Қаржаубай Сартқожаұлының балалық шағы

18 Сәуір 2017, 11:08 9176

Тағдыр мені шыр етіп өмір есігін ашқаннан таспен байланыстырған

Бақыт деген – сенің бала күндерің,

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.

                                                                     Бақытын да, басқасын да білмеуің,

                                                            Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.

Мұқағали Мақатаев

Әр дүйсенбі сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағына саяхат жасайды.

Біз бұл сұхбатымызда ел алдында жүрген елеулі азаматтардың балалық шағына саяхат жасау арқылы, оқырмандардың бақытты балғын шақтарын есіне оралтуды басты мақсат еттік.

Бүгін біз филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, түркітанушы ғалым – Қаржаубай Сартқожаұлының балалық шағы хақында әңгімелемекпіз. Қаржаубай ағамыздың балалық шағына саяхат үш бекеттен тұрады.

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─ Балалық шағыңыз қай өңірде өтті?

─ Менің балалық шағым Алтай тауының солтүстік бетінде Моңғол жерінде өтті. Негізі біздің арғы аталарымыз Зайсан өңірінде Марқакөл жақты мекендеген екен. Шамасы революцияның тұсы болса керек, сол уақыттарда Моңғолия жеріне ауған деседі. Мен Алтайдың солтүстік бетінде Үсіген деген жерде дүниеге келіппін.

─ Есіміңізді кім қойды?

─ Біздің ел сол кезде нағыз қаймағы бұзылмаған қазақи орта еді. Киіз үймен төріт түлік малдың ыңғайына қарай көшіп жүреміз. Жазда жайлауға, күзде күзеулікке, қыста қыстауға, көктемде төлдеулікке төрт мезгіл орын аустырып көшіп отырамыз. Анамның айтуы бойынша маған аяғы ауырлап жүрген кезі көктем мезгілі екен. Бір күні сиырларды өріске айдап апарып тастап, тезек теріп жүрген кезде толғағы қысып қатты аурыпты. Ауылдан ұзап кеткен, иен жер, айғайлап адам шақыруға даусы жетпейді. Әбден  жаны қысылғанда шешеміз кереге тасқа сүйеніп отыра кеткен. Сол жерде мен аппақ қардың үстінде алғаш өмір есігін ашыппын. Анам  кішілеу екі тасты алып кіндігімді егеп кесіпті. Қинала жүріп тезекті төгіп, қапты босатып, мені соған орап үйге жеткізген екен. Кіндігімді қайталай кесіп кіндік шеше атанған бір апамыз «есімін қар үстіне туған соң Қаржаубай қоялық» деп ақыл салыпты. Үлкеннің айтқанын екі етпейтін көненің адамдары қарсы болмапты. Менің бүкіл күш-қуатыммен ақыл-қайратымның ежелгі тас ескерткіштерді зерттеуге жұмсалғаны, туғаннан кіндігімнің тасқа байланғаны деп түсінемін кейде.Тағдыр мені шыр етіп өмір есігін ашқаннан таспен байланыстырған.Сол себепті ата-бабамыздың тасқа қашалған тарихын тірілтуге ғұмырымды арнадым.

Екінші бекет «Ана мектеп»

─ Мектепке неше жасыңызда бардыңыз?

─ Ол кезде біздің ауылда ежелгі қазақ өркениеті үзілмеген кез. Төріт түлік малдан басқа жұмыс та, ермек те жоқ, балалық шағымыз төлдердің арасында өтті. Әсіресе жазиралы жайлауда жаз айларында қозы бағу біздің міндет. Ақтың молдығынан ауыздан айран үзілмесе де, киім жағына келгенде кемістік тартасың. Кейде бұтыңа не ілінсе соны киіп, қолыңда бишігің бар жалаң аяқ қозыңды алдыңа салып кете барасың. Әлі есімде, тамыз айы болатын. Біздің  ауыл жайлауда өз ата қонысында отырған. Бізге қарасты ауылдың бас жағында Қамза деген байдың ауылы жайлайтын. Мыңнан астам қойы, бес жүзден аса жылқысы бар дәулеті шалқыған кісі. Бір күні жалаң аяқ қолымда бишігім бар ауылдың шетінде лақ қайырып жүргенмін. Алыстан маған қарай келе жатқан атты кісінің қарасы көрінді. Жақындап келгенде байқадым, ұзын қара көк атқа мінген, шашын артына қайырып тараған, кесек денелі кісі екен. Мойнына сөмке асынып алыпты.Ол заманда ауылдың еркектері шашын ұстарамен қырып тастап жүретін. Ал жаңағындай шаш қойған, мойынына сөмке асынған болса бірден үкімет адамы екенін сезе қоятынбыз. Халық әбден үркін-қорқыннан жүрегі шайлығып қалған еді. Үкімет адамдарын көрсе болды үдірейе қарайтын. Мен де әлгі адам жақындаған сайын қорқа бастадым. Жаныма келді де атының басын тежеп:

─ Кімнің баласысың ? – деді.

─ Сартқожаның баласымын.

─ Лақ өзіңдікі ме?

─ Иә.

─ Кел міңгес артыма! ─ деп, атын көлденең тартты. Артына міңгесіп алдым. Қашуға қауқар жоқ, қорыққанымнан не айтса соны орындай бердім.

─ Таста бишікті! – деді. Тастай салдым. Желе аяңдап ауылдан ұзап жүріп кетті. Мені міңгестірген күйі ауыл орталығына әкеліп мектепке орналастырып тастады. Жаңағы атты адам сол мектептің директоры екен. Негізінде ол кісі оқуға мені емес, менен екі жас үлкен Қамза байдың баласын алуға барыпты. Бай ерке ұлын оқуға бергісі келмесе керек, директорға жаздай мініске ат беріпті. Аттың май ақысын кешірім етіп есесіне ұлының орнына мені алып кетуге үгіттепті. Сөйтіп әлгі байдың ақымақтығының арқасында жеті жасымда мектепке кірдім.

─ Айдалада лақ қайрып жүріп мектепке тосыннан келіп түстіңіз. Сабақ оқу  қиын болған жоқ па?

─ Онша қиын бола қойған жоқ. Себебі мен үйдің кенжесі болғандықтан көбінде апаммен бірге (шешемізді апа дейтін едік) үйде қалатынбыз. Сол кезде апам мені есіктің алдына отырғызып қойып оқытатын. Ол заманда қағаз атымен болмайды. Дәптер орнына қара топырақты майдалап жайып жіберіп  соған ағашпен жазып араб әліпбиін үйрететін. Соның пайдасы тиіп, мектепке кіргенде қырық екі әріпті оңай жаттап алдым. Екінші сыныпқа барғанда әдеби кітаптарды оқи бастадым. Қолымнан «Мың бір түн» хикаясы түспейтін еді. Өлең-жырларды жаттап өстім. "Манас жыры", "Алпамыс жыры" оқиғаларын қызығып оқып, оларды түгелдей жаттап алдым. Апам жыршы адам болатын. Күнде кешкілік «Салиқа-Сәмен» сынды көнеден қалған, ел аузында жүрген жырларды жатқа айтып беретін. Айтып қана қоймай, маған да жаттататын. Соның арқасында оқушылар арасындағы жатқа өлең айту бәйгесінде бірінші орын алдым. Кім көп өлең жатқа айтса, сол жеңімпаз саналады. Мен елу өлеңді жатқа айттым. Бұл менің ең алғашқы жеткен жетістігім еді.

─ Оқушы Қаржаубайдың басынан өткен қызық оқиғасы бар ма?

─ Ондай көп болды ғой (Күлді).  Үшінші-төртінші сыныпқа дейін тойған қозыдай томпиып жүргенімізбен, бесінші сыныпқа келгенде қылық шығара бастадық. Теуіп кететін тентектігіміз күшейді. Кімге тиісермізді білмей алақанды ысқылап жүретін кез. Тосыннан келген төбелестерге араласа кетіп таяқ жеп те, жегізіп те жүреміз. Ешқашан ондай соғыстардың болғанын үйге айтып келмейтінбіз. Себебі менің анам үйге жылап келіп шағымдансам — сабайтын. Бізге бесінші сыныптан бастап Моңғол мемелекеті болған соң, моңғол тілі оқытыла бастады. Кесек денелі бір ағай сабақ берді. Бір қызығы ол кісінің мұрыны өзгешелеу, тым үлкен, имектеліп келген құс тұмсық сияқты болатын. Мен соны қызық көріп әлгі мұғалімнің сабағы болған сайын, бетіне қарап бақырайып отыра беретінмін. Бойым аласа болғанымен артқы партада отырамын. Бір күні сол ағайдың сабағы жүріп жатқан. Мен болсам күндегі әдетіме басып құс мұрына тесіле қарап отырғанмын. Менің көз алмай қарап отырғанымды сезсе керек, жаныма жетіп келіп, бетіме қарап көзін алартты. Сол кезде мен екі жұдырғымды  бірінің үстіне бірін қойып, оны мұрыныма апарып, әлгі кісінің танауын келеке еттім (Күлді). Сол-ақ екен, жағамнан ұстады да, орнымнан жұлып алып есікке қарай бірақ атып, теуіп-теуіп кластан шығарып жіберді. Мазақтаған немді алған, далада жылап тұрмын. Бір кезде сабақ аяқталып оқушылар үзіліске шықты. Балалар қасыма келіп әлгі мұғалімнің журналға тізіп отырып қатарынан бес екі қойғанын айтты. Ұстаздың мұрынының ұшына тиісіп нем бар еді, екіні естігенде өзімнің жаным мұрынымның ұшына келді (Күлді). Сонда қорыққаным соншалық, күнде моңғол тілін жазып, жаттап сабаққа дайындалып барамын. Қол көтеріп сабақ айтайын десем, әлгі ағайдың өштескені соншалық маған сабақ айтқызбайды. Ертең сабақ сұрап қалар деген үмітпен күнде-күнде дайындалып барамын. Бірақ менен сұрамайды. Сүйтіп арпалысып жүргенде емтихан алатын кезде жетті. Ағай өзі бір сұсты кісі еді, «шық тақтаға» деп ең бірінші мені шығарды. Мен қорқып күнде моңғол тілін жазып, жаттағанның әсерінен қалай моңғолша сөйлеп кеткенімді өзімде білмей қалдым. Мұғалім сұрақ қояды, мен сыдыртып жауап беремін. Тақтаға жазғызды, не айтса соны жазып тұрмын. «Әй, сен оқитын бала екенсің ғой» деп риза болды. Сұсты бейнесін жылытып маған қатарынан тізіп отырып бестен бесеуін қойып берді. Содан бастап мен моңғол тілінің маманы болып кеттім.

─ Ғылымға, әдебиетке көп адам өлең жазумен келеді. Сізді де мектепте өлең жазған боларсыз?

─ Оның рас. Әрине өлең-жыр жаттап өскеннен кейін, өлең деп айтуға келмес, тақпақ шығаратын аздап ақындығымыз болды. Көбінде қағытпа-қалжың өлеңдер жазып жүрдім. Ұстаздарды, оқушыларды өлеңге қосамын. Тыныш жүрмей, тисіп жүретін тентектігім бар (Күлді). Бір күні сынып жетекшімізге қағытпа өлең жазған едім, ол кісі сезіп қойып ашуға басты. Мені қылмыскерше алдыға салып айдап апарып, мұғалімдер кабинетіне қамап тастады. Түстен кейінгі уақыт болатын, біртіндеп қас қарайып күн бата бастады. Түнгі салқыннан мұздап тоңа бастадым. Айналама қарасам жамылатындай ештеңе жоқ, бөлменің іші тоңазып барады. Не істерімді білмей тұрмын, шығып кетуге есік-терезе онсызда ашылмайды. Бір кезде амал табылғандай болды. Еденге төселген  ұзындығы бес-алты астам ені бір метрдей кілем жатыр екен. Соған көлденең жаттым да, ширшықтап оралған қалпы бұрышқа барып бүркеніп жатып қалдым.Түнгі сағат он бір шамасында сынып жетекшіміз келді. Бөлме ішінен мені іздеп таба алмады. Шығып кетті дейін десе есік-терезенің барлығы құлыптаулы. Өзі жуастау кісі еді, басын қасып біраз тұрды да, «әлгі неме сайтан болып кетті ме ей?» - деп өзімен-өзі сөйлесіп кетіп қалды. Бір тәуірі есікті бекітпей ашық тастап кетті. Мен ештеңе сездірмей үнсіз жаттым да, ағай алыстаған соң кабинеттен шығып үйге қарай ұштырта жөнелдім. Ертеңіне ештеңе болмағандай сабаққа келдім.Әлгі ағайымыз таңдана қарады да, оңаша шақырып алып:

─ Кеше қайда болдың? ─ деді.

─ Өзіңіз қамаған кабинетте болдым.

─ Шыныңды айтшы, онда мен неге көрмедім?

─ Рас айтамын мұғалім, ішінде болдым,─ дедім. Мұғалім күмәнданып тұрғасын, іздеп келіп не айтқанын өзіне айтып бердім. Ағай ұялып кетті.

─ Айналайын, енді саған тиіспеймін. Өзің бір пәлекет екенсің! Бірақ енді маған өлең жазба. Біреулер оқып қойса ұят болады – деп, алдап-сулап шығарып салды.

Соңғы бекет «Бала ғашық»

─  Өзіңіз өжет, тентектеу болыпсыз, қатарлас қыздарға да  көп хат жазған шығарсыз?

─ Айтсам сенбейтін шығарсың. Неге екені белгісіз қанша тентек болсам да, он сегіз жасыма дейін қыздарға жолаудан қорқатынмын.Тіпті бетіне тіке қараудан ұялатын едім. Менің ойымда қыз дегенің жақындауға болмайтын бөлек әлемдей сезілетін. Ал құдай қосқан жарыма төртінші курс оқып жүргенде ғашық болдым. Ол бірінші курсқа жаңа түскен кезі еді. Бір күні бөлмесіне шатасып кіріп барсам ол жаңа жуынып шығып, айна алдында шашын тарап тұр екен. Мен аңтарлып қарап қалыппын. Сүмбіл шашы ақ балтырынан асып тобығына тіреліп тұр. Осындай сұлулықты бірінші рет көргенде есімнен тана жаздадым. (Күлді). Ақыры артынан жүгіріп жүріп арманыма жеттім!

─ Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу: