Кариб жағалауының жігіттері

21 Мамыр 2014, 06:18

Коста-Рика – Орталық Америкадағы футболы дамыған үш елдің бірі. 1941-1961 жылдары Орталық Америка мен Кариб елдері 10 рет турнир өткізді.

Коста-Рика – Орталық Америкадағы футболы дамыған үш елдің бірі. 1941-1961 жылдары Орталық Америка мен Кариб елдері 10 рет турнир өткізді. Соның жетеуінде осы Коста-Рика құрамасы жеңіске жеткен. Кейіннен Кариб елдері мен Солтүстік және Орталық Америка бірігіп, ортақ КОНКАКАФ одағы құрылды. Ал бұл қатарға Мексика, АҚШ, Канада қосылған соң бәсеке  қыза түсті. Жаңадан құрылған турнирде «Лос тикос» (Коста-Риканың лақап аты) осы уақытқа дейін үш рет жеңіске жеткен (1963, 1969, 1989 жылдары).

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Коста-Рика құрамасы

Бас бапкер: Хорхе Пинто

Команда капитаны: Брайан Руис

Ең көп ойын өткізген ойыншы:  Вальтер Сентено ( 137)

Ең көп гол соққан ойыншы: Роландо Фонсека (47)

ФИФА рейтінгісіндегі орны: 34

Әлем біріншілігіне алғаш 1990 жылы қатысты. Италиядағы доп додасында Бразилия, Швеция, Шотландия құрамаларымен бір топқа түсті. Тұңғыш рет қатысып тұрған Бора Милутинович шәкірттері сол жолы айды аспанға шығарды. Топта Швеция мен Шотландияны ұтып, тек Бразилияға жол берді. Плей-офф кезеңінде Чехословакия құрамасынан жеңіліп қалды. Әлемдік бәсекеге 2002 жылы екінші рет жолдама алып, топтық сында тағы да Бразилия құрамасымен жолықты. «Лос тикостың» қарсыластарының қатарында Түркия мен Қытай да болды. Қытай құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірген Коста-Риканың болашақ чемпион Бразилияға шамалары жетпеді. Топтағы екінші орын үшін таласта Түркиямен тең түсті. Екі құрама да бірдей ұпай жинағанымен, доп саны бойынша басым болған түріктер келесі кезеңге өтті. 2006 жылы Германияға да жолдары түскен. Тек топта бірде-бір ұпай жинай алмады.

Енді, міне, биыл төртінші рет төртжылдықтың басты додасына қатысқалы отыр. Коста-Рика құрамасы «Д» тобындағы үш алыптың арасындағы ең әлсізі саналады. Сондықтан топтық кезеңнен суырылып шығады деп айту қиын. Сол себепті жанкүйерлері құрамаларының үздік 32 командасының қатарында болғанына да қуанатын шығар.

Қазіргі құрам

Коста-Рика құрамасындағы футболшылардың негізгі бөлігі Америка құрлығының біріншіліктерінде өнер көрсетеді. Еуропада ойнайтындары аз. Бас бапкер Хорхе Пинто сенім артатын футболшылар туралы айтар болсақ, қақпада тәжірибелі Патрик Пембертон («Алахуэленсе» ) мен жас ойыншы Леонель Херардо Морейра («Эредиано») тұрады.

Қорғаныс шебін Микаэль  Корралес («Майнц 05»), Рой Миллер («Нью-Йорк Ред Буллз»), Джонни Акоста  («Алахуэленсе» ), Кристофер Менесес  («Норрчепинг»), Дэвид Майри («Эредиано»), Порфирио Лопес («Алахуэленсе» ) түзеді.

Жартылай қорғаныста Техеда Ельцин  («Саприсса» ), Кенни Каннингем («Бирмингем Сити»), Пабло Эррера («Картахинес»), Эстебан Гранадос («Эредиано»), Карлос Эрнандес («Веллингтон Феникс») өнер көрсетеді.

Шабуылда команда капитаны Брайан Руистен (ПСВ) жанкүйерлер үлкен үміт күтеді. Сондай-ақ, Ресейдің «Кубань» командасында ойнайтын Маркос  Уренья мен Бренес Рэндалл («Картахинес») да құраманың негізгі шабуылшылары қатарында. Олардан бөлек Джон Хайро Руис («Лилль»), Джонатан Мак Дональд («Алахуэленсе»), Хайро Арриета («Коламбус Крю») бар.

 

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

14 маусым. Форталеза. Уругвай – Коста-Рика

19 маусым. Ресифи. Италия – Коста-Рика

24 маусым. Белу-Оризонти. Коста-Рика – Англия.

Бек Төлеуов

Бөлісу: