Катармен жоғары білім, ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастық күшейтілуде

29 Қараша 2023, 03:31 646

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Катарға сапары аясында Qatar Foundation жоғары білім бөлімінің президенті Франсиско Мармолехомен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Катардың беделді шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарымен ынтымақтастық перспективалары, басым бағыттар бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, су қауіпсіздігі бағытында ғылыми жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Саясат Нұрбек білім беру реформаларының жобасын ұсынды, жоғары білім беру саласындағы трансформацияларға: Орталық Азияда академиялық хаб құру, қазақстандық өңірлік ЖОО базасында жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу туралы егжей-тегжейлі тоқталды.

«Биыл біз 8 филиал аштық. Ең ірі және ең жоғары рейтингті – бұл Ақтөбедегі Heriot-Watt университетінің Zhubanov University базасындағы филиалы. Yessenov University базасында неміс инженерлік институты ашылды, Қазақстанда алғаш рет толыққанды неміс білімін алуға болады. Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен серіктестік аясында Жасанды интеллект мектебі жұмыс істейді. Осы бағытта жемісті жұмыстар атқарылуда. Сіздермен ынтымақтастық шеңберінде біз су қауіпсіздігі саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізе аламыз, Қазақстандағы Катар университеттерінің бірінің филиалын ашуды қарастыра аламыз», - деп атап өтті министр.

Qatar Foundation жоғары білім бөлімінің президенті Франсиско Мармолехо Министрліктің жұмысын жоғары бағалап, катарлықтарға қазақстандық университеттердің гранттарын бөлу жөнінде ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, Ф. Мармолехо қазақстандық әріптестерін қолдауға дайын екенін атап өтіп, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және басқару бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу қорытындысы бойынша білім, ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жобасын бірлесіп дайындау және оған ресми деңгейде сапарлар барысында қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Берік Арманов
Бөлісу: