Kalifarniya бастаған жас әншілердің феномені неде?

21 Шілде 2023, 18:00 1741

Соңғы кездері қазақ эстрадасындағы жастардың қарқыны қуантады. Айтқан әндері тез хитке айналып, жаңа бір толқын қалыптасып қалғанын байқауға болады. Әсіресе Amre, Turar, Shiza, The Limba, «Ирина Кайратовна» тобы, Kalifarniya, Ninety one тобы, Мирас Жүгінісов, Ayau сынды әншілер осы күні жақсы танымалдыққа ие. El.kz ақпарат агенттігі жас әншілердің талғамы жайлы сөз қозғамақшымыз.

Алдымен «Аргоня» лақап атымен танымал Арғын Аусаровтан білдік. Өзі де біраз хиттердің авторы.

Маған қазіргі эстрадада жүрген әншілердің әндерінің барлығы ұнайды. Олар еңбекқор. Ізденістері жоғары. Сондықтан әртүрлі тақырыптар тауып алады. Тақырыпты әрі қарай ашып, әдемі ән жаздыртады. Сөйтіп тыңдармандарға түрлі ой салады, – деді Аргоня.

Әншінің әнге деген талғамы халықтың таңдауымен тікелей байланысты екен.

Өз басым жеке әндерді көп тыңдай бермеймін. Көбіне радиодағы әндерді қосып қоямын. Халық қандай әндерді іріктеп алып тыңдаса, мен де сол әндерге қосылып ыңылдап жүремін, – деді ол. 

Арғын қазіргі таңда жастардың жүрегінен жеңіл, ауызекі тілмен жазылған әндер тез орын алады деп отыр.

Негізінен әдеби тілмен шектеліп қалуға болмайды. Кейде мұндай тілмен жазылған әнді түсінбей жатасың. Оның түпкі мағынасына жетудің өзі біршама уақыт алуы мүмкін. Ал заман өзгерді. Адамдар ондайдан тез жалығады. Бұрынғы әндер 3 қайырмадан, 4-5 куплеттен құралатын. Қазіргі әндер 2 қайырмамен 2 минутқа дейін қысқарды, – деді әнші.

Сондай-ақ ол жастар арасында танымал, сүйікті топтарының бірі «Ирина Кайратовна» екенін атап өтті.

Олардың әндері тек Қазақстанда емес, шетелде де өте танымал. Жігіттер өздерінің өнерімен халыққа өмірдің шынайылығын жеткізуге тырысады. Сол шынайы айтылған сөздер ғана жүрекке жетеді. Ал кейбір әншілер әнін, сөзін жаздыртып алып жаттанды айтады. Мұндай туындылар халықтың көңілінен шықпайды, – дейді Арғын Аусаров.

Ол «Ирина Кайратовна» тобынан бөлек, Ninety one тобына да ерекше тоқталды. 

Кезінде Ерболатқа продсюсер ретінде бір шу көтеру керек болды. Сол үшін де Ninety one тобының мүшелерін сахнаға ерекше стильмен шығарды. Осылайша ол әншілердің аты ел арасында танылғанын қалады. Жұрттар басында топ жайлы айтып-айтып, кейіннен олардың мықты әнші екенін түсіне бастады. Бірақ қазір бұл топты кім жамандап жатыр? Бүгінде мұндай адамдар кем де кем. Менің қателесуім де мүмкін, бірақ бұл менің жеке ойым. Ерболат Беделхан өзін продюсер ретінде дәлелдесе, Ninety one өзін топ ретінде көрсете білді. Олар Қазақстанның атын шетелге шығарып, әндерін елге танытты, – дейді ол.

Ал Нұрболат Қанай әндердің тез танылуының құпиясын оны тыңдармандарға тарату жолымен тікелей байланыстырады.

Әннің хит, не хит болмауын Tiktok желісімен байланыстырар едім. Қазір заман солай болып тұр. Бәріміз Tiktok-қа қарап қалдық. Мәселен, әнші Kalifarniya «Puerto-Rico» әнін бірнеше рет әлеуметтік желіге салып, хит қылды. Ол бұл әнін өзінің әйеліне арнап шығарды. Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді. Әнімізді өзіміз әлеуметтік желіге салып, өзіміз таратпасақ, қазір әнші де, ән де көп, – деді ол.

Әнші ән хит болуы үшін бірнеше тілді қатарынан қосу қажет деген ойын айтып жеткізді.

Қазір қазақ тіліне шет тілін қосқан әндер жақсы танылып жатыр. Мысалы Say Mo, «Ирина Кайратовна» тобы әндеріне орыс тілін қосқандықтан, көрші Ресейде де хит болып тарайды. Сондай-ақ Q-pop жанрында айтатын әншілер әніне кәріс тіліндегі сөздерді қосады. Осылайша әндерін әлемдік аренаға лайықтап ұсынып жүр, – дейді Нұрболат Қанай.

Кез келген әннің тыңдайтын аудиториясы болады. Әнші Qanay өзінің әніне көбіне батыс өңірдің азаматтары қызығатынын айтады.

Әр тыңдарман өзіне жақын стильдегі әндерді таңдайды. Жартысы мағыналы, жартысы «лақпа» өлеңдер тыңдайды. Мәселен, менің «Ол қыз» деген әнімді батыстықтар көп түсінсе, шығыстың адамдары онша ұға қоймауы мүмкін. Біздің «лақты», «не зат» деген диалект сөздеріміз бар. Бұл сөздерді өзіміз күнделікті қолданып жүргеннен кейін өз әнімізге қосамыз, – деді ол.

Нұрболат Қанайдан өзінің қандай әндер тыңдайтынын да сұрап білдік.

Шынымды айтсам, мен ешкімнің әнін тыңдай қоймаймын. Ол қазақстандық болсын, шетелдік болсын - бәрібір. Тек өзімнің плейлистімде санаулы ән ғана бар. Өзімнің әнші Qanay ретіндегі мотивіммен ән шығарып, соны жеткізуге тырысамын. Басқа әншілердің ырғағына, мотивіне түсіп кеткім келмейді. Ал енді көзіме түсіп жүрген әншілерді айтар болсам, Sadraddin, Kalifarniya сынды мықты өнер иелерін атай аламын, – дейді әнші.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: