Қала сәні – көше музыканттары

26 Сәуір 2019, 18:28 8665

Қоғамдық жерлердегі талант иелерінің табысы қандай?

Әлем қалаларының көшелерін аралап жүріп, көптеген көше өнерпаздарын кездестіреміз. Атап айтсақ,  музыканттар, әртістер, бишілер мен әншілер және тағы басқалар. Өнерлеріне тәнті болған көрермендер риза болып, қошеметтерін білдіреді. Тіпті  кей уақыттары  тиын-тебендерін де қалдырып жатады. Мәселен, испандықтар көшелердегі өнерді  шексіз құрметтейтін халық. Мұнда қаланың бір бұрышында жастар өз әндерін шырқаса, екінші жерде жеке дауыста опера әншілері айтады. Ал өнер мен мәдениеттен өзгелерден  озық тұрған Франция астанасы Париж көшелерінен де сыңғырлаған музыкалық әуенді естуге болады. Әсіресе қала әкімдігінің жанындағы Жорж Помпиду жағалауынан көше әншілерінің өнерлерін тұрғындар сырттай тамашалай алады. Ал бізде сирек. Сирек болса да, ең бастысы бар. Сонымен, олар өнерлерін көшеге неге алып шықты? Олар күніне қанша табыс табады? Шетелде тыңдармандар сүйікті көше әншілеріне  ақшаны қандай әдіспен береді? Бүгінгі біз осы сауалдарға жауап іздеп көреміз.

Көктем мезгілі келіп, күн жылына бастаған уақытта елорданың белгілі бір орындарына бесаспап өнерпаздар да қайтадан орала бастайды. Бірі - гитарасын арқалап, бірі - барабандарын соғып,  енді бірі домбырамен әндерін орындап, шағын ортасын мерекелік думанға айналдырады. Олар қастарында тыңдарман бар ма, жоқ па, оған бас қатырмайды. Бастысы алдарына бір кішігірім ақша тастайтын зат қойып,  бар өнерлерін көрсетеді. Сондай адамдардың бірі – елордалық Дмитрий Иванов. 34 жастағы шаһар тұрғыны соңғы 20 жылдан бері ән айтып келеді.

Фото: Дмитрий Иванов.

– Мен бала кезімнен көпшіліктің алдына шығып, ән айтқым келетін. Іштегі талант сыртқа шықпай қойсын ба? Содан 14 жасымнан  бастап, қоғамдық орындарға шығып өнер көрсете бастадым. Өзім тек мектепті ғана бітіргенмін. Кәсіби музыкалық білімім жоқ. Музыкалық аспаптарды өз бетіммен үйренгенмін. Оларды қолыма алғаннан, ән айтқаннан ерекше ләззат аламын.

Алғаш рет Дмитрий  жұрттың алдында қазақ тіліндегі «Ақ сәулем» әнін орындаған. Сол уақытта оған халықтың қошеметі мен ықыласы  шабыт сыйлап, өнерге келуіне сеп болды. Сол күннен бастап қазақ тіліндегі әндерді жаттауға қызу кірісіп кетеді. Қазір  халық көп жиналатын қоғамдық орындарда Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрік»,  Төреғали  Төреәлінің «Бол, жанымда», Абай Бегейдің «Аспанға қараймын», Асхат Тарғыновтың «Мария Магдалена» сынды халықтың сұранысына ие әрі көпшіліктің көңілінен шығатын әндерді өз нақышында шырқап жүр. Жалпы қазіргі кезде  жүзге жуық әндерді кемеліне келтіріп орындай алады. Қала өмірінің бір бөлігіне айналған оның орындаған әндері де -  өте әсерлі.

«Өнерге әрбірінің бар таласы» демекші, 20 жылдан бері шығармашылық әлемде жүрген Дмитрий күнделікті көшедегі табысын лотерея ойындарына теңейді. Өйткені қанша пайда табатыны белгісіз. Бұған ауа райының жылы болуы, халыққа жалақы берілетін күндер,  түрлі ойын-сауық мерекелер бірнеше факторлар әсер етеді.

 – Нақты соманы айта алмаймын. Бір күні 300 теңге болса, енді бір күні 500 теңге... Ал кей уақыттары 30 мың, тіпті 50 мың теңгеге дейін тапқан күндер болды. Бірақ бұл тұрақты табыс көзі деп айтуға келмейді. Менің түрлі банкеттер мен той-томалақтардан тапқан қаржымды тұрақты кіріске жатқызуға болады.

Бір айта кететін жәйт, әндерді қоғамдық орындарда жұма және сенбі күндері шырқаған тиімді. Өйткені жұмыстарын аяқтаған елордалықтар қаланың күйбең тіршілігін бір сәтке ұмытып, құлақтан кіріп, бойды  алар әсем ән мен тәтті күйлерді тыңдағанды ұнатады. Ал жексенбі және дүйсенбі күндері керісінше, көшелерде тек бір жаққа асыққан жандар...

Сондай-ақ, ол қыс айларында түрлі ресторандарда ән шырқап, меймандардың көңілін көтеріп, мерекелік отырыс сыйлап та, қосымша табыс табады.

Оның өнерін көбінесе  елордалықтар көп жүретін «Нұрлы жол» бульвары, «Арбат» мәдени орны және жаяу жүргіншілерге арналған жер асты жолдарының ішінен тыңдауға болады. Мұнда ол күніне 5-6 сағат қазақ және орыс тіліндегі заманауи әрі сұранысқа сай әндерді айтады. Бір қызығы, нұр-сұлтандықтардың арасында көбінесе қазақ тіліндегі әндерге деген қызығушылық жоғары. Сондықтан Дмитрий жұртшылық тілегіне орай, осы тілдегі әндерді жиі орындайды. Ол аптасына кем дегенде  бір  жаңа  композицияны репертуарына енгізіп, өлеңдер қоржынының тізімін жаңартып отырады.

Өнерпаз нәзік сазға толы баян аспабымен жұртшылықты бойындағы өнерімен тәнті етіп жүр. Оның айтуынша, бұдан оған түсетін екі табыс көзі бар. Біріншіден бұл   жүрек қалауымен айналысатын  сүйікті хоббиі болса, екіншіден бала-шағасын асырайтын күнделікті жұмысы. Үш баланың әкесі Дмитрий Иванов Нұр-Сұлтан  қаласынан  баспана бақыты бұйырғанын армандайды.

Дмитрий баянда ойнауды үйретуге де қарсы емес. Өтініш білдірген жандардың тілегін жерге тастамайды. «Қолымнан келгенше, үйретуге тырысамын» - дейді, кейіпкеріміз.

Көше әншілерінің кәсіби әртістер сияқты үлкен сахнаға шығып, жеке кештерін өткізуге қаржылай мүмкіндігі болмаса да, қоғамдық орындар арқылы өнерін шыңдап келеді. Олар белгілі бір өнер ордасын бітірмесе де, тума талантының арқасында жұртшылықтың жылы лебізіне  бөленіп жүр. 

Музыканттар көбінесе кісі аяғы көп - қоғамдық орындар, саябақтар, сауда орталықтары және жерасты өткелдерінің маңында шоғырланады.  

Олар  өз қалауларымен жұрт алдында өнер көрсету арқылы жан рахатына бөленеді. Сондай-ақ, тыңдарманын да көңілдендіреді. Соның өтеуі ретінде олар тиын-тебен беріп, қолдау білдіреді.

Жалпы қаладағы ең тыныш жер асты жолы – Республика даңғылы мен Бараев көшесінің қиылысында орналасқан. Бұл жерден шетелдік меймандар жиі өтеді.  Сондықтан осы жер асты жолындағы жезтандай әнші қыз-жігіттер ағылшын тілінде заманауи әндерді көп орындайды. Тіпті кей музыканттардың  тұрақты тындармандары да бар. Олар жанды дауыстағы әндерді сағынған кезде осында келіп, сүйікті әншілеріне тапсырыспен айтқызып жатады. Бұл жердегілер кәсіби әнші болмаса да, жиналған қауымды әркез шексіз қуанышқа бөлейтінін айтады. Ал ең көне болып саналатын Кенесары көшесінің бойындағы жер асты жолы өмірін өнерге арнағандар үшін алғашқы үлкен сахна іспетті. Бұл орын көпшілік арасында «Конгресс холл» жер асты өткелі деп  кеңінен тарап кеткен.

Мұнда көздің жауын алатын әдемі суреттер салынбаса да, өнерлі жастардың талантын ары-бері өтушілерге паш етуге ешқандай кедергі жоқ.. Ең бастысы – олар өздерін қайыршы ретінде санаған емес. Себебі, олар адам шошырлық кейіпте жұрттан қол жайып, төмен қарап,  ақша сұрап отырған жоқ. Тек қана әдемі ән айтып, мың бұралып би билейді. Ал олардың өнеріне сүйсінген жүргіншілер ақшалай «марапаттайды».

Сонымен қоса, осындай қоғамдық орындарда соңғы хит әндерді жиі-жиі шырқап жүріп, танымалдылыққа ие болуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – қызығушылық, күш-жігеріңіз бен мақсатқа жетемін деген ұмтылысыңыз болса жеткілікті.

Арбат – көше музыканттары мен суретшілердің, жалпы шығармашылық адамдарының басын қосатын алаң. Олар үшін үлкен сахналарға жол ашатын кшігірім сахна деуге болады. Осыдан екі жыл бұрын хан Кенесарының ескерткіші маңында ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің ресми басталуына  орай елорданың өз Арбаты салтанатты түрде ашылған еді. Аталмыш мәдени орында зергерлер мен шеберлер жиналып, қолдарынан шыққан бірегей өнер туындыларын сатылымға шығарып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынады. Олардың қолтаңбалары шаһар мен оның аудандарының айрықша бейнелерін әспеттейді. Осылайша, Есіл жағалауына өзгеше рең мен леп беріп, барша жұрттың сүйікті жеріне айналып үлгерді.

Тұрғындармен қала қонақтары жиі баратын Арбатта әсіресе күн жылына  кешкілік өмір қайнай бастайды. Бір бұрышында қаз-қатар тізілген көше музыканттарының өнерлерін тамашаласаңыз, енді бір жерде суретшілердің туындыларымен таныса аласыз.

Күнделікті табысын бойындағы өнері арқылы тауып жүргендер үшін осындай қоғамдық орындардың маңызы зор. Олардың үлкен стадиондар мен алаңдарға шығуға мүмкіндіктері болмағандықтан, өздеріне қала ішінен жайлы орындарды іздей бастайды. Бұл бір жағынан өнерін шыңдауына жол ашса, бір жағынан күнделікті пайда табудың көзіне айналған. Осындай орындарда тұратын талант иелері  барша өнерсүйер қауымға  рухани байлық сыйлайды.

Қуантарлығы, зергерлер мен суретшілер, көше әншілері секілді мыңдаған  нәпақа тапқан өнер адамдарына мұндай жерлер тегін ұсынылған. Шаһар әкімдігі оларға  қамқорлық танытып, салық төлеуден босатыпты. Сондықтан олар таңның атысынан күннің батысына дейін халыққа тегін орында тұрып, өз өнерін көрсете алады. Олардың жұмысы мамыр айынан бастап қыза түспек.

Бізге қарағанда шетелдің  көшелерінде ән айту  дәстүрінің дамып кеткені соншалық онда әр әншінің өнерінің құны нақты бағамен бекітілген. Яғни, оның өлеңдерін сүйсініп тыңдаған тұрғындар рақметтерін қолма-қол ақшамен қоса электронды карточкалары арқылы да жібере алады. Қарапайым терминалдардан ақша аударымдарын жасап тұру үшін әншілерге әнін тоқтатуға тура келеді.

Ал мына кішкентай әрі төртбұрышты құрылғыға карточкаңызды тигізеңіз,   бірнеше  секунд ішінде иесінің бекіткен сомасы алынады. Аталмыш жаңашылдықты қазіргі кезде Лондон қаласының көше музыканттары пайдаланып жүр. Алайда қазақстандық көше әншілерінің мұндай жүйеге қашан көшері әзірге белгісіз.

Елдегі  барлық көшелер адамдар үшін өнер мерекесіне айналса деген тілек бар. Жер-жерден саксафон дауысы естіліп, ал қабырғалар сурет көрмесіне айналса, қандай жарасымды. Мұнда әншілер әнін, қаламгерлер қаламын, суретшілер түрлі-түсті бояуын, өнерпаздар музыкалық аспаптарын алып, келушілерге әдемі мерекелік атмосфера сыйлап тұрса игі!


Сабина Кәкімжан
Бөлісу: