Геолог мамандығы үлкен сұранысқа ие

7 Сәуір 2017, 09:00 15632

Қадыржан Қаулдашевпен сұхбат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, геологтардың кәсіби мерекесі сәуір айының бірінші жексенбісі болып белгіленген болатын. Осыған орай, «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясының Басқарма төрағасының орынбасарымен тілдесіп, компанияның атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық.

– «Қазгеология» АҚ-тың дүниеге келгеніне 5 жылдан асыпты. Компания алдында қандай міндеттер тұр? Қазіргі уақытта, қай бағыттар бойынша неғұрлым белсенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Қазіргі кезде әлемнiң көп елдерi кен өндiру секторын өз ұлттық экономикаларының бiрқалыпты дамуының қозғаушысы ретiнде қарайды. Қазақстан экономикасы дамуы да осы минералды-шикізат базасына байланысты болып отыр. Бірақ, бүгінгі күні геологиялық барлауға бөлінетін қаржыландыру жеткіліксіз, әрі тұрақсыз. Сарапшылар бағалауы бойынша, Қазақстанда жоғары сұранысқа ие металдар (Cu, Pb, Zn, Au, Ag) қорларымен қамтамасыз ету небәрі 12-15 жыл құрайды.

Осы мәселелерді шешу үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Елбасының берген тапсырмасы бойынша, түбегейлі жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған тіркеу рәсімдерін оңайлату және заңнамалық жағдайды жақсартып, оларды халықаралық стандарттарға сәйкес ережелерге келтіру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

Жалпы, «Қазгеология» ұлттық компаниясы республиканың минералдық-шикізат базасын молайту мақсатында құрылған болатын. Ұлттық компания осы қысқа кезең ішінде геологиялық барлауға қазіргі заманғы инновациялық технологиялар енгізіп, инвестициялар тарту, сондай-ақ геология саласының ғылыми деңгейін дамыту бағыттарында көп жұмыстар атқарды. Алайда, күні бүгін басқару құрамымен де, білікті геология персоналымен де толық қамтылған ұлттық компания геология саласындағы мақсаттар мен міндеттер тиісінше анықталмағандықтан, елдің минералдық-шикізат базасын толықтыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді іс жүзіне асыра алмай отыр. Сондықтан, осы мақсатта құрылған, қарқынды дамып келе жатқан «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау  компаниясы» мемлекет тарабынан тиісті қолдау алып, нақты көмек көрсетілмесе,  еліміздің геология саласын дамытуға қомақты үлес қосуы  ойдағыдай деңгейде болмайды.

– Іс жүзіне асыра алмаудың себебі неде?

– Еліміздің минералдық-шикізат базасын толықтырып, қазіргі кезеңгі және ұзақ мерзімді мемлекеттің экономикалық сұранысын перспективада қанағаттандыру үшін міндетті түрде геология саласын дамыту керек. Сондықтан, уәкілетті мекеме – Геология комитетінің геологиялық зерттеу саласындағы мемлекеттің стратегиялық міндеттерін шешу жөніндегі «құралы» болуы тиіс.

Бүгінгі күнде, «Қазгеология» ұлттық компаниясы, Қазақстанға халықаралық ұлтаралық компаниялардың (ТНК) инвестициялары мен жаңа технологиялары трансферттерін тартып отырған жалғыз оператор.

Геология – бұл ғылымды қажетсінетін салалардың бірі, сондықтан өңірлік әрі іздеу (барлау) жұмыстарын дайындау кезінде өңірлердің даму ерекшеліктерін ескере отырып, олардың негізінде пайдалы қазбалар іздеудің геологиялық-геофизикалық материалдарды қорыту әрі талдаудың ғылыми түрде негізделген бағыттары бойынша тақырыптық ғылыми жұмыстардың үлкен көлемін жүргізу қажет. Осы жұмыстын нәтежиесінде, респубикалық минералдық-шикізат базасын дамыту бағдарламасын жасау керек, оның ішіде таукен-металлургия кешенін, өнеркәсіптің және өңірлер мен моноқалаларды дамыту талаптары ескерілетін кешенді көзқарас қажет.

Біздің ойымызша, көптеген дамыған елдердін тәжирбесін пайдаланып, геологиялық зерттеу саласын дамыту үшін, Қазгеологияға ұлттық оператор функциясын беріп, оған еліміздің минералдық-шикізат базасын зерттеу және алдын-ала толықтыру міндетін қою керек. Сонда біздің елде, геологиялық барлау жұмыстарына үлкен шығынсыз салынған инвестициялардың нәтежиесінде, әлемде орын алып отырған экономикалық дағдарыс аяқталғаннан кезде сұраныс табатын кен орындарын ашылуы әбден мүмкін.

– Осы саладағы белді компаниялармен тәжірибе алмасып, серіктес болып, бірлесе жоба жасап жатырсыздар ма?

Әрине, осы салада көшбасшылар болып табылатын әлемдегі ондаған ірі компанияны тарттық, олармен бірге Қазақстанның аумағында 30 жобаны қолға алып жатырмыз. Серіктестеріміздің ішінен, ең алдымен Қазақстанда 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін «Рио Тинто» компаниясын атап өткім келеді. Олар Қазақстанда 2014 жылдан бері жұмыс істеп, Қарағанды облысында мыс кендерін барлау жөніндегі жобалармен айналысуда.  Оңтүстік Корея корпорациясы KORES бізбен 2015 жылғы мамырдан бастап жұмыс істейді әрі олармен бірлесіп, Қарағанды облысындағы Жезқазған және Сәтбаев моноқалалары маңындағы Дүйсембай учаскесінде полиметалл кендерін барлауды жүргізудеміз.

JOGMEC мұнай, газ және металдар бойынша Жапон ұлттық корпорациясы 2016 жылдан бастап Қыземшек учаскесінде жер қойнауын геологиялық зерттеумен айналысуда. ILUKA компаниясымен бірге Қазақстанның солтүстігінде 3 жобаны іске асырудамыз.

«ULMUS FUND» неміс компанияларының тікелей инвестициялар қоры 2015 жылдан бастап Бесшоқы алаңында түсті және асыл металдар барлау жөніндегі жобалармен айналысуда.

Yildirim Holding түрік компаниясы бастапқы кезеңде Қазақстанның бірнеше перспективалы учаскесінде, оның ішінде Қарағанды облысының Тектұрмас ультрабазит белдеуінде құрамында хром бар кен орындарына жер қойнауын геологиялық зерттеу жүргізуді жоспарлауда.

– Сіздер құрылғалы бері атқарылған ауқымды жұмыстарды атап кетіңізші... Алда не күтіп тұр?

2012 жылдан бастап, барлығы 19 объектіде іздеу және іздеу-бағалау жұмыстарын орындадық. Геологиялық нәтижелерден мынаны атап өткім келеді: барлаудың қазіргі заманғы әдістерін қолданып, тексеру және іздеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде 6 болжамды кен түйіні  анықталды. Биылғы жылы Қарағанды облысындағы Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларының маңында бірінші кезекте мыс пен алтынға оң нәтиже алу жоспарда бар. Жұмыстардың негізгі көлемі осылар.

Сондай-ақ, Орталық Қазақстанда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 2,3 млрд.теңге құрайтын 7 жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, Сары адыр және Алтын шоқы учаскелерінде жақсы нәтижелер күтіп отырмыз. Басқа объектілер бойынша жұмыстар қорытындысы талдамалық жұмыстар нәтижелері алынғанан кейін айқындалатын болады.

Ал, болашақта аз немесе нашар зерттелген аумақтарда іздеу және іздеу-барлау кезеңдеріндегі геологиялық барлау жұмыстарын жүргіземіз. Күні бүгін бұрын оларға онша мән берілмеген пайдалы қазбаларға сұраныс артуда. Бұл – бірінші кезекте, мыс, түсті, асыл және сирек металдардың кен орындары.

– Қандай келешегі зор жобаларыңыз бар?

Жоғарыда айтқанымдай, биылғы жылы мемлекеттік тапсырманың шеңберінде 7 объект бойынша жұмыстарды аяқтаймыз. 2017 жылы «Қазгеология» АҚ-тың жұмыстарының екінші басым бағыты – мемлекеттік тапсырма шеңберінде Ақтөбе облысының Оңтүстік Мұғаджар тауларында мыс-колчедан кендерін іздеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Бұл мәселе облыс әкімдігімен алдын ала пысықталды. 8 учаскеде кешенді геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Оң нәтижелер болған жағдайда, осы өңірдің шикізат базасы бағалау жұмыстарын жүргізу үшін қосымша алаңдар мен ресурстар алады.

Сондай-ақ, орта мерзімді болашағы жақсы деп есептелген жобалардың бірі – ERG жүйесіне кіретін «Қазхром» ҰАК-пен 6 жыл мерзімге жасалған Оңтүстік Кемпірсай учаскесін бағалау бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу болып табылады. Жұмыстар 2016 жылы басталып, жақсы қарқынмен жүргізілуде.

Өткен жылы таукен-металлургия саласындағы әлемдегі аса ірі өндірушілер тобына жататын Vale, Anglo-American, MA’ADEN, NMDC, Korea Zinc, SUMITOMO, Mitsui сияқты және тағы басқа ықтимал әріптес компаниялармен көптеген нәтижелі кездесулер өткіздік, олармен геологиялық барлау жұмыстары саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

– Ал компанияда кадрлар тапшылығы бар ма?

– Қазіргі уақытта, геолог мамандығы үлкен сұранысқа ие. Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарына да сұраныстар артып келеді. Әлі де болса, барланбаған кен орындары көп. Қорлары бекітілген кен орындары қажет. Алайда, осындай жұмыстар жүргізу үшін кадрлар даярлау қажет. Қазіргі уақытта, «Қазгеология» АҚ–та Қазақстан өңірлерінің филиалдарындағы қызметкерлерді қоса алғанда, 200-ге жуық адам еңбек етеді. Біздің қызметкерлер – ғылыми және өндірістік тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар.

Компания кәсіби шеберлігі жоғары кадрлар құрамын қалыптастыруға зор мән береді. Үміткерлерді таңдап алу конкурс негізінде жүргізіледі. Жалпы қол жетімділік және ашықтық қағидаттарын ұстанамыз.  Инвесторлармен келісім жасау үшін уағдаласу барысында қоятын аса маңызды талаптардың бірі – бірлескен жобаларды іске асыру кезінде қазақстандық мамандарды геологиялық барлаудың жаңа технологияларына оқытып, үйрету.

– Қызметкерлерді оқытып, біліктілігін арттыруға қаншалықты  көңіл бөлесіздер?

– Жас мамандарды үйрету үшін тәлімгерлік жүйесі жұмыс істейді. 2016 жылы біліктілікті арттыру жөнінде 13 курс ұйымдастырылды, оларға «Қазгеология» АҚ–тың  150-ден астам қызметкері қатысты, 21 қызметкер «Rio Tinto» компаниясының әртүрлі бағдарламалары бойынша оқудан өтті. «Қазгеология» АҚ-қа 29 жасқа дейінгі 26 маман (геологтар, геофизиктер, бұрғылау шеберлері және т.с.с.) жұмысқа қабылданды. Бұдан басқа, жаз маусымы кезінде далалық геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу әдістерін игеруге 12 студент үшін өндірістік тәжірибе ұйымдастырылды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: