19-20 шілде аралығында Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары С.М. Жұманғариннің төрағалығымен «Солтүстік-Оңтүстік» бірінші көліктік сауда-экспорттық форумы өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараны ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі. Парсы шығанағы порттарындағы терминалы бар және одан әрі Үндістанға шығатын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі кең мүмкіндіктер ашады және еліміздің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуы мүмкін.
Осы маршрутты дамыту үшін бүгін Иран, Түрікменстан және Ресеймен 2024-2025 жылдарға арналған «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс маршрутының әлеуетін синхронды дамыту бойынша Жол картасына қол қойылды.
Осы құжатты іске асыру 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 15 млн.тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 20 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан 2030 жылға дейін жүк ағынының ең жоғары өсу әлеуетіне ие және Үнді мұхитына ең қысқа транзит үшін ең қауіпсіз болып табылатын Солтүстік-Оңтүстік ХКД Шығыс тармағын дамытуға белсенді қатысуды жалғастыруға ниетті. Сондықтан, Қазақстан, Ресей, Түрікменстан және Иран аумақтары арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» ХКД Шығыс бағытының әлеуетін ілеспе дамыту бойынша бүгін қол қойылған Жол картасын іс жүзінде іске асыруға кірісу қажет, - деп атап өтті Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаев.
Форумға 12 елден (Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, БАӘ, Иран, Ирак, Оман, Өзбекстан) 440-тан астам қатысушы, экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) және Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) өкілдері қатысуда.
Форум теміржол және автомобиль жолдарын, сондай-ақ «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің негізгі қатысушылары үшін порттарды дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң ретінде қызмет етеді.