Каспий теңізінің жағдайы: Жастар дабыл қақты

26 Қыркүйек, 20:15 442

Елордада «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Дүниежүзілік теңіздер күніне орай, су қоймасының апатты жағдайын еске салатын 4 метрлік арт-нысандарын орнатты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

26 қыркүйек – Дүниежүзілік теңіздер күні. Бұл мереке адамзаттың жылдар бойы теңіздерге немқұрайлы қарау салдарынан туындаған мәселелердің маңыздылығын атап өту үшін белгіленген.

Жастар қозғалысы еріктілерінің айтуынша, Қазақстанның басты байлықтарының бірі Каспий теңізі бүгінде жойылып бара жатыр. Пайдалы қазбаларды өндіру салдарынан табиғи нысанның ластануы теңізде тіршілік ететін ерекше балықтар мен жануарлардың жойылуына әкеліп соғуда.

Бір кездері миллиондаған итбалық Каспийді өздерінің үйі санаған, ал қазіргі уақытта мамандардың мәліметі бойынша, олардың саны 60 мыңнан аспайды. Жыл сайын теңізге 200 мың тонна мұнай және 100 миллион текше метрден астам тазартылмаған кәріз қалдықтары төгіледі. Қалдықтар мен мұнай өнімдері теңізді жұқпалы аурулардың көзіне айналдырып жіберді, - дейді жастар.

Жастар қозғалысы еріктілерінің пікірінше, өңіріміздің мақтанышы, інжу-маржаны Каспийді құртып жатқан өзіміз. Келешектегі апатқа назар аударуды қойдық. Жауапкершілік тек Қазақстанға ғана емес, теңізге шыға алатын барлық елдерге жүктеледі. Каспийдің жағдайы жағалауында орналасқан барлық бес елдің шұғыл назар аударуын талап етеді. Табиғат беретін SOS дабылдарын елемей жүре беруге болмайды.

Суреттер:«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы 

Астанада «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Каспий теңізіне шыға алатын елдердің елшіліктері маңында су қоймасының апатты жағдайын еске салатын 4 метрлік арт-нысандарын орнатты. Әрбір нысанға, Каспий теңізін сақтау мәселесін маңызды деп санайтын адамдар қаға алатын дабылды бекітті. Науқанға елорда тұрғындары белсене қатысты. Күні бойы елшілік өкілдері үшін дабыл қағылды.

Осылайша жастар қозғалысы Әзербайжан, Иран, Түрікменстан, Ресей және Қазақстан тұрғындарына үндеу жасайды.

 Біз күш-жігерімізді біріктіруге шақырамыз, өйткені Каспий – біздің ортақ байлығымыз. Саясаткерлер, кәсіпкерлер, ірі мұнай корпорациялары, ғалымдар, экологтар, қарапайым халық – бәріміз бірге осы мәселені шешуіміз керек. Бұл іс неғұрлым ертерек басталса, соғұрлым жақсы болады, - дейді еріктілер.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: