Күйші Охаб Қабиғожин

7 Тамыз 2014, 09:37

Охаб Қабиғожиннің орындауындағы Құрманғазының «Серпер» күйін тыңдаған Дина Нұрпейісова: «Ой шайтан бала-ай. «Серперді», балам, мен Охабтай тарта алмайтын», - деп ағынан жарылған болатын.

Охаб Қабиғожиннің орындауындағы Құрманғазының «Серпер» күйін тыңдаған Дина Нұрпейісова: «Ой шайтан бала-ай. «Серперді», балам, мен Охабтай тарта алмайтын», - деп ағынан жарылған болатын. Осы сөздерден-ақ Охабтың домбырада қаншалықты шебер ойнағанын байқауға болады.

Охаб Қабиғожин 1901 жылы еліміздің батыс өңіріндегі Жаңақала ауданында дүниеге келеді. Әкесі Қабиғожа жігіт кезінде Құрманғазы мен оның баласы Қазиды көрген адам. Қабиғожа кедей болып, құмаршық терумен күнелтеді. 1916 жылы қазақтан қара жұмысқа кісі алғанда, Қабиғожа патшаның бұл зорлығына арнап ән шығарады. Охаб 17 жасынан бастап жұмыс істеп, өз еңбегімен күнелтеді. Ол тамақ пісіруші де, пеш жағушы да, балықшы да болады. Домбыраны кішкентайынан тарта бастайды. Әкесі Қабиғожа, әсіресе үлкен әкесі Асау: «Осы неме Құрманғазы атасының жолын қуар ма!» деп қояды екен. Охаб скрипкада ойнап, онда қазақ, татар әндерін де орындайды. 1924 жылы Охаб Мәменді, Динаны, домбырашы Төлеген Аршановты көреді. 1927 жылы Охаб балық кәсібін іздеп Астрахань жаққа кетеді. Одан қайтіп елге келіп, 1929 жылға шейін шөп шабу кәсібінде болады. Колхоз ұйымдасқан кезде Охаб бірден ауылшаруашылық артеліне мүше болып кіреді. 1933 жылы Охаб Орталық Қаратопрақты облысқа кетіп қалған үй ішін іздеп барып, таба алмай қайтады. 1933 жылдың ортасынан 1934 жылдың ортасына шейін Орал қаласындағы театр-студияда қызмет істейді. 1934 жылдың жазында Алматыға бірінші бүкілқазақстандық слетке келіп, мұнда халық аспаптары оркестрінде қызметте қалады. Құрмағазының баға жетпес көптеген күйлерін алып келіп берумен қатар, Охаб көп жастарды домбыра тартуға баулиды. Өзі нота сауатын ашып, оркестрдің алдыңғы қатарлы адамы болады. Ұлы Отан соғысы кезінде Охаб өзінің денсаулығының нашарлығына қарамай, ауылдық жерлердегі еңбек ерлері алдында өнер көрсету үшін жаз демей, қыс демей гастрольде жүреді. 1942 жылдың жазында Охабтың ескі дерті асқынып қайтыс болды.

Охабтың репертуарының бәрі дерлік Құрманғазының күйлері болатын. Оның орындаушылық шеберлігі тыңдаушыны ұйытатын. Кейбір күйлерді Охаб орындағанда Дина оның алдында бас иетін. Охабтың тартысы поэзияға толы. Оның домбыраны ұстауы, отырысы, қағысы, басқан қолдарының аппликатурасы (саусақ тәртібін орындаудағы безендіру) ақыл жетпейтін дәрежеге көтерілген болатын. Сонымен қатар, Охаб әңгіменің «майын тамызып» айтатын. Ол өзі де күй шығарған. Оның «Адасқан» деген күйі ірі шығарма болып табылады. 

Бөлісу: