Бүгінгі күні үйді немесе кеңсені жиһазсыз елестету мүмкін емес. Өйткені, жиһаз кеңсеге келбет, үйге сән береді. Қолайлылығынан бөлек, жанға жайлылық пен тыныштық сыйлайтын дүниені жасап шығару нағыз өнер десек артық айтпағанымыз.
Тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Атырау қаласы Жаңаталап ауылынан шағын жиһаз жасау шеберханасы ашылған. Қазіргі таңда аядай ғана ауылдың ғана емес, Жайық бойын жағалай қоныстанған ел-жұрттың сұранысына ие болған цехтің иесі - Қанат Рақымжанұлы.
Күні бүгінде шебердің ісі өрге домалаған. Бос уақыт мүлдем жоқ. Себебі, тапсырыс көп, уақыт аз. Бірақ, Қанат Рақымжанұлымен танысудың орайы келіп, кәсібі туралы аз-кем әңгіме қылдық.
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
- Орыс жазушысы Борис Акунин «Жан баласы сүйікті ісімен айналысса ғана оны жұмыс істейтіндер қатарына жатпайды. Өйткені, өзіне ұнайтын кәсіппен айналысқан адам – шығармашылықпен айналысады» - дейді. Сіздің осы кәсіпті таңдауыңызға не түрткі болды? Бұл сүйікті іс пе, әлде, табыс көзі мол сала ма?
- Сөзіңіздің жаны бар. Сүйікті ісімен айналысқан адамды бақытты адам деп есептеуге болатын шығар. Жалпы, өзім бұрыннан құрылысқа қатысты дүниелерге қызығамын. Бірақ, 2012 жылы сүйікті ісімді таптым десем болады. Алғаш үйдің дизайндарынан басталған қызығушылық, жиһазды құрастыру мен өңдеумен жалғасты. Бір жыл ішінде осы салаға деген махаббаттың арқасында көп уақыт жоғалтпай 2013 жылы ойымды жүзеге асырдым. Жиһаз өнімдерінің барлық түрін өндіретін цех аштым. Ал, күні бүгін сүйікті ісім – жақсы табыс әкелетін бизнеске айналды. Сондықтан өзімді де бақытты адам деп есептеймін.
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
- Әңгімемізде табыс туралы айтылған соң, сол төңіректен бір сұрақ. Табыс әрқашан тапсырысқа байланысты екені анық. Орташа есеппен айына қанша тапсырыс қабылдап, тұтынушыға жеткізесіздер?
- Әрине, табыс тапсырыстың санына тікелей байланысты. Алайда, ол туралы сөз қозғамас бұрын мен бір жайтқа тоқталып кеткім келіп тұр. Мен бұл салада жүргеніме биыл 10 жыл толды. Алғашқы жылдары өте қиын болды. Өйткені, сіз жаңадан кәсіп аштыңыз. Сіз айналыстан дүние туралы тұтынушылар бейхабар. Оған қоса, бәсекелстік бар. Бірақ, тоқтаусыз әрекет пен адал еңбек арқылы түбінде жақсы нәтижеге жетуге болады. Айтқанымдай кәсіп бастаған алғашқы жылдары айына бір немесе екі тұтынушыны қанағаттандыра алсақ, қазір айына кем дегенде он немесе оданда көп тапсырыстар орындаймыз.
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
- Жоғарыда тоқтаусыз әрекет пен адал еңбек туралы айттыңыз. Белгілі бір салада жетістікке жету үшін тағы адам бойында тағы қандай қасиеттер болуы керек?
- Халқымызда, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген жақсы сөз бар ғой. Сондықтан, адам баласы қандайда бір іспен айналысуды шешкен болса, алдымен сол істі өзі жасап білуі өте маңызды. Өйткені, білімің мен хабарың жоқ салада жетістікке жету қиын кейде, тіпті мүмкін емес. Жалпылама, айтқанда адамды табысқа жеткізетін жақсы қасиеттер көп қой. Бірақ, ең маңыздысы бұл – «команда» деп білемін. Меніңше, кадр мәселесін шешіп, жаныңызға мықты мамандарды жинасаңыз, қандай істің болмасын биігін бағындыру оңайырақ секілді.
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
- Қазіргі таңда қол астыңызда қанша маман бар? Мүмкін, алдағы уақытта цехтің өндірістік қуатын арттыру үшін қатарыңызды толықтыру ойыңызда бар шығар?
- Қазір біздің жиһаз цехінде 3 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Алдағы уақытта компаниямды брендтік дәрежеге шығарып, жиһаз өндіру саласында өзіңдік орнымызды алатын өндірістік орынға айналғымыз келеді. Барлығы бірден болмайды әрине. Бірақ, жақын болашақта қатарымызға тағы да 3 маман қосу жоспарда бар.
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
- Енді, бизнестің осы бір түріне қызығып, кәсіп ашуды ойлап жүрген жандарға не айтасыз?
- Қазір, жұмыс істеп, кәсіп бастаймын деген адамға барлық жағдай жасалған. Мүмкіншілік көп. Жыл сайын түрлі бағдарламалар іске қосылып жатыр. Мысалы, өзім де 2019 жылы жиһаз өңдеу үшін қажетті станоктар мен құралдарды мемлекеттің «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 6%-бен несие арқылы сатып алдым. Одан бөлек, «еңбек бағдарламасы» арқылы да қолдау алдым. Қазір заманның игілі көп. Тек, тәуекел етіп білу және ерінбеу керек шығар.
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
-Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Алға қойған мақсаттарыңыз орындала берсін!
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ