Қаратаудағы малшылар слеті

16 Мамыр 2017, 10:39 8350

Шаруа қожалықтарының тынысы

Қаратау бөктеріндегі «Үсен бауы» аймағы жыл сайын еңбек адамдарының басын қосатын мекенге айналды. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орналасқан бұл шатқалда биыл үшінші рет облыстық малшылар слеті ұйымдастырылды.

Қарапайым жұмысшы қауымының еңбегі еленетін шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің өкілдері мен көрші облыстардан келген шаруа иелері қатысты. Ата кәсіпті дамытып, төрт түлігін түлетіп отырған шаруа қожалықтарына жаңа технологияларды енгізу арқылы экспорт әлеуетін ұлғайту малшылар слетінің негізгі мақсаты болды.

– Қазір Иран, Қытай, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екендігін білдіріп отыр. Осыған сәйкес биылғы жылдың өзінде облыс аумағынан 100 тонна мүйізді ірі қара етін және 25 тонна қой етін экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Иран Республикасына қойды тірідей экспорттауға қызығушылық білдірген бірнеше ирандық компаниялардың  басшылары біздің шақыруымызбен облыста болып, мал және ет сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы бағытта «Сыр маржаны» және «Шаған жер» жауапкершіліктері шектеулі серіктестерінің 6000 басқа арналған жаңа заманауи мал бордақылау алаңдары экспортқа шығаратын ірі қара етін өндіретін болады. Сонымен қатар Сырдария ауданында «Абай-Дәулет» серіктестігі 10 мың бас қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешеннің құрылысын аяқтап, жұмысын бастады,- деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев.

Шараның көркін ұлттық спорт ойындары қыздыра түсті. Білекті балуандар боз кілемде белдессе, Сыр өнерпаздары еңбекқор жандардың ұлы тойында өнерлерін паш етті. Тау етегінде өткен мерекелік кеш әрі қарай жалпыхалықтық серуенге ұласты. Жергілікті еңбек адамдарының ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша жасаған көрмесі де халықтың көңілінен шықты. Мұнда әр өңірден жиналған асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары өз өнімдерін көпшілікке ұсынды.

Дәстүрлі малшылар слетінде үздік түйекеш, жылқышы, бақташылар мен шопандар қауымына үлкен құрмет көрсетілді. Аймақтағы озат 30 малшы арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл олардың жылдың төрт мезгілі бойы көретін бейнетінің зейнеті деп білеміз.

Сағира Уәли
Бөлісу: