не бар еді? Оны да «Ақ жолдан» табамыз. «1917 жылғы өктәбір төңкерісінен кейін қазақ-қырғыз іштерінен шыққан азын-аулақ ісшілердің біразы саяси істермен шеттеп кетті. Қалғандары қарап жүре алмай халық-ағарту жұмысына берілді. Ол уақыт құрғақ сөздің дүрілдеп тұрған кезі болғандықтан және хүкімет басындағы жолдастардың көбі ортақшылдық саясатының батырлары болғандықтан, талаптары онша мандымаса да, көп еңбектің арқасында жүріп бір семинарияның басын қалқайтты. Бұл семинария 1918-ші жыл 15-ші нөйәбірде ашылып, оқуы қазақ тілінде болды. 150-дей оқушылар мен өткен 20-шы жыл 1-ші сентәбірге шейін өмір сүрді. Енді бұл күнде өткен нөйәбірдің 10-нан бері «Қазақ-қырғыз институты» атында болып ашылды. Семинария мен жаңа ашылған иституттың айырмасы мынадан аңланады: семинария – орта дәрежедегі оқу жайы, институт жоғары дәрежелі оқу жайы.

Біз газет тек жаман, жат нәрсені көрді деп айта алмаймыз. Басылым үшін ең маңызды нәрсе – ақпарат десек, «Ақ жол» оны да орайымен жеткізген сыңайлы.

Мәселен, Қ.Төртімбайұлы атымен (бәлкім, псевдоним) берілген «Үш бала туды» атты хабарламаға назар аударайық: «Қазалы үйезі, Қаракөл болысы 3-ші ауыл азаматы Сексен Қожырұлының қатыны Жібек осы фебрәлдің 7-де үш бала тапты. «Естімеген елде көп» деген осы» деп жазды.

Ірі қоғамдық-саяси, ғылыми-ағартушылық мәселелерден бастап, қарапайым тұрмыстық-танымдық мәселелерге дейін халықтың сұранымы мен өресіне орай қорытып, сараптап отырған «Ақ жолдың» тарихи орны әрқашан айқындала көрінеді. Өйткені оның басында тұрған қаламгердердің қабілеті, ұстаным, елдік парасатпен біте қайнасқан еді.

Газетте басылымның басы-қасындағылардың стилі, бағдары көрініс табады. 20-жылдардың бүгінге еміс-еміс жеткен аңыз-әңгімесінен білетініміз: тұстастары «Жаһаншаны – сөйлеудің шешені, Міржақыпты – жазудың шешені» дейді екен. Сондай-ақ, Сұлтанбектің шешендігі мен турашылдығы туралы деректер жеткілікті. «Ақ жол» ұстанымы Алаш жүгін артқан арбаның қос арысындай Сұлтанбек пен Міржақып табандылығымен айқындала түседі.

Халыққа қайта жеткен «Ақ жол» газетінің түпнұсқа негізінде әзірленген жинағымен танысқан оқырман өзіне көп нәрсе табады деп есептейміз.

«Ақ жол» әрқашан ұлтқа олжа салған басылым болып қала бермек.

«Ақ жолдың» қазақ қоғамындағы атқарған қызметі мен алар орнына алғашқылардың бірі болып назар аударған академик С.Қасқабасов былай дейді: «тарихымыздың осынау қаралы беттерінде И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатының ел ішінде зобалаң туғызған сүреңсіз рөлі әлі де нақты айқындала қойған жоқ.  Мұны терең зерттеу, осы хаттың ауыр салдарына ғылыми баға беру тарихшыларымыздың үлесі». Ғалымның ұсынысын қуаттай отырып, мәселеге барынша айқындық беру үшін И.Сталин хатының салдарын емес, ең алдымен оның жазылу себебін анықтаудың ғылыми маңыздылығын айта кеткеніміз орынды болар.

«Қазақ» газеті 1918 жылдың 16 қыркүйегінде ең соғы 265 санынан соң өз шығуын тоқтатты. Оның көп себептерінің ең бастысы кеңестік биліктің қысымы болғандғы белгілі. Ал 1920 ж. 18 сәуірден бастап жарық көріп, 7 желтоқсанынан бастап «Ақ жол» атымен шыға бастаған газет «Қазақ» көтерген алаштық идеяның жығылған туын іліп әкеткендей еді. Түркістан коммунистік партиясының Орталық Комитеті Атқару бюросы халықпен жүргізетін идеологиялық жұмыстар кешенінінің бірі ретінде 1920 ж. 19 қазандағы мәжілісінде «Қырғыз газеті туралы» мәселе қарап, ТКП ОК мен ТүркОАК органы ретінде «Ақ жол» газетін шығаруға; газетті аптасына кем дегенде 2 рет жартыбаспа табақ көлемінде 12 мың данамен шығаруға шешім қабылдап, жауапты редакторлыққа Сұлтанбек Қожанұлын, жауапты хатшылыққа Міржақып Дулатовты тағайындайды. Газеттің алғашқы саны 1920 ж. 7 желтоқсанында жарық көрді. Осы кезде редакция құрамында Иса Тоқтыбаев, Хасан Алиев, Абдулла Байтасов, Қоңырқожа Қожықов, Хади Илаев, Ғабит Алпаров қызмет істеген газеттің алғашқы санына жауапты редактор Иса Тоқтыбаев қол қойған. С.Қожановтың республика көлеміндегі қоғамдық-саяси процестерге белсене араласқан қызметі оның газет редакторлығымен тікелей айналысуына мүмкіндік бермегені байқалады. Осы жерде айта кететін бір мәселе – «Ақ жол» газетінің ізашары жөнінде 1920 ж сәуірінде Ташкентте ТүркОАК пен Түркістан майданы саяси бөлімінің атынан аптасына екі рет шығарылатын «Жаңа өріс» газеті жарық көре бастаған. 1920 ж. 27 шілдеге дейін 14 саны жарық көрген «Жаңа өріс» негізінде жаңа сипаттағы газет шығару қажеттігінен туған. Соған байланыстын ТКП ОК хатшысы Н.Төреқұлов мәселеге баса мән береді.

«Ақ жолдың» жарық көруіне тікелей бастамашыл болған Нәзір Төреқұлов ТКП ОК жауапты хатшысы ретінде уақыт талабына сай батыл әрекет жасаған. Түркістан көпұлтты республика болып қалыптасты. Содан оның құрамындағы Жетісу, Сырдария облыстары, республиканың өзге аймақтарындағы қазақтар үшін де қазақ тілінде республикалық билік органдарының ресми газетін шығару үлкен қажеттілікке айналған болатын.

Осыған байланысты Н.Төреқұлов газетті шығаруға тікелей бастамашыл болғандығын айғақтайтын мынадай дерекке назар аударуға болады. С.Сейфуллин 1937 ж республика партия ұйымының басшысы Л.Мирзоянға жазған хатында былай дейді: «В 1920 г. в г.Москве во время VIII съезда Советов РСФСР я с одним товарищем заходил в номер т.Джангельдина. у него сидели тт. Рыскуов, Турякулов и еще кто-то. Турякулов как раз хвастался, что он «организовал» в г. Ташкенте, в тогдашней ТуркестанскойС Республике, казахскую газету под названием «Ак жол» («Белая дорога»), что «газетов этой руководит приглашенный им извстный, авторитетный (го выражение) писатель Мирякуп Дулатов». Когда он со смакованием произнес это, я тут же со смехом вставил: «И название газеты белогвардейский!» Рыскулов засмеялся, а Турякулов побагровел». Бұл деректен ұлттық элита өкілдерінің жеке бас араздығының емес саяси-идеялық көзқарастарының қақтығысын көреміз.

«Ақ жол» газетінің таралуы негізінен Түркістан республикасының аумағын қамтығанымен, ол ішінара қазақ автономиялық республикасына да таралған. Тіпті, оның астыртын жолдармен шет елге де таралғандығын М.Шоқайдың еңбектері арқылы біле бастадық. Республикалық басшылық бектікен 12 сың дана газет тиражы сол кезең үшін аз емес еді. Дегенмен сұранысқа сай газеттің тиражы үнемі өсіп отырған. Айталық, «Ақ жолдың» 1923 ж. 15 желтоқсан күнгі саны 21 690 данамен тарады. Қаржылық, техникалық, ұйымдық себептерге байланысты газеттің тиражы құлдыраған кездер де болған. Д.Махат мұрағаттық құжаттарға сүйеніп, 1925 ж күзінде «Ақ жол» газетінің тиражы  3 мың данаға дейін төмендегенін жазады және оның себептерін былай белгілейді: «Ол біріншіден, бұрынғы «Ақ жолдағы» тәжірибелі тілші-мамандар ұстанған саяси бағытына орай редакциялық жұмыстан кетірілгеннен кейінгі кездегі газеттің мазмұн мен тіл жағынан кемшіліктері болды. Екіншілен, сипаты жағынан бұқаралық шаруа басылымы және Сырдария Губкомы мен Губаткомы органы болып қайта құрылғаннан кейінгі кезеңдегі оқырманлар саны күрт төмендеді. Үшіншіден, техникалық сапасына байланысты. Ташкентте газет жақсы сапалы ақ қағазда, үлкен көлемді, жаңа қаріппен шықты. Шымкентке келгеннен кейінгі газет сапасы ашар қағазда, көлемі шағын және бас әрпі жоқ, біркелі қаріппен басылды». Бұл аталған себептермен келісе отырып, өз тарапымыздан, газет құрылған кезде қазақ тілді зиялы қауымға арналғандықтан онда жарияланған материалдардың әдеби, мәдени деңгейі жоғары болды. Ал партиялық билік баспасөзге қатаң бақылау орната бастағанда газет мазмұны ұлтжанды сипатынан айырылып, қасаң ресми қалыпқа түсті. Оның үстіне Республиалық мәртебесінен айырылған газетке Қазақ автономиялы республикасы жоғары билігі тарапсынан ешқандай көңіл бөлінбеді. Осы жағдайлар да И.Сталиннің «түн ұйқысын» бұзған «Ақ жолдың» бұрынғы атақ-даңқынан айырылып, жабылуына алып келді.

Сұлтанбек Қожанұлы редакторлық еткен «Ақ жол» газетінің алғашқы нөмірінің нұсқасын ұсынамыз. Онда барлық материалдармен, газеттің бағыт-бағдарымен танысуға болады.

Түркістан Республикасының Кіндік Басқарма Комитеті

Ортақшыл партияның Кіндік Комитетінің газеті

Ташкентте жеті сайын 3 рет шығады

«Ақ жол» №1

Сейсенбі, 7 декабрь 1920 жыл, мешін.

Еңбекшіл, қазақ-қырғыз жұртына!

Қазіргі басымыздан кешіріп тұрған дәуір, жер жүзінің еңбекшілер табы мен жер жиһангерлерінің талас-тартыс дәуірі. Ғасырлар бойына құлдықта, қорлықта өмір сүрген еңбекшілер бүгін өздерін құлданушы таптарды жоғалту жолында қол ұстасып, азаттық туын көтеріп тұрған дәуір. Еңбекшілерді езген, қанын ішкен, құлданған қан ауыз патшамен, жауыз үкіметтің, жалмауыз байларын жарға құлатып, алдымен бас көтеріп жанжал шығарған Россияның жұмыскерлері мен еңбекшіл крестьяндары алдымен басшылық етіп жер жүзінің еңбекшілеріне ұран шақырған, аттан салған, төңкеріс жасаған билікті өз қолдарына алып, Кеңес хүкіметін тудырған Россияның жұмыскерлері мен крестьяндары.

Жер жүзіндегі адам баласын екі ғана тапқа бөлуге болады. Ол екі тап: құлданушылар һәм құлдықта жүргендер табы. Құлданушы таптың саны аз да болса байлықты өндіретін құрал һәм билік өз қолдарында болған соң, еңбекшілерді табанында басып, езіп, жаншып, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізіп келді. Күшсіз, қорғансыз аз ғана нашар ұлттарды бірте-бірте жоғалту жолына түсті. Шет уалаяттарды қоныс қылып қожалық жүргізіп, жұтуға, жоюға айналды.

Байлар, жуандар хүкіметінің қоныс алған уалаятының бірі Түркістан еді. Мұнан бес жыл бұрын Түркістан орыс патшаларының отары болды. Патша хүкіметі орыс байларының, жуандарының пайдасын көздеп Түркістанның байлығын, жер-кенін ескі иелерінің қолынан тартып ала бастады. Жергілікті жұрттардың табан ақы, маңдай терімен солардың өздеріне ектіріп, Түркістанның пұт мақтасын жыл сайын Мәскеуге жөнелтіп отырды.

Ішкі Россияның өз ішіндегі крестьяндар құлдарға айналып, патша хүкіметінің һәм оның шылауындағы байлардың, ақсүйектердің босағасында көздері жылтырады. Олардың да жер-суын тартып алды. Өздерін «мынау менің құлым, анау сенің құлың» деп, крестьяндарға ен салып, енші алысты. Жақсы жерлерін губерниялардың бәрінде де орыс байлары, ақсүйектері қожа болып, крестьяндардың қанын сүліктей сорды. Сондықтан жыл сайын крестьяндар арасында наразылық өсіп, күңкіл шыға бастады.

Патша хүкіметіне крестьяндардың наразылығын кеміту, оларды жұбату керек болды. Сол себепті, қыңқыл шығарған жерсіз, сусыз крестьяндардың бірсыпыра артығын шеткі уалаяттарға көшіру саясатына кірісті. Ол уалаяттар хүкіметтің зорлығына қарсы тұра алмайтын қойдан қоңыр Түркістан, Қазақстан далалары. Әсіресе, Жетісу секілді жерлер еді.

Патша хүкіметі бұл саясатын іске асыру үшін әдейі арнап переселен махкамаларын құрды. Закон бойынша талауға кірісті. Жүздеген, мыңдаған переселен шенеуніктері қазақ-қырғыздың ең шұрайлы қара топырақты, ағашты, сулы жерлерін алып, бұрынғы иелерін тауға, тасқа, тақырға айдап тастады. Бұлардың орнына Россиядағы өз жерінен қуылып келген келімсектерді орнатты. Бұлар әлсіреген. Сосын қонысқа орнаған соң, байи бастады. Байыған сайын жергілікті жұрттарға қожалық, өктемдік ете бастады. Кембағалдардан, ақсүйектерден байлық жиып, қуылып, қаңғырып келгендерін ұмытты.

Патша хүкіметі мұндай саясат қолдану арқылы, екі түрлі мақсатына жетті. Бір жағынан жерсіздіктен, наразылық шығарған крестьяндардан құтылып, олардың мауқын басты. Екінші жағынан, оларды жергілікті жұрттармен жауластырып қойып, соның арқасында Түркістанды өзіндік қылып бекітіп алды. Ақырында, мұнан келіп ұлт дұшмандығы туды. 1916 жылғы Жетісуда болған қозғалыс еңбекшіл қазақ-қырғыз жұртының әбден жаналқымға келген соң, қорлыққа шыдай алмай шығарған қарсылығы еді. Сол қозғалысты патша хүкіметі крестьяндарды қазақ-қырғызбен өшіктіру, жауластыру жолымен басты. Қанша қан төгілді. Байшара қазақ-қырғыз жер-суынан, мал-мүлкінен айырылып, жетім-жесір болып шулап, қол ұстасып, аш-жалаңаш Қытай шегіне босып кетті. Қалған жерін жуан-жұдырық крестьяндар басып қалды. Сол қазақ-қырғыздардың бұл күнгі халі де өте аянышты.

Кеңес хүкіметі зорлық-зомбылықтың қандай түріне болса да қарсы ұлт дұшмандығы деген нәрсе, Кеңес хүкіметінің бірінші жауы зорлық-зомбылық тұрады, я кеңес хүкіметі тұрады. Сондықтан, Кеңес хүкіметі зорлық-зомбылықты негізінен құртуға бар күшін салып һәм жаңа тәртіп шығаратындығын жариялап отыр.

Еңбекші қазақ-қырғыз, тараншы һәм басқа сондай елдердің зорлықпен алынған жер-сулары бұрынғы иелеріне қайтарылады. Әсіресе, 1916 жылдан бастап бұл күнге шейін жуан-жұдырық крестьяндар иемденіп отырған жерлер қайтарылады.

Жер заңы негізіне өзгертіліп, крестьяндарға еңбек мөлшерімен ғана жер қалдырылады. Артық жер мемлекет қарауында болып, жері, суы аз қазақ-қырғызға бөлініп беріледі. Жер бөлгенде сумен пайдалану жағы да теңеледі.

Кеңес хүкіметі езілген, жаншылған қазақ-қырғызды жақтағанда, бір жағынан сол еңбекшіл жұрттың өзіне сүйенеді. Сондықтан, зорлықшыл крестьяндар көшірілген яки олардағы артық жер алынғанда, қазақ-қырғыздың өз арасынан жемтіктес байлары, манаптары арамдық қылып крестьяндардың жерін, малын жасырып, шатақ шығаратын болса, еңбекшіл қазақ-қырғыздар көрсетулері керек. Ондайлар шыға қалса, қазақ-қырғыздың жауы деп білуі керек.

Ішкі Россияда, еңбекшіл крестьяндар өздерін құлданушы жуандарынан құтылып отыр. Жұмыскерлер, фабрикант, зауытшыларының көзін жоғалтып отыр. Қазақ-қырғыз еңбекшілері де солардан үлгі алып, өз араларындағы аш пейілдерді ауыздықтау керек. Жер-суды еңбекшілер ғана иелену керек. Жетісуда еңбекшіл қазақ-қырғызға жеткілікті жуан жұдырық крестьяндардың іс басындағы ескі төрелердің ініне су құйылғалы қам қылынып жатыр. Жетісуды билеп отырған облревкомды жаңғыртып бояма ортақшылдар қуылғалы отыр. Қазақ-қырғыздың қамын қарастыру үшін 15-ші январьға қарсы Әулиеатада съезд болғалы отыр. Қазақ-қырғыз жұмысына белсеніп кірісу үшін ТурЦИК қасында айырықша қазақ-қырғыз бөлімі ашылды.

Екбекші қазақ-қырғыз жұрты естеріңде болсын, Кеңес хүкіметі еңбекшіл халықтың, кедейлердің хүкіметі. Кеңес хүкіметі езілген, жаншылған қара бұқараның хүкіметі.

Кеңес хүкіметі жиһангерліктің тамырын кесуге ұран салып тұрғанда, бұрынғыдай азды-көпке, нашарды жуанға жем қылғызып шыдап отыра алмайды. Кеңес хүкіметі мұнан былай қазақ-қырғыздың мойнына шығып, қанын сорып отырған залымдардың желкесін қияды. Ол жолда қандай қиындықтар құрбандыққа ұшыраса да, тоқтамайды.

ТурЦИК қасындағы қазақ-қырғыз

бөлімінің бастығы Нәзір Төреқұлов

Мүшелері: Г.Сафаров, Сұлтанбек Қожанов,

Санжар Аспандияров

Оқушыларға!

Баспасөз біздің қазақ-қырғызға жаңа жұмыс соңғы он жылдың ішінде ғана бас көтеріп, газет-журнал шығаруға кірістік. Газет жұмысының ілгері баса алмауының бұрынғы себептері:

-халқымыздың көшпелі қалыпта болып пошта жолының нашарлығы;

-жалпы жұрттың надандығы себепті оқушылардың аздығы;

-жазушыларымыздың кемдігі;

-баспаханалырымыздың жоқтығы еді.

Жаңа-жаңа аяқтанып келе жатқан ескі газеттеріміз 1917 жылдан бері неше түрлі өзгеріс, төңкеріске ұшырап, бұл күнде бәрі тоқталды. Енді, Кеңес хүкіметі орнаған соң, баспаханалар, қазақ қызметкерлері, хүкімет билігіне көшіп, газет сөзі де хүкімет шыны болып шығып отыр. Енді газет шығару үшін бұрынғыдай ақшаға мұқтаждық жоқ. Әңгіме тек, газетті дұрыстап шығаруда, реттеп таратуда һәм ел газеттің керектігін біліп оқуында.

Осы кезде байқасақ, қазақша шығып тұрған газеттеріміз көңілдегідей емес. Мұның себептері:

-газет шығаруға лайықты азаматтарымыздың көбі, басқа қызметке араласып кеткендіктен, газеттеріміздің ісі ақсап оқушыны қанағаттандырмай отыр;

-газет басында шын газетшілер отырмағандықтан, күнде шықпау һәм елге дұрыс таралуына қам қылмау;

-баспахана жетіспеу, харіп кемдігі;

-қағаз жоғы, харіп терушілердің аздығы. Бұларды реттеуге, жоғын табуға, азын молайтуға қам қылмау.

Бұл кемшілікті жоғалтпасақ, бізде газет ісі кейін кетпесе, ілгері басады деуге болмайды.

Халқымыздың, оқырмандарымыздың аздығын еске салсақ, бүгіннен бастап халық арасына баспасөзді көп тарату қамына кірісуіміз керек. Заман жайын, саясат бағдарын түсіндіру үшін ел аралап жүрерлік оқырмандарымыз жоқ, дүниеде не болып жатқандығынан халық хабарсыз.

Төңкерістің мәніне жұрт әлі күнге түсініп жатқан жоқ. Көзі көріп отырған нәрселерінен басқа ешнәрсені аңғарған жоқ. Қандай партия майданы, қандай хүкімет жайлы оның анығын білмейді.

Халықтың көріп отырғаны малын алып жатыр, астығын алып жатыр. Адамдарын солдатқа, қара жұмысқа алып жатыр. Таптық соғыс әлі тоқталатын көрінбейді. Ашаршылық, жалаңаштық мұның бәрі қара халыққа жұмбақ.

Мұның үшін төңкеріс жайын, дүниеде не болып жатқанын қазіргі күнде халықтың тұрмысы қандайлығын, не істеу керектігін, түгел баяндап отыруға газет керек.

Елге шығып жүрген инструктор-агитаторлардың көбі надан. Біразы болмаса, көбі партияға түсініп кірген емес. Күн көру, жан сақтау үшін кіргендер. Елге сайлауға шыққан инструторларды пара алып, көңіліне жақпағандарды ұрып-соғып, қан қақсатып жүргендері бар. Қонған үйлерінде сұлу қыз, жас келіншек болса, үй иесін бір жаққа жұмсап жіберетін «ортақшылдар» да жоқ емес. Коммунизм кімге қарсы дегенді естігені бар. Кейбір ет пен терінің арасындағы ортақшылдар: «намаздың не керегі бар, құдай әлдеқашан өлген» деген секілді керексіз сөздер сөйлеп, қара халықтың көңілін қайтарып жүргендер де бар. Мұндайлардың сотқарлығын,қиянатын тиісті орындарға білдіруден ел қорқады. Бар қолынан келгені өзара сөйлескенде «коммунасы құрысын, коммунист болғанда көретін күніміз осы да, құдай мұнан қашан құтқарасың» деп күңкілдесу.

Елге шыққан инструтор-агитаторлардың мұндай істерінің Кеңес хүкіметінің жолына теріс екенін, мұндай адамдардың халықты кеңес хүкіметінен бездіретін мұндай сотқарлығы білінгендерден халықтың қорықпау керектігін баяндау үшін де газет керек.

Халықтың көзі ашылсын, дүниеден хабардар болсын, саясат бағытын білсін, халықтың қазіргі тұрмыс суреті көзге көрінсін. Жөн-жоба көрсетіп, жол сілтесін десек, бүгіннен бастап газеттерді дұрыс шығару қамына кірісуіміз керек. Жоғарыда айтылған кемшіліктерді түзетуіміз керек. Газет шығаруға лайықты азаматтарды өз орнына қоюымыз керек.

Газеттің төрт аяғы тең болуы үшін басқа қызметтерде болса да, әр алуан білім иесі азаматтар ат салысу керек. Мәселен, мұғалімдер үшін де, докторлар, фельдшерлер, агрономдар, инженерлер газетке үнемі болмаса да, анда-санда жазып тұрулары керек. Елде тұратын, яки елге қатынасы бар азаматтар хабар жазып тұрулары керек. Елге жайлы, жайсыз не жұмыстар болып жатыр, жәбір-қиянаттары қандайлық. Бәрін газет жүзіне шығару керек. Біреуге жала жаппай, нағыз шынды жазудан тайсалмау керек. Ел ішіндегі бейбастақтық, зорлық-зомбылық осы жолмен біраз кемуі мүмкін. Махкамаларда, ұйымдарда қызмет ететін пікірлі азаматтар өздерінің халыққа пайдалы істеп отырған істерінің барлығын жіберіп отырса, нұр үстіне нұр.

Қысқасы, газет жұмысын ілгері бастыру үшін жарық ойлы зиялы азаматтарымызды жәрдемге шақырамыз. Бауыны бекіп, бұғанасы қатпаған буындарымынды тәрбиелеу – бәрімізге ортақ борыш.

Газет туралы өткен кемшілігімізді еске түсіріп, келешек ісіміз жемісті болуына иман келтіріп, мынау «Ақ жолды» алдарыңа тартып отырмыз. Көздеген мақсатқа адастырмай тура бастайтын «Ақ жол» болғай еді.

Дана Мәулен
Бөлісу: