Қанат Қазақбаев - қобыз жасаудың хас шебері

18 Маусым 2019, 17:18 12420

Туындылары әлемдік  музейлердің ішінен орын алған қазақтың Страдивариімен сұхбат

Ұлтымыздың қоңыр әуенін сағынсақ,  ойланбастан қобыз аспабына қайырыламыз. Өйткені мұнда өзге аспаптарда кездеспейтін өзіндік үн құдіреті бар. Елімізде сапалы қылқобыздарды  жасаумен айналысатын шеберлер барын көпшілігі біле бермейді. Осындай Қорқыт бабамыздан қалған құнды дүниені өмірге әкелетін қазақтың майталман шеберлерінің бірі – Жамбыл облысының тумасы Қазақбаев Қанат Дотаұлымен әңгімелескен болатынбыз.


Фотода: Қанат Қазақбаев

Елімізде есімі көп  айтыла бермейтін шебер 1962 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Абай ауылында дүниеге келген. Кейін 1978 жылы Алматыдағы Николай Васильевич Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне «ағашты көркемдеп өңдеу, суретші-шебер» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1982 жылы тәмамдаған екен. Оның інісі әрі қазіргі кезде ұлттық музыкамызды заман талабына сай өңдеп, оларды шет елдерде кеңінен дәріптеп  жүрген  дарынды қобызшы Әлқуат Қазақбаев кезінде 4 сыныпты бітіріп,  жазғы демалыс уақытында үйіне құрама қобыз алып келген көрінеді. Міне, осы сәттен бастап  Қанат Қазақбаевтың қобызға деген құлшынысы оянып,  оны жан-жақты меңгере бастайды.

- Сол  уақытта  бірінші рет қобызды қолыма алып, оның жасалуына ерекше зер салдым.  Содан ұлттық аспабымыздың жасалу әдісіне  жан-жақты назар аударып, оған  қажетті құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге біртіндеп машықтандым. Кейін оған материалды дұрыс таңдауға әрі қобыз жасауда пайдаланатын түйенің терісін қалай өңдеу керектігіне ден қойдым. Әлбетте, басында біршама қиыншылықтар болды, тіпті алғашқы кезде жасаған  қобыздарымда аздаған кемшіліктер орын алды. Бірақ, қобызға деген құштарлығымның арқасында, тынбай еңбек ете отырып, тәжірибе жинақтап, бүгінгі дәрежеге жеттім. Қазір, шүкір көздің жауын алатын қобыздың түр-түрін жасауды үйреніп алдық, - дейді Қанат Дотаұлы.

Сонымен қоса, шебер қобыз аспабын жасауда қолы икемді болу үшін Алматыдағы А.Жұбанов атындағы арнайы музыка мектебіне барған және Құрманғазы атындағы консерваторияның Базархан Қосбасаровпен өзге де қобызшы-ұстаздардың көмегіне жүгінген.

Шеберіміздің өз үйінің жанында шағындау шеберханасы бар. Мұның ішінен қабырғаға қаз-қатар ілінген қобыздың бірнеше түрін  көруге болады. Қанат Дотаұлының  пікірінше, қобыз аспабынан шығатын үн оған пайдаланылатын ағаш пен төрт түліктің қылына байланысты екен. Көбінесе қобыз жасаушы ұсталар өздерінің туған өлкелерінің табиғатына қарай таңдап, ешкімге ұқсамайтын өзіндік технологияны пайдалануға тырысады. 33 жылдан бері бұл өнерді ата кәсібіне айналдырған  ұстаның аспапты жасау тәсілі де ерекше.  

- Мен өзімнің туған жерім Шу өзені бойында көп өсетін жиде, үйеңкі сынды табиғи ағаштарды пайдаланамын. Ал қобыздың төменгі жағын  малдың терісімен қаптасам, ішектерін бес-алты жасар айғырдың құйрық қылынан жасаймын. Ағаштарды шауып, ойғаннан кейін, оларды 2 сағат тұзға қайнатамын. Сосын олардың бойындағы ылғал мен майды сіңіріп алу үшін күлге көміп тастаймын. Осындай ұзақ процесстерден соң ғана әрлеу жұмыстары басталады. Ал оларды жасауда құрал-саймандардың ішінен тек ойыс жүзді қашау мен пышақты ғана  пайдаланамын. Жалпы бір аспапты жасап шығу үшін адамға шыдамдылық пен өз  ісіңе деген адалдық керек деп санаймын, - дейді ұста.

Осылайша бір қобызды жасау үшін шебер шамамен 15-20 күнін жұмсайды. Бүгінге дейін оның қолымен жасалған 300-ге тарта қобызға қызықпайтын адам жоқ. Қанат Дотаұлы тек қобызды ғана емес, оның ерекше бір түрі нарқобызды да жасаумен айналысады. Алғашқысы қазіргі таңда халық алдына шығып, өнер көрсетіп жүрген музыканттардың қолындағы қобыз болса, екіншісі ертедегі бақсылардың ойнаған аспабының бірі екенін еске сала кетейік.

– Мен қобызды тек қана тапсырыспен жасаймын. Қазіргі кезде Аллаға шүкір, ұлттық аспаптарға деген жұрт тарапынан сұраныс бар. Жылына шамамен 20-ға жуық тапсырыс болып тұрады. Әсіресе өнер адамдары, музыканттар, мектеп, консерватория, өнер университеттері, елдегі облыс орталықтарындағы музыкалық колледждер мен оркестр, ансамбль ұжымдары және жеке қобызшы өнерпаздардан сұраныс келеді, - дейді ол.

Әсіресе, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы Қанат Дотаұлының тұрақты тұтынушыларына айналған. Еліміздегі көптеген өнер саласында жүрген жандар шулық шебердің жасаған аспаптарына жан бітіріп, қоңыр әуезді үнін әуелетіп жүр. Шеберіміздің қолынан шыққан қайталанбас аспаптардың құны 100 мың теңгеден басталып, 250 мың теңгеге дейін бағаланады екен. Қобыздың сыртқы келбеті көрген жанның көзін тартады, оны қолыңызға алып, тарта бастасаңыз жүрегіңіз селт ете қалары сөзсіз. Өйткені аспаптан шыққан жағымды қоңыр дыбыс жаныңызды лезде баурап алатын ерекше қасиетке ие.

Сонымен қоса,  жамбылдық  шебер тасада жүріп, таудай жұмыс та тындырыпты. Оның қолымен жасалған қобыз Италияның  Ватикан қаласындағы  музейде Қорқыт ата  кітабының жанына қойылған екен. Сол музейдің ішінен өзінің қолынан шыққан қобыздың қалайша шетел асып, сонда орын тепкені жайын  ағамыз былайша түсіндіріп берді.

- Өздеріңізге белгілі «Қорқыт ата» кітабының дүние жүзі  бойынша тек 2 нұсқасы бар. Оның бір тұпнұсқасы Италия мемлекетінің Ватикан музейінде болса, екіншісі Германия елінің  Дрезден қаласындағы  музейлерлердің  біріне қойылған. Елімізге 2001 жылы Рим папасы Иоанн Павел II іс-сапармен келіп,  елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің сол кездері ректоры болған Мырзатай Жолдасбековпен кездескен. Кездесу барысында  ректор  Ватикандағы музейлердің бірінде тұрған Қорқыт бабамыздың кітабының жанында қазағымыздың  ұлттық аспабы қобыз тұрсын деген ұсыныс айтып, дін қайраткеріне қобыз аспабын сыйға тартқан болатын. Сол қобызды жасау, бағыма орай маған бұйырған еді, - дейді қобыз жасаудың хас шебері.

Одан кейін  2014 жылы белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған бір топ ғалымдар Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Алтайға археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Берел қорғанынан шамамен VII ғасырда өмір сүрген сарбаздың жанынан бір аспап тапқан. Тарихшылар зерттей келе, оның жорық алдында жауынгерлерге рух сыйлайтын қобызға ұқсас музыкалық аспап екенін анықтапты. Содан Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, археолог Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар қазба жұмыстарынан тапқан аспап әбден ескіргендіктен, оны бүтіндеу қиынға соғып, оны тек қағазға түсірумен шектеліпті. Содан кейін олар қобыз жасаудың хас шебері Қанат Қазақбаевқа айтып, қобыздың қағазға салынған  суреті бойынша  аспапты жасап беруге тапсырыс берген екен.

– Суретке қарап отырып, қобыздың  реконструкциясын жасап шықтым. Содан ғалымдар  көлемі шағындау  ғана болып жасалған  сарбаздың аспабын тартып көріп, одан шыққан әсем үнге таңғалып, оны қобыздың атасы деп бағалаған болатын.  Жалпы сол қобыз аспабының тоғыз данасын жасадым. Оның бесеуі Түркі мемлекеттерінің Президенттеріне сыйға тартылды. Ал ең бірінші жасалған қобыз елордадағы халықаралық түркі академиясының мұражайында тарихи-құнды жәдігер ретінде және біреуі Париждегі ЮНЕСКО-ның музейінде сақтаулы тұр. Екіншісін Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық музыкалық  аспаптар мұражайына тапсырдым. Енді біреуін қоғам қайраткері әрі ғалым Мырзатай Жолдасбеков мырзаға  сыйға бердім, - дейді Қ.Дотаұлы.  

Қобыз шебері түрлі конкурстарға қатысып жүретіндігін де  тілге тиек етті. 2006 жылы өткен алғашқы республикалық «Дана қобыз» атты байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған  қылқобыз жасаушы шеберлермен бақ сынасып, оның жасаған аспабы үздік атаныпты. Сонымен қоса, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби-мемориалдық музейіндегі бүгінгі күні асыл қазынаға айналған Молықбай Байсақаұлының  ертедегі қобызын қайта өңдеу жұмысы біздің шеберімізге тапсырылыпты. Қазақтың құлагер ақыны атанған Ілияс Жансүгіровтің атақты қобызшы Молықбай Байсақаұлына арнап  жазған «Күйші» поэмасын білмейтін адам кемде-кем. Сол қобызды Қанат Қазақбаев Шу жерінде аз ғана уақыттың ішінде қайта өңдеп, қалпына келтіріп, оны күйшінің 150 жылдығына арнап ұйымдастырылған республикалық ғылыми-танымдық конференцияға дайындап берген болатын. Қанат Дотаұлын бүгінгі күнгі қазақтың Страдивариі деуге толық негіз бар. Өйткені оның қолымен жасалған көздің жауын алатын туындылар есімі дүние жүзіне танымал музыка аспаптарының шебері Страдиваридің жасаған дүниелеріндей бірнеше музейдің алтын қорына айналып отыр.

Фотода: Қазақбаевтар отбасы

Осындай талант иесі Қанат Дотаұлы жұбайы Әсел Тірібосыновамен  отыз жылдан астам бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, төрт бала тәрбиелеп келе жатқан бақытты жан. 1988 жылы туған тұңғыщ қызы Жамия елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ағылшын, француз шет тілдерін бітірген. Өзінің еңбек жолын  Үндістандағы Дели қаласында Ислам университетінде қызмет етуден  бастаған. Алайда бір жылдан кейін елордадағы Үнді елшілігіне ауысады. Одан кейін ұлттық музейде еңбек етіпті. Қазір бала тәрбиесімен үйде отыр. Ал ортаншы қызы Әльфия бас шаһардағы Қазақ өнер университетінің драматургия-сценарист мамандығы бойынша бітіріп, Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. Ал кіші қызы Әдемі 2016 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика, математика факультетін қызыл дипломмен бітірген. Қазіргі кезде байланыс саласында қызмет етіп жатқан ол жолдасымен бір ұл өсіріп отыр. Ал үйдің кенжесі Төле биыл Алматыдағы азаматтық авиация академиясын аяқтапты. Бүгінгі уақытта  «QAZAQ AIR» авиакомпаниясында  абыройлы қызмет атқарып келеді.

Жалпы, Қазақбаевтар әулетін басына өнер қонған шаңырақ екенін байқауға болады. Өйткені өзінен 10 жас кіші інісі Әлқуаттың есімін өнер саласындағы жұртшылық жақсы біледі. Осылайша, қос ағайынды киелі аспаптың ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне ерекше үлес қосып келеді. Қорқыт бабамыздан қалған қасиетті аспапты төрінде ардақтаған Қанат Қазақбаев сынды шеберлер барда, қобыз аспабынан шыққан үннің де сөнбесіне сеніміміз мол.

(Суреттер   Қанат Қазақбаевтың  жеке мұрағатынан және

ғаламтор беттерінен алынды)


Сабина Кәкімжан
Бөлісу: