Балықшы қауымның арасында танымал «Жаман сөздің шатағы болады, балықтың жатағы болады» дейтін мақалы итбалыққа қатысты айтылған деседі. Осынау терісі қалың, түгі қысқа шел майы салалы суда тіршілік ететін аңның түрі Каспий теңізінің бір байлығы саналады. Дегенмен 2020 жылдың 9 қарашасында ҚР Үкіметінің 746 қаулысымен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген каспий итбалығының тағдыры елімізді алаңдатып отыр. Бұған себеп теңіздегі сүтқоректі жануарлардың жаппай қырылуы.
«Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында мыңдаған итбалық қырылып қалды», дескен ақпараттарды жыл сайын кезіктіретін хәлге жеттік. Биыл да жағдай мәз емес. Алғашында өлі итбалықтар Түпқараған ауданында анықталған. Қазір олардың өлекселері Қарақия ауданынан да табылуда, Ақтауда да итбалықтың өлекселері анықталып жатыр.Мамандар теңіз сүтқоректілерінің дені бүлінген деп отыр. Көбісі сынама алуға жарамайды екен. Ал жарайтындарын зерттеуге жіберіпті. Бүгінге дейін тексеруге келмейтін итбалықтар жиналып өртелген. Жалпы теңіз жануарының жаппай қырылу дерегі 24 қазанда тіркелген.
Алғашында 1034 итбалықтың өлімі тіркелсе, жуырда Каспий жағалауындағы өлген итбалықтар саны 2 мыңға жуықтады. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мәлімдеді. Итбалықтың неден өлгенін анықтау үшін Гидробиология және экология институтының мамандары сол жерге барып, зерттеу жүргізген. Сынамалар алып, зертханаға жіберген. Оның қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.
Мамандардың айтуынша, теңіз жануарларының жаппай қырылуына су асты жер сілкінісі мен теңіздің ластануы себеп болуы мүмкін. Алайда бұл тек болжам.
Ғылыми ұйымның (Гидробиология және экология институты) пікірінше, теңіз жануарларының өлімінің ықтимал себептері теңіз ортасының ластануы, жұқпалы және вирустық аурулардың өршуі болуы мүмкін. Итбалықтардың жалпы өлімінің 3 пайыз себебі торға түсіп қалудан болады. Өлімнің нақты себептері ұзақ уақытты талап ететін (3-4 ай) тиісті зертханалық зерттеулерден кейін белгілі болады. Бүгінгі таңда, санитарлық нормаларды сақтай отырып өліктерді жинау, оларды Түпқараған ауданындағы полигонға тасымалдау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді экология министрлігі.
Ал кеше ғана Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Маңғыстау облысындағы итбалықтардың қырылу себептеріне жасалған зерттеудің барысы туралы айтып өтті.
Оқиға орнына барлық дерлік тиісті қызметтер аттанды. Олар – мал дәрігерлері, экологтар, Гидробиология және экология институты, қоғамдық ұйымдар. Қазіргі уақытта сынамалар алынды, - деді министр сәрсенбіде.
Нәтижелері туралы айту әлі ерте, бірақ патологиялық материалдар алынды, деді министр.
Алғашқы үлгілер пастереллез, тырысқақ, оба сияқты аурулар бойынша зерттелді. Қорытындысы оң нәтиже көрсеткен жоқ. Күтеміз. Қалай болғанда да, көптеген болжам бар, әркім әртүрлі айтады. Біреу су астында жер сілкінісі болып, көгілдір отын шықты дейді. Кейбіреулер ластанудың салдары дейді. Бірақ нәтижесін күтейік. Қалай болғанда да, біз күнделікті ақпарат беріп отырамыз, күн сайын таңертең маған есеп береді, - деп сендірді Нысанбаев.
Жалпы, Каспий итбалығы жойылудың аз-ақ алдында тұр. Жылда табиғатты қорғаушылар мен ғалымдар осыны айтып, дабыл қағады. Статистикаға қарасақ, итбалық саны кейінгі 100 жылда 90 пайызға азайған.
Даму және жойылу тарихы
XX ғасырдың басында Каспий теңізінде 1 миллионға дейін итбалық мекендеген. 1989 жылға қарай олардың саны 400 мыңға дейін, 2005 жылы – 110 мыңға, 2008 жылы – 100 мыңға, 2019 жылы – 43-66 мыңға дейін қысқарды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Каспий теңізінің Түрікменстан жағалауында 15 мыңға дейін итбалық болған. Ал 2007 жылы экспедиция небәрі 1 мың итбалық қана тіркеген. 2020 жылдың шілде айында Маңғыстауда итбалықтарға қатысты жағымсыз жағдайлардан кейін балық шаруашылығы жөніндегі ведомствоаралық зоологиялық комиссия Каспий итбалығын Қазақстанның Қызыл кітабына енгізу туралы шешім қабылдады. Себебі сол жылы теңіз жағасында адамдардың итбалықты таспен, таяқпен ұрып, қатыгездік көрсеткен жағдайлары тіркелді. Енді Каспий итбалығын өлтірген адам 3 мың АЕК (1 АЕК 3 692 тг) көлемінде айыппұл төлейді немесе 800 сағат жұмысқа міндеттеледі, болмаса үш жылға бас бостандығынан айырылады.
2021 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясының экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында каспий итбалықтарының популяциясын сақтаудың 2021-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Осы форум аясында каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік табиғи резерват құруға тапсырма берген болатын. Соған орай, екі табиғи резерват құру қарастырылған. Мемлекеттік табиғи резерваттың ауданы 479,1 мың гектарды қамтиды, оның ішінде Атырау облысы Жылыой ауданының жағалауына іргелес жатқан учаскелер – 58,8 мың гектар, Маңғыстау облысының Түпқараған және Бейнеу аудандары – 420,3 мың гектарды алады («Итбалық аралы», «Прорва 1» және «Прорва 2» учаскелері).
2022 жылдың желтоқсан айының басында Дағыстанда 1700-ден астам Каспий итбалығының өлексесі табылды. Каспий экологиялық орталығы мамандарының айтуынша, жануарлар табылған кезде өлгеніне екі аптаға жуық уақыт болған. Кейінірек BBC өлген итбалықтардың саны 2500-ге жеткенін жазды. Жүзбаш, Сулақ және Шураөзенде итбалықтардың жаппай қырылуына, бір болжам бойынша, табиғи газ себеп болуы мүмкін, соның салдарынан итбалықтар гипоксияға ұшырап, тұншығып қалуы мүмкін.
Каспий итбалығының үш негізгі мекендеу ортасына халықаралық IMMA мәртебесі берілген. Important Marine Mammal Area, яғни теңіз сүтқоректілері үшін маңызды акватория деген мағына береді. 2008 жылдан бері Каспий итбалықтары Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізімінде құрып кету алдында тұрғанын көрсететін Endangered статусына да ие.
Айта кету керек, итбалықтардың өлімі 2000 жылдардың басынан бастап мезгіл-мезгіл орын алады. Сонымен, 2000 жылы 10 000-ға жуық өлі итбалықтар табылды. Олардың өлімінің себебі созылмалы токсикоз деп аталды. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті инспекциясының қызметкерлері қазір Астанадағы ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықта жұқпалы аурулардың болуына зерттеліп жатқан патологиялық материалдардың сынамаларын алды.
Жуырда «Гидробиология және экология институтының» директоры Мирғали Баймұқановтың ТАСС агенттігіне хабарлауынша, мұндай көлемдегі өлім бірінші рет тіркелген.
Мүмкін, өлі жануарлардың шығарылуы тоқтамайды, өйткені бұл біздің жағалауға соққан батыс желдерімен байланысты, және тағы да өлекселердің табылуын күтуіміз керек, — деді ол.
Баймұқанов қырылудың себебін атауға қиналғанын айтып, бұл үшін көптеген саланың қатысуы қажет екенін айтты.
Мүмкін, бұл кейбір ластаушы заттардың төгілуі, сейсмикалық белсенділік сияқты табиғи катаклизмдер болуы мүмкін, яғни геологтар да пікірін айтуы тиіс. Жануарлар арасында вирус болуы мүмкін бе екенін анықтау үшін вирусологтар да өз сөзін айтуы керек, — деді Баймұқанов.
Дегенмен 2024 жылғы 13 қарашада ПТР әдісімен пастереллез, құс тұмауы, жыртқыш оба, сальмонеллез және листериозға сынамалар зерттелді, барлық нәтижелер теріс. Қазіргі уақытта барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, Түпқараған ауданындағы полигонда табылған итбалық ұшаларын жинау, тасымалдау және кәдеге жарату жұмыстары жүргізілуде.
Белсенділер бел шешіп кірісе ме?
Итбалықтың қырылуын жыл сайын белсенділер көтергенімен сөз жүзінде ғана қалып қойып отырғаны белгілі. Себебі, 2000 жылдардан бастап қырыла бастаған теңіз жануарының өлім көрсеткіші көбеймесе азаяр емес. Жүйелі жұмыстардың да жасалынып жатқаны көзге көрінер емес. Жалпы Каспий жағалауында қырылған 2 мың итбалықтың шығыны 1,5 млрд теңгеге баруы мүмкін. «ECOJER» қауымдастығының хабарлауынша, ол Қызыл кітапқа енгізілгендіктен, бір өлексенің өзіне қылмыстық іс қозғалуы керек. «Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017 жылғы бұйрығына сәйкес, бір итбалықтың құны 193 АЕК-ке (712 556 теңге) тең. Ал мұнда 2 мыңға жетіп тұр. Егер осы 2 мың итбалыққа көбейтсек, 1 425 112 000 теңге болады. Каспий итбалығы 2020 жылы Қызыл кітапқа енгізілген, сондықтан біреуінің өліміне де қылмыстық іс қозғалуы керек», - деген еді жуырда Маңғыстау облысындағы «ECOJER» қауымдастығы экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов.
Ал депутат Еділ Жаңбыршин күні кеше Мәжілісте «Мұнай саласының қазіргі жағдайы және оны дамыту перспективалары» туралы өткен үкімет сағатында сөйлеген сөзінде экологиялық мониторинг қызметі мемлекетке өтуі тиіс деп санап, итбалықтардың қырылуына әлі ешкім анықтама бере алмай отырғанын, мұнай-газ өндірісінің экологияға әсерін кәсіпорындар емес, мемлекет өзі толығымен бақылауы керек екенін айтады. Сөзінше, 2023 жылдан бастап 9 ірі компания мониторинг жүйесін орнатуы тиіс еді. Бірақ соның жартысы ғана міндеттемені орындаған. Оның өзінде олардың есебі күмәнді дейді депутат. Сондықтан экологиялық мониторинг қызметін мемлекетке өткізу қажет. Әрі табиғатты бүлдірген компанияларға айыппұл салу керек деген пікірде. Қоршаған ортаның жағдайын онлайн бақылайтын стационарлық станциялар қажет дейді депутат.
Әсіресе, итбалықтардың неден өліп жатқанын нақты ешкім айта алмай отыр. Жалпы еліміздегі барлық кәсіпорын экологиялық мониторингті өздері жүргізіп отыр. Сондықтан олар ұсынған мәліметтің шынайылығы күмәнді. «Кім ақша төлейді, сол музыкаға тапсырыс береді» деген әңгіме бар ғой. Қазіргі жағдай осыған ұқсас. Мемлекет өзі толық қоршаған ортаға мониторинг жасамай, біз кімнің, қалай, қандай зиянды заттармен, қанша көлемде экологияны бүлдіріп жатқанын нақты айта алмаймыз, - дейді Жаңбыршин.
Оның айтуынша, тіпті Экология министрлігінде тіпті, су айдындарын зерттейтін арнайы жабдықталған кеме де жоқ. Мәжілісменнің пікірінше, Каспий теңізіндегі кен орындарының айналасына қоршаған ортаның жағдайын құзырлы органға онлайн беріп отыратын автоматтандырылған стационарлық станцияларды орнататын кез келді.
Мұндай стационарлық қондырғылар жерде де орнатылуы керек. Сонда ешқандай дау тумайды. Кім бүлдірді, айыппұл төлейді. Бұл халықаралық принцип. Экологиялық талап еліміздегі барлық мұнай-газ компаниясына қатысты. Компания таза стандарттарды сақтай ма, онда оған қойылатын сұрақ жоқ. Біз мұнайды басқа өніммен алмастыра аламыз, бірақ Каспий теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге ғасырлар керек болады, - деп мәлімдеді Жаңбыршин.
Броконьерлердің де қатысы бар
Жуырда «Теңіз жануарларынан браконьерлік ау құралдарының іздері байқалды. Мойнында жарақат белгілері бар. Өлекселер қатты жел болған күндері жағаға шыққан, итбалықтардың көбі іріп кеткен. Сондықтан біразы өртеліп, зерттеуге келетіндерінен сынама алып, лабораторияға жібердік», - деген еді Балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Андрей Руцкий.
Жалпы итбалыққа броконьерлер неге құмартады демес бұрын алдымен теңіз жануарының табиғатына аз-маз тоқталсақ. Итбалықтың баласын күшік, ал оның балалауын күшіктеу дейді. Итбалық топтанып, жатақ құрып күшіктейді. Итбалық күшіктерінің жүні алғашқы айда үлпілдек әрі ақ болады. Оны ақ күшік дейді. Итбалық күшігі екі-үш айда тез семіреді екен. Осы кезін теңіз тұрғындары май күшік деп атайды. Майкүшіктің терісі сұрғылттау болып келеді, ал бір жастағыларынікі түгі қара және сиректеу болады. Итбалықтың бұл кездегі күшігін қара күшік дейді. Сөйтіп, итбалық күшігі бір жаста үш түлейді. Итбалықтың ақ күшік кездегі және май күшік кездегі терісі қымбат бағаланады. Әсіресе әйелдердің ішігі итбалықтың ақ күшік, май күшік кезіндегі терісінен тігіледі. Жергілікті халық итбалықтың майын тұздап, өкпе, қолқа т.б. ауру түрлерін емдеуге пайдаланады. Итбалық майын сабын жасауда қолданады. Итбалықтың бұлай аталу себебі, біздің пайымдауымызша, етін асып жеуге жарамсыз деп білгендіктен болу керек. Этнос танымында ит сөзімен келетін итжүзім, итбүлдірген, итқауын т.б. өсімдік атауларының этномәдени семантикасы жеуге жарамсыздықты білдіреді. Италақаз, итбалық дегендер де осындай мәдени семантикалық топқа жатады. Дегенмен, Каспий итбалығының терісі мен майы өте бағалы болғандықтан, өте құнды келеді. Ересегі күзге қарай бойына 40-70 келідей май жинайды. Ол медицинада және парфюмерияда кеңінен қолданылады. Сондықтан оны заңсыз аулауға браконьерлер де құмар келеді. Қара базарда итбалық майының бір литрі 600 мың теңгедей тұрады. Ал терісінен түрлі бұйымдар тігіледі. Мысалы, ҰҚК Шекара қызметі сәуірде браконьерлерден салмағы 1 тоннадан асатын 63 итбалықты тәркіледі. Көрші Ресейдегі жағдай тіпті қиын. 2019 жылы Ресейде аң терісінен жасалған бұйымдарды тігу үшін 15,9 мың итбалық терісі өңделіп, 3,4 тонна итбалық майы алынғаны белгілі болды.
Атақты ақын Есенғали Раушановтың «Ақпан» атты мақаласында «Ақпан осындай ай» тарауында итбалықтарға бөлек тоқтала кетеді. Броконьерлердің жауыздығы суреттелген мақалаға оқырмандардың да назарын бұра кеткенді жөн көрдік: «Қарт Каспийде жүзге жуық арал барын білесіз. Соның Қазақстан яки Маңғыстау бөлігіндегі бес аралдың бірі Құлалы деп аталады. Ол омырауын Жайықтың құламасына төсеп тұр, содан болар қыстың қақаған аязында да қатпайтын Каспийдің осы бөлігі ақпанда мұз құрсауға оранады. Ақпанның оныншы жұлдызы мен он бесі аралығы Құлалыда итбалық күшіктейді. Кей жылдары бұдан сәл ерте не кеш күшіктеуі де мүмкін. Жарық дүниеге шыққан мезет «ақүрпектер» бауырын мұзға төсеп жата қалатын көрінеді. Адайлар «итбалықтың күшіктері» демейді, «ақүрпектері» деп еркелетеді, сондай-ақ итбалық демей, «ескек аяқ» деп ат қойған да сол балықшылар. Сол екі аралықта күн қатты суытады. Әдеттегі аяздан гөрі өткір суық өзгенің өңменінен өтсе де итбалық үшін, оның жаңа туған «ақүрпектері» үшін де жәйлі мезгіл. Жатып-жатып бауырын жерден көтеріп алғанда бағанағы қаны тамшылаған жас кіндік мұзға жабысып, үзіліп түседі. Әрі қарай тастай суға сүңгіп ойнап, өмір айдынына құлаш ұрып жүзіп кете барады. Кіндігі кесілген соң-ақ дереу жер бауырлап жылжып суға ұмтылуын көрудің өзі бір ғанибет. Осы аралықты Маңғыстауда «Итбалықтың кіндік қатары» деп атайды. Өмір заңы осылай, тіршілік тынысы бір сәт те тоқтамайды, тіпті қақаған қыста да, оны айтасыз мұз үстінде де өмір жалғасуда. Әттең... Ертеректе естіген бір әңгіме естен кетпейді. Орыс көпестерін итбалықтың майы мен терісі қызықтырғаны мәлім. Ал енді оны аулаудың орыстар ойлап тапқан «ең қарапайым әрі тиімді тәсілін» білесіз бе?! Көзіңізге елестетіңізші: Ақпан айы. Қара жойқын теңіз. Дауыл. Дүние астан-кестең. Жел құтырып тұр. Ескек аяқтылар күнімен-түнімен жаңа туған «ақүрпектеріне» жем іздеп жағаға өкпесі өшіп, қанаты талып әрең жетеді. Дүниедегі ең керемет той Ана мен баланың табысу тойы емес пе? Күн қаһарына мініп тұрса да, Құлалыда мейрам, Құлалы шаттық құшағында. Кенет қолдарын сүймен ұстаған бір топ адам тасадан шыға келеді де итбалықтарды қаратұмсықтан ұрып, аралды қан сасытып қыра бастайды. Жаңа ғана анасымен қауышып мәз-мейрам болған ақүрпектер бауырымен жылжып теңізге қарай қашады. Темір сүйменділер оларды да құтқармайды. Мұздың беті қан-жоса. Жаңа туған сәбилер шырқырайды. Алпыс әйел қатар тұрып жылағандай аза бойың қаза болады. Сай сүйегің сырқырайды. Итбалық күшіктері тура нәрестелерге ұқсап жылайды. Оған қарап жатқан адам жоқ. Қас пен көздің арасында ананы ана, баланы бала деп қарамай қырып салады. «Түлкі түгінен жазады» деген – осы, оның майы мен терісіне қызыққан өндірісшілер осындай қатігездікке дейін барған». Қазақ «Дәніккеннен құныққан жаман» деп осындай жағдайда айтса керек...
«Итбалықтың жағдайын жасаймыз деп, халықтың жағдайы тасада қалмасын»
Белсенді Сырғалай Меңдібай итбалық, балықшылар мәселелерін жиі көтеріп жүрген жан ретінде танымал. Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына салған құжатта балықшылардың жанайқайын жеткізеді. Толық нұсқасын салуды жөн көріп отырмыз:
«Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев мырза Каспий теңізіндегі итбалықтарды қорғау үшін, ерекше қорғалатын аймақ (резерват) ашуға тапсырма берген. Осы тапсырманы орындаушылар Түпқараған балықшыларының мүддесін де, арнайы талап-ережені де белшесінен басып отыр. Форт-Шевченко қаласына жақын орналасқан теңіз ішіндегі аралдарға "итбалықтарды қорғаймыз" деп ерекше қорғалатын аймақ (резерват) ашу жобасы туралы айтыла бастағанына көп болған жоқ. Бірақ халықтың күнкөрісіне айналып отырған балықшылар кәсібіне шектеу келтірмеуді ескерген ешкім жоқ. Форт-Шевченко қаласында өткен қоғамдық тыңдауда, балықшылар Түпқараған ауданының теңіз жағасына жақын орналасқан аралдарда жоқ итбалық үшін, итбалықтың популяциясын қорғайтын резерват құруына наразылық білдірді.
Балықшылар Президент тапсырмасын қолдайтындарын, бірақ резерватты итбалықтың нақтылы популяциясы мен миграциясы жүретін аумақтарда ашуды талап еткен болатын. 21.12.2023 жылы Ақтау қаласында Маңғыстау облысы бойынша балық қорғау инспекциясында, «Qazak balyk» республикалық балық шаруашылығы және акваөсіру қауымдастығының орынбасары М.Е.Амиргалиев, Балық шаруашылығы комитет төрағасының орынбасары А.Қ.Бахянов, Қазақстан Қолданбалы Экология агенттігінің (КАПЭ) атқарушы директоры Ф.В.Климов, Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасынан А.Б.Мулдашовтардың қатысуымен өткен резерват туралы жиналысқа Түпқараған ауданы балықшыларымен бірге қоғам өкілі ретінде мен де қатыстым.
Бұл жиналыста біздің тараптан көтерілген мәселе - резерваттың орналасу аумағына балықшылар балық аулаумен кәсіп қылып, отбасын асырап отырған аралдардың кіріп кетуі болатын. Балықшылар Түпқараған ауданының теңіз жағасына жақын орналасқан аралдарда итбалық өте сирек кездесетінін және итбалық миграциясының жолы еместігін дәлелдеп айтып берді.
Маңғыстау Қолданбалы Экология агенттігінің (КАПЭ) Каспий теңізіне жүргізген зерттеу жұмыстарына сенімсіздік танытып, осы салаға үкіметтен бөлінетін қаражаттарды құзырлы органдардың бақылауға алуын сұраған болатын. Осы резерват туралы мәселе Маңғыстауға іссапармен келген Қазақстан Республикасы Экология министрі Е.Нысанбаев мырзаға да айтылды. Нақтырақ айтсақ, Маңғыстау облыстық балықшылар қауымдастығының басшысы Д.Акимжанов министрге арлық жағдайды айтып түсіндірме жасады.
Министр Е.Нысанбаев «итбалықтың жағдайын жасаймыз деп, халықтың жағдайы тасада қалмасын» деп басып айтқан еді. Кешегі Маңғыстау облыстық мәслихатында депутаттар қаралған резерват аумағы үшін Каспий теңізінің 12 миль акваториясын қосуды бірауыздан қолдады. Халықтың, әсіресе балықшылардың келісімі қайда? Қоғамдық тыңдау қорытындысы, балықшылардың уәжі мен мүддесі неге ескерілмейді? Осы мәселені "бірауыздан қолдап отырған" депутаттар осы істен хабарлары бар болса, Маңғыстау облыстық балықшылар қауымдастығының басшысы Д.Акимжанов пен балықшылар қауымдастығын жиналысқа шақырған болар еді.
Білмегенін білетіндерден сұрағанның айыбы жоқ. Бұл резерват тақырыбы өте терең, жан-жақты кешенді зерттеу нәтижелерімен және Үкімет бақылауда ұстау арқылы айналасындағы ел талабы ескеріле іске асырылуы қажет. Балықшылықты кәсіп етіп көнкөріс жасап отырған балықшылардың жұмысына қымбатшылық пен жұмыссыздық белең алып тұрған заманда шектеу қойылып, далада қалмауын талап етеміз.
Тұрғындардың айтуы бойынша, ерекше қорғалатын аумақ (резерват) Форт-Шевченко қаласына жақын орналасқан теңіз ішіндегі аралдар аумағын итбалығы жоқ болса да толықтай қамтиды. Итбалығы жоқ аралдар аумағына резерват салу жобасы кімге пайдалы? Сөзіміздің тоқ етері, бұл аумақтар біздің Маңғыстау балықшылары кәсіпшілік етіп балық аулайтын аумақтар. Неге бұл жобада балықшылар жағдайы ескерілмеген? Балықшыларға уәде еткен қоғамдық тыңдаулар ашық түрде өтуін талап етеміз!».
Міне, осылай деген балықшылардың уәжіне тиісті мекемелер не айтар екен?
Итбалық популияциясы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев итбалық мәселесіне жиі назар аударып, оның жойылып бара жатқандығына алаңдаушылық білдіріп келеді. Тиісті тапсырмалар да беріп отыр. Мәселен 2022 жылы Ашхабадта өткен Каспий саммитінде: «Енді біз Жайықты құтқару үшін келісілген және тиімді шаралар қабылдауға міндеттіміз, әйтпесе жақын арада құтқаратын ештеңе қалмайды. Біз барлық тараптарды күш біріктіріп, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамыз. Біздің ортақ теңіздің экологиялық проблемалары туралы айта отырып, мен Каспий итбалықтарының ауыр жағдайын айтпай кете алмаймын. Олардың мерзімді өлім факторы қатты алаңдаушылық тудырады. Каспий итбалығы Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі балықтың бірі», деген еді Президент.
Жалпы мамандардың айтуынша, әрбір итбалықтың қырылуы популяцияға үлкен зиян келтіреді. «Біздің мәліметтеріміз бойынша, 30-50 жасқа дейін жететін итбалықтар өте аз. Өліп жатқан итбалықтар көбіне орта жастағылар, олар популяцияның көбейуіне үлес қосар еді. Егер итбалықтар осындай жаста қырылып қалса, бұл орны толмас шығын», - дейді мамандар.
Жоғарыда ашық дереккөздерде ХХ ғасырдың басында Каспий теңізінде 1 миллионнан астам итбалық мекен еткені туралы ақпараттар жиі кезігетінін, ал 2005 жылы жүргізілген санақ бойынша, көк айдында шамамен 110 мың итбалық қалғаны анықталғанын айттық. Демек, 1 ғасырдың ішінде 10 еседей азайғанын топшылаймыз. Әйтсе де 2020 жылы Каспийде 170 мыңға жуық итбалық бары, яғни, қайта көбейе бастағаны белгілі болды. Жалпы, экологтар итбалықтардың Каспийдің солтүстігінде көп болатынын алға тартады. Бұл жерге жету үшін олар Түрікменстан шекарасынан бастап Жайық өзені сағасына дейінгі миграциялық дәлізді пайдаланатын көрінеді. Ал бұл дәліздің көп бөлігі ластанып үлгергені айтылғанымен, ғылыми негіздер болмай тұр.
Каспий теңізінде әртүрлі ақпарат көздері бойынша 100 мыңнан 300 мыңға дейін итбалық бар деп айтылады. Дегенмен сарапшылар, нақты санақ, мониторинг, бақылау жұмыстарының болмауынан санын тап басып айта алмаймыз деп отыр. Сондықтан итбалық саны көбейіп жатыр немесе азайып жатыр деп топшылап сөйлеу де қиын. Қазақстанның Қызыл кітабына енген Каспий итбалығын қорғау жоспарлары дамығанымен, әлі жүзеге асырылған жоқ. Қазақстан экологтары бұл түрді сақтау үшін жасалған құжаттар мен стратегиялар талап етілмеген күйде қалып, ал итбалық популяциясына қатысты жағдай нашарлап бара жатқанын айтады. Сондықтан сарапшылар мен экологтар Каспий итбалығын қорғау шараларын жедел жүзеге асыру қажеттігін алға тартып отыр.