Қарасай батыр ұрпақтарынан кімдерді білесіз?

13 Желтоқсан 2017, 10:33 11476

Қарасай батырдан тараған ұрпақтары туралы бірер сөз.

Қарасай батырдан тараған ұрпақтары туралы бірер сөз. Орта жасқа келгенше Қарасайдың балалары шетіней береді. Жаратқан иеге жалбарынып жүріп,жасы иегде тартқанда жас нәрестелі де болады. Ер Қарасай бұл баланың атын Әуез деп қояды.
Әуездің аяғы ақ жол болып, Қарасайдан Түрікпен, одан кейін Өтеп, Көшек деген балалар дүниеге келеді. Қарасайдың ортаншы баласы Өтептен бес бала. Олар: Асан, Болпаш, Атығай, Нартайлақ, Табылбай. Ал Қарасайдың кенже ұлы Көшектің бәйбішесінен Айдар мен Жолшы, тоқалынан – Дулат, Шәуен, Майлы, Жаулы, “Жиен Көшек” деген аталар тараған. Қарасайдың кенже ұлы Көшектен тоғыз ұл тоғыз рулы елге айналған екен. Сол Көшектің тұқымы Қара ақсақал (Еспембет) Қарасай батырдың үш ғасыр бойы сақталып келе жатқан қара босағасын келешек ұрпақтарға аманат етіп қалтырады.
Осы тұста қасиетті қара босағаға байланысты мына бір тарихи деректерді айта кеткен жөн. Қарасай бабамыздың әкесі Алтынай абыз өз заманында Есім ханмен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Баласы Қарасай 16-ға толған жылы Алтынай абыз оның алдына бір үйір жылқы салып беріп, қасына қарулы жігіттерді қосып, жылқылардың бетін қайырмай, өрісі жеткен жерге айдап, қыстан алып шығуды тапсырады. Өйткені Алтынай абыз сол жылы қақаған қыстың боларын, оның арты жұтқа әкелетінін сезеді. Әкесінің тапсырмасын қалт еткізбей орындаған Қарасай үйірді қыстан аман алып шығып, биелерін құлындатып, жылқыларын шұрқыратып елге аман оралады. Өз қыстауынан көшпей қалған Есім ханның малы түгел қырылып, ескі жұртында қи сыпырып отырып қалады. Қойды серке бастар, тойды ерке бастар, ал елді хан ием желке бастар деп Алтынай абыз баласы Қарасайға өз жылқысының жартысын ханға сыйлыққа апарып беруді бұйырады. Мұндай керемет олжаға риза болған Есім хан Қарасайға қарап: “Балам, не тілегің бар, қалауыңды айт” деген екен. Сонда Қарасай батыр: “Хан ием, маған өзіңіздің қара босағаңызды берсеңіз, соған ризамын”деген екен. Есім хан Қарасайға қара шаңыраған сыйға беріпті.
-    Аллаға қылығың жақсын,
Таңды машхар күнінде
Алдыңнан бұлақ ақсын.
Періштелер маңдайыңнан иіскеп
Жауырыңнан қақсын!
Көкірегің ақ болсын!
Үстіңе сенің бақ қонсын!
Алтыннан болсын тұрманың
Айналаңның ұрысы-
Ғаріп сенің құрбаның.
Қара босағаңнан қыдыр кетпесін!
Қара шаңырағыңнан ырыс кетпесін!
Атың алты алашқа таңылсын!
Дұшпаның табаныңда қырылсын!
Атың-ұран болсын,
Айтқаның-құран болсын!
Жолбарыстың жүрегін берсін!
Бар әулие,әмбие,әруақтар қолдап-қоршап,
Бар-жақсылық тілегіңді берсін!
Әумин!...
Міне, осы босаға күні бүгінге дейін Еспембет ақсақалдың балаларының, оның немерелерінің қолында ұзақ жылдар Сарбастау ауылында, кейінгі жылдары ел басы, Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен тұрғызылған Шамалған ауылындағы мешіттің жанында -Еспембет қарияның немересі Асқардың қолында сақтаулы, сол бәз баяғы Есімханның Қарасай батыр бабамызға тапсырған қалпында тұр.
Қарасайдың Әуезден кейінгі үлкен ұлы Түрікпен деген баласының бірінші әйелінен – Қыпшақ Құттыбидің қызынан – Тілеу, Жарылғап, екінші әйелінен Түкті, Қызылғұрт, үшінші әйелінен – Малғара, Жылғар. Ал Тілеуден-Уақ, Қамқа, Жарылғаптан жеті – бала Қойсоймас, Қараша. Қараш, Сатыбалды, Қойгелді, Жангелді, Тоқты тараған. Қызылғұрттан тұқым жоқ, ал Түктіқұрттан төрт бала – Бәйтелі, Қаумен, Дәулет, Жәпек тарайды. Дәулеттің бәйбішесінен – Қашке, Мырзабек, Нұрабай, Мырзабектен – Сәт, Көшек, Әліке, Әлібек, Сәрке, Тастанбек, Қашкеден – Ақынбек, Станбек. Ал Жылғардан – Едіге, Алшынбай, Тұрсынбай таралады. Қарасайдың балалары Әуез, Түрікпен, Өтеп, Көшек ылғи да онымен бірге жауға шауып, ерліктерімен елге есімдері мәшһүр болады.
Ел аузында, Қарасай батырдың өз балаларына берген көрегендік сыны да әлі ұмытылған емес. Бірде, Қарасай батыр жауын ойсырата жайратып, әбден шаршап, сүлдесі құрыған балаларын қоңыр күздің салқынында, ең далада төсек салғызып жатқызады, әбден ұйқыға ұйқыға кетті-ау деген уақытта балаларына келген екен, көзі бірден Түрікпенге түседі. Ол күннің қақаған суығына қарамастан үстіндегі шекпенін теуіп тастапты, екі қол, екі аяғы екі жақта, кеудесі ашық, терлеп жатқан екен. Мұны көрген батыр: “Алла, бұйыртса балам Түрікпеннің тұқымы шетінен батыр болады, аяғы жеткен жерді өзіне қаратады екен”, - деген екен. Айтса айтқындай-ақ, кейін Түрікпен ұрпағынан шыққан, көптеген батырлардың аттары, тарихта қалады. Олар: Қаумен, Дәулет, Жәпек, Қараш, Қашке, Саурық, Сұраншы, Сүттібай батырлар еді. Ұрпақтарының барлығы да жауға шапқанда Қарасайлап ұран қойған. Бұл туралы халық арасында мынадай аңыз өлең болған:
Шапырашты Қарасай – даңқы асқан,
Үлкен ұран Қарасай әуел бастан.
Ұрпағы Қарасайдың ер боп келер,
Дастанға қатарынан тізбектелер.
Туылған бірінен соң бірі ер боп,
Ертеден елге анық, халық білер,
Ер Қараш айғайменен жау қашырды,
Атын білген жаулары алас ұрды.
Қараш десе қарсы жау беттемеген,
Сөйткен батыр ерлерді жер жасырды,
Асыда үлкен-кіші екі тау бар.
Батыр Қараш атымен ол аталар,
Қараштың айқайлаған ол дауысынан
Түстік жерде жатқан ел хабарланар,
Ұрпағы Қарасайдың Дәулет, Қаумен,
Алысқан қан ағызып талай жаумен
Қайратына ер Жәпектің ел шыдамай,
Айқасқан найзасында талай жаумен
Тұқымы Қарасайдың Дәулет, Жәпек,
Егескен жауларына кетпеген кек,
Қызы еді Қалдан ханның Аұтан сұлу,
Соғыстан алып шыққан Жәпек өктеп.
Осы аңызда аттары ерекше аталып отырған Қарасайдың немерелері Бәйтелі, Қаумен, Дәулет, Жәпек өз заманында ерекше батырлығымен көзге түсіп, тарихта өшпес із қалдырған ірі тұлғалар. Бұлар жөнінде ұлы Жамбыл:
Бәйтелі, Қаумен, Дәулет,
Жәпекпенен төртеуі,
Бәрі ерлер әулеті,
Өнері асып тұр жаннан
Түзеген көшін сәулетті, - 
деп жырлаған екен.
Жәпек қалмақ қаны Долаңқараны жекпе-жекте найзаға түйреп өлтіреді. Ер Жәпектің ерен ерлігіне сүйенген жауы да оған өз қызын қалыңдыққа береді. Дәулет, Қаумен, Бәйтелі батырлар Шапырашты Наурызбаймен бірге 1710-1725 жылдары Жетісуда қалмақ шапқыншыларына елін жаудан босатқан ерлер.
Дәулет жекпе-жекте қалмақтың Шамал, Қаскелең, Дөржі батырларын жеңіп, атақ абыройы ел арасында зор болған. Ағайынды батырлар жауға шапқанда үнемі қарасайлап ұран тастап отырған.
Қарасайдың үлкен ұлы Түрікпен, одан туған немересі Жарылғап та атақтары үш жүзге тараған батыр болған. Қарасай бабамыздың өзі айтып кеткеніндей Түрікпен баласының ұрпағынан үнемі ірі батырлар шығып тарихта қалған. Түрікпеннің бәйбішесінен туған Жарылғаптың 7 баласының бірі жоғарыда аңызда айтылған Қараш батыр (1715-1813ж.ж) жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен деп айтылады. Ұлы Жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан, Қарасай батырдың немересі, Қараш батыр барлығымен қоса қазақ-қырғыз арасында тату көршілікті, ел бірлігін сақтауда әділеттілігімен де аты шыққан дейді. Қараш жасынан әрі ақылды, әрі батыр, әрі көріпкелі бар сәулегей, әулие адам болған екен. Жауға үнемі жалаңаштанып жалғыз өзі шапқанды жақсы көрген. Өмір бойы жекпе-жекте жеңілу дегенді білмеген, қара күштің иесі – темірді қамырдай илеп, небір асауларды жалынан ұстап жыққан екен. Өмірінің барлық кезеңін елді басып алуға шабуыл жасаған келімсектерге қарсы күреске арнайды, ол қазақ – қырғыз жерін бірдей қорған екі елдің ортақ батырына айналып, қырғыздарда оны өз елінің батыры санаған. 

Халық арасында мынадай бір аңыз бар. Қараш батыр жасы егде тартып қалған кезде, қыс мезгілінде жоғалып кеткен бір үйір жылқысын іздеп, көрші отырған қырғыз елінің Көкойрағына барады. Сөйтіп, сан мың жылқыны суаттан шелекпен су тартып суғарып тұрған, еркекше киінген адамға сәлем береді. Әлгі адам Қараш батырдың сәлеміне жауап бермейді. Неде болса бұл үнсіздікте бір мән бар ғой деп ойлаған батыр сабыр қылып, әлгі адамның суаттан қолы босағанша үндемей тосып тұрады. Осы кезде суат басына алты-жеті қырғыз жігіттері келіп жөн сұрасады. «Мен – қазақтың Қараш батырымын, жоқ іздеп жүрмін», - дейді жолаушы. Бұл сөзге таңдана, әрі сенімсіздікпен қараған әлгі қырғыздар Қарашты ортаға алып, қалжыңға басады: «О, атаңның гөрі, бұл не деп тұрат, қазақтың тымәлә ірі батырын айтып, бізге сес көрсетуін қарап көр!» деп, қайсыбірі шамдана сөйлейді. Екіншісі бұл жылқы ұрлауға келген ұры десе, үшіншісі қолға түскен мұндай олжаның аяқ-қолын байлап, манапқа жеткізейік дейді. Осы кезде манағы су басында жылқы суарып, тіл қатпаған азамат сөзге киіліп: «Шуламағыла, Қараш батыр болса өз бауырымыз, мұның Қараш батыр екендігін азырекі тексереміз», - деген екен. Содан сұлу үнді жіңішке дауыспен әлгі жігіт: «Қазақтың Қараш батырының қиқырығы жер жарады деуші еді. Азыр сен қиқырып көр, содан бізге жайың белгілі болады», - деген екен. Жай айтқанға сенбеген соң, лажы құрып Қараш батыр өзіне қойған ұсынысты орындауға шешім қылады. Ал, олай болса деп бар даусымен «Қараш, Қараш, Қараш» деп үш рет айқайлағанда, жаңғырықтан бүкіл Алатау қозғалып, адам айтса сенбейтін өте зор дауыстан суат басындағы мың жылқы үркіп, етекке лап қояды, ойда отырған алты айыл үйлерін таптап өткен екен. Қараш батырдың нағыз өзі екеніне көздері жеткен қырғыздар «Елімізге қызырлы қонақ келді» деп, жылқы сойып үш күн, үш түн той жасап күтеді. Қараш батырға астына ат мінгізіп, иығына шапан іледі, қастерлеп асуға дейін шығарып салған екен. Әлгі суат басында үнсіз мың жылқыны жалғыз өзі суарып тұрған еркекше киінген атақты бір байдың Буырлы деген жалғыз сұлу қызы екен. Бір үйдің әрі ұлы, әрі қызы ретінде шаруа үстінде тұрған кезінде сәлем берген бейтанысқа ұялғанынан үндемеген екен. Осы кездесуден кейін Буырлы Қараш батырға көңілі құлайды. Оны артынан іздеп те келеді, бірақ Қараш батыр Буырлыны «Сен менің қарындасым бол, мен аға болайын» , - деп еліне дейін жеткізіп салған деседі.

Қараш батырдың Суықтөбе тауының үстінде тұрып Қопада жатқан елге «Мал жан аман ба?» деп, айқайлаған дауысы естіледі екен. Бұл жер шамамен алпыс шақырым. Қараш батыр қарсыласқан жауын жеңбей қоймаған. Сол себепті де халық арасында. «Баласы Қарасайдың Қараш батыр, жауына салады екен заман ақыр», - деген де сөз қалған. Бірде Қараш қартайған шағында «Жау келіп қалды», - дегенді естіп, денесіне түйе жүнді шекпенін іле сала атқа мінсе, жаудан қорыққан өз жұртының үркіп бара жатқанын, қазанда қайнап жатқан көжені шалып, «Қайнап жатқан көжесін тастай қашыпты» деген атаққа қалмас үшін, ат үстінде тұрып ыстық көжені сіміріп алып, қайта құсқанда аттың жалы жидіп түсті деген аңыз қалыпты. Содан жаумен жалғыз өзі айқасқа түсіп, оны жеңіп қайтқан екен. Қараш батыр өз халқының жаңашыр қамқоршысы, жанкешті қорғаушысы болған. Ел-жұрт Қараштың қара шаңырағы қай жерге тігілер екен деп, бақылап отырған. Осыған қарағанда халық тұрмысыга жайлы, қолайлы жерді алдын ала ойластырып отырған. Ел ішінде әлі күнге дейін: «Қараш көшсе, алаш көшеді» деген сөз бар. Жамбыл бабамыз:
Батыр Қараш, Саурық,
Шапырашты Өтеген – 
Батырлардың еңбегі
Таныс маған ертеден, –
деп тебірене жырлаған ғой. 

Қарасайдың Түрікпеннен кейінгі баласы Өтептен, жоғарыда айтқанымыздай, Атығай батыр туады. Ол қалмақ елінің Қайтпас Қара жорғалы батырын қолға түсіріп Наурызбай мен Абылайдан сыйлық алады. Қарасайдың ұрпағынан бұл айтылғандардан басқа көптеген батырлар өсіп, өрбіп, ел басына қиын қыстау күн туғанда халқына сүйеу, жеріне қорған болған. Солардың бірі Қарасайдың немересі Кәшке батыр. Мырзабек, Кәшке Дәулеттің балалары. Кәшкеден Станбек, Ақынбек тарайды. Станбектен Саурық, Ақынбектен Сұраншы батырлар туған. Саурық, Сұраншы Кәшкенің немерелері, ағайындас адамдар. Екеуі де Жетісу еліне кеңінен тараған батырлар еді. Саурық батыр Қасымның Кенесарысымен үзеңгілес, иықтас батыр.

Қазақ энциклопедиясында Саурық батыр 1814 жылы туылып, 1854 жылы дүние салған деп көрсетіледі. Қоқан-қырғыз хандарының шапқыншылығына қарсы күрестерде қол бастайды. 1848 жылы Ақсай мен Қаскелеңнің түйіскен жеріндегі Тойшыбек қорғанында, 1853 жылы Сарыкемердегі қоқандықтарға қарсы ұрыста ерлік көрсеткен. 1854 жылы қырғыз феодалының шапқыншылығына қарсы соғыста Қастек сайында қаза болған деп жазылған. Саурық батыр Тайторыдан шыққан Дәуқарамен бірге елді көршілес Алатаудың ар жағында жатқан сарбағыш, бұғы барымташыларынан, Қоқан шапқыншылығынан, сондай-ақ, ел ішіндегі басқа да рулардың қиянат жасап, қол сұғуынан қорғаған батырлар еді. 1836 – 1840 жылдар аралығында Қастек асуы жанындағы Сарыжазықта Саурық батыр Сарыбағыш руынан жылқы ұрлауға келген 17 барымташымен жалғыз айқасып, оларды қолға түсіреді, кісі өлтірген, мал ұрлап жырынды болған қанды қолдарды ел төрелігіне береді. Осы жеңілістен кейін Сарбағыш ру басы бұл жаққа кісі салады. Екі елді татуластырып, бұл жерге қайтып аяқ бастырмасқа серт береді, осылай екі жақтың арасында мәңгілік татулық орнайды. Саурық батыр өз өмірінің соңында елге шапқан Жаңғараш, Жантай манаптары басқыншыларының қолына Қастектің тар шатқалында қолға абайсызда түсіп қалады. Қамалған сан  жауға барынша кескілесіп қарсылық көрсеткенмен, көптің аты көп, жау елінің жендеттері әлсіреген Саурықтың екі қолтығынан екі найза жүгіртіп, арқан бойы биікке көтеріп тұрып, ал «Қазақтың Нарқасқа батыры Саурық едің, енді жеңілген жерің осы, мойында, иманыңды айт» , – дейді.
Саурық батырдың туған баласы Сыпатай әкеге қарап өседі. Өр, өжет боп ер жетеді, Қоқан шапқыншылығы кезінде жүрегінің түгі барлығын көрсетеді. Шамамен 1827 – 1887 жылдарда өмір сүрген. 1860 жылы Ұзынағаш соғысында ерекше ерлік көрсетіп батыр атанған, генерал – губернатор Г. Х. Госфорттың мақтауына ілінген. Бұдан басқа Сыпатай батыр ел қорғаны болған, әскерлерді азық-түлікпен, түрлі жабдықтармен қамтамасыз етіп тұрған, қайырымды адам, дәулетті, әрі мәрт болған.
Жамбыл бабамыз «Сұраншы батыр» дастанында Сұраншыны арыстанға, түркі түлен бүркітке, дауылға, қорғасында сақаға, құйылған құрыштай қатты болатқа теңейді.
Жамбыл қылышпен келген жаудың қылыштан өлетінін мегзеп отыр.
Жамбыл осындай жарқын жойқын соғыста жеңіске жетудің кілті ел бірлігінде екендігін мына бір жырында:
Ел үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария – кең болар,
Бірлігі кетсе ағайын,
Әркімдерге жем болар,-
деп әдемі көрсеткен.
Міне, осы жоғарыда аталған батырлар туралы халық «Ұлы жүздің ішінде Шапыраштыдан бұлар тараған, халқына қатаң күн туса, қамқорына жараған», - деп баға берген екен. Ал Жамбыл бабамыз Шапырашты еді, батырлары туралы өлеңмен тұжырым жасаған екен.
Қарасай батырдың өз кіндігінен тараған азаматтардың көбі ержүрек, батыр болған, найзаның ұшымен, білектің күшімен елін жаудан қорғаған.
Халық қашанда елі үшін «еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып», кеудесін оққа тосқан «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қас батырларын ардақтап, ұрпаққа үлгі тұтып келеді. Тарихымыздың жұмбақ беттері көп. Соған қарамастан сыр-сипатын ашып, алып тұлғаларымыздың есімдерін ертеңгі ұрпақпен қайта таныстырып, табыстыруда талай ізгі шаралар істеліп жатыр.
Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы кеңшар Қарасай батыр есімімен аталады. Оның бүгінгі ұрпағы, елі-жұрты сол ауылға бабаларының мүсінін қойды, ал Алматы облысы, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта хас батырдың қаһармандық бейнесі – арлақ үстінде айбарлана көрінеді. Көкше өңірінде Айыртау ауданындағы Құлшынбай төбесі деген жерде Қарасай мен Ағынтай батырға кесене көтерілді. Мұның бәрі елі үшін толарсақтан саз кешіп, мұз жастанып, қар жамылған батырларына деген халықтың ыстық ықыласымен асқан сүйіспеншілігімен жасалған ізгі шаралар. Ерлер үшін бұдан асқан бақ бола ма!
Батыр ұрпақтары бүгіндері қалың елге айналды. Олар негізінен Алматы облысының Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле ауылдарында, Жамбыл облысының Қордай, Талас аудандарында, Оңтүстік Қазақстанның бірқатар аудандарында тәуелсіз елінің көркейіп нығаюы үшін аянбай еңбек етуде.
Мәуелі ағаш жемісі – елдің игілігі. Осылай қанатын жайған қалың ұрпақ арасынан даңқы көпке жайылған нояндар шықты. Сүйінбай мен Жамбыл рухын көтеріп, ақындық жолын жалғастырып жүрген жастар қаншама. Өнер мен ғылымда, оқу мен білім, мәдениетте, мемлекеттік басшылық саласында, халық шаруашылығының басқа да түрлі буынында жарқырап көрініп жүрген есімдерді түгел санамалап шығу мүмкін емес, соның ішінде Халық Қаһарманы атанған Нұрағамыз – Нұрғиса Тілендиев пен бірнеше мәрте ғарыш қаһарманы болып оралған Талғат Мұсабаевтың есімін ерекше бөле жарып айтар едік. Нұрағаң қалдырған өлмес мұра – 400-ден астам ән, ондаған күй, көркем суретті фильмдерге, спектальдерге, мультипликациялық және деректі фильмдерге жазған ғажайып саздар, опералық кесек туындылары, балет нақыштары – бәрі-бәрі халқымыздың рухани игілігіне айналды. Талғат Мұсабаев – ғарышты бағындырған батыр ғана емес, ғарыш арқылы халық шаруашылығына қажетті ғылыми зерттеулерді жүзеге асырған – үлкен ізденіс айдынында игілікті істер тындырып отырған қайраткер – ғалым. Бұл арада тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін ерекше толғанып айтпауға болмас. Ол бір ұлт аясынан шыққан біртұтас көп ұлтты Қазақстан шеңберінен биіктеп, халықаралық деңгейге көтерілген ұлы тұлға. Жақсының көзі ғана емес, ерлікті еңбек пен даналықты әлемдік саясатпен ұштастырып, елдің ел болып, өркен жаюына, өркениетті мемлекет дәрежесінде танылуына білімі мен билігін, ойы мен парасатын, күш қайраты мен жігерін жұмсап отырған киелі қайраткер. Ол өзі ғана өсіп қана қойған жоқ, ел мұратына лайық талай азаматты қанағаттандырған ұстаз. Осыған байланысты батыр баба ұрпақтары әр уақытта да:
Қарасайдай дарасын, 
Қазыбектей данасын,
Наурызбайдай панасын,
Сұраншыдай батырын,
Сүйінбайдай ақынын,
Сарыбайдай хәкімін,
Жамбылдайын алыбын,
Нұрғисадай дарынын,
Нұрсұлтандай жарығын,
Талғаттай бір сұңқарын,
Қазағына сыйлаған,
Ер балалар ұрпағын,
Көк тәңірі қолдасын, - 
деп жырға қосады.

Ұлы тарихымыздың ең шешуші кезеңдерінде өрісімізді кеңейтіп, жемісімізді көбейткен, жеңісімізді көркейткен Жәңгір хандай, Әз Тәуке хандай алыптармен халық тағдырына, тарихи істеріне араласқан бас батыры баһадүр саналған, ақылман болған дананы әр уақытта құрметтеп, мадақ ету, онымен мақтану азаттыққа, тәуелсіздікке енді қолы жеткен бүкіл халқымыздың қасиетті парызы. Қарасай батырдың 400 жылдық мерекелік тойына Алматы облысының сол кездегі әкімі, азамат Серік Үмбетов:
-    Уа, Қарасай, шынарым! Асқақ болды Айың мен Тұмарың! Жалпы еліңе жарық шашты шуағың. Ұрпағың да өзіңді атап атойлады ұранын! Адал болды қасыңдағы Ағынтайдай сыңарың, сен бастаған сара жолды жалғастырды мына күн. Соның бәрін сезіп, біліп жатырмысың қыраным!

Бөлісу: