Каспий теңізінде 53 браконьер ұсталды

13 Сәуір, 13:32 746

1 сәуірден бастап ҰҚК Шекара қызметі мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ Ресей мен Әзербайжанның шекара ведомстволарымен бірлесіп Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қорғау жөніндегі жедел-алдын алу іс-шараларының кезекті кезеңін өткізуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, бірлескен іс-қимыл басталғалы бері барлығы 31 шағын қайықты 53 бұзушы ұсталып, 139 км браконьерлік аулау құралдары алынды. Шамамен 2.5 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды.

Табиғи тіршілік ету ортасына 805 бекіре тұқымдас балық, 12 000 астам әртүрлі тұқымдас балық және 39 итбалық жіберілді. Мемлекетке келтірілетін 1,5 млрд теңгеден астам залалдың алдын алдынды. Каспий акваториясын қорғауды қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда, - делінген мәліметте.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: