Карантин кезінде SMART бөлме ойлап тапқан азамат

25 Маусым 2021, 16:56 9729

Сыр өңірінің тумасы Алмасбек Қалдыбекпен сұхбат

 

Әлемді шарпыған пандемия адамзат алдындағы аса маңызды қадамдарды анықтап берумен қатар, түбегейлі шешілмеген күрделі мәселелермен бетпе-бет келуге мәжбүр етті. Уақыт бүгінге дейін туындаған қажеттіліктерді тығыз арада шешуді талап етуде. Мәселен, білім беру саласын алатын болсақ, қашықтықтан білім берудің тиімділігі мен өзара ауыртпашылықтары айқындалды. Онлайн сабақ барысында интернет көмекші құралға айналды. Интернеттің қолжетімділігі, оның сапасы білім алушылардың басты мәселесіне айналды десек те артық емес. Әсіресе, бұл ауыртпашылықты шалғайдағы ауыл балалары көптеп сезінді. Осындай қиын шақта жол тауып, шәкірттерінің көштен қалмай, ел қатарлы білім алуы үшін қамқорлық жасаған ұстаздары да табылды. Солардың бірі – Қызылорда облысының Шиелі ауданында, Қосүйеңкі ауылында тұратын Алмасбек Қалдыбек. Ол оқушылардың білім алу сапасын арттыру үшін «ақылды бөлме» ойлап тапты. Бұл өнертабыстың қандай артықшылықтары бар, қалай жасалды, оған бүгінгі материалымызда кеңінен тоқталатын боламыз, ал әзірге әлқисса...


 

Алғашқы қызығушылығына қайта оралған

 

Алмасбек Серқұлұлы Қалдыбек 1977 жылы 21 желтоқсанда Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының Телікөл ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне тарих және құқық мамандығына оқуға түскен. 1996 жылдан бастап педагог ретінде еңбек жолын бастаған. Бүгінде 25 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз. 1999-2000 жылдары әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеп те үлгерген. Сонымен қатар, білім беру саласында жауапты қызметтерде болған. Атап айтсақ, 2001-2003 жылдары Шиелі ауданы №228 мектепте, 2003-2006 жылдары №159 білім ордасында мектеп директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Алғашында тарих пәнінің мұғалімі болғанымен, кейіннен алғашқы қызығушылығы информатика пәніне қайта оралады. Жұмыс істеп жүріп, Шымкент қаласынан информатика пәні мұғалімі бойынша екінші мамандығын алады. 2007 жылдың ақпан айынан бастап қазір жұмыс істеп жүрген Қосүйеңкі ауылындағы №84 мектепте бағдарламашы, информатика пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқаруда.

 

- Мектеп кезінде физика, информатика пәндерінен Қалтаев Жомарт деген ағайымыз сабақ берді. Мектеп бітіргеннен кейін сынып жетекшім мен Жомарт ағай екеуі ақпараттандыру, информатика саласына оқуға түсуге бағыт берді. Алайда сол кездегі балалық қызығушылықпен заң қызметкері болуды армандадым. Сол мақсатқа жету үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің тарих және құқық мамандығына сырттай оқуға түстім. Оқып жүріп, құрылыс жұмыстарын істедім, осылайша оқу ақысын төледім. Кейіннен уақыт айналдырып әкеліп, алғашқы сүйікті ісіме қайта оралтты. Бүгінде информатика пәні мұғалімі ретінде біліктілігім бар, жоғары санатты ұстаздардың қатарындамын, - дейді Алмасбек Серқұлұлы.

 

Алмасбек Серқұлұлы алғаш бағдарламашы маман ретінде Қосүйеңкі ауылына келгенде, ескі мектепте екі ғана компьютер болған. Бірінші жұмыс күні соларды жөндеуден басталып, «Горизонт» деген теледидарға соларды жалғап, сабақ түсіндіруге арналған үлкен экранға қол жеткізеді. Бастаған ісін аяғына дейін апаратын азамат табандылығынын арқасында мектепте біршама жұмыстар жүргізген. Ауыл орталығында қосымша жұмыс ретінде компьютер және оның ішкі жүйесін жөндеумен, жаңадан келген құрылғыларды техникалық сиппаттамасына сәйкес қолданысқа енгізумен айналысыпты. Wi-fi деген түсінік жоқ кезде сүйікті ұстазы Жомарт ағайынан үйренген әдісі бойынша радионы батареясыз, сымсыз жұмыс істеткен.

 

- Бізде мектепте оқушы саны аз – бар болғаны 51 оқушы. Менде бос уақыт көп болатын. Сол уақыттың барлығында қосалқы жұмыс атқаратынмын. Осы елді мекенге келгеннен кейін, отбасын құрдым. Бірнеше жыл қосымша кәсіптермен айналасуға тура келді. Өйткені мектептегі айлық көп нәрсеге жете бермейді, бір айлыққа қарап отыра беруге де болмайды. Қосымша кәсіптермен айналысуға тура келді. Дегенмен бұл жолда кедергілер де пайда бола бастады. Мемлекеттік сатып алу, жылдық жоспарды әзірлеу үлкен уақытты талап етті. Осы кезеңде «Неге маған кәсіп ашпасқа?» деген ой келді. Идеяны іс жүзіне айналдыру үшін заң өкілдерімен жүздесіп, кеңес сұрадым. «Сіз мемлекеттік қызметкер болмағандықтан, кәсіп ашуға толық мүмкіндігіңіз бар» деген сөздері жаңа үміт сыйлады. Мінеки, қазіргі таңда кәсіп ашып, құрылыс саласының керек-жарақтары, бұрғылау, өрт сөндіру құрылғылары, бейнебақылау қондырғылары, сондай-ақ, Wi-Fi сигналдарын жандандыру жүйелерімен орталықтарды қамтамасыз етіп отырмын. Бұл, әрине, сыртқы шығындарды толық жауып отыр. Карантин уақытында, нақтырақ айтқанда, қыркүйек айында келіп түскен табыстың бірнеше бөлігін игі іске арнауды жөн көрдім. Ауыл мектебінің оқушылары да бүгінгінің барлық мүмкіндіктерін пайдалануға құқылы. Мектептің керек жарақтарын есептеп, қаражат бөліп, еріктілер жылында өз септігімді тигізуді мақсат тұттым, - дейді информатик маман.

 


Ауыл тұрғындарына қамқорлық жасаған азамат

 

Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласына барған кезде түрлі зәулім ғимараттардың ішінен ақылды дүниелерді көріп таң-тамаша болған Алмасбекке оны неге ауылда жасамасқа деген ой келген. Адамның дыбысы арқылы басқарылатын, әр жерде көрген нәрселерді ұйқастырып, жиын жасап, мектепте де сондай дүние жасауға бекінген. Мұғалімдердің сабақ беруіне, оқушылардың білім алуына оңтайлы жағдай жасауды қалаған. Ақылды бөлмені жасау барысында мектеп директорынан бос тұрған бөлмені сұрап алып, ойдағы шаруасын іске асыруға бел буған. Мұны түсінген басшысы қызметкеріне қолайлы жағдай жасап, бос уақытының көп болуына мүмкіндік берген.

 

- Бүгінде бөлменің сыйымдылығы сегіз де алты. Ішіндегі компьютерлер мемлекеттікі, қалғаны өз қаражатымның есебінен болды. Бөлмеге қажетті құралдарды, схеманы сызып, аудармашы арқылы Қытайдың бірнеше қалаларынан элоктронды түрде алдырдым. Адамның түрін танып, есіктен кіргізу-кіргізбейтін функциясын атқаратын биометриялық кейбір заттар шекарадан өтпей қалды, сол күйі жоқ болып кетті. Мен балаға тереңінен білім алуға, айналасымен танысуға мол мүмкіндік жасау керек деген ойдамын. Қосүйеңкі – өте шеттегі ауыл. Ауылға автобус қатынамайды. Қазір екі қадам бассаң, анықтама сұрайды. Сол себепті мектептен халыққа қызмет көрсету орталығының қызметін атқаратын бір бұрыш ашып бердім. Ол арқылы ауыл тұрғындары карантин кезінде жетпістен аса адамның электронды кілт алуына, 42500 теңге әлеуметтік төлем ақшасын алуына, кәсіпкердің ауыл шаруашылығы бойынша субсидиясына өтініш тастауға, онлайн сотқа қатысуына, көлік жүргізу құжатының мерзімін ұзартуға септігін тигізді, - дейді ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген азамат.

 

Кейіпкеріміз айтқандай, Қосүйеңкі жырақтағы ауыл болғандықтан, мұнда мықты мамандар келе бермейді. Сағат саны аз. Алмасбек Серқұлұлы сымсыз байланысты интернет желісінің сапасын алдағы уақытта арттырып, аудан орталықтарындағы ағылшын тілі, физика, математика сынды пәндерден білім беретін мұғалімдердің сабағына онлайн қатысу мүмкіндігін иеленуді көздеп отыр. Тағы бір айта кететін нәрсе, ата-ананың сабаққа қатысуы үшін онлайн камералар орналастырған. Мысалы, екі баласы бар шағын отбасын алып қарайтын болсақ, әкесі жұмыста, анасы бір баласымен үйде, мұндай кезде баланың сабағына қалай қадағалау жасайды?! Әрине, онлайн түрде. Мектеп басшылығынан логин мен құпиясөзді алып, 40 минуттың ішінде бақылау жасауға болады. Мұның тағы бір жақсы жағы, жас мамандардың камера арқылы қалай сабақ бергеніне сырттай бақылау жасай алады, бұл мектеп психологтарының өз бетімен жұмыс істеуіне де үлкен мүмкіндік тудырмақ.

 

- Кабинетте сымсыз байланысты, интернет желісінің бағытын өзгертуді, проектор, жарықшамдарды қосып-ажыратуды бір смартфон арқылы басқаруға болады. Екі роутер арқылы сүзгі қойып қойдым, кейбір тұрғындар қажетсіз нәрселерге кіріп, кино көріп, мегабайтты құртады. Ал бұл өзге тұрғындардың қажетті сайттарды пайдалануына кедергі жасайды. Сол себепті мектеп басшылығы ұсынған сайттарға ғана кіруге рұқсат бар. Мен келген кезде ауылда ұялы байланысы жоқ-тұғын. Сол мәселені іске асыру үшін ең бірінші ақылды бөлмеге репитор құрастырдым. Altel, Beeline, Tele 2 секілді байланыс жүйелерін бөлменің ішіне кіргізіп беретін құрылғыны қолдан құрастырдым. Ауыл тұрғындары мектепке келсе болды, ұялы байланыс жақсы ұстайды. Мұның ауыл халқына көп көмегі тиді, - дейді Алмасбек Қалдыбек.

 

Ауыл, аудан басшылығына өтініш айту арқылы жанашыр азамат 7-8 ай ішінде сымсыз байланысқа арнайы репитор құрып, 3G байланысына қол жеткізген. Одан соң қолдан жасалған құрылғы керексіз болып қалған. Аудандағы байланыс жүйесі нашар мешітке сол құрылғыны сыйға тартыпты. Бөлменің смарт деп аталып кетуінің себебі оның әмбебаптығында. Көп мектептерде компьютер құрылғыларының техникалық күтімі нашар. Смарт бөлмені өз қаржысына жасағаннан кейін бақылау көп жүреді. Сол жерге көбінесе қажет бұйымдар топтастырылған. Бұл тек информатика пәні үшін емес, өзге де пәндер үшін сабақ беруге ыңғайлы бөлме.

 

- Ауылдағы ауыз су мәселесі шешілгеннен кейін аудан орталығына көшіп, шағын екі бөлмелі орынға ақылы курс ұйымдастырғым келеді. Бөлмеге соңғы уақытта шыққан ақылды құрылғыларды жинап, әрі қарай курсқа қатысушыларға олардың қалай жасалатынын, қалай өңдеуге болатынын, қандай тиімділігі бар, қалай орналастыратынын меңгерткім келеді. Оны үйренген адам әлемнің қай нүктесінде жүрсе де, ақылды құрылғылардың жұмыс барысымен жете таныс болады. Бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы LG телевизиялық пультімен компьютерді басқаруға, схема құрастыруға болатыны негізінде ғылыми жұмысты ауданға апарып, жүлделі орын да алдық. Алайда бүгінде бұрыннан қозғалып жүрген тақырыптарға баса мән беріп кете береді, - дейді өнертабыс иесі.

 


«Әрбір қазақ технократ болуға тиіс»

 

Алмасбек Серқұлұлының ойы академик Асқар Жұмаділдаев ағамыздың ойымен үндес. Әрбір қазақ технократ болуға тиіс дейді. «Қазақстан бүгінде дайын өнімді құрастырушы, жасап шығарушы елге айналуымыз қажет. Балаларымызды осы бастан дайын өнімді пайдалануға дағдыландырмауымыз керек, әйтпесе ертең робототехниканың заманы келгенде олар сырттан сатып алады» деген ойда. Windows ceкілді сырттың операциялық жүйелерін қолдану әскери-стратегиялық жағынан да қауіпсіз емес. Кейіпкеріміз алдағы уақытта монтаждық плата шығаратын цех ашқысы келеді. Теледидар, компьютер болсын, аналогтық тақтайшаларын басып шығаратын орын пайда болады деген мақсатын ашып айтты. Сондай-ақ өзге де жобалар бойынша өз ұсыныстарын жолдаған.

 

- Ақылды мектептер жүйесі барлық мектепте іске қосылса деймін. Аудандық әкімшілікке планшеттік жүйені енгізсек деп жоба ұсынғанмын. Бір есептік планшет ұйымдастырсақ, 16 ауылдық округке бейнебақылау қоссақ деген пікірімді айттым. LED экранға бейнелер ауысып тұратын мүмкіндік жасап, ақылды бағдаршам жұмыстарымен де айналысқанмын. Ақылды бағдаршамның артықшылығы – жылдамдықты асырса, жүргізушінің айыппұлы алдынан шығады. Smart бөлме ашылғалы қай мұғалім немесе қай оқытушы қандай сайтқа кірді, соның бәріне бақылау жасалады. Қосүйеңкі ауылында жүргеніммен, жылына кем дегенде 10-15 жер жұмысқа шақырды. Сананы тұрмыс билейді дейміз ғой, жоғары жалақы ұсынады. Алайда ұстаздықты таңдағаннан кейін сол саладан зейнетке шыққым келеді, - дейді ауыл азаматы.

 

Былтыр карантин мерзімінде Wi-fi желісін 54 км-ге дейін таратқан. Мұның игілігін мектептегі мұғалімдер мен оқушылар көрген. Информатика Алмасбек Серқұлұлы үшін әлемге жаңа қырынан қарау, тану. Болдым, толдым дегенді жақтырмайтын еңбекқор ұстаз әлі де тәжірибелі ұстаздардан көп нәрсе үйренеді. Ортақшыл елді мекенінде бейіндік істер жөніндегі мектеп директорының орынбасары, информатика-математика пәнінің мұғалімі, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері Бегалы Ахметовтен мамандықтың оңтайлы жақтарын үйренген. Сол кісі өнертабыс иесіне «неге бір ерекше нәрсе жасамайсың?» деп ойына қозғау салған.

 

- Қазір баланы таңғалдыру қиын, олардың жалықпайтын бір-ақ нәрсесі бар. Ол қолындағы смартфоны. Ойындар ойнап, түрлендіріп отырады. Айналадағы әлемін ұмытады. Сол мәселеден елең еткізіп, таңғалатын,қызығатын, құпиясы бар нәрсеге қызығады. Семинарға барғанда бізге бір психолог қара нүкте сызды да, бізден «мынау не?» деп сұрады, біз бәріміз «парақтағы қара нүкте, қара нүкте» деп жатты. Бізге психолог «Көрдіңіздер ме, сіздер ақ парақ үлкен көлемде болса да, ең бірінші кіп-кішкентай қара нүктені көресіздер» деді. Сол сияқты адамның мән беретін нәрсесі әрқалай. Оқышуларға ұнататын бейіміне қарай сабақ берілсе, әр сабағы экраннан көрсетіліп, ерекше ойында қалдыратын нәрсемен қызықтыру керек, - дейді жанашыр ұстаз.

 

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз бүгінде әркім өз саласының мықты маманы болуы керек деген пікірде. Әжесі үйреткен 4-5 сөз әрдайым есінде. «Өзіңді бақ. Өзің атты бақ, атпен малды бақ» деген. Алмасбектің өмірлік ұстанымы осы. Оны бүгінгі аты – жұмысы. Оған қолыңнан іс келеді, таудың етегіндегі ауылдан неге көшпейсің дейтіндер көп көрінеді. Ол бұл жақтан жан жылуын, еркін өмірдің тынысын сезінеді екен. Сондай-ақ бүгінде ауылдағы 35 үй татулығы жарасып, туыс болып кеткен. Берекесі жарасқан ауылдан әзірге ешқандай кеткісі жоқ.

 

Алмасбек Серқұлұлы жаңа оқу тәрбие әдістерінен хабардар болып қана қоймай, оны шығармашылықпен қолдана біліп, өзінің іс-тәжірибесінде оң нәтижелерге қол жеткізуде. Осыған орай еліміздегі былтыр көктемде басталған пандемия кезінде үйден оқуға көшкен оқушылардың әлемдік желіге еркін қосылуына мүмкіндік беретін SMART бөлмесін ойлап тауып көп көмегін тигізгенін бүгінгі материалға арқау еттік. Бұл SMART бөлмені «Алмасбектің ақылды бөлмесі» деп те атайды.

 

(суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: