КӘСІП

19 Тамыз 2014, 09:04

КӘСІП – дәстүрлі қазақы ортада қол еңбегімен айналысып, қосалқы табыс табу мақсатында белгілі бір материалдық құндылықтар өндірудің түрі.

КӘСІП – дәстүрлі қазақы ортада қол еңбегімен айналысып, қосалқы табыс табу мақсатында белгілі бір материалдық құндылықтар өндірудің түрі.

Дәстүрлі ортаның тұтынушылық қажеттіліктерін өтеу үшін материалдық құндылықтардың негізгі көпшілігін әркім өз қажеттілігіне сай өндіріп шығаратын болған. Киім – кешек, ер – тұрман, тері, киіз бұйымдар мен шаруашылық құралдар әр отбасында жасалып, тұтынылатын. Мұндай жағдайда жеке адамның ептілігіне, шеберлігіне қарай жасалған заттардың сапасы әр түрлі болатындығы белгілі. Осыған байланысты қолы епті, шебер адамдар негізгі шаруашылығымен қоса, жеке тапсырыс бойынша, ақылы түрде, сапалы материалдық құндылықтарды өндіруді К. қылған. Мысалы ер – тұрман, зергерлік бұйымдар, біркиер салтанатты киім тігу, ыдыс

– аяқ жасау ертеден қалыптасқан К. түрлеріне жатады. Ондай адамдарды ел арасында айналысатын К.-не қарай етікші, ерші, үйші, зергер, күмісші т.б. атаулармен атаған. Әдетте қол еңбегімен оның ішінде ерекше дарын мен шеберлікті талап ететін еңбекті К. қылғандар ел құрметіне, қошеметке бөленетін сыйлы адамдар болған. Ондай адамдарға алыстан арнайы іздеп келіп тапсырыс беретін жайлар жиі кездесетін. Әйгілі ершілер, зергерлер, үйшілер ел арасында танымал болып, әсіресе қыз жасауын топтастырып жинағанда, арнайы шақырылып, сәнді салтанатты бұйымдарды қымбат бағаға, ауылда айлап жатып істейтін. Қоғамда К.-пен айналысқан адамдардың қаншалықты сый-сияпатқа бөленетіндігін төмендегі мақалдар мен мәтелдер айғақтайды:

–  шеберлікте шек жоқ;

–  шебер қол шет қалмайды;

–  ерінбеген етікші;

–  қара суда қаймақ жоқ, қас шеберде оймақ жоқ,

–  ұстамен жақын болсаң ісің бітеді;

–  ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар.

Қазақтың көшпелі тіршілік қамы жүйесінің негізі мал шаруашылығы болғаны белгілі, сондықтан көшпелі ортада аңшылық, егіншілік, балықшылық та К. түрлеріне жатқызылатын, себебі мұндай іспен негізгі шарушылықтан тысқары уақытта айналысып, ол қосалқы табыс көзі ретінде қаралатын. Көптеген жағдайда аталған К. пен түрлі себептермен малы азайып немесе жұтқа ұшырап, күн көрісі қиындаған адамдар айналысатын. Мысалы:

«Ер қолынан мал тайса Өзен суды жағалар...» немесе «Өзен жағалағанның өзегі талмас»,

деген мақалдар балықшылық К.-пен күнкөрістің қамымен, мәжбүрлі түрде айналысқандықтың паремологиялық дәлелі десе де болады. Аңшылықпен К. ретінде кедей ортақол шарушылығы бар адамдар айналысқан, бай – шонжарлардың сауық сайран ретінде аңға шығуы К. түріне жатқызылмайтындығын атап көрсету қажет. Бір айта кететін жай, қазақ даласында отырықшылыққа көшу үрдісі кең етек жайған жағдайда егіншілікпен айналысу, қосалқы табыс көзі статусынан айрылып К. ұғымына жатпайтын негізгі шаруашылық түріне айналды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ақшалай- заттай сауда түрлерінің қалыптасуына, қоғамдық қатынастардың күрделенуіне байланысты, бірегей шеберлікті, мамандандырылуды талап ететін К. түрімен айналысу қосалқы табыс түрінен бірте-бірте негізгі табыс көзіне айналды. К. осы уақыттан бастап, қолмен істелетін материалдық құндылықтарды шығарудың атауына айналды. Осы кездерден бастап К. ұғымының ауқымы кеңейіп, оған тек материалдық құндылықтарды өндіру ғана емес, әлеуметтік қызмет көрсету саласының жұмыстары мен маусымдық, науқандық жұмыстар да кіретін болды. Заманауи талаптарға сай туындаған халыққа қызмет көрсету саласында – бақалшылық, кірешілік, делдалдық, қайықшылық, арбакештік, оташылық, емшілік сияқты материалдық құндылықтарды өндірмейтін К. түрлері пайда болды. Егін орағымен, мал төлдетумен, қырықтықшылықпен, шөп шабумен байланысты қосымша жұмыс күшін қажет ететін науқандық жұмыстарға жалданып істеуді К. қылған малы немесе егістігі аз кедей әлеуметтік топ болғаны белгілі. Оларды істеген К.-не қарай қырықтықшы, орақшы, шалғышы, сақпаншы деп атайтын. ХІХ ғасырда бұл топқа жаз кезінде, маусымдық К. ретінде, тұз өндірісіне жалданып істеген адамдар да жататын.

Кәсіпшілікпен айналысқан адамдар жалпы ортадан өздерінің біліктілігімен, шеберлігімен, қажымас қайраттылығымен ерекшеленетіндігін атап өту қажет. Егін шықпай қалу немесе жұт болған жағдайда дағдарысқа ұшырымай, қиындыққа мойынсынбай әрекет етіп, балық аулай ма, тұз тарта ма немесе қолының шеберлігімен қосалқы жұмыс жасап, табыс таба ма әйтеуір беймазалығымен К, қылып, күн көрісін жөндеп алатын адамдар болғаны белгілі. Халық арасында К.-ті, кәсіпкерлікті мадақтайтын, құрметтейтін нақыл сөздер, мақалдар мен мәтелдердің таралуы осыны көрсетеді:

- кәсіп түбі несіп;

кәсібі бардың несібі бар;

кәсібі бөлектің несібі бөлек;

-   диқан жерін мақтайды, балықшы көлін мақтайды, кәсіпкер кенін мақтайды;

шебер қол шет қалмайды;

қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын;

жаман іс жоқ, жаман ісші бар;

етікшіні балға мен бізі асырайды, егіншіні кетпеннің жүзі асырайды;

көп көрген нұсқа, көп істеген ұста және т.б.;

Әдеб.: Диваев А. Этнографические материалы // ТВ. 1901. №33; Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987; ҚСЭ. 1-том. Алматы: Қазақ совет энциклопедиясы, 1975; Адамбаев Б. Халық даналығы. Алматы: Мектеп, 1976; Муканов М.С. Казахские домашние ху- дожественные ремесла. Алма-Ата: Казахстан, 1979; Нақысбеков О. Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы. Алматы: Ғылым, 1982; Құнанбаев А. Екі томдық шығармашылық жинағы. Алматы, 1986; Аймауытов Ж. Неге арналсаң соны істе // Социалистік Қазақстан. 1989. 7-қаңтар; Нәлібаев А. Ағаш ою. Алматы: Өнер, 1994; Қалиев С., Оразаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Алматы: Рауан, 1994; Жәнібеков Ө. Жолайрықта. Алматы: Рауан, 1995; Философиялық сөздік. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1996; Сейдімбеков А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. Алматы: Санат, 1997; Асылов Ұ., Нұсқабайұлы Ж. Әдеп: инабаттылық дәрістері. Алматы: Рауан, 1998; Джаксыбаева С. Муса Чорманов – наш знатный земляк // Звезда Прииртышья. 1999. 20 марта,

№22; Құсайынұлы Қ. Қазақ шаруашылығы отаршылдық дәуірінде. Ал- маты: Дәнекер, 2001; Шәлекенов У.Х. Түріктердің отырықшы өркениеті. Алматы: Қазақ университеті, 2003; Жарықбаев Қ. Жантануға кіріспе. Алматы: Дарын, 2005; Шойбеков Р.Н. Қолөнер бұйымдарының жасалу материалына байланысты қалыптасқан атаулар // Қазақстанның ғылыми әлемі. Шымкент, 2006. №4. 56-60 бб.; Қазақ өнерінің тарихы. 1-2 том. Алматы: Өнер, 2007; Сейталиев Қ. Жалпы психология. Алматы: Білім, 2007; Чорманов М. Заметки о киргизах Павлодарского уезда // Записки Западно-Сибирского отдела ИРГО. Кн.XXXII. С.22.; Чорманов М. О звероловстве казахов // Записки Западно-Сибирского отдела ИРГО. Кн.XXXII; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен  атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: