Көшпелі өмір салтын ұстанған халық

29 Наурыз 2021, 16:24 7823

Қазақстандағы буряттар туралы не білеміз?

 

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. El.kz порталы бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың ішінде бурят халқы туралы аз-кем мәлімет сөз қозғамақ. Буряттар Қазақстанға қалай келді? Діні мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қандай?

 

Буряттардың өзіндік атауы – бараят. Олар қазақтар сияқты киіз үйде тұрып көшпелі өмір салтын ұстанған. Бурят этнонимінің шығу тегінің екі негізгі нұсқасы бар. Алғашқы нұсқа бойынша тотемдік жануар ретінде қасқырға сыйынудан бастау алып, барлық моңғолдардың ата-бабасы Бөрте-Шина есімімен байланыстырылған. Ал кейбір мәліметтер бойынша Байкалдың солтүстік бөлігінде мекендеген моңғол тайпаларының тұрғындарын «бура» – «ну тоғай», «орманды алқап» сөзінен шыққан «орман» тұрғындары деп атаған. Ресейдің жазба деректерінде буряттарды «бауырлас адамдар» деп көрсетеді. «Бурят» этнонимі алғаш рет 1609 жылы Сібір жарлығының құжаттарында да кездеседі. Буряттардың ең көп таралаған аймақтарына Ресей, Қытай және Моңғолия елдері жатады. Финдік лингвист Ю. Янхунен бурят тілін шығыс, батыс, жаңа және ескі бурят деген бірнеше диалектілерге бөліп қарастырған. ХVII ғасырдан бастап ХХ ғасырдың басына дейін буряттар Забайкалье облысының, Цин империясының, Иркутск губерниясының буряттары деген этнотерриториалды топтарға бөлінген.

 

   Буряттардың Қазақстанға келуі

 

Буряттар Қазақстан аумағына ел тарихының әртүрлі кезеңдерінде қоныс аударған. Олардың Қазақстанға келуінде республикамызды мекендейтін басқа да көптеген халықтардан бөлек өзіндік ерекшелігі бар. Буряттар негізінен өз еріктерімен және жеке сипаттағы түрлі жағдайларға байланысты қоныс аударған халықтар болып саналады. Олардың біршама бөлігі еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттер мен кәсіпкерлер құрайды.

 

Кеңестік кезеңде жоғары оқу орындарының жас түлектері кең байтақ елдің әр түкпір-түкпіріне жолдамамен баратын болған. Әртүрлі кеңестік университет түлектерінің ішінде бурят халқы өкілдерінің біршамасы Қазақстанға келді. Олар негізінен, инженерлер, құрылысшылар, тау-кен инженерлері еді. Осылайша олар ХХ ғасырдың ортасында елімізге қоныс аударса, көп бөлігі кейіннен тарихи отанына қайтып кетті. Кейбіреулері жеке өмірлерінің өзгеруіне байланысты неке немесе тағы басқа себептермен Қазақстанда қалып қойды. Республикамызда олардың біршамасы басқа этнос өкілдерімен татарлармен, кәрістермен және орыстармен аралас некелерге тұрды. Сондықтан да бурят халқынан саны көп диаспора қалыптаспады. Бұл елімізге келген бурят халқы өкілдерінің көпшілігі аралас некеге тұрғандықтан, олардың санының өспеуінің бірден-бір себебі болды. Нәтижесінде балалары әдетте әкесінің ұлты бойынша жазылады. Яғни, дәстүрлі мәдениеттің ортақтығымен, менталитеттің жақындығына байланысты ұлттық өзгешеліктердің ассимиляциясы айқын көрініп тұрды.

 

Қазақстандағы бурят халқы санының динамикасы әрдайым аз болған. Себебі оларға күштеп жер аудару немесе басқа да кез-келген саяси іс-әрекеттер жүргізілген жоқ. Көбінесе олар ерікті түрде өздері қоныс аударды. Қазақстандағы буряттардың санының ең көп болғаны ХХ ғасырдың екінші жартысына жатады. Бүкілодақтық халық санағы бойынша Қаз ССР-де 1959 жылдан бастап 382 бурттың ұлт өкілдері тұрған. Бірте-бірте олардың саны өсе бастады және 1979 жылы 914 адамды құрады. Ал 1989 жылы 1129 адамға жетті. Осыдан кейін 1999 жылғы ҚазКСР-дағы халық санағының деректеріне сәйкес ХХ ғасырдың аяғында бурят диспорасының саны сандық көрсеткіштер бойынша 500 адамға дейін төмендей бастады. Қазақстан Республикасының Статистика комитетінің деректеріне сәйкес бүгінгі таңда еліміздегі бурят диаспорасының саны 346-ға жуық адамды құрайды. Бұл Қазақстандағы бурят халқы санының азаюы айқын көрінісі болып табылады. Мұндай жағдайға әкелген негізгі факторлар – ХХ ғасырдың 90-жылдарында орын алған көші-қон мәселесі. КСРО-ның ыдырауы және одан кейінгі экономикалық дағдарыс бүкіл бұрынғы Кеңес Одағының халықтары арасындағы көші-қон ағынын күшейтті. Қазақстан Республикасындағы бурят диаспорасының санының аз болуының тағы бір себебі – ұлтаралық неке. Буряттарды қоныстандырудың негізгі басым аймағы Қазақстанның ірі қалаларында, еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы болып табылады. Кейбір отбасылар Алматы облысында да тұрады.

 

Діні

 

Бурят халқының тарихи тұрғыдан рухани саласы бірнеше діни жүйелердің бірігуі нәтижесінде дамыды. Олардың арасында шаманизм (тәңіршілдік), ламаистік буддизм және православие кең таралған. Олардың әрқайсысы бурят халқының әлеуметтік-мәдени өмірінің ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі тарихи кезеңдерде пайда болды. Қазіргі кезеңде дейін сақталған ең ежелгі рухани тәжірибелік дін – шаманизм. 

Ол моңғол тілінде «хара шашин», «қара сенім» деген мағынаны білдіреді. Дәстүрлі дүниетанымның негізгі идеясы – табиғаттың руханилығы. Мәңгілік көк аспанды бейнелейтін жоғарғы құдай – Хухэ Мунхэ Тәңірі болып есептеледі. Белгілі ресейлік шығыстанушы тәңіршілдік пантеоны әр түрлі, «Бурят пантеоны ол ерекше бай, сонымен бірге үйлесімді, иерархиялық құрылған жүйені білдіреді» деп атап өткен. Жоғарғы жақтағы тұрған аспан құдайлары – тәңірлер, – найзағай, жаңбыр және тағы да басқа аспан құбылыстарын басқарушылар, төменде – «патшалар» (хандар), көбінесе батырлардың, әйгілі шамандардың рухтары. Одан да төменде – баяндар мен эжиндер: адам өміріндегі жекелеген салаларды немесе жекелеген оқиғаларды басқаратын рухтар (аурулар, сол немесе басқа істерді); бұлар сонымен қатар өлген бақсылардың рухтары. Ең соңында төменгі жағында кішігірім рухтар, зұлым, бірақ әлсіз – анахаи адалар. Рухтар әлемінде осы иерархиялық бөлшектенуден басқа «батыс» және «шығыс» жартысына бөліну бар. Алғашқысына жарқын нұрлы мейірімді құдайлар мен рухтар, екіншісіне – қараңғы, зұлымдар кіреді». Мұнда қасиетті жерлердің рухтары бар. Сондай-ақ, рухтар қайтыс болған адамдардың туыстары мен жеке жануарлар болып саналады. XVI ғасырдың аяқ шенінде буддизм мектебі Гелугпа немесе «шара шашин» (сары сенім) кең таралды. Буддизм моңғолдар мекендейтін басқа аумақтармен салыстырғанда бурят-моңғол аумағында шаманистік көзқарастардың таралуына ерекше үлес қосты. Ресей отарлауы басталған кезеңде (XVII ғасырдың ортасы) Забайкальеде тұратын буряттар арасында православиелік христиандық дін тарала басталды. Алғашқы православие шіркеулері мен кішкене шіркеулер пайда болды.

 

Тілі мен жазуы

 

Бурят тілі Алтай тілдер тобының моңғол тармағына жатады. Бурят тілінің диалектілері батыс және шығыс болып екі топқа бөлінеді. Жалпы оларда 15 диалект бар. Диалектілердің болуы бурят халқының бірнеше тайпаға бөлінуімен байланысты.

 

Бурятияда ХХ ғасырдың басына дейін дәстүрлі жазу жүйесі ретінде ұйғыр алфавитінің негізінде жасалған ескі моңғол жазуы қолданылды. 1905 жылы Лама Агдан Доржиев әзірлеген «вагиндра» деп аталатын жаңартылған нұсқасы жасалды. Бурят әдебиетінің жазба ескерткіштері «бурят жылнамасы» деп аталады. Ол бурят тарихы мен мәдениетінің негізгі кезеңдерін сипаттайтын тарихи және мәдени сипатқа ие. Жазбаша әдебиеттің тағы бір категориясы буддалық мәтіндердің аудармалары, тантикалық тәжірибелер мен тибет медицинасы. Жазумен қатар, эпикалық аңыздардан тұратын ауызша әдеби дәстүр де бар. Әдетте, оларды екі ішекті керілген қылмен ойналатын аспаптың сүйемелдеуімен рапсод әншілері орындайды. Және де буряттардың екі жүзден астам эпикалық аңыздары сақталған. Ең негізгісі – «Абай Гэсэр» – «Илиада» прототипі. Бірақ бурят эпосы ежелгі грек эпосына қарағанда ақпараттылық дәрежесі жағынан әлдеқайда маңызды. Буряттардың арасында кейбір халық ертегілерін айтушылар бұл эпосты жатқа айтады деген мәліметтер бар.

 

Ұлттық аспаптары

 

Бурят халқының мәдениеті – түркі-моңғол өркениетінің ежелгі дәстүрлеріне негізделген материалдық және рухани құндылықтар кешені болып табылады. Қазіргі бурят мәдениетінің маңызды және құрамдас бөлігі орыс мәдениеті мен кейінгі кеңестік жаңғырудың әсері болып табылады. Буряттардың негізгі аспабы – буряттық домбыра немесе хур. Ол бір қарағанда скрипкаға да ұқсайды. Сонымен қатар аталмыш аспаптың мойны ұзынша келген. Басында жылқының бейнесі бейнеленген. Домбырадағыдай хурдың екі ішегі болады. Бір ерекшелігі оның қосымша ысқысы бар. Және тиегі үлкенірек және биік болып келеді. Сонымен қатар буряттарда флейтаға ұқсас лимбэ, бэшхур, аманхур және моринхур чанзамен қатар көптеген соқпалы музыкалық аспаптар бар

 

Бурят мәдениетінің тарихи негізі кешенді түркі-моңғол ұлттық тобының мәдениетімен байланысты материалдық және рухани құндылықтар болып табылады. Олар дәстүрлі мал шаруашылығы мен егіншілікпен айналысқан. Жетекші рөлді көшпелі (Забайкалье) және жартылай көшпелі (Байкалье) мал шаруашылығы атқарды. Әсіресе қой мен жылқы малы ерекше маңызды болып саналады. Шаруашылық жүргізудің дәстүрлі тәсілінің өзіне тән ерекшелігі тамаққа арналған ет, киізге арналған жүн, киім жасауға арналған тері, аяқ киім тігуге арналған былғары, үй ыдыстарын дайындауға арналған сүйек пен мүйіз. Және де кеуіп қалған тезек отынның негізгі түрі ретінде пайдаланылып жануарлардың толық кәдеге жаратылуы. Сонымен қатар буряттарда киіз басу, тоқыма тоқу, ұсталық және зергерлік өнер жақсы дамыған. Аңшылық пен егіншілік екінші орында тұрды. Олардың даму деңгейі мал шаруашылығына байланысты болды. Орманды және далалы аймақтарында бурят этникалық топтары аңның ізін кесу, аюдың апанын іздеу сияқты әртүрлі әдіс-тәсілдермен белсенді түрде аңшылықпен айналысу кеңінен таралған. Олар Байкал көлі маңайынан жабайы қабан, ақ тиін, бұлғын, күзен, кәмшат, сілеусін, итбалық аулайды. Бурятияның Ресейге қосылуы олардың болашақ дамуына жаңа серпін берді.

 

Бурят қоғамының руларға бөлінуі

 

Дәстүрлі бурят қоғамының құрылымы руларға бөлінуге негізделген. Рулар рулық топтарға, содан кейін тайпаларға біріктірілді. Әрбір ру өз тегін бір ата-бабадан, ру басынан жүргізді. Бір рудың өкілдері қандас туыстар деп саналды. Рудан басқа дәстүрлі бурят қоғамының негізгі әлеуметтік бірлігі үлкен патриархалды отбасы болды. Оның құрамына отағасы, әйелі, балалары мен ата-аналары кірді. Бурят халықының әдет-ғұрпы бойынша көп әйел алуға мүмкіндік берілді. Бірақ тек ауқатты адамдар ғана көп әйел алды. Себебі әйел алу үшін төлем төлеу керек болды (қалың мал). Балаларды сәби кезінен тіпті олар әлі бесікте жатқан кезден-ақ, алдын-ала сөз байласу дәстүрі болған.

 

Қазіргі және соңғы уақыттағы бурят мәдениетінің жетістіктері көрнекті ғылым мен өнер қайраткерлерінің есімдерімен байланысты. Халықаралық деңгейде танылған алғашқы бурят зиялысы Дожри Банзаров. Ғалымның бурят халқының этнографиясы, тарихы мен мәдениетіне ғылыми қызығушылғы артты. Оның 1891 жылы Санкт-Петербургте Г.Н. Потаниннің редакциясымен басылып шыққан «Моңғолдар арасындағы қара сенім немесе шаманизм» атты алғашқы еңбектерінің бірі замандастарының жоғары бағасына ие болды.

 

Мәдениет қайраткерлері

 

ХХ ғасырда мәдениет қайраткерлері Александр Вамптлов, Лхасаран Лиховоин, Ким Базарсадаев және тағы басқалар халықаралық деңгейде мойындалып, танымал болды. Бірқатар көрнекті, талантты бурят суретшілері мен мүсіншілерінің өзіндік ерекшеліктері халықаралық деңгейде танылды. Олардың жұмыстары әлемнің ірі мұражайлары мен галереяларынан орын алды. Олардың арасында Даши Надмаков, Сэрэнжаб Балдано, Зорикто Дорджиевтерді атауға болады. Бурят мәдениетінің қазіргі және заманауи жетістіктері ұлттық мәдениеттің көрнекті өкілдерінің есімдерімен байланысты. ХХІ ғасырда қазақ және бурят халықтарының мәдени байланыстары дамудың жаңа серпініне ие болды. Осыған байланысты көркем мәдениет саласын бөліп көрсетуге болады. Ол түсіністік, жемісті ынтымақтастық пен өзара қызығушылық ең жемісті дамуға ие болды. Бурятиядан келген екі көрнекті суретші Даша Надмаков пен Зорикто Дорджиевтің туындылары Қазақстанда жақсы танымал. Екі суретші де халықаралық деңгейде кеңінен танылған. 2008 жылы әлемге әйгілі бурят суретшісі Даши Надмаков Қазақстан астанасында «Жер-Ана» мүсіндік ескерткішін тұрғызды. Керемет ескерткіштің биіктігі 10 м, ұзындығы 12 м және ені 9 м. Жалпы салмағы 15 тонна қоладан құйылған. Бүгінгі таңда ол Орталық Азияда орнатылған ең ірі мүсіндік шығарма болып есептеледі. Мүсінінің композициясы мен көркемдік шешімі автордың Еуразияның өткен көшпенді далалық мәдениетінің сабақтастығын заманауи халықтардың сақтауға және жаңғыртуға деген ұмтылысын көрсетеді. Ертедегі көшпелі халықтардың көпшілігі, соның ішінде қазақтар мен буряттар бұрынғы өмір салты мен шаруашылық жүргізу тәсілін іс жүзінде жоғалтты. Бірақ олар ұлы көшпелі өркениетпен рухани байланысты сақтап қалды. Бұл байланыс ең көрнекті суретшілердің заманауи өнерінде айқын көрінеді. Даша Надмаковтың жұмысы бұған тікелей дәлел. Сақ дәуіріндегі аң стилінің элементтері мен мотивтерін «Жер-ана» монументіндегі бейнелерден айқын көруге болады. Монументтегі жануарлар бейнесінің символдық мәні көшпенді халықтардың өткен заманында тікелей рухани дәстүрдің болғандығын көрсетеді. Біздің елімізде Зорикто Дорджиев жақсы танымал суретші. Қазақстан суретшілері мен өнер сүйер қауым оның шығармашылығына тәнті.

 

Зорикто Дорджиевтің жеке көрмесі Алматы қаласының мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Көрме Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына орайластырылып, Ә.Қастеев атындағы ұлттық өнер мұражайында өтті. Көрмеге бейнелеу өнерінің әртүрлі стильдерінде орындалған 50-ден астам өнер туындылары қойылды. Зорикто Дорджиевтың көрмеге ұсынған жұмыстары өзіндік ерекшелігімен көзге түсті. Оның салған суреттерінде күш-қуатты ерлер мен әйелдер, қарттар мен балалар образдары бейнеленген. Суреттерде қорқыныш пен үміт, өткен күндер туралы естеліктер және болашақ туралы армандары бейнеленді. Мұның бәрі суретшінің ішкі әлемі дүниесінің көрінісінен туындағын. Бірақ, ең бастысы, суретте басқаларға негіз бола алатын ұлы даланың бейнесі мен оны мекендеген халықтар тарихының өткені мен бүгіні бейнеленген. Сондықтан да көрме «Дала тарихы» деп аталды. Зорикто Дорджиевтің айтуынша, «Дала тарихы» көрмесі оның көптеген жылдар бойы бүкіл әлемге саяхат жасап, барған елдерінде жеке туындыларынан қалдырған суреттері. Суретші жекелеген туындыларын жанкүйерлеріне сыйға тартты немесе олар сатып алды. Бірақ туындылары қайтадан жаңартылып, жаңа жұмыстармен толықтырылды.

 

Дәстүрлі тағамдары

 

Буряттардың дәстүрлі тағамдары – ет және сүт өнімдері болды. Тұздалған, кептірілген және қақталған жылқы етін қыс мезгілінде пайдаланды. Етке қосымша ретінде жабайы жануарлардың: ешкі, бұлан, аю, суда жүзетін жабайы құс, қоян және тиін еті де пайдаланылады.

 

Буряттарда басқа да көшпелі халықтар сияқты, ет тарту рәсімі бар. Пісірілген ет тағамдары қонақтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты тәртіппен тартылады. Мәселен, малдың басы ең құрметті адамдарға, ал қалған бөлігі шақырылған қонақтардың жасына және әлеуметтік саралануына байланысты тиісінше тартылады.

Қыста жазбен салыстырғанда ет өнімдерінің мөлшері едәуір артып, сүт тағамдарының көптігі байқалады. Буряттар сүт өнімдерін сұйық және кептірілген қатты түрінде де тұтынған. Сүттен (қатық), (құрғақ сүзбе), айриг (май су, іркіт), бислаг және хэгэ (ірімшік түрлері) дайындалды. Қаймағы алынбаған сүттен немесе қаймақтан сары май жасады. Бие сүтінен қымыз, сиыр сүтінен – архи (тарасун) дайындалған. Тағы да бір ұлттық тағамдарының бірі – бууза. Ол тартылған еттен жасалып, талғамына қарай тұз бен бұрыш қосқан. Мантыға ұқсайтын бузза буряттардың ең сүйікті ұлттық тағамдарының бірі. Буряттарда қазақтармен ұқсас құрт бар. Олар оны хуруд деп атайды. Ет тағамдарындағы ерекшелігі етті асқанда тұзсыз пісіреді. Ал шайды тұзбен ішетін болған.

 

Ұлттық киімдері

 

Арнайы кесілген шапан (халат) негізгі дәстүрлі киімдері болып саналады. Артқы жағы тұтас, иық тігісі жоқ, тік және ұзын, жерге дейін жететін кең етекті болып келеді. Бурят дәстүрлі шапанының ерекшелігі – солдан оңға қарай терең қайырма ілмегі болады. Көшпенділердің өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты аталған киімнің ең алдымен ұзақ уақыт ат үстінде жүруге ыңғайлы функционалдық ерекшеліктері болады. 

Терең қайырма ілмек солдан оңға қарай кеуде қуысын жылытып, атпен серуендегенде аяқты серпіп тебінуді жеңілдетеді. Күнделікті тұрмыста киілетін киімдер мақта-маталардан, жібектен, барқыт және парчадан жасалған. Алтын түсті немесе күміс түсті парчадан жасалған киімдер жоғары бағаланған. Алайда, матаның бұл түрі қымбат болғандықтан қымбат маталарды бастырма ретінде, киімнің жекелеген бөліктерін әрлеуге қолданатын болған. Көк және көгілдір түсті киімдер, қызыл және қара түсті киімдерді ең көп пайдаланған. Қыста киетін сырт киімдері қой терісінен ішіне жүн салып жасалған. Оның жағасы мен етек-жеңі жүнмен көмкерілген. Киімді тігу үшін 5-6 жануардың терісін пайдаланған.

 

Дәстүрлі үйлері

 

Тұрғын үйдің дәстүрлі түрі киіз үй болып саналады. Ол жеңіл, құрастырмалы, жиналмалы, төбесі жартышар тәрізді және киіз жабындысы бар дөңгелек болып келеді. Киіз үй жануарларға артып алып тасымалдау үшін қолайлы, жеңіл, жиналмалы құрылым болып саналған.

 

Киіз үй – көшпелі мал шаруашылығына өте қолайлы, функционалдық, эстетикалық тұрғыдан мінсіз бейімделген, тұрғын үйдің мінсіз түрі деп атауға болады. Киіз үйдің өлшемдері адам денесінің параметрлеріне сәйкес келеді. Үйдің ішінде дем алуға, ас ішуге тағы басқа да тұрмысқа байланысты қажеттіліктер ескерілген.

 

XIX ғасырда орыс иммигранттарының әсерінен бурят халқының едәуір бөлігі отырықшы өмір салтына көшіп, өзен аңғарлары мен таулы жерлерге шашыраңқы ұлыстарға қоныстана бастады.

 

Байкал аймағында жиі кездесетін ағаш киіз үйлер төбесі көлбеу шатырлы болып келеді. Көбінесе қабырғалары сегіз дөңгелек балқарағайдан немесе 12-14 қатар төселген жарты бөренелерден салынған. Киіз үйдің диаметрі 10 метрге жетеді. Төбені ұстап тұру үшін ортасында бөренеден тірек орнатылған. Киіз үйдің төбесі суланған қабықпен, шыммен және тақтаймен жабылған. Сонымен бірге киіз үй әйелдер мен ерлерге арналған болып екіге бөлінеді. Дәстүр бойынша, үйленген әйелдерге батыс жағынан кіруге тыйым салынады. Киіз үйдің ортасында ошақ және үлкен шойын қазан орналасады. Түтін төбедегі тесік арқылы мұржамен көтерілді. Ошақ қасиетті болып саналады. Көптеген ережелер мен рәсімдер осы ошақпен байланысты. Солтүстік-батыс жағында ағаш төсек орнатылады. Ал солтүстік-шығыс жағында қабырғаға ыдыс-аяқ сөресі ілінетін болған. Сырт жағына кейде бөрене (сэр-коновязь) бекітіліп орнатылады. Жоғарғы жағы міндетті түрде ою-өрнекпен безендіріледі. Бөрененің үлкен символдық мәні бар. Ол отбасы байлығының көрсеткіші болып саналды. Сондықтан ерекше құрметке ие болған.

 

   Этно мәдени орталықтары

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған этно-мәдени орталықтар халықтардың этникалық бірегейлікті сақтау және еркін дамуы мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін негізгі институт болып табылады. Тіптен ең аз диаспоралардың да өздерінің этномәдени орталықтары бар. 1996 жылдың бірінші шілдесінде 30 ұлттық – мәдени орталық болса, 2020 жылы олардың саны 500-ден асты. Аталмыш ұйымның қызметі әрдайым ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен және ел басшылығының тынымсыз қамқорлығының арқасында жүзеге асты. Елбасының бірнеше рет жасаған жолдауларында Қазақстан қоғамының тұрақтылығын сақтаудағы Ассамблеяның орны мен рөлін, біздің елде тұратын барлық халықтар өздерінің ұлттық мүдделерін қанағаттандыру, тіл мен мәдениетті дамыту үшін тең жағдайға ие екендігінің айтып келеді. Мәселен, 2000 жылы 8 желтоқсанда құрылған «Саяна» бурят этномәдени орталығының қызметін атап өтуге болады. Бурят этномәдени орталығының төрағасы Габдуллина Августина Апполоновнаның айтуынша, бурят этномәдени орталығының мүшелері Бурятия Республикасынан, Забайкалье өлкесінен және Иркутск облысынан келгендер. Бурят халқының этномәдени орталығы өз қызметінде Қазақстан мемлекетінің табысты ұлттық саясатын іске асыруға ықпал етеді. Ассамблеяның барлық іс-шараларына белсенді қатыса отырып, «Саяна» этномәдени орталығы Бурятия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мәдени және этностық байланыстарды нығайту және кеңейту ісін жүзеге асырады. Этно мәдени орталықтар ересектер мен балаларды халық шығармашылығымен таныстыру және этносаралық мәдениетті насихаттау мақсатында барлық мерекелерді атап өтеді. Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік байланыстарды дамыту «Саяна» этномәдени орталығының маңызды бағыты болып табылады. Олар бурят халқының киелі орталығы Байкал көліне саяхат ұйымдастырады. Қазақстаннан барған бурят делегациясы Ресей, Моңғолия және Қытайда өткен «Алтаргана» бурят мәдениетінің халықаралық фестивалінде бірнеше рет өз жетістіктерін көрсетті. Онда этнос өкілдері «Саяна» этно мәдени орталығының мүшелері тігетін этникалық костюмдерді көрсетті. Ұлттық мәдениеттерін қолдауы дәстүрлі жаңа жыл «Сағаалған» мерекесін тойлаудан байқалады. Бұл мереке ауыл шаруашылығының аяқталуымен, мал оны күзге жеткізген кезеңмен байланысты. Қойдың сүтінің көбейе басталуымен байланысты айдың атауын «ақ ай» деп түсіндіреді. Алайда, ақ айдың «Сағаалған» мерекесі буддизмнің әсерінен күз айынан қыстың соңына ақпан айына ауыстырылды. Дәстүрлі этникалық мерекелерден басқа «Саяна» мүшелерінің ұйымдастыруымен жалпы мемлекеттік мерекелер – Тәуелсіздік күні, Қазақстан халықтарының бірлігі күні, Жеңіс күні де атап өтіледі. 9 мамырда Ұлы Отан соғысының жеңісін мерекелеумен қатар майдан мен тыл ардагерлері құрметтеліп, қайырымдылық акциялары өткізіледі.

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: