Каспийдің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайды – Мемлекет басшысы

24 Қараша 2023, 17:17 987

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аймақ бүгінде халықаралық көлік-транзит бағыттарын дамыту және әртараптандыру ісінде өте маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шын мәнінде, СПЕКА елдері Еуропа мен Азия арасындағы құрлықаралық көпірге айналды.

Бұл – орасан зор мүмкіндік. Оны дамыта түсуіміз керек. Бұл ретте халықаралық Транскаспий көлік бағытын өркендетуге үлкен үміт артамыз. Орта дәлізді «Бір белдеу, бір жол» жобасымен, сондай-ақ Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) және Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың әлемдік саудаға мультипликативті әсері зор болатынына сенімдімін. Бұған қоса Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту үшін белсенді ынтымақтастыққа дайын. Соңғы 15 жылда еліміз көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырымнан астам теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия, Ресей және Еуропа бағыттарына жүк өткізу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Барлық серіктесті Каспий теңізіндегі порттардың қуатын арттыру, сондай-ақ жүк кемелерін бірлесе өндіру үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы мен ЭСКАТО тарапынан техникалық және сараптамалық тұрғыдан белсенді қолдау күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экология саласындағы ынтымақтастықтың мәніне де тоқталды.

Қазақстан президенті экология және климат проблематикасы, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын басқару жөніндегі бірлескен ғылыми-зерттеу және қолданбалы зерттеу жұмыстарын бастау маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, бұл мәселенің СПЕКА елдерінің бәріне де қатысы бар. Бұл ретте бір ғана мемлекеттің жалғыз өзі табысқа жетуі мүмкін емес. Арал қасіреті – соның айқын дәлелі. Оның ауыр салдарын Орталық Азия елдері ғана емес, одан тысқары жерлер де сезініп отыр.

Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде бір кездері әлемдегі ең ірі тұйық су айдындарының бірі болған Арал маңындағы қоршаған орта деградациясының алдын алу жұмыстарын күшейтуге ерекше мән бермек. Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуал да алаңдаушылық туғызады. Теңіздің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайды. Биоресурстар қысқарып, антропогендік ластануға ұшырап жатыр. Каспийді құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығына айналуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осынау бірегей су айдынының жағдайын жақсарту үшін ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз Каспийдің бейбітшілік және мүмкіндіктер теңізі ретіндегі мәртебесін нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Президент.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысып жатыр.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: