КАПКАЗ ӨРНЕК

19 Тамыз 2014, 06:16

КАПКАЗ ӨРНЕК – қақталған ақ күміске салынған қара ала түсті ою, қара ала өрнек. Мұны қазақ зергерлері қара ала, қара бағдар деп те атайды.

КАПКАЗ ӨРНЕК – қақталған ақ күміске салынған қара ала түсті ою, қара ала өрнек. Мұны қазақ зергерлері қара ала, қара бағдар деп те атайды. Батыс, солтүстік, орталық Қазақстан өңірлерінің зергерлері қара ала жүргізу тәсілін көбінесе әйелдердің қапсырма, алтын, күміс білезіктеріне, сырға, белбеу, жүзіктеріне, ер-тұрман әбзелдеріне, күміс- пен әшекейленген үй бұйымдарына қолданған.

КАПКАЗДАУ/ҚАРА АЛА ЖҮРГІЗУ – күміс бетіне қара ала болып көрінетін ою-өрнек жүргізу. Әшекейлеудің бұл тәсілін қара ала жүргізу деп те атайды. Қара ала жүргізу үшін арнайы қоспа дайындалады. Оның құрамы күміс, мыс, қорғасын және күкірттен тұрады. Бұл құрамдардың арасалмағы да әртүрлі болады. Мәселен, күміс пен мыс бір- бір есе болса, қорғасын мөлшері күмістің жартысына тең болады, ал күкірт осы металдардың балқуына байланысты көз мөлшермен қосылып отырады. Осы құрамды шойын ожауда әбден балқытқан уақытта балқу температурасы төмен қорытпа болады. Осы қорытпаны суытып, таяқшалар дайындалады. К. үшін күмістің бетіне бедерлеп ою-өрнекті түсірілген қорытпа бір шетінен аздап балқытыла отырып, қыздырылған бұйымның бетіне жағылады. Күміс бұйым салқындатылғаннан соң егеумен қарайғаны егеледі де киіз ысқыштармен жылтырата ысылады, сол кезде бедердің ішіндегі қара қалып қонады да зергерлік бұйымның қара- ала өрнегі айқындалып көрінеді. Бұйымға қара бағдар салу үшін күмістің бетіне алдын-ала өткір бізбен безеп ою-өрнектер бедері салынады. Суыған соң егеумен өңдеп, былғары және киіз ысқыштармен жылтырата ысады. Ше- берлер К.-ға қолданатын қоспаны ертеден келе жатқан әдіс бойынша өздері дайындап алады. Қара ала жүргізудің қазақ зергерлері білетін басқа да тәсілдері бар (қ. Зергер; Қарала жүргізу).

Жүзік. ҚР МОМ қорынан (КПД 106)

ҚР МОМ қорындағы (КПД 106) сопақ пішінді жүзіктің алақанына көгеріс өрнегі  салынған.  Ортасы- на күлтежапырақшалы гүл өрнегі, оның екі жағына қызғалдақ тәрізді көгеріс өрнегі қара ала жүргізу тәсілімен салынған. Жалпақ бауырдағының алақанына жалғасатын басы қосарланып келген. 

Жүзік. ҚР МОМ қорынан (КПД 109/1)

ҚР МОМ қорындағы (КПД 109/1) жүзіктің алақанына гүлшоғыр түріндегі көгеріс оюы қара ала жүргізу тәсілімен түсірілген. Алақанымен тұтасқан жалпақ бауырдағының бетіне қара ала жүргізу тәсілімен ирек өрнектер салынған. Кейбір жазба деректерде қара ала жүргізу тәсілі Кавказ халқынан Батыс Қазақстан өңіріне XIX ғ.-дың басында енді деген пікірлер кездеседі. Алайда, Э.А. Масановтың зерттеулерінде келтірілген деректер бойынша бұйымның бетіне қара ала жүргізу өнері Орта Азия зергерлеріне XIII-

XIV ғ.-лардан бастап белгілі болған, яғни қара ала жүргізу әдісі қазақ зергерлеріне ертеден таныс болған.

Әдеб.: Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987; Шойбеков Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. Алматы: Қазақстан, 1993; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – ма- териалдарынан.

Бөлісу: