22 Қараша 2016, 11:30
29 қарашада Алматыда "Ғылым ордасының" ұйымдастыруымен, Президент стипендиясының иегері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Саят Ақбасовтың «Күй – көненің күмбірі» атты шығармашылық кеші өтеді. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жүзеге асатын шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерекесіне орайластырылып отыр.
Күйші-зерттеуші Саят Ақбасов – Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қарашоқы ауылында дүниеге келген. Орындаушылық өнерге мектеп қабырғасында ұстазы Кенжебай Иматаев тәрбиелесе, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде талантты музыкант, дарынды дирижер, Мәдениет қайраткерi Шынарбек Асқарұлынан төрт жыл дәріс алған. Аталған оқу орнының қабырғасында білім ала жүріп, студент кезінде-ақ бірталай жетістікке қол жеткізгенін айта кетейік. Республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып, екі рет Президент стипендиясын иеленген. Бұл марапатты сол уақыттағы Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев өз қолымен табыстап, Мәдениет министрі Қырымбек Көшербаевтың арнайы құттықтау хат жолдағаны көп жайды аңғартса керек. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде жас домбырашы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға шертпе күйдің шебері Біләл Ысқақовтың сыныбына емтихансыз қабылданады. Әр жылдары Өзбекстан, Түркия, Франция мемлекеттерінде ұлттық мұрамызды насихаттауға үлес қосып, 2003 жылы Санкт-Петербургте Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толуына орай бой көтерген ескерткіштің ашылу рәсімінде табысты өнер көрсетіп қайтты.
Еңбек жолын П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің халық аспаптары бөлімінде және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында жалғастырды. 2010-2014 жылдары П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде директордың тәрбие және шығармашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарса, қазіргі таңда осы оқу мекемесінде халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі. Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағыҚазақ Ұлттық өнер академиясы Театр өнері факультеті «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасының аға оқытушысы. Репертуары Батыс, Арқа, Жетісу, Қаратау, Маңғыстау, Сыр бойы, Алтай-Тарбағатай аймағының күйшілік дәстүріндегі сирек орындалып жүрген туындыларды жарыққа шығарумен ерекшеленеді. Сондай-ақ Жетісу күйшілік мектебінің белді өкілі Қожеке Назарұлы мен Темірбектің төкпелерін кең насихаттап жүрген домбырашы.
Жары Валентина Елеусінова да өнерден құр алақан емес. 1997-2001 жылы Оңтүстік Қазақстан музыкалық колледжінде білім алған. 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық конвсерваториясын КСРО халық артисі Роза Жаманованың тобынан бітірді. Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Көп балалы ана П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінінде академиялық вокал өнерінен дәріс береді. Шәкірттерінің алды беделді байқауларда топ жарып үлгерді. Өнерде де, өмірде де қол ұстасып бірге келе жатқан жарасымды жанұя үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Бағдарлама барысында халық күйлері мен халық композиторларының шығармалары, қазіргі заман шығармалары орындалады. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Валентина Елеусінова, Мәдениет қайраткері Зәмзагүл Ізмұратова жетекшілік ететін "Шалқыма" фольклорлық ансамблі және халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген жас таланттар Бекболат Әбдіберікұлы, Айбек Әрімбек, Әлихан Пайыз, Есімхан Төлембай өнер көрсетеді.