Қақпақсыз құдықтан қауіп көп

4 Қараша 2019, 17:00 8162

Екі айда 15 адам құдыққа құлаған

Ашық жатқан құдықтар қауіп төндіріп тұр. Себебі, қақпағы жоқ шұңқырға түсіп қаза болғандар қатары көбейіп барады. Ал зардап шеккендердің санында есеп жоқ.

Биылдың өзінде астаналықтар 4 мың 735 канализациялық құдықтың қақпағы жоқтығын айтып 109 нөміріне шағым түсірсе, Нұр-Сұлтан қалалық Ішкі істер департаменті темір люктерді ұрлаудың 7 дерегін анықтап, пысықайларды жөнге салған. Ал темір қабылдайтын кәсіпкерлерге ескертулер таратылып, қақпақтарды қабылдау қоғамға қауіп төндіріп жатқаны түсіндірілген. Ең сорақысы, биылғы жылдың алғашқы екі айында 15 адам құдыққа түсіп, зардап шеккен.

(Фотода: Қабанбай батыр 43 Г)

Бір көшедегі 5 құдық ашық жатыр

Нұр-Сұлтан қаласының шетаймақтарын былай қойғанда қаланың қақ ортасындағы Қабанбай батыр 43 үйдің маңында 5 бірдей қақпақсыз шұңқырды кездестіруге болады. Құрылыс қарқын алған бұл жерде мұндай олқылықтың болуы заңды. Десе де, дәл осы жерде сүрілуге жақын қаншама үйдің баласы ойнайтынын ескерсек, бармақ тістеп қалатын қауіп бар. Өйткені, бүлдіршіндердің жүрмейтін жері, қызықпайтын дүниесі жоқ. Талай қайғылы оқиғаның орын алуына да балалардың ата-ана бақылауынсыз болуы тікелей әсер етіп отыр. Ал құдықтардың іші кілкіген су. Оған бала тұрмақ үлкендердің өзі батып кететіндей терең. Ал кейбір құдықтар ағашпен жабылған.

Ал Қорғалжын тасжолының бойындағы жеке үйлердің кәріз құбырларын үй қожайындары ашық тастап кеткенін байқау қиын емес. Құрылыс жұмыстары кезінде қақпағы ашылған құдықтар кейін жабылусыз қалған. Үлкендердің шалағайлығынан бүлдіршіндерге қауіп төнуі де ықтимал. Алда қыс маусымы болғандықтан қалың жауған қар ашық құдықтардың бетін жауып, қауіп деңгейін одан әрі арттыратыны да түсінікті.

(Фотода: Тұран көшесі 46/1)

13 жасар екі жасөспірім шұңқырға түсіп қайтыс болды

Рас, ашық тұрған құдыққа түсіп кетіп, жазым болғандарды былай қойғанда, өмірімен қоштасып жатқандар да бар. Мәселен, ақпан айында 13 жасар астаналық баланың құдыққа құлап қайтыс болғаны қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Өрімдей жасты үш күн, үш түн іздеген еріктілер мәйітті құдықтан тапқан. Тіпті, баланың канализациялық құбырда 3 тәулік жатқаны да анықталды. Ақтүтек боранда құбыр ішінен шыға алмай ажал құшқан бала ақпанның 16-сы күні әскери бөлімшенің жанындағы мұзға барамын деп шығып кетіп, қайта оралмаған. Құқық қорғаушылар мен Ұлттық ұлан сарбаздары, еріктілерден құралған 300-ден астам адам Бақдәулет Омарханды тоқтаусыз іздеді. Оның денесі жұдырығын қысып, қабырғаға сүйенген күйі табылған. Үстін қар басып қалған марқұмның құдықтан шығуға талпынғанын еріктілер айтқан еді. Себебі, үстінде қалың күртесін шешіп тастаған. Алайда Бақдәулет ұзын шұңқырдан шыға алмаған сыңайлы. Қыршын қаза болған орында 10 шақты құдықтың ашық жатқаны да сол кезде анықталған. Ал олардың бәрі «Астана су арнасы» мекемесіне тиесілі екен. Бұл осы жерде орын алған алғашқы қайғылы оқиға емес. Дәл осында тағы бір 13 жасар қыз қараша айында көз жұмған болатын. Аружан Маратова кәріз құдығына құлап бақилық болған еді. Оқушы қыз 24-қараша күні сағат 12-лер шамасында үйінен «Жастар» театрына бағыт алған. Мұнан соң, Жұмабаев көшесінің бойындағы пиццерияға соғады. Жеткіншек 17.30-ға дейін осы жерде болған. Мұнан соң Аружаннан ешбір хабар болмаған. Қыздың денесі 25 қараша күні Қошқарбаев пен Өзбек Әлі Жәнібек көшелерінің қиылысынан табылған. Ең бастысы, Аружанның мәйіті табылған құдыққа тағы бір бала құлаған екен. Ал баланы дер кезінде құтқарған жақындары құдық ішінен Аружанның мәйітін байқамаған. Алайда абайсызда құдыққа құлаған бала онда тағы бір адамның болғанын айтқан. Кейіннен еріктілер сол жерден Аружанды тапқан. Ал періштесі қаққан баланы құтқару кезінде адамдардың да сол құдыққа құлай жаздағаны белгілі болған.

(Фотода: Тұран көшесінің бойындағы қақпақсыз құдық)

3 жасар қыз кәріз суына тұншығып көз жұмды

Ал шілде айында 3 жасар қыздың құдыққа құлап көз жұмғаны күллі қостанайлықтардың жағасын ұстатқан еді. Әулиекөл ауданы Тимофеевка ауылында болған оқиға күндізгі 1-лер шамасында орын алған. Қыз кәріз құбырындағы суға тұншығып қайтыс болған. Бүлдіршін ата-ана қарауынсыз болған екен. Құдық жеке тұрғын үй секторының ауласында орналасқан.

Тағы бір оқыс оқиға Түркістан облысы Жетісай қаласында тіркелген еді. 11 жасар Бекназар Мейрамбек жеке тұрғын үйге арналған кәріз жүйесінің шұңқырынан 2 жасар Бақытбек Сабыржан есімді сәбиді өлім аузынан құтқарған болатын. Оқиға 2 сәуір күні 19:40-тар кезінде орын алған. А.Қалыбеков көшесінде ойнап жүрген балалар №57 тұрғын үйдің сыртында орналасқан жеке үйдің кәріз жүйесінің шұңқырына кішкентай баланың құлап кеткенін көреді. Артынша жүгіріп келген балаларға құдықтың ішіндегі 1 метрден аса лас судан кішкентай бүлдіршін көрінбеген. Осы мезетте 2008 жылы туған 5-сынып оқушысы Бекназар Мейрамбек еш ойланбастан, дереу құдықтың ішіне түседі. Лас су мойын тұсына келгеніне қарамастан, суға тұншығып жатқан 2 жасар баланы көтеріп алып, шұңқырдан шығарған екен.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында 2 айдың ішінде 15 адам құдыққа құлайды екен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. 2018 жылдың алғашқы екі айында 21 адам құдыққа түсіп, түрлі жарақат алған. Қазір Елордада 7 ашық құбырдың бар екені анықталып отыр.

– Қаңтар айынан бастап, бірыңғай көмек орталығына 4735 шағым келіп түсті. Олардың барлығы жабылып, бүгінде тек 7 құдықтың беті ашық. Егер де қақпағы ашық құдық көрсеңіздер бірыңғай байланыс орталығы, іKOMEK-109 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз. Сонымен бірге, whatsapp арқылы, телеграмм арқылы шағым түсіруге болады, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» «iKOMEK109» жетекшісінің орынбасары Берік Ахметов.

(Фотода: Қараөткел көшесінің бойындағы қақпағы жабылмай тұрған құдық)

7 қақпақты ұрлау оқиғасы орын алған

Қақпақтарды қолды ететіндерді қолға түсіру ылғи мүмкін емес. Себебі, ұрылар адам аз шоғырланған орындар мен беймезгіл уақытта арам ойларын іске асырады. Десе де, Нұр-Сұлтан қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 7 қақпақты ұрлау оқиғасы орын алған. Ал былтыр 11 қақпақ ұрланған көрінеді.

– Ағымдағы жылдың есептік кезеңінде 7 кәріз люктерінің ұрлығы тіркелді ( 2018ж. - 20), 11 люктың қақпағы ұрланды. Нұр-Сұлтан полиция департаментімен түрлі-түсті және қара металл ұрлығының, сондай-ақ кәріз люктерінің ұрлануының алдын алу, жолын кесу бойынша жедел-рейдтік іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылы департамент қызметкерлері және аумақтық бөлімшелер 18 жергілікті-рейдтік және жоспарлы іс-шаралар өткізді. Іс-шара барысында металды қабылдау бойынша 50-ге жуық пункт әкімдікке көрсетілген қызметпен айналысу туралы хабарлама жіберген. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне шойын люктерін полимерлі қақпақтарға ауыстыру ұсынысы жолданды, - деді Нұр-Сұлтан қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Шыны керек, шойын металлдан жасалған қақпақтарды полимерлі, пластмасса қақпақтарға ауыстыратын уақыт жетті. Бұл қақпақ ұрлығын азайтып, бұл мәселені түбегейлі шешудің жалғыз жолы. Дегенмен, ондай қақпақтар ауыр жүк көліктері мен физикалық қысымға қаншалықты шыдамды? Бұл жөнінде арнайы маманың пікірін білдік:

Полимерлі қақпақтардың түр-түрі болады. Оның 1 тоннаға дейін ауыр жүк көтеретін түрлері де кездеседі. Тіпті, + 60 градуста да өзінің қалпын бұзбайтындары бар. Сондықтан олар сапасыз деп айтуға болмайды. Әрине, жеңіл қақпақтарда болады,- деді Ресейден құбыр қақпақтарын алып-сататын кәсіпкер. (Атын атамауды өтінді)

ҚР ІІМ-нің 2019 жылғы 20-ақпандағы №143 бұйрығымен бекітілген «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» да аталған мәселені біржақты етуге септігін тигізуде. Дегенмен, ұрланған су құбырларының темір қақпақтарын металл қабылдайтын орындар алып, өңдеп, ерітіп, металл ретінде басқа да орындарға сатып жіберуде. Сол себепті кәріз люктерін ұрлаудың ашылу деңгейі төмен. Мықты металл-шойыннан жасалған қақпақтарды жымқырып, пайда табудың көзіне айналдырғандар өзгені ойламайтыны түсінікті. Десе де, құдықтарды қақпақсыз қалдырған ұры мен оның сыбайласына айналып, қақпақтарды арзанға қабылдап отырған кәсіпкерлер қоғамға қауіп төндіріп отырғанын сезінсе дейміз!

(Суреттер: автордікі)

Нұрбай Шәкім
Бөлісу: