Кәсіби футболды мемлекет есебінен қаржыландыру керек пе?

8 Мамыр, 09:41 619
Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Даулет Жамбайбеков футбол клубтарын мемлекеттік қолдауға қатысты жүргізген зерттеу деректерін бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сарапшының айтуынша, мемлекеттік бюджетті оңтайландыру тұрғысынан бүгінгі таңда бюджет шығыстарын республикалық және жергілікті деңгейде олардың өнімділігі мен орындылығы бөлігінде қайта қарау өзекті болып отыр. Бірінші кезекте мемлекеттің белгілі бір бағыттарды қаржыландыру ауқымын бағалау қажет.

Егер мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындауы жөніндегі мәселені қарауды, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды (мемлекеттік шығыстардың бірінші кезектегі бағыттары ретінде) іске асыруды алып тастаса, тұтастай алғанда бәсекелестік ортада болуға тиіс бағыттар бірінші орынға шығады. Дегенмен, тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір салалар әлі де мемлекет есебінен қаржыландырылады, ең алдымен біз Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарын ұстау туралы айтып отырмыз, - дейді сарапшы. 

Ашық дереккөздер деректері елде мемлекет тікелей немесе жанама түрде қолдайтын 14 кәсіби футбол клубы бар екенін көрсетеді. Бұл клубтардың бюджеттері жыл сайын 600 млн теңге және 6 млрд теңге аралығында өзгереді, яғни жалпы алғанда, бұл 31 млрд теңге шеңберінде. 

Бұл клубтардың жартысынан көбін жергілікті атқарушы органдар, яғни мемлекеттік қаражат есебінен күтіп-ұстайды. Сондай-ақ, Қазақстанда биылдан бастап футбол клубтарына шетелдік ойыншыларды тартуға шектеу алынып тасталғанын айта кеткен жөн. Демек, лимиттің болмауы отандық ойыншылардың алаңнан мүлде болмауына әкелуі мүмкін. Ал бұл команда құрамы негізінен жергілікті бюджет және тиісінше салық төлеушілер есебінен сақталатын болады. Бұл мәселеде көптеген елдер (дамыған және дамушы) кәсіби футболды тек жеке қаражат есебінен қолдайтын халықаралық тәжірибеге назар аудару қажет. Көптеген елдерде кәсіби футбол мемлекеттен "ақша сұрамайды" ғана емес, сонымен бірге салық түсімдерінің маңызды бөлігі екені анық, - дейді Даулет Жамбайбеков.

Осылайша, CIES Football Observatory зерттеуіне сәйкес Бразилия экспорт бойынша әлемдік көшбасшы болып табылады - 2022-2023жж. маусымында 1289 футболшы. Бразилиялық футболшылардың экспорты және жалпы футбол жыл сайын ЖІӨ-нен шамамен 0,72% құрайды (немесе шамамен 10 миллиард еуро), Бразилияның барлық салық түсімдерінің жалпы құрылымындағы оның үлесі 1,4%-ті құрайды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан бразилиялық балалар үшін футбол "әлеуметтік жеделсаты" болып табылатыны және оның дамуы көше аулаларынан басталатыны баршаға мәлім.

Қазақстан мен ұқсастық жасай отырып, ел өңірлерінде бұқаралық спортты қолдаудың орындылығы туралы ой туындайды. Мәлім болғандай, Қазақстанның барлық өңірлері балалардың бос уақытынан басқа "дені сау ұлтты" қалыптастыратын заманауи балалар алаңдары мен футбол алаңдарының болуымен "мақтана алмайды", - дейді сарапшы.

Қосымша «арифметикалық» ақпарат:
Аула футбол алаңының орташа мөлшері 192 шаршы метрді құрайды (ұзындығы 16 метр және ені 12 метр). 
192 шаршы метр аулалық футбол алаңын салу бойынша қызметтердің орташа құны 1,9 млн. теңгені құрайды (8-ден астам қызмет көрсетуші талданды).

192 шаршы метр аула футбол алаңының құрылыс материалдарына жұмсалатын шығындардың орташа құны 4,4 млн. теңгені құрайды:
Түк биіктігі 40 мм жасанды жабын – 432 мың теңге;
Футбол қақпасы 2 бірлік – 106,8 мың теңге;
Қақпа торы 2 бірлік – 74,5 мың теңге;
Биіктігі 5 метр қоршау – 3819 мың теңге.

Аулада бір шағын футбол алаңын салу үшін құрылыс жұмыстары мен материалдарға жұмсалатын шығындарды ескере отырып, барлығы 6,3 млн теңге қажет болады. Теориялық тұрғыдан 31 млрд теңге көлеміндегі кәсіби футбол ақшасына 5 мыңға жуық ауланы футбол алаңдарымен жабдықтауға болады, - дейді сарапшы  Даулет Жамбайбеков.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: