Кәсіпкерлер қостанайлық азаматтардың баспанасын қалпына келтіреді

30 Сәуір, 17:42 615

Ірі бизнес өкілдері Қостанай облысындағы су тасқынының салдарын жоюға көмек көрсетуге дайын. Олардың ішінде ADD Capital холдингінің негізін қалаушы Данияр Әбілғазин, ERG компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов, «Аллюр» және «АгромашХолдинг» компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев, сондай-ақ RG Brands басқарма төрағасы Тимур Қалтаев бар. Вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынының салдарымен және алдағы қалпына келтіру жұмыстарының көлемімен таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қостанай, Арқалық, Амангелді, Жангелді, Қарасу және Қостанай аудандарында жергілікті ТЖ режимі әлі де сейілген жоқ. Эвакуация пункттерінде 160 адам бар. Қанат Бозымбаев тұрғындармен кездесу барысында келтірілген залалды, оның ішінде су астында қалған саяжайлар (жалғыз баспанасы) үшін өтемақы төлеу тәртібін түсіндірді.

Баспанасын қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда біз үйді салып береміз немесе сатып аламыз. Тұрғын үйді қалпына келтіруге болатын болса, оны жөндейді. Аталған жұмыстар демеушілер, меценаттар, бизнес өкілдері есебінен жасалады. Көптеген әлеуметтік желілерде ірі бизнес зардап шеккендердің баспанасын қалпына келтіруге бағытталатын қаражаттың сақталуына алаңдаушылық білдіруде. Қаржыны негізінен бизнес өз бетінше жұмсайтынын жауапкершілікпен айтқым келеді. Олар зардап шеккендерге баспана сатып алады, үй салады немесе жөндейді, — деп түсіндірді вице-премьер. 

Қанат Бозымбаев өтемақы төлеу мен қаржылық көмек көрсету мәселелеріне жеке тоқталды. Қостанай облысы тұрғындарынан біржолғы төлем алуға 3 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бүгінде 2 мыңға жуық отбасына 705,2 млн теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетілді.

Барлық зардап шеккен азаматтарға 100 АЕК төлеу әкімдіктер мен мәслихаттардың құзырында. Олар кімге қандай соманы және қалай төлеу керектігін анықтайды. Біз проблемалар бүкіл ел бойынша ұқсас екенін түсінеміз, сондықтан Жедел штабта барлығына 100 АЕК-тен төлеуді ұсындық, — деді Қанат Бозымбаев. 

Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жоғалған немесе бүлінген мүліктері үшін өтемақы алуға құқылы. Мұндай мүліктер тізіміне: тамақ сақтауға және дайындауға арналған заттар, тамақ ішуге арналған жиһаз, ұйықтауға арналған жиһаз, азаматтарды ақпараттандыру құралдары, сумен жабдықтау және жылыту құралдары кіреді. 

Вице-премьер арнайы комиссияларға су тасқынының залалын бағалау бойынша барлық жұмысты 10 мамырға дейін аяқтауды тапсырды. 

Бүгінде Қостанай ауданының тұрғындарына жаңа көпқабатты үйлердің бірінен пәтерлер беріле бастады. Аудан әкімдігінде тұрғын үй беру бойынша 30-ға жуық шарт жасалды. Кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің «Аяла» қоры тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр. Кәсіпкер Қостанай ауданы мен Арқалық қаласының 65 отбасына жеке қаражатынан 1,5 млрд теңгеге пәтер сатып алып, тағы 500 млн теңгені «Демеу» қорына аударады.

Менің үйім Алтынсарин ауылында жартылай су астында қалды. Ол тұруға жарамсыз деп танылды. Бізге бірден үлкен қолдау көрсетілді, қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті. Менің үш балам бар, бізге жаңа үйден үш бөлмелі пәтер берілді. Сіздерге көп рахмет!, — деп Қостанай облысының тұрғыны Әсем Камалова алғысын білдірді .

Суық баспай тұрып, жергілікті билік баспанасыз қалған барлық жанды баспанамен қамтамасыз етуі керек. Қостанай облысының әкімдігіне ірі кәсіпкерлер 378 үй сатып алып, 638 үйді жөндеуге көмектеседі.

Еліміз үшін қиын уақытта ешкім шетте қалмауы керек. Қостанай облысында біздің бірнеше кәсіпорнымыз бар. Біздің қызметкерлер апатқа қарсы күреске, ауыл тұрғындарын, атап айтқанда балаларды су басу аймағынан шұғыл эвакуациялауға белсенді түрде қатысты. Арқалық маңындағы ауылдарға бөгеттер салу үшін арнайы техникамыз жіберілді. Баспанасыз қалған жандар үшін біз дайын баспана сатып аламыз, — деді ERG компаниясының өкілі Шухрат Ибрагимов. 

Айта кетейік, Eurasian Resources Group негізін қалаушы акционерлер су тасқынының алғашқы күндерінде 400 млн теңге және апаттың салдарын жоюға және тұрғындарды қолдауға тағы 40 млрд теңге бөлді. Сондай-ақ аталған қаражатқа жол және инженерлік инфрақұрылымды, Қостанай облысындағы мектептерді қайта жаңарту көзделген.

Кәсіпкер Андрей Лаврентьев өңірге 3 млрд теңге бөлетінін айтты. Бұл қаржылай көмек 140 үй салуға немесе 96 пәтер сатып алуға, сондай-ақ 400 үйді жөндеуге жұмсалады. Сонымен қатар бұған дейін Андрей Лаврентьевтің компаниялары апатпен күреске «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорына 500 млн теңге аударған болатын.

 

Қиын кезең адамдарды біріктіреді. Қостанайға ауқымды су келгеннен кейін біздің мыңнан астам қызметкер әкімдік пен арнайы қызметтердің мамандарымен бірге бөгеттерді күшейтумен айналысып, адамдарға тарату пункттерінде көмектесті. Бұл біздің туған өлкеміз, біздің барлық кәсіпорындарымыз осында. Бөлінген қаражатқа пәтерлер сатып алынып, үйлер салынады. Біз Мемлекет басшысының үндеуіне құлақ астық және біз бұл жұмысты Үкіметпен бірге міндетті түрде жүзеге асырамыз деп ойлаймын, — деді Андрей Лаврентев.

Өз кезегінде RG Brands компаниясы Қостанай облысында тұрғын үй салуға және қалпына келтіруге 1,46 млрд теңге бөледі.

Сонымен қатар ҚР Үкіметінің резервінен Арқалықтағы су тасқынынан зардап шеккендерге үй сатып алуға 405 млн теңге аударылды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: