Күзде иммунитетті қалай нығайтамыз?

10 Қыркүйек 2021, 15:26 5814

Маманнан пайдалы кеңестер

 

Қазіргі кезде аурудың көптеген түрі бар және олардың саны жыл сайын артып келеді. Сол дерттердің басым бөлігі адам ағзасының әлсіздігінен, иммунитетінің төмендігінен жұғатыны көпшілікке мәлім. Қазіргі күз мезгілі – дәл иммундық жүйені нығайтатын маусым. Десе де, көпшілігі осы иммунитетті қалай көтеру керектігін біле бермейтіні рас. Дәрігерлердің айтуынша, адам иммунитетін көтерудің бірден-бір жолы бұл салауатты өмір салтын ұстану. Осы тақырып төңірегінде елордадағы №9 емхананың дәрігері Арайлым Қанабекқызы пайдалы кеңестерімен бөлісті.

 

 

Қоңыр күз – бұл ағзамыз үшін ауыр кезең. Бұл мезгіл ауа температурасының төмендеуін, күн сәулесінің азаюын және ылғалдылықтың артуын білдіреді. Мұндай маусымдық өзгерістер кез келген адамның бойында әлсіздікті сезінуіне, ұйқы басуына, енжарлыққа тіпті суық тиюге де алып келуі әбден мүмкін. Оған қоса, осы уақытта түрлі созылмалы аурулар асқынады. Бұлардың барлығы көбінесе иммунитетіміздің әлсіреуінен болады. Қазіргі пандемия жағдайында түрлі вирустар мен бактерияларға қарсы тұру үшін иммундық жүйе жақсы болуы қажет. Нақтырақ айтқанда, ағзамыз үшін қиын уақытта иммунитетке ерекше назар аударған жөн. Қазіргі күн сәулесі мен ауа райының құбылмалы жағдайларына бейімделу көп ресурсты қажет етеді.

 

Алда саршұнақ аяз бен боранды қыс мезгілі келе жатқанын ескерсек, деннің саулығын, иммунитетімізді қалай сақтауымыз қажет? Дәрігерлердің айтуынша, ол үшін күздің алғашқы айынан бастап суық тиюдің алдын алған жөн.

 

– Тұмау – жиі кездесетін аурулардың бірі. Суық тиюден болатын тұмау ауруының алғашқы бірнеше белгілері бар. Біріншісі – температура. Шамамен бір-екі күндей адамның ыстығы көтеріледі және оған дәрі-дәрмектер көмектеспеуі мүмкін. Екіншіден, адамның бойында әлсіздік пайда болады. Сондай-ақ бастың ауруы әсіресе маңдай аймағының қатты ауырсынуы, жөтел сынды симптомдар болуы мүмкін, - дейді дәрігер.

 

Иә, осындай уақытта иммунитет адам денсаулығын сыртқы жағымсыз әсерлерден сақтап, бактерия, вирустар секілді инфекцияларға қарсы тұрады. Иммундық жүйенің мықтылығынан адам ағазсы түрлі жұқпалы дерттерді жеңіп шығады. Өкінішке қарай иммунитеті төмен адамдар аурушаң болып келеді.

 

Иммунитеттің әлсірегенін жиі суық тигізіп ауыру, тез шаршау, терінің бөртуі, бозарыңқы болуы, тырнақ пен шаштың нашарлауы, созылмалы аурулардың асқынуы сынды симптомдар арқылы байқауға болады.

 

Маман осы ауруға шалдығудың алдын алу үшін қандай нұсқаулықтарды орындау қажет екендігін де айтуды ұмытпады.

 

– Иммунитетті нығайтудың бірнеше тәсілдері бар. Оның бірден-бір жолы – құнарлы ас ішу. Күнделікті тамақ рационында түрлі дәруменге бай ет өнімдері, жеміс-жидектер, көкөністер міндетті түрде болуы қажет. Мысалы, ақуыз бен көмірсуға бай тағамдар адам организміндегі жасушалардың жұмысын жақсартады. Ал балық өнімдері ағзаның қорғаныш қабілетін одан сайын арттырады. Сондай-ақ теңіз орамжапырақтарын да жеген денсаулыққа өте пайдалы, - дейді Арайлым Қанабекқызы.

 

Бір айта кетерлігі, адам ағзасында фолий қышқылы, темір, А, С сынды витаминдері жетіспеушілігінен иммунитет те әлсірейді. Сондықтан мүмкіндігінше жемістер мен көкөністерді жиі тұтынған абзал.

 

Адамдар күніне екі литр су ішу керек. Тіпті мамандар коронавирустан сақтанудың бір жолы ретінде күн сайын көбірек жылы таза су ішуге кеңес береді. Өйткені жылы су ағзаны тазалайды. Сондай-ақ алкогольді ішімдіктерден бас тартқан жөн. Себебі ол ісікке қарсы иммунитеттің белсенділігін төмендетеді.

 

– Спорттың қай түрі болсын, денеңізді шынықтырады әрі денсаулығыңызды нығайтады. Сондықтан мейлінше көбірек қимылдап, денені шынықтырған дұрыс. Мысалы, суда жүзу, салқын суда шомылу және т.б. адам ағзасын жақсартуға септігін тигізеді. Бастысы таза ауада жүгірген пайдалы. Тағы бір айта кететін жайт, күнделікті салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысатындар сирек сырқаттанады, - дейді маман.

 

Сонымен қоса, адам иммунитетін нығайтудың бір жолы – ұйқының қанық болуы. Себебі ұйқы барысында организм қалпына келіп, қажетті гормондарды алады. Зерттеулерге сүйенсек, жиі дертке шалдығатындар аз ұйықтайды екен. Сондықтан мамандар адам ағзасын нығайту үшін құнарлы тағамнан бөлек дұрыс ұйқы мен жан тыныштығы да керек екендігін айтып, дабыл қағады. Бастысы үнемі көтеріңкі көңіл-күйде болуды естен шығармаған жөн.

 

Байқағаныңыздай, адам иммунитеті дұрыс тамақтанбаудан, ұйқының дұрыс болмауынан, темекі шегуден, ішімдік ішуден, нашар экологиядан төмендейді.

 

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: