Карлагта қыршын болған тағдырлар 

31 Мамыр 2019, 19:45 9213

Лагерь азабын кешкен балалар мен әйелдер

Қазақстанның тарихындағы қаралы жылдар, қуғын-сүргін, ашаршылық туралы мақалалар аз болмағанымен, сол кезең қасіретін толығымен жеткізе алмас. Кеңестің архивтерде ашылмай кеткен құжаттар, бұл күнге үрім-бұтағы жетпеген әулиеттер, жоқталмай қалған адамдар қаншама.

"Орталық Қазақстан" газетіне жақында ғана жазушы Төрехан Майбастың "КарЛаг" мақаласы шықты. "Қарапайым халық ұғымында халық жауы дегендеріміз бұзақылар, қасақылар, ұрықарылар, қанішерлер еді. Алайда, қызыл өкімет халық жауының жаңа форматын ұсынды. Халық жауы ретінде ел басқарған азаматтар, есімдері еліне білінген тұлғалар ұсталып жатты. Оларға халық жауы деген жала жабылды. Дұрысырағы таңылды," дейді автор. Өкініштісі жала жабылған адамдар ғана емес, олардың ешбір қатысы жоқ балалары, әйелдері айдалып кете барды. Адамгершіліктің тым болмаса титтей де бөлшегі бар мемлекетте, жүйеде мұндай қиянат орын алмауы тиіс еді.

"Халық жаулары" сарыарқаның дәл ортасында орналасқан КарЛагқа тоғытылды. Қарағанды еңбекпен түзеу лагері ауқымды территорияны қамтыды. Бұл жерлерді мекендейтін жергілікті халық атажұрттан еркінен тыс көшірілді. ГУЛАГ жоспарында лагерьде 32 мың тұтқын ұсталуы керек еді. Ал іс жүзінде мұнда 75 мың адам жазасын өтеді. 1930-1965 жылдар аралығында Карлагта 1 млн астам тұтқын болған екен. Олардың дені еш жазықсыз сотталып, "сатқын", "халық жауы" атанды. Олардың бала-шағасы, туған-туысы да теперіш көріп қудаланды, мазаққа айналды. Карлаг жүйесі "НКВД балалары" түсінігін қалыптастырды. Тұтқындардың балаларына "сендер жаудың баласысыңдар, адам боламын десеңдер олардан бас тартыңдар. Ендігәрі сендер кеңестің баласысыңдар, әкелерің де, шешелерің де совет одағы" деп тірі әке-шешесінен айырып жетім етті. Тіпті өз туған әке-шешесінен бас тартқанның өзінде оларға жеңілдік жасала қоймады. Олар өз тегі үшін "жазасын" толық өтеп шықты. Мысалы, Куйбышев облаткомы төрағасының қызы Муся Полябицына сіңілісімен бірге бес жылға сотталып, лагерьде суару жүйесінде жұмыс істеді. 1945 жылы Муся туберкулезге шалдығып көз жұмды. Москва аупарткомының екінші хатшысының қызы Мира Гиндина 14 жасында тұтқындалып осы лагерьде отырды. Жүйе әйел, бала-шаға деп қарамады. Кез келген аңдаусызда жасалған істің құны тым қымбат еді. 15 жасар Николай Булка есімді жасөспірім Карлагта 5 жыл тұтқында отырды. Айыбы - мектепте достарымен ойнап жүріп, М.И. Калининнің портретін байқамай құлатып алғаны. Бұл үшін Булка 54-баппен сотталды. Д.А. Шаймұханов, С.Д. Шаймұханованың "Карлаг" кітабында балалардың жағдайының қаншалық мүшкіл болғанын айтады.

"Лагерьдегі балалардың жағдайы аса жаман болды. Киім-кешегі жұпыны әрі ескірген балалар қамыстан буылған төсекте жататын. Олардың іске татитын киімін ересектер, тіпті сақшылардың өздері ұрлап алатын.

Лагерь балалары үй дегеннің не екенін білмейтін, "әже", "папа" деген сөздерді мүлдем түсінбейтін. Олар негізінен лагерьге қатысты ұғымдарды ғана білетін. Тақтаға үйдің суретін салса, балалар "барак" деп шу ете қалатын. Ал үйдің сыртына шарбақ салса балалар оны "зона" деп атайтын. Анда санда ғана балаларға шешелерін көрсететін. Ал шешелері этаппен айдалып кетсе, балалары осында қалатын. Қиыр Шығысқа айдалып кеткен әйелдердің 4 жасқа дейінгі балалары Осакаровкадағы балалар үйіне жөнелтілді. Олардың тірі қалғандары бірен-саран ғана еді.

Лагерьге емшектегі балалармен түскен әйелдердің жағдайы тым мүшкіл еді. Күні бойы ауыр еңбекке салынған әйелдерге балаларын бір уақыт қана емізуге уақыт беретін. Жұмыстан титықтап келген әйелдерде қайбір сүт болушы еді. Аш нәрестелер төсекте күні бойы шырылдап жататын. Сондықтан лагерьде балалар өлімі сирек жағдай болмайтын.

Ал 3-4 жасқа толған балаларды анасынан айырып балалар үйіне жөнелтетін. Онсыз да қайғыдан қан жұтып жүрген әйелдер үшін бұл ауыр соққы болатын еді. Қайсібір әйелдер шыдамай жынданып кететін. 1939 жылы лагерьде 451 сәби болса, бір жыл ішінде оның 114-і шетінеп кеткен.

"Лагерьдегі әйелдердің көпшілігінің осынау тозаққа төзуіне өздерінің кінәсіздігіне сенімділігі және бір-біріне деген өзара моральдық қолдауы көмектесті. Олар аса дөрекі, аса сиықсыз, сонымен қатар ескі киім-кешекпен жүрді. Сондада олардың жүзінен нқр төгіліп тұратын. Бұлар ерекше әйелдер еді. Бұлар жүректері қайғы-шерге толған, азапты белден кешкен, әбден шаршап-шалдыққан жандар еді, алайда оларда бір-ақ нәрсе - қорқыныш болған жоқ" деп жазады тарих ғылымының докторы Д. А. Шаймұханов пен оның қызы тарих ғылымдарының кандидаты С.Д. Шаймұханова "Карлаг" атты кітабында.

Бостандыққа шыққаннан кейін де оларға астанада, ірі қалаларда тұруға тыйым салынды. Олар бұл қалалардан 101 шақырым қашықтықта орналасуы тиіс еді. Алайда шағын ауыл, қалалардың өзінде оларды да ешкім жылы қарсы алып, жұмысқа ала қойған жоқ. Лагерьдегі азап осымен біткен жоқ, бостандықта да оларға ілінген "қылмыскер", "халық жауы" атағы қалмады. Еркіндікте олар толыққанды өмір сүре алмады. Сондықтан бостандыққа шыққандардың біраз бөлігі шыдамай қайтадан лагерьге келіп, жалдамалы жұмысшы ретінде қалуға мәжбүр болды. Толық ақталып, ел қатарлы өмір сүруге әлі біраз уақыт бар еді. Өкінішке қарай көптеген адам аңсаған азат таңын көре алмай кетті.

Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны ақын П.Н. Васильевтің әйелі Е. Валярова-Васильева өз естеліктерінде былай деп жазған екен: "Мен Отанға сатқындық жасағандардың отбасы мүшесі ретінде он жылға сотталдым. Мерзімімді Темников (Молдавия) және Қарағанды лагерінде өтедім. Соғыс басталғанда теріскейдегі бүкіл лагерьлер көшірілді. Ай жарым уақыт бойы этапта жүрдік. Қайда барсақ та қабылдамайды, лагерьлер лық толы. Ақырында Қарағанды түбіндегі Қарабас станциясына әкелді. Екі апта бойы сұмдық жағдайда ұстады. Барақтарда орын жоқ: сөрелерде де, оның астында да, жерде де. 200 адамдық біздің этапты барақтар арасындағы ашық жерлерге орналастырды. Күз жақындап, жаңбыр мен бұлтты суық мезгіл басталды. Бір таңданарлығы, ешкім де ауырған жоқ".

Әйелдерді мал бағу, отын, шөп дайындау, көкніс жинау сияқты сан алуан қиын жұмыстарға салды.

Ең қиямет-қайым жұмыс - қамыс дайындау болатын. Ол әйелдер үшін сәтті аяқтала бермейтін. З.С. Тінәлиева былай деп есіне алады: "Отын дайындауда алғашқы топтың қатарына іліктім. Сапқа тұрғызып апарады. Алды-артың толған ит, қарулы сақшы. Әлі қалындап қата қоймаған мұзға айдайды. Көбіміз талай рет түсіп те кеттік. Кешке бараққа келгенде аяғымыз мұз сияқты, бірақ қып-қызыл болатын".

Бұланды орман шаруашылығында еңбекеткен М.Л. Анцис сол кездер туралы естеліктерінде: "Кешкілік жұмыстан әбден қажып зонаға оралып, бараққа келетінбіз. Мұнда әрқайсымыз өзіміздің кұйкі тұрмыс-тіршілігімізбен айналысамыз. Көбіне қатты алаңдайтынымыз - балаларымыз бен күйеулеріміз туралы еш деректің болмауы еді. Соған қарамастан шындыққа сенетінбіз. Жексенбі күндері барақтарда ән ұйымдастырып, көңіл көтеретінбіз" дейді.

С. Альперович былай деп еске алады: "Украин әйелдері мұңлы ән айта бастаса оларға тыйым салынатын. Оның есесіне "Широка страна моя родная" әнін айтуға рұқсат ететін. Әйелдер жиналып алып бастарынан өткен әңгімелерін айтып, мұғын шағатын. Сталинді әңгімелейді. Әуелінде осынау қуғын-сүргінге оның қатысы, кінәсі жоқ деп ойлайтынбыз. Алайда саяси тұтқындар түрмесінен келгендер көзімізді ашты. Олардың айтуынша ешбір жазығы жоқ адамдар "барлық халықтардың әкесінің" келісімі бойынша азап шегіп жатыр екен".

Н.И. Мальцеваның естелігі бойынша кейде осындай ашық әңгімелердің соңы қырсыққа ұласып отырған. Әрбір барақта бастыққа сыбырлап отыратын тыңшылар қаптап жүрген. Үкіметке қарсы үгіт жүргізгені үшін қосымша мерзім берілетін немесе түрмеге жіберілетін.

Көптеген әйелдер Карлаг аймағындағы мал фермаларында жұмыс жасайтын. Олар Қарағанды, Ақмола және Петропавл ет комбинаттары үшін мал бағатын. Әр фермада әрбір тұтқын әйелге жүзден астам бұзау бағу міндеттелінетін. Бастықтар мен бақылаушылар тұтқн әйелдерге өте қатал қарайтын. Бірде Спасскідегі әйелдер барағында бұрынғы мұғалима, қартаң әйел үстел үстіне Чайковскийдің портретін қойған екен. Осы үшін бақылаушы әйел оған үш тәулік крцер берген. Мұғалиманың бұл атақты композитор ғой деген уәжіне бақылаушы әйел: "Мұның кім екенінн білгім де келмейді. Лагерьдегі әйелдерге еркектің портретін ұстауға рұқсат етілмеген" деген.

Лагерьдегі бөлім бастығы Мишин Күлжамал Майлинаны балағаттап, жер-жебіріне жеткен. Жазушының әйелі ашынып, қолындағы айырымен тұра жүгіріпті. "Сенің қорлығыңды естігенше сені де өзімді де өлтірейін. Күйеуімді құрттыңдар, бес баламды жетім қалдырдыңдар, енді маған өмірдің керегі жоқ!" деген.

Тағы бірде наурыз айының қара суығында бір бұзау өліп қалған. Сонда лагерь бастықтарының бірі үш әйелді атып тастап: "тағы бір бұзау өлетін болса, алтауыңды атып тастаймын" деп қорқытқан.

Қаражар лагерінде 1941 жылдың наурызында Отанына опасыздық жасаған адамның отбасы мүесі ретінде сегіз жылға сотталған лагерьдегі дәріхана меңгерушісі А.С. Андронникова 22 грамм мышьяк жетпей қалғаны үшін өзін-өзі өлтірген. Өйткені мұнда бұзаулардың мышьякпен улану оқиғасы болған. Демек оны осы айыпқа тарту ниеті болып, әдейі ұйымдастырылған. Андронникова халдырған хатында: "Бұдан әрі көтерер халім жоқ. Отыз жеті жыл өмір сүрдім. Еш жақсылық көрген емеспін" деп жазып кеткен.

"Қайсібір күзетшілер шамадан тыс қатігез болатын, - деп еске алады Мариям Есенгелдина. - 1939 жылы құлағы ауырлау еститін Кира Нұрмағанбетова өз барағынан шығып аулаға бет алады. Ол күзетшінің ескертуін естімей қалған, ал күзетші оны екі сөзге келместен атып тастады. Сақшы еш жазасыз қала берді".

Бұдан да сорақы мысалдар аз емес. Тәртіп бастығы капитан Воробьев пен оның көмекшілері тұтқындағы венгер балеринасын әуелі карцерге қамап жазаласа, кейін оның қолына кісен салады да, сол күйінде зорлайды.

Тұтқын әйел Анна Николаевна Константиновна мүгедек болатын. Оның үстіндегі киімі де жүдеу еді. Ол өзіне дәрігерлік көмек көрсетілуін сұрайды. Алайда лагерь қызметкерлері оны ауыр жұмысқа жегеді. Бұған шағымданғаны үшін лагерь соты "контрреволюциялық саботаж" деп ату жазасына кеседі. Үкім лезде орындалады. Мұндай фактілер жиі кездесетін. Жүздеген әйелдер жазықсыздан жазаланып, зорлыққа, мазаққа ұшырайтын. Ең өкініштісі олардың сұрауы да болмайтын еді.

Олардың қорлық пен азапқа толы өміріне қарап одан да өліп кеткені жақсы ма еді деп ойлайсы, Күйеулері, бала-шағасымен табысамын деген үміт қана бейбақ әйелдерді мұндай азапты өмір кешуге көндіретін. Карлаг маңында есімдері белгісіз, басында бір белгісі жоқ, төмпешіктен жазық жерге айналған қу далада қаншама жазықсыз құрбандардың сүйегі жатыр десеңізші. Ешбір сот, ешбір қаралы күн азапта өлген боздақтардың ашынышты өлімін толтыра алмас.

Бэлла Орманбет
Бөлісу: