Күзен аулап, 13 млн теңге шығын келтірген браконьер ұсталды

30 Маусым 2022, 15:21 1498

Жыл басынан бері жабайы аңдарды заңсыз аулаудың 11 фактісі анықталды

ШҚО бойынша ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы бөлімі қоршаған ортаны, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, браконьерлік фактілерінің жолын кесу бойынша тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Мысалы, Аягөз ауданы Тарбағатай ауылдық округінің аумағында табиғат қорғау полициясының қызметкерлері ОХОТЗОПРОМ инспекторларымен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар өткізген кезде арқар мен күзендерді заңсыз аулаған Аққожа ауылының 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Қаскүнем Ақшоқы ауылының шетінде тегіс ұңғылы тіркелмеген 28 калибрлі қарумен олжасын атып өлтірген. Қоршаған ортаға келтірілген залал 13 миллион теңгеден асты. 

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігімен (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ ірі залал келтіре отырып пайдалануға тыйым салу енгізілген жануарларға қатысты заңсыз аң аулау – санкциясында 6 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 3-тен 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу көзделген; мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады) қылмыстық іс қозғалды.




Бөлісу: