Каратэден Азия чемпионы әскери борышын өтеп жүр

21 Қаңтар, 17:15 967

Каратэден Азия чемпионы және Қазақстанның екі дүркін чемпионы Нұрдәулет Кәрім Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, спортшы 2023 жылдың қараша айының соңында Ұлытау облысы Сәтбаев қаласынан әскер қатарына шақырылған.  

Бір соққыдан ағаш тақтайшаларды сындырып, татамидегі қарсыластарына мүмкіндік бермеген спортшы жас жауынгер курсынан өтіп, салтанатты түрде әскери ант қабылдап үлгерген. 

Біз күн сайын таңертең ерте тұрып, таңертеңгі жаттығуларда жүгіреміз. Содан соң таңғы асқа дайындаламыз. Таңертеңнен бастап мен саптағы өз орнымды білуім керек, взвод құрамында қозғалуды үйрендік. Әскери сабақтардың әр түрі өзінше ерекше және олардың барлығы болашақта бізге пайдасы тиетіні сөсіз. Әскерде шынымен де тәртіпке баулиды екен, - дейді ұландық.

Оқи отырыңыз: 

Нұрдаулет Кәрімнің әскерде борышын өтеуге деген патриоттық сезімін карате клубының жаттықтырушысы Қуатбек Тоқтыбаев оята біліпті. Бапкер бос уақытында балаларға өз кезінде мерзімді қызметін өтеген жылдарын жиі еске түсіріп, абыроймен айтып беріп жүрген екен.  

Менің әскерге келуіме себепшілер Қуатбек ағай, Сұңқар Қуанышбай сынды бапкерлерімнің әңгімелері болды. Олар әрдайым өз қызмет екен жылдары туралы қызығушылықпен айтып, әрбір ер адам ел алдындағы борышын өтеу керек деп үнемі айтып отыратын. Білмеймін, мүмкін уақыт өте келе мені жасым келгесін де шақырар еді. Бос уақыт баяғыдай көп болмаса да, туыстарым мен жақындарымнан алыс болса да, өз еркіммен әскерге бару туралы шешім қабылдағанымды мақтан тұтамын, - дейді сарбаз.

Жас жауынгер каратэмен жалпы санақта 12 жыл айналысып, қара белбеу (І-ші дан) иегері. Тіпті соңғы бір жылда 5 жастан 13 жасқа дейінгі 70 шәкіртті тәрбиелеп үлгерген.

Бүгінгі таңда аталған әскери бөлімде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 230-ға  жуық жас сарбаз әскер қатарына шақырылған. Олар атыс даярлығы мен саптық дайындық сабақтарынан өткен. Тіпті әскери қызметшілер Калашников автоматынан алғашқы атыстарын өткізген.

Айта кетейік, 20 қаңтарда Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінің жас сарбаздары салтанатты түрде әскери ант қабылдады. 

Жансая Әділбек
Бөлісу: