Кәсіподақтар федерациясының мүшелігі қалпына келтірілді

18 Қараша 2022, 23:06 885

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы 161 елден 176 миллион адам кіретін әлемдегі ең ірі кәсіподақ бірлестігі

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz.

Бұл туралы ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Еске салайық, Төраға бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Австралияның Мельбурн қаласында өтіп жатқан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінің жұмысына қатысуда.

«Қазіргі уақытта ХКК Бас кеңесінің отырысы өтуде. Жаңа ғана Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігі туралы мәселе қаралды. Кәсіподақтар федерациясының ХКК мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылданды! Дегенмен, еліміздегі бірлестіктер бостандығын қамтамасыз ететін заңнамалық реформалардың жүзеге асырылуы маңызды», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

2022 жылдың 17-22 қарашасы аралығында 300-ден астам ұлттық кәсіподақ орталықтарының делегаттары алдағы төрт жылға арналған Дүниежүзілік кәсіподақтар қозғалысының күн тәртібін талқылайды.

Конгресс қатысушылары мүше-елдердегі тұрақтылықты сақтау бойынша ұсыныстар көрсетілетін «Жаңа әлеуметтік келісімшарт» мәлімдемесін қабылдауға ниетті. Мәлімдеме жобасына сәйкес, талқылау жаңа әлеуметтік келісімшарт тақырыбына: жасыл жұмыс орындары, жұмыскерлердің құқықтары, әділетті жалақы, әлеуметтік қорғау, теңдік және инклюзивтілікке арналады.

«COVID-19 пандемиясының салдары бүкіл әлем бойынша 250 миллионнан астам жұмыс орнын жойып жіберді және көптеген елдерде толық емес жұмыспен қамту ауқымы белең алуда. Пандемияға дейін де үкіметтер саясаттың орталық мақсаты ретінде толық жұмыспен қамтуға аз ғана ниет танытқан. Толық жұмыспен қамтуға қол жеткізу үшін 575 миллион жаңа жұмыс орнын ашу қажет», - делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы 161 елден 176 миллион адам кіретін әлемдегі ең ірі кәсіподақ бірлестігі болып табылады. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ХКК  мүшелігі тоқтатылған болатын.

EL.KZ
Бөлісу: