Қараңғы залдан сахна жайлы...

8 Ақпан 2019, 19:04 7248

Қаллеки театры қарапайым көрерменінің ойы

Көрерменсіз театр жетім. Бұл театрдың көрермендері әр түрлі. Бір үлкен әулиеттің балалары сияқты. Әртүрлі, бірақ ортақ дүниесі бар. Мына шуылдаған оқушыларды сабақтан босатып, мәжбүрлі түрде әкелген шығар. Сорыңа қарай билетің олармен қатарлас, көршілес етсе, бітті дей бер. Қойылым бойы зіркілдеп, жүйкең тозып шығады. Өкінішке қарай жас көрермен театр мәдениетімен таныспай жатып, қойылымға топ ете қалады. Бірақ, ренжи көрмеңіз. Біз де кезінде өнерге ғашық болып театр табалдырығын аттамадық. Бұл балақайлардың тым болмаса бес-алтауы нағыз театрал болуы мүмін ғой.

Ал мына алтын әшекейге малынған, сәнді көйлектерін киген апайлар аптасына болмаса да, айына бір келеді. Қойылымға дейін фойеде құрбыларымен шұрқырасып суретке түсіреді. Спектакльдің кей сәттерін қысылмай-қымтырылмай фотоға немесе видеоға да түсіре береді. Қойылым қызық болмай қалса, сол суреттерін ұл-қыздарына, кластас, туыстастар чатына жіберіп отыруы да бек мүмкін. Алда-жалда ұялы телефонына қоңырау шалып жатса, сөмкесінен алып бүкіл залды басына көтерген қоңырауды ебдебейсіз қолдарымен өшіремін деп әлек болуы мүмкін. Ал кейде қоңырауын көтеріп «мен театрда отыр едім» деп ескерткен әлде мақтанған болады. Бірақ бұл көрермендері ұзақ келмей кетсе, театр оларды да сағына бастайды.

Қозғалысы баяу, жүрісі нық осы бір ақсақалды танымасаңыз да, оның қазіргі өмірін айтып беруге болатын сияқты. Күнделікті театрға бір өзі келетініне қарағанда бәйбішесі дүниеден озған сияқты. Төбесінде шошағы бар баскиімінің «мұраға» қалуына, таңғы ертегілерге жалғыз келуіне қарағанда немерелері есейіп кеткен-ау. Өзі тым момын, тым сыпайы. Кезінде мұғалім әлде өзге зиялы мамандық иесі болды ма екен. Театрға аптасына алты күн келетін ақсақалды бастапқыда контролер қыздар да байқаған жоқ. Меніңше театрдың ең қадірлі қонағы осы кісі шығар.

Бұлармен қатар премьера кезінде келетін әкім-қаралар, олардың нөкерлері, шағын қала, ауылдардан елордаға келіп өнерге біртабан жақындаған студенттер қауымы да бар тұрақты көрермендер арасында. Оларды біріктіретін театрға деген қызығушылық. 28 жылдық тарихы бар Қаллеки театрының бүгінгі келбеті қандай? Қарапайым оқырман көзқарасын жеткізіп көрелік.  Астаналық өнер сүйер қауым үшін өзге театрлар бір төбе де, Қаллеки театры бір төбе. 1991 жылы негізі қаланған Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында елімізге әйгілі өнер саңлақтары қызмет етеді. Актерлық құрам: 55 актер, оның ішінде 4 – «ҚР Халық артисі», 4 – «ҚР еңбек сіңірген артисі», 19 «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», 1 – ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, 1 – ҚР Жастар одағы сыйлығының иегері, 1 – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері бар (http://kaztheatre.kz сайтының деректері бойынша). Қаллеки театрының өзге театрлардан артықшылығы – мықты актерлері.

Салыстырмалы түрде тарихы терең болмаса да, бұл театр мектебі қалыптасып қалды. Аға буын Тілектес Мейрамов, Болат Ыбыраев, Гүлжан Әспетова, Рымкеш Омарханова. Рымкеш Омарханованы қаллекиліктер Театр Анасы деп атайды. Биыл ол кісі 80 келеді. Театрдың негізі қаланғаннан бастап сахнада еңбек етіп келеді. Ол кісінің болмысын ашатын спектакль деп «Кешті» айтуға болады (аударған Ф. Оңғарсынова, режиссері Б. Ұзақов). Алексей Дударевтің өткен ғасырдың 80-жылдары жазылған пьесасы әлі күнге дейін өзекті. Кеңестік жылдарда жазылған шығарманың қазіргі репертуарда қалуы сирек. Бірақ Отан, еңбек, өмірдің мәні сияқты пафосқа толы түсініктерді Ганна - Рымкеш Омарханова сондай еш айқайсыз, жасандылықсыз өзіне тән жылылықпен, қарапайымдылықпен жеткізеді. Рухани аштық, моральдық дағдарыс кезінде дәл осы спектакльді ұсынушы едім.

Орта буынның белді актерлерінен Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуілов, Сырым Қашқабаев, Ержан Нұрымбетов, Жанқалдыбек Төленбаев және басқаларды атауға болады. Бұл қатардан Нүркен Өтеуіловті айтпасқа болмас. Жас режиссер Фархат Молдағали қойған ABAI «JAN» моноспектаклі бәрімізге танымал Өтеуіловті жаңа қырынан көрсетті. Ф. Молдағали моноспектакль туралы былай деген еді: «Абайды жалғыз ойнау керек деп ойлаймын. Өйткені Абай өз заманында жалғыз болды. Сондықтан бұл – моноспектакль». Бірақ өз басым осы қойылымға дейін орта жаста дағдарысында едім. Өткенімнің мәні бар ма? Ертеңім қандай? Өмірімнің мағынасы не? Деген сұрақтардың жауабын тапқандай болдым. Нүркен-Абайға сендім. Басқа актерге Станиставскийше айтқанда, сенбес едім.

Жас буын актерлерінен көрермен сүйіктілеріне айналғандар: Жанат Оспанова, Олжас Жақыпбек, Ақмарал Танабаева, Алтынгүл Серкебаева, Жасұлан Ерболат, Шах-Мұрат Ордабаев, Нұрсұлтан Есен. Қаллеки театрында актерлер династиясы да қалыптасып келе жатқандай. Дарынды әртістер жұбы Нұрай Танабаев пен Қарлығаш Танабаевалардың қызы Ақмарал Танабаева осы Қаллеки театрының сахнасына алғаш рет 7 жасында шыққан еді. Бүгінде негізгі рөлдерді ойнап, театр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөлініп жүр.

Актердің жақсы ойыны режиссер шеберлігі емес пе? Қаллеки театрының режисерлері: Талғат Теменов (Көркемдік жетекші), Әлімбек Оразбеков, Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұзақов.

2016 жылы театр репертуары біраз жаға спектакльдермен толыққан еді. Бұл жылдары театр және кино режиссері, Якутияның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сергей Потапов Антон Чеховтың «ШИЕ» комедиясын, Башқұртстанның еңбек сіңірген қайраткері Айрат Абушахманов драматург О.Жанайдаровтың «Жұт» драмасын қойған еді (ақпан айының 24 күні көре аласыздар). Сондай-ақ осы жылы  режиссер Нұрлан Жұманиязов Ж.Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» психологиялық драмасын, Гүлсина Мерғалиева жазушы-драматург Р.Мұқанованың «Сарра» спектаклін, Фархат Молдағалиев «Ойыншықтар оянғанда» ертегісін қойған еді. Театрдың әлеуметтік желісіндегі парақшасынан жақында Барзу Абдразаковтың премьерасын тамашалайтынымызды оқыдық.  Биыл да театр бойына қан жүгіртетін жаңа режиссерлер тартылса деген тілегіміз бар. 

Соңғы уақытта театр репертуары жұтаңсып қалғандай. Бірқатар спектакльдер көрсетілмей кетті. Мысалы Камералық оркестр сүйемелдеуімен қойылатын шоқтығы биік шығармалардың бірі режиссер Н.Жұманиязов қойған И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы» музыкалық комедиясы алынып тасталды. Бәлкім 2010 жылдан бері қойылған соң ескірген шығар. Ал жазушы-драмматург Әкім Таразидің «Люстра» пьесасының желісі бойынша режиссер Әлімбек Оразбеков сахналанған «Үкілі жұлдыз» фарс-трагедиясы бүгінгі қоғам үшін өзекті, көрермендерге қажетті қойылым еді. Бірнеше рет қана ойналған спектакльді алып тастауын өз басым түсінбедім. Көрермен іздеп таба алмайтын қойылымдар қатарында режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған Ш. Айтматовтың «Ана Жер-Ана» спектаклі де бар. Толғанайдың образын сомдаған Гүлжан Әспетова ғажап еді. Қайта керісінше 2014 жылдан бастап күні бүгінге дейін репертуардан түспей келе жатқан С. Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» комедиясы (режиссері Б. Ұзақов) көрермендер көңілінен шыға қоймайтын сияқты. Қойылым кезінде бірнеше адамның шығып кететінін қатардағы көрермен ғана емес, театр қызметкерлері де байқаған шығар. Жалпы, бұл спектакль Сұлтанәлі Балғабаевтың ең мықты шығармасы деп айта алмас едім.

Театрдың басты мәселесінің бірі ғимараты. Қазіргі ғимарат 1991 жылы салынған. Сыйымдылығы 180 орындық. Әлбетте атағы жер жаратын театр үшін тым кішкентай. Жыл сайын театр қызметкерлерін де, көрермендерін де қуантып, «жаға ғимарат берілетін болыпты» дейтін әңгімелер шығады. Алайда әлі күнге дейін үлкен премьераларын Қаллеки театры Бейбітшілік және Келісім Сарайында өткізіп жүреді.      

Бұл туралы театрдың тұрақты көрермендері де айтқан еді:  

Әйгерім Кеулімжай: «Ұнайтын тұстары өте көп: сапалы актерлық құрам, шынайы ойын. Жиі премьералар жасап, репертуар жаңартып тұрады. Жалпы үнемі жақсы әсер алып қайтамын. Тек көбіне басты рөлдерді қалыптасып қалған актерлерге бере беретіндей көрінеді. Басқаларын да жаңа қырынан ашып, көрсетсе ғой деген тілек. Ол енді режиссерлердің таңдауына қатысты шығар. Және, бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе – Елордамыздың бас театрларының бірі – Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының өзінің лайықты ғимараты болуы тиіс. Қазіргісі үйіміздей боп жылы тартып кеткені рас болса да, көрнекі, көз тартар мәдени орынға ауыстыратын кез келді».

Сабина Хасен: «Алматыда студент болып жүрген кезімізде театрға әбден үйреніп қалдық. Астанаға келгенде де бірден театрды іздеп, осы Қаллеки театрына келдім. Содан бері 6-7 жыл өтті. Бір де бір премьерасынан қалып көрмеппін. Өзіме ұнаған спектакльдердің ішінде «Ғасырдан да ұзақ күн», «Сәкен Сұңқар», «Әміре», «Сарра» қойылымдарын ерекше айтқым келеді. Бір киноны бірнеше қайтара көру қызық емес. Ал театрда осындай қойылымдарды қанша рет көрсең де жалықпайсың. Сосын кей қойылымдарды актерлердің екінші құрамымен қарау да қызық. Өзіме актерлердің ішінен Қуандық Қыстықбаев, Жәнібек Мұсаев ерекше ұнайды. Ұнамайтын жағына келсек, көрермендер мәдениеті қарныңды ашырады. Кей кездері залға кірген көрермендердің телефонына сигнал жібермейтін «глушитель» неге қойылмайды екен деп те ойлаймын. Оқушыларды алып келетін мұғалімдер  театр этикеті туралы нұсқаулық өткізсе ғой. Қойылымнан кейін жарық жағылып, көрермендер сыртқа беттегенде әр жерде қалған бос пластик бөтелкелерді, снектердің қаптамаларын көресіз өкінішке қарай».   

Қатардағы көрермен ойы шамамен осындай. Қарапайым қазақ тілді көрермен үшін қарашаңырақ Қаллеки театрының алатын орны ерекше. Ұлттық рухтың иісі бұрқыраған бұл театр көрермендерін, ал көрермендері театрды қуанта берсін дейміз. Театр премьераларында жолығайық, құрметті оқырман.

Суреттер театрдың Instagram парақшасынан алынды. 

Бэлла Орынбетова
Бөлісу: