Қазақ әскери журналистикасы және отаншылдық рух

26 Тамыз 2017, 10:00 6238

Қазақ әскери баспасөзі

Қазақ әскери баспасөзі – біртұтас қазақ журналистикасының құрамдас бөлігі болып табылатындықтан оның тарихы мен даму жолдарын отандық медиа жүйесінен бөліп қараудың негізі жоқ. Қазақ халқы XX ғасырдың алғашқы жартысында отарлаушы мемлекеттердің қолымен жасалған алуан түрлі зобалаңдарға қатты ұшырады. Саяси қудалау, қолдан жасалған аштық, екінші дүние жүзілік соғысты айтпағанның өзінде қазақ халқы  өздерінің азаттығы мен туған жерінің бүтіндігі үшін де бірнеше мәрте қолдарына қару алып, бас көтерулеріне мәжбүр болды.

Жалпы, туған жер, ата қонысын киелі санайтын иісі қазақтың ортақ тарихи тағдырын әскери жауынгерлік рухтан бөліп қарауға келмейді. Кеңес Одағы орнаған ХХ ғасырда қазақ әскерилері кәсіби тұрғыдан қалыптасқанымен көптеген қиындықтарды бастан кешірді. Сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұшырады, ұлттың қаймағы болған зиялылары түрмеге қамалып, жала жабылды, қарулы күш пен оның салалық басылымдары халықтан жасырын құпия жағдайда құрылып, іс қызметтеріне жалпыға ашық жариялана бермейтін қаулы-қарарлар арқылы басшылық жасалды, нұсқаулар берілді.

Әйтсе де, соған қарамастан әскери журналистика өз ортасын, оқырман қауымын тауып, кәсіби тұрғыдан дамыды. Сондықтан, оны кеңес тұсында зерттеу мүмкін болмады. Дегенмен, «орнында бар оңалып», 1991 жылы азаттыққа жеткен соң бұрындары әскери құпия саналған осы саланың тарихын зерттеу ісі де біртіндеп жария бола бастады. Алайда, әлі де бұл саланы жіті зерттеген қомақты ғылыми еңбектер жоқтың қасы.

Тәуелсіздік жылдарында тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып, бұрын жазуға тыйым салынған көп құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға мүмкіндік туғаны белгілі. Осылайша, ұлтымыздың рухани тұрғыдан жаңаруы, шынайы тарихымыздың көмескі қалған тұстарының қайта қаралып, зерттеле бастауы, бұрын беймәлім болып келген шындықтардың ашылуы егемендіктің арқасында. Сондай-ақ, қазақ әскери баспасөзі мен мәдениетін танып, зерттеп-зерделеуге мүмкіндік берді. Бұл жағдай әскери журналистиканың бізге беймәлім тұстары ашылып, зерттеліп, жинақталып, ұлт ұландарының отаншылдық рухын оятуға өз үлесін қосуға тиіс.

  Тәуелсіздікті нығайту жолында жастардың патриоттық тәрбиесі қаншалықты маңызды болса, оны қалыптастырушы бірден-бір тетік болып табылатын әскери журналистиканы ғылыми тұрғыдан зерттеу де соншалықты маңызды. Ол – отаншылдық рухты оятудың жолдарын тануға жетелейтін аса мәнді фактор.

Қазақ әскери журналистикасының қазіргі замандық үлгідегі газет-журнал түрінде пайда болған тарихи негіздерін Кеңес үкіметі орнаған кезеңдерден бастап қарастыруды жөн деп білеміз. Себебі, одан бұрынғы кезде қазақ даласында әскери сипаттағы жасақтар болғанымен оны бүгінгі кәсіби армияның деңгейінде қарастыру тым әбестік болар еді. 

«Қоғамдық ерекше институт болып қалыптасқан журналистика саласы ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында рухани әлемде өз орнын тауып, оқырмандардың көз қуанышына айналды. Мұның өзі баспасөздің толық мәнінде ақпараттық құралға айналғандығының шынайы көрінісі болатын. Оған ықпал еткен белгілі факторлардың болғанын да атап айтқан абзал». 

Қазақ әскери журналистикасының негізі екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаланды дегенге қазіргі зерттеушілер тоқтайды. Алайда, бұл пайымды ғылыми негізде дәйектелген абсалюттік шынайы тұжырым деуге келіңкіремейді. Себебі, соғыспен бірге әскери журналистика да аяқ астынан туа салды деп қарау тым сыңаржақтық болар еді. Демек, қазақ әскери журналистикасы тақыр жерде ғайыптан пайда бола салған «бақыт құсы» іспетті сипатталған болып шығады. «Жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе біржолата жойылып кетпейді» деген физика ғылымының заңдылығына және философиялық диалектикаға сүйеніп, мәселеге ғылыми тұрғыдан келетін болсақ, алдымен оның алғышарттарының пайда болғанына назар аударуға тиіспіз.

Сөз басында айтарымыз, қазақ әскери баспасөзінің алғышартының түп негізі сонау арғы тарихымыздан нәр алатын ұлттық отаншылдық рухымызда, салт-дәстүрімізде жатыр. Сондықтан, алдымен мәселенің тарихи түп негізіне үңілуге тиіспіз. Ондағы мақсатымыз – әскери журналистиканың арғы тамыры отаншылдық рухпен, ата-бабамыздың батырлық тарихи ерліктерімен, ұлттық тәрбиенің құндылықтарымен терең сабақтастыру болып табылады.

Отаншылдық, патриотизм дегеніміз – әр азаматтың туған еліне қорған бола білуі, ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімінен туатын ұлы ұғым. Көшпелі қазақ мәдениетінде отаншылдық ең қасиетті ұғымдардың бірегейі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа жазылған  Күлтегін ескерткішінде ел билеушілердің отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасырдың басындағы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров және М.Жұмабаев сынды ұлт зиялылары мен қайраткерлері  отаншылдықты сөзбен ғана емес, іспен де өнеге ете білді.

Әйтеке би «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп халыққа қызмет етудің, отаншылдықтың игі мақсатын айқындады. Тәуке хан заманынан қазақ қоғамында отаншылдық  барлық байлықтан жоғары бағаланатын озық құндылыққа баланды.

Қазіргі таңда қазақ қоғамында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіру мәселесі мемлекеттік саясат дәрежесінде көтеріліп отырғаны әмбеге аян. Алайда, отаншылдық ой-сананы қалыптастыру саясат ретінде алға қойылумен шешімін таба салатын оңай шаруа емес.

Отаншылдық – туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен бастау алатындығын ғұламалар әлдеқашан мәлімдеген. Бұл тұрғыдан келгенде, отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер арқылы көрініс табатындығы да басы ашық әңгіме. Отаншылдықтың іргетасы  – ұлтын сүюде болса керек. Өз халқын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады. Патриоттық рухты зорлықпен не нұсқаумен, биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес. Оған баспасөз, публицистика арқылы ықпал етіп, қалыптастыруға болады.

Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың озық тәрбиесінің мәні зор. Кезінде халқымыз әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті мен мәдени өнері арқылы жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін оятып, дамытып отырған болса, қазіргі таңда бұл жауапкершілік журналистикаға да жүктеліп отырғаны белгілі.

Ерлік дегеніміз адамның ерік-жігер қасиеттерінің ішіндегі шоқтығы биігі. Ал жастарды, соның ішінде армия қатарындағы сарбаздар мен сардарларды ерлікке шақыру, отандық парызын бұлжытпау орындауға үндеу, туған халқына, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, мұны олардың бойына сіңіру әскери журналистиканың басты парызы. Халқымыздың ерлікке баулуға бағытталған тәрбиесінің тарихи сабақтарын ескере отырып, ұлттық сананы қалыптастыру, қазақ армиясындағы оқу-тәрбие жұмыстарында халықтық дәстүрдің негізгі элементтерін, соның ішінде, адамгершілік тәрбиесінің басты бағыттарының бірі – ерлік тәрбиесінің мазмұнын жан-жақты қамту арқылы кеңінен енгізу де әскери журналистика қаламгерлеріне жүктелген парыздың бірі, тіпті бірегейі десек те асыра айтқандық емес.

Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының «Бұрындары жасаған ерліктерді сыйламай, қадірлемей тұрып, жаңа ерлікке шақыру бекершілік» деп айтқан даналық сөзі бар. Расында, жас сарбаздарды ата-баба дәстүрі бойынша ерлікке тәрбиелеп, олардың намыс, парыз, ұлттық рух, жауапкершілік сезімін дамыту үшін әскери журналистика бүгінге дейін өз мүмкіндігін аяған жоқ.

Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ерлік тәрбиесі. Осы мақсатта әрбір халықтың сан-алуан ой-пікірлері мен тәжірибелері ғасырлар бойы жинақталып отырған. Адамзат баласына ортақ рухани қазынасының құрамдас бөлігі болып саналатын бұл жетістіктерді халықтың тәлімгерлік тәжірибесі десек, ол да әскери баспасөздің назарынан тыс қалған емес.

Қазақ халқының  сан ғасырлық тарихи-мәдени жетістіктерінің жемісін, рухани байлығын, жанына біткен еңбексүйгіштік, елжандылық, ерлік, имандылық, бауырмалдық  қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесін жас сарбаздардың бойына дарытуға әскери журналистика өз кезегінде елеулі түрде ықпал ете алғаны мәлім. Қазақ даналығында кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, би-шешендер және ақын-жыраулардың, батырлардың отаншылдық рухқа тән өшпес ізі жатыр.

Қазақ әскери журналистикасын зерттеген ғалым Александр Рожков оның тарихын бірнеше кезеңдерге бөліп, жалпы тарихын 1702-1997 жылдар аралығындағы қоғамдық-саяси даму кезеңдерімен сабақтастырып түсіндіреді.  

Дегенмен, қазақ әскери журналистикасының дербестік тауып, даралана бастаған тұсы және шығармашылық жағынан кәсіби деңгейде шыңдалған тұсы екінші дүнежүзілік соғыс кезеңімен тұспа-тұс келетіндігі дау тудырмаса керек.

Тарихи деректерге зер салар болсақ, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстаннан шыққан 72 әскери тілші өздерінің жалынды сөздері арқылы жеңісті жақындатуға үлес қосқаны айтылады. Жалпы, майдан шебіндегі көркемсөз өнері – публицистиканың көтерген жүгі мен маңызы үздіксіз оқ боратқан зеңбіріктен де кем болмағаны баршаға мәлім. Cебебі, ойлы сөздің құдіретімен жауынгерлердің рухы көтерілді, ертеңгі жеңіске деген сенім қалыптасты. Әскери тілшілердің ұрыс даласынан жазған мақала, очерктері жауынгерлердің жанқиярлық  ерліктерін халыққа жеткізді. Майдандық газеттер әскери қауымды жеңіске жетелеген ең негізгі насихат құралы болып, елеулі рөл атқарды.

Профессор С.Қозыбаевтың тарихи-публицистикалық кітабында мынандай деректер көрсетіледі: «Ұлы Отан соғысы жылдары Қызыл Армия қатарында 1000 газет және 15 журнал, ал Әскери-теңіз флотында 143 газет пен төрт журнал шығып тұрды. Орта Азияда тұратын ұлттар арасынан жасақталған әскери құрамалар үшін 42 газет пен жеті журнал шығарылса, оның 16 газеті мен екі журналы қазақ тілінде жарық көрген. Соғыс жылдарында бас-аяғы 4,5 мың әскери журналист тер төксе, оның 200-і  Орта Азиядан шыққандар. Соғыстың соңына таман жалпы әскери баспасөздің бір реттік шығарылымының таралымы 3,5 миллион дананы құрап, әр жауынгердің қолына емін-еркін тиіп отырды».

Бұл не деген сөз? Мұндай дерек майданға қатысқан қазақ сарбаздары тек соғысып қана қоймағанын айғақтап тұр. Қазақ жауынгерлері қарумен бірге қаламын да қолынан тастамаған. Майдан фронтында қалам тербеген әскери жазушылар мен қаламгерлердің жазбалары бүгінгі қазақ журналистикасының тарихи құнды мұрасына айналып отыр. Майдан шебін көрген қаламгерлер оқ пен оттың арасында жүріп, жігерге толы шұрайлы тілмен өрнектелген ұранды сөздері арқылы қаруластарын жасымауға шақырды. Олардың қаламынан төгілген әрбір сөз, сөйлем майдангерлерді алға жетеледі. Оқ пен оттың ортасында жүріп қалам тербеген жауынгерлер сондай-ақ майдан даласынан елге жететін жаңалықтың жаршысы да бола білді.

Асыл Айдар
Бөлісу: